Бес уақыт намазды жамағатпен оқуға тырысу қажет. Бұл мәселеде ұқыпсыздық танытуға болмайды. Ілгерідегі мұсылмандар бұған аса сақтықпен қараған.
Мысалы, Амештің (Сүлейман ибн Михран) жетпіс жыл бойы бірде-бір жамағат намазды жібермегендігі келтіріледі. Жетпіс жыл бойы тіпті бір ракағатқа да қалып көрмеген.
Сондай-ақ, табиғиндер санатынан болған бір адам өмір бойы намаз оқу барысында алдында тұрған кісіні көрмеген, яғни, өмір бойы бұл адам мешітке басқалардан бұрын келіп, барлық намаздарын бірінші қатарда оқығандығы да айтылған.
Жамағат намаздың маңыздылығына қатысты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Азан шақырылып, жамағат намазға тұрған соң, мешітке келмегендердің үйін барып өртеп жібергім келетін».
Сөзсіз, жамағат намазы аса маңызды. Егер сізден: «Өміріңізде неше намазды жалғыз оқыдыңыз?», – деп сұраса. Алла Тағала мен Оның Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұялмайтындай жауап бере алар ма едіңіз?!
Әрине, адам намазын жалғыз оқуға мәжбүр болатын кездер болады, бірақ бұл намазды жамағатпен бірге оқу мүмкін болмаған кезде ғана болу керек. Мысалы, жолда, әуежайда, ұшақта немесе басқа да жағдайларда.
Сол үшін біз өз өмірімізді намазға сәйкестеп түзетуіміз керек. Намаз күнтізбе тәрізді біздің өміріміздің әрбір сәтін, әрбір кезеңін қамтуы тиіс. Намаз уақыттары біздің күн тәртібіміздің іргетасына айналуы керек. Ал басқа істерімізді намаз уақыттарына сай жоспарлап отыруымыз қажет.