Ислам діні адамзат баласын жасылық жасауға бұйыра отырып, адам баласын екі дүниеде де бақытты болуға жол ілтейді. Адам өзінің меншігіндегі мүлікті елдің игілігіне пайдалануға беруін «уақып», – деп атайды.

Тура мағынасы – «ұстау». Шариғаттағы мәні – өзіне тиесілі бір мүлікті Алла разылығы үшін халықтың игілігіне жарату арқылы мол жақсылыққа, сарқылмас сауапқа кенелу, – десек болады.

Құран Кәрімде уақып жасауға ынталандыратын мынадай аяттар бар:

«Уа, иман келтіргендер!

Тапқан нәрселеріңнің және Біздің сендер үшін жерден шығарған өнімдеріміздің жақсы әрі адалынан садақа беріңдер».

«Бақара» сүресі, 267-аят.

«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар».

«Әли Имран» сүресі, 92-аят.

Уақып – ол зекет емес.

Зекеттен айырмашылығы зекет – парыз, уақып – парыз емес, сүннет амал. Зекетте нисап мөлшері бар.

Уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ.

Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген.

Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратыпб еруіңіз керек болады.

Сегіз топтағы жандар жайлы

Алла Тағала «Тәубе сүресінің 60-аятында:

«Шын мәнінде садақалар (зекеттер), 1)кедей-кепшіктерге, 2)түгі жоқ 3)міскіндерге, 4)зекетті жинауға тағайындалғанадамдарға, 5)көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), 6)құлдарды азат етуге, 7)қарызға батқандарға, 8)Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді», – делінген.

Уақыптың көптеген мақсаттары мен түрлері, қоғамда атқаратын рөлі мен ерекшеленеді. Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырсақ.

  1. Діни уақып.

Қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына арнап бөлуді айтады.

Мешіт салу, оның ішіндегі төсеніштер мен кілемдер, медресе, оның жылжымайтын мүлкі мен жиһаздарына жәрдемдесу сияқты істер осыған мысал.  Ибраһим мен ұлы Исмаилдың Қағбаны салуы уақыптың осы түріне жатады.

  1. Қайырымдылық уақып

Жылжымайтын мүлікпен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне арнауды айтады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қалалық советтен берген өзіне тиесілі үйді соғыстан ұлы қайтыс болған кейуанаға беруі (уақып жасауы) ұрпаққа  мәңгі өнеге болып қалды.

Қайырымдылық уақыбы деп – жылжымайтын мүлікпен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне (денсаулық сақтау, мәдени шаралар, оқу, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнауды айтады. Уақыптың осы түрі исламға дейінде белгілі болды, алайда мұсылмандар алғашқы болып қайырымдылық түрімен көлемін арттырды, тіпті ежелгі өркениеттер мен қазіргі батыс халықтардың барлығынан да асыптүсті.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:

Жарар еді ортада мешіт салсақ,

Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,

Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,

Байларымыз жиналып уақып қылсақ, – деп, уақыптың осы түрін айтқан.

 

3.Ұрпаққа арналған уақып.

Ұрпаққа арналған уақып деп – Ислам дінімен бірге келген, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары кезінен бастау алып, кейінгі ұрпақ үшін қолдануға қалдырылған мүліктер жатады.

Асыл дініміз Исламмен бірге келген, пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз.

Екінші халифа Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларды және құдықтарды уақыпқа қоя бастаған.

Уақып тақырыбы еліміз үшін, дініміз үшін өзекті мәселе 2017 жылғы 1 шілдеде «Уақып» қоры Әділет органдарында тіркеуден өтті.

Қор коммерциялық емес ұйым.

Оның құрылтайшылары:

«Дін және мәдениет Халықаралық орталығы»,

«Дін мәселері жөніндегі сараптамалық және ғылыми-зерттеу орталығы», сондай-ақ Қазақстанның дінтанушылары Конгресі» және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қоры болып белгіленген.

«Уақып» қорының мақсаты:

Дәстүрлі рухани-моральдық құндылықтарды дамыту.

Мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайту және Ислам дінді деструктивтік мақсатта қолдануға жол бермеу.

Сонымен қатар, діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысын бірлесіп салу.

Діни ұйымдардың қызметкерлеріне қолдау көрсету.

Біліктілігін арттыруға көмектесу.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыз, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету болып табылады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деп айтқан (имам Табарани).

Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгеніде ойлаған – адамдықтың белгісі»,– дегеніндей – өзгелерді де ойлап, қайырымдылық жасаудан құр қалмай – Алла Тағаланың салиқалы құлдарынан болуды жазғай.

 

ҚМДБ Шымкент қаласы,

Қаратау ауданы орталық «Байғұтбаба» мешітінің Бас Имамы

Ербол Тастанбекұлы Қалшабек

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38