Мінез дегеніміз – адам бойына тұрақты орныққан қайнар көз. Бұдан адамның барлық іс-әрекеті бастау алады, яғни пенденің барлық әрекеті осы қайнар көзге байланысты. Адамның табиғи мінезіне келсек, бұларға адам болмысындағы адамгершілік, жақсылық жасауды жақсы көру, ізгілікті ұнату сияқты т.б. қасиеттер жатады. Адам баласы дүниеге келгенде ақ парақ сияқты таза күйде туылады. Кейін сәбидің ата-анасы, қоғам, қоршаған орта оған әсер етіп, оның келешектегі болмыс-мінезіне ықпал жасайды.

Егер сол қайнар көзден шыққан әрекет ақылға да, шариғатқа да лайық, мақтаулы амалдардан болса, онда мінездің көркем болғаны. Ал енді бұл амалдар жиеркенішті болса, онда мінез-құлық жаман саналады. Мұндай мінез мұсылман үшін жат саналмақ. Алла Тағала Құранда көркем-мінездің артықшылығын және ондай мінезге ие болған адамның мәртебесі жайында көп айтқан:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәуекел ет. Негізінен Алла тәуекелшілдерді жақсы көреді» (Әли Имран: 159).

«Сөзсіз мүміндер Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, сенімдері артылып, Раббыларына тәуекел қылады. Сондай-ақ, олар, намазды толық орындап, оларға берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Міне солар шынайы мүміндер. Олар үшін Раббыларының қасында да дәрежелер және жарылқау әрі көркем несібе бар» (Әнфәл: 2-4).

Көркем мінез – елшілер мырзасының сипаты, шыншылдар амалдарының абзалы, тақуалар тер төккен еңбектерінің жемісі, Аллаға құлшылық қылған пенделердің ризалығы. Дәлірек айтқанда, жақсы мінез – діннің бөлігі.

Жаман мінез – жұтып жоқ қылатын у, абыройсыздыққа ұшырататын бұзықтық, аяқ асты қылатын анық жамандық. Ол шайтанға қызмет қылдырады және әлемдердің Раббысының қасынан алыстатады. Алла Тағала көркем мінезге ие адамның қандай амалдар жасайтынын баяндаған:

«Шынында иман келтіргендер құтылды. Олар сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. Олар бос нәрселерден аулақ болады. Олар зекеттерін береді. Олар ұятты жерлерін сақтайды. Бірақ, жұбайлары немесе меншіктілері болса, оларға сөгіс жоқ. Онда кім бұлардан басқаны іздесе, міне солар шектен шығушылар. Олар аманаттарын, уәделерін қорғаушы. Олар намаздарына ұқыпты. Міне солар мұрагерлер. Олар онда мәңгі қалатын фердауыс жаннатында мұрагер болады» (Мүминун: 1-11).

Расында адам өз бойында жақсы мінез-құлық пен адамгершілік  қасиеттерін қалыптастыра алады. Муғаздан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта пайғамбардың (с.ғ.с.): «Адамдарға жақсы мінез-құлық көрсет», – деп айтқаны келтіріледі (Ибн Әбдул-Бәрр).

Бұл хадистің басқа риуаятында пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «…қолыңнан келгенше өз мінез-құлқынның ең жақсы жақтарын көрсет», – деген. Шындығында жақсы мінез-құлықты түрлі тәсілдермен қалыптастыруға болады. Олардың ең жақсысы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғары адамгершілік қасиеттеріне еліктеу, өйткені мұны Алла Тағала:

 «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар», – деп әмір еткен (Ахзаб: 21).

Шын мәнінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы өте көркем болған. Бұл туралы Алла Тағала:

«Шын мәнінде сен әлбетте, ұлы мінезге иесің», – дейді (Қалам: 4).

Енді пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезі туралы оның қасындағы сахабалардың сөздеріне назар салып көрелік:

Абдуллаһ ибн Амр ибн ‘Астан (Алла ол екеуіне разы болсын):

Алланың елшісі (с.ғ.с.) дөрекі және арсыз болған емес. Ол:

–Расында сендерің жақсыларың, көркем мінезді болғандарың – деп айтатын еді – деген хабарды жеткізеді (Бухари, Муслим).

Жабир ибн Абдуллаһтан (Алла оғар разы болсын):

«Алланың елшісімен (с.ғ.с.) бірге сапарға шыққан едік. Қасымдағы серіктестірім менен озып алға шығып кетті. Менің астымдағы түйе әлсіз болғандықтан олардың соңында қалдым. Алланың елшісі (с.ғ.с.) қасыма келіп:

–Жабир,  саған не болды? – деді. Мен:

–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Мына түйем жәй жүріп, артта қалған жағдайым бар – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.):

Оны шөктір – деді. Мен түйені шөктірдім, Алланың елшісі де (с.ғ.с.) қасыма түйесін шөктірді. Сосын маған:

–Қолыңдағы таяқты маған берші – деді. Мен таяқты бердім. Ол алып, онымен түйемді бірнеше рет түртіп:

–Оған мін – деп бұйырды. Мен міндім. Жолға шықтық. Мұхаммедтке Құран түсіріп, оны елші қылған Аллаға қасам! Астымдағы түйеме жаңадан жан біткендей ытқып жүрді.

Алланың елшісімен (с.ғ.с.) сөйлесіп келемін, ол:

Маған мына түйеңді сатасың ба ей, Жәбир? – деді. Мен:

–Уа, Алланың елшісі! Мұны сізге сыйға тартайын – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.):

Жоқ, олай жасама. Бірақ оны маған сат – деді. Мен:

Олай болса, бағаңызды айтыңыз, – дедім. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Бір дирһам берейін – деді. Мен:

–Жоқ. Егер солай жасайтын болсам, онда мақау болып көрінемін – дедім. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Ендеше екі дирһам беремін – деді. Мен бұған да келіспеді. Сөйтіп, түйенің бағасын он екі дирһамға көтергенше саудаластым. Ақырында:

–Уа, Алланың елшісі! Сен бұған разымысың? – деп сұрадым. Ол:

 –Разымын  – деді. Мен:

–Олай болса түйе сіздікі, алыңыз – дедім. Ол:

–Алдым – деп жауап берді. Кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.):

–Ей, Жәбир! Сен үйлендің бе?» – деп сұрады. Мен: «Ия, Алланың елшісі (с.ғ.с.)!» – дедім. Ол: «Сен жесір әйелді алдың ба әлде бойжеткенге үйлендің бе?» – деді. Мен: «Жесірді алдым», – дедім.

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бір-бірлеріңмен әзілдесіп жүрген бойжеткен болмады ма?», – деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Әкем Ухуд ұрысында дүние салған кезінде, артында менімен бірге жеті қызы қалды. Осылардың басын қосып, ымыраға келтіріп отыратын әйел керек болды. Мен де сондай әйелді алдым», – дедім. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла қаласа, ойыңдағы іске асқан екен. Біз Сирар жеріне жеткен соң мал сойып, сол жерде демаламыз. Егер әйелің сенің келетініңді естісе, онда сенің құрметіңе үйді әзірлеп, жамбастап демалуың үшін жастықтар қоятын шығар?», – деді.

Мен: «Уа, Алланың елшісі. Аллаға қасам етейін! Біздің үйде ондай жастықтар жоқ», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Болады. Қалаға барғаннан кейін ізгі амал жаса», – деп кеңес берді.

Біз Сирар жеріне келдік. Алланың елшісі (с.ғ.с.) мал сойып, демалуға бұйрық берді. Сол күні осы жерде қалдық. Сөйтіп кеш бата Мәдина шаһарына да келдік. Таң атқан соң мен түйемді алып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) есігінің алдында шөктірдім. Өзім қасындағы мешітке кірдім.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) шығып, түйені көрді де: «Бұл не?» – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Бұл Жәбирдің алып келген түйесі», – десті. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жәбирдің өзі қайда?», – деп сұрады. Олар мені Алла елшісінің алдына шақырып келді. Пайғамбар (с.ғ.с.) маған: «Ей, Ағамның ұлы! Мына түйе басымен сенікі», – деп Биләлді шақырды да: «Жәбирмен бірге бар. Сосын оған он екі дирһамды бер», – деді. мен Биләлмен бардым. Ол маған он екі дирһамнан аз асырып берді. Аллаға қасам етейін! Ол үйге келгеннен кейін өсуін тоқтатпады…» деген хабар жеткізіледі. (Бухари, Муслим).

Бұл оқиға Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасындағы сахабаларына жасаған қарым-қатынасын бейнелеген оқиғалардың бірі ғана. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі көркем мінез иесі болып, оны қасындағы сабасқаларға үздіксіз насихаттады. Ол мұсылмандарды көркем мінезге шақыруын ешбір тоқтатпаған. Бұған мына хадистер дәлел болмақ:

Ән-Науас ибн Самған (Алла оған разы болсын):

«Мен Алланың елшісінен (с.ғ.с.) жақсылық пен күнә хақында сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жақсылық – көркем мінезді болу, ал күнә дегеніміз, көкірегіңде сыбырлап тұрады бірақ, оны адамдарға көрсетуге қаламайтын нәрсең (яғни жаман мінез)», – деп айтты» деген хадисті келтіреді (Муслим, Термизи).

Әбу Дардадан (Алла оған разы болсын):

«Пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында қиямет күніндегі таразы басында, мүмін пенденің көркем мінезінен асқан ауыр нәрсе болмайды. Күмәнсіз Алла ауызы былапыт сөзге толы арсыз адамды жек көреді», – деді» деген риуаят келтіріледі (Термизи).

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын):

«Алланың елшісінен (с.ғ.с.): «Жаннатқа кіретін адамдардың көпшілігі кімдер?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаға тақуа болғандар мен көркем мінезділер», – деді. Сондай-ақ, тозаққа кіретін адамдардың көбі кімдер? деген сұраққа Алланың елшісі (с.ғ.с.):«Көп сөйлегендер мен екі аяқтың ортасындағы мүшеге ие бола алмағандар», – деп жауап берді» деген хабар жеткізіледі (Термизи).

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын):

«Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Расында мүмін өзінің көркем мінезінің арқасында, күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді», – деп айтқанын есіттім» деген хадис келтіріледі.

Исламдағы көркем мінездің маңыздылығын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңынан ерген сахабалар мен танымал ғалымдардың айтқан сөздерінен де көреміз:

Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Адамдардың арасында көркем мінезді тарқатыңдар, соған сәйкес амал жасауды үйретіңдер», – деген.

Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Расында пенделердің арасында күні-түні Аллаға құлшылық қылмаса да өзінің көркем мінезімен жаннаттың ең жоғарғы дәрежесіне жететіндері бар. (Сол сияқты) өзінің жаман мінезінің арқасында жаһаннамның ең түбіне түсетіндері бар», – деп айтқан.

Яхиа ибн Муғаз (Алла оны рахым етсін): «Көркем мінез – жаман амалдар көп болса да зиянын тигізе алмайтын жақсылық. Жаман мінез – ізгі амалдар көп болғанымен пайдасын тигізе алмайтын жамандық», – деген.

Әл-Фузайл (Алла оны рахым етсін): «Аллаға күні-түні құлшылық қылатын бірақ, мінезі жаман адаммен жолсерік болғанша, күнәһәр бірақ, мінезі көркем пендемен бірге болғаным жақсырақ», – деген.

Әл-Хасан (Алла оны рахым етсін): «Кімнің мінезі жаман болса, өзін азапқа салғаны», – деп ойын қортындылаған.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38