Біз, «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» форумына қатысушылар, дініміз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлес қоса отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XV отырысында бірауыздан қабылданған «ЖАНАЗА ҺӘМ ЖЕРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты Қазақстан мұсылмандарының дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген пәтуасын ел арасында жүзеге асыру мәселесін қолдап, қуаттаймыз. Осы бағытта келесі мәселелерді жан-жақты қарастыруды мақсатты деп санаймыз:
Біріншіден, құдайы ас (садақа) дастарханы барынша қарапайым болғаны абзал. Бұл ысырапшылықтың алдын алудың бір жолы. Қазақ «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп артық шығынды сынаған, еңбекпен тапқан жиған-тергенді тек игілікті іске жаратуды қолдаған. Ыбырай Алтынсарин, Майлықожа, Әубәкір Диваев, Құбанғали Халид және өзге де зиялы қауым өкілдері қазақ халқының садақа дастарханында ет, бауырсақ, қымызбен қатар ұлттық тағамдардың ғана болғанын нақтылап көрсеткен.
Марқұмдарға арналған садақаны қаражаттай, тамақтай және заттай аз қамтылған отбасыларға таратуға болады. Осы ұстанымды ел арасында жүзеге асыру – мақсатты. Өз кезегінде біз Оңтүстік Қазақстан облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында осы ұсынылған садақа мәзірін сақтауға шақырамыз. Марқұмның бір жылға дейінгі садақа ас мәзіріне ұсынылатын тағамдар түрі: нан, бауырсақ, жеті нан, тары, талқан, (жарма), құрма, қант, кәмпит, печенье, өрік-мейіз, қаймақ, сары май, шай, су, ет немесе күріш.
Екіншіден, жаназадан бір күн алдын қонақасы берілетін болса, қазаға көңіл айту үшін алыстан келген тума-туыс, жекжат-жұрағатқа ғана қарапайым дастархан жайылғаны абзал. Қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада өткізбей-ақ, үйде өткізген дұрыс. Өйткені, бұл – жақынынан айырылған отбасы үшін едәуір салмақ түсіретін мәселе.
Сондай-ақ, жұма күні өтетін садақа ас намаз уақытынан тыс уақытта өткізілуі қажет. Бұл күні күллі мұсылман жұртшылығы жамағатпен орындайтын жұма намазына барады.
Үшіншіден, садақа асын сөз жарысқа айналдырмау қажет. Садақада бәсең дауыспен сөйлеп, микрофонды ұсынғанда сөйлеуші адамның атақ-абыройына айырықша тоқталу – артық. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелсе құба-құп. Ал садақаға қатысушылардың барлығының да сөйлеуі шарт емес. Осы орайда бірнеше адамның көңіл білдіруі жеткілікті. Біз, бүгінгі форумға қатысушылар, садақа астың ұзаққа созылған жиналысқа ұласуын құптамаймыз.
Төртіншіден, жамағатты жаназа намазына толыққанды қатысуға, сап тысында қалмауға және намаздан бұрын арнайы митинг жасамауға әрі ретті-ретсіз, көп сөйлемеуге шақырамыз. Шын мәнінде, дәрет алып, жаназа намазына қатысу – марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлық болары сөзсіз. Дінімізде жаназа намазына қатысқан мұсылманға мол сауап жазылатыны айтылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерінде жаназа намазына 40 мұсылман адам қатысқан жағдайда марқұмға Алланың жеңілдігі болатындығы білдірілген.
Бесіншіден, мәйітті ақтық сапарына шығарып салу рәсімдерінің барлығын Діни басқарма бекіткен жаназа пәтуасы аясында жүзеге асыру қажет. Мәйітті күттірмес үшін жаназа намазынан соң бірден жерлеуге алып кеткен жөн.
Алтыншыдан, қабірге қатысты ҚМДБ бекіткен пәтуаны басшылыққа алу ұсынылады. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Алайда, қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат. Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін жазбаған жөн. Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін зиратты тұтас қоршаған жөн. Қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау шарт емес.
Біз, «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» форумына қатысушылар, жергілікті халыққа діни рәсімдерді атқару барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі бекіткен ұлттық дәстүрімізге сәйкес Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға және осы рәсімдерді өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуді, сондай-ақ және бірлігіміз бен діни рәсімнің бірізділігі үшін осы Үндеуде айтылған мәселелерді жүзеге асыруға шақырамыз.
Форумға қатысушылар,
Шымкент қаласы,
2017 жылғы 3 шілде