Зәкәрия (ғ.с.) Алланың пайғамбарларының бірі болатын. Ол өмірін Құддыстағы қасиетті шіркеуде Аллаға дағуа жасаумен өткізді. Оның баласы жоқ еді. Өзі де қартайып келе жатқан болатын. Жасы ұлғайған сайын  қауымынан қауіптенуі де күшейе түсті. Олар адасып кете ме деп қорықты. Өйткені сондай белгілер байқала бастаған болатын. Әйелі де қартайып, бала көруден қалған кезі еді. Соған қарамастан күдер үзбей, Алладан бала сұраумен болды. Өйткені ол шын тілегенге Алланың беретініне, Оның құдыретіне сенімі зор еді. «Ей, Тәңірім, маған кәрілік жетті. Бірақ артымда қалдырар ұрпағым жоқ. Әйелім бала тумайтын бедеу болды. Мен өлгеннен кейін қауымым тура жолмен жүре алмай ма деп көңілім тыншымайды. Оларды әділдікпен басқаратын кім шықпақ?  Ғұмырым тек өзіңе құлшылықпен өтіп келе жатыр. Тәңірім, сенен дүние дәметіп отырғаным жоқ. Халықты хақ жолымен басқаратын білімді, иманы берік бала  беруіңді сұраймын. Жасымыз ұлғайып қалса да сенің құдыретің мен рахымыңнан үміт етемін», – деп дұға етумен болды.

«Сонда Зәкәрия тұра қалып: «Жасаған ием! (Қайырым етіп) маған да бір ұрпақ бере гөр! Тілекті шын қабылдаушысың ғой», деп жалбарынар еді» (Ғимран сүресі, 38-аят).

«(Бұл) сенің Тәңіріңнің құлы Зәкәрияның Алланың рахымын еске алуы» (Мәриям  сүресі, 2-аят).

«Кезінде ол Жаратқанға күбірлеп қана іштей жалбарынды» (Мәриям  сүресі, 3-аят).

«Тәңірім! деді (ол). Мен сүйегім салдырап, шашым ағарып, қалжырап барамын! Дегенмен саған жалбарынғанда тілегім жерде қалып көрген жоқ еді» (Мәриям  сүресі, 4-аят).

«Туысқанымның баласы орнымды баса алмай жүре ме деп қатты абыржимын. Ал, әйелім болса бедеу болып шықты. Маған өз тарапыңнан бір мұрагер бере гөр» (Мәриям  сүресі, 5-аят).

«Ол маған да, Жақыптың әулеттеріне де мұрагер болатын болсын. Тәңірім! Оны және өзіңнің сүйген құлың ететін бол!» (Мәриям  сүресі, 6-аят).

 

БАЛАЛЫ БОЛАТЫНЫ ТУРАЛЫ ҚУАНЫШТЫ ХАБАР

 Алла Зәкәряның дұғасын қабыл етті. Алла  тағала оған жақында бала беретіндігін жеткізуге періште жіберді. Балаға бұрын ешкім аталмаған Жақия деген есім таңдалатыны, оның муъмин, қауымына құрметті, нәпсіге еруден аулақ болатындығы мәлім етілді.

«Ей, Зәкәрия! деді (Алла). Тегінде, саған Біз періштелерді жіберіп, Жақия атты бір ұлың болатынын айтып, қуанышты хабар жеткізгенбіз. Біз бұрын ешкімге де мұндай ат қойған жоқпыз» (Мәриям  сүресі, 7-аят).

«Әйелім бедеу, өзім қартайып, шөгіп қалған адам болсам, менде қайтіп ұл болмақ?» деді (Зәкәрия)» (Мәриям  сүресі, 8-аят).

«Сенің Тәңірің мынаны айтты, деді жіберген періште. Мен үшін ол опоңай! Өзің де бұрын жоқ едің ғой, сені де мен жаратқам» (Мәриям  сүресі, 9-аят).

«Тәңірім!деді Зәкәрия. Оны (әйелімнің жүкті болғанын) бір ғаламат арқылы маған сездіре гөр!…». «Ол ғаламат сен сапсау тұрып үш тәулік бойы адамдарға тіл қата алмай қаласың» (Мәриям  сүресі, 10-аят).

«Зәкәрия хұжырадан шығып жұрт алдына барды да, оларға: «Ертелікеш Алланы дәріптеңдер», – деп ишара жасады» (Мәриям  сүресі, 11-аят).

Зәкәрияны бұл хабар үлкен қуанышқа бөледі. Алланың дұғасын қабыл еткеніне шексіз шүкіршілік айтты. Содан соң Тәңірден әйелінің жүкті болғанын сездіруді өтінді. Оның белгісі үш күн тілі байланып, адамдармен тек ишарамен ғана түсінісетіні білдіріліп, осы үш күнде құлшылығын күшейту міндеттелді.

«Құлшылық етіп тұрған (Зәкәрияға) періштелер келді де: «Алла саған әрі ұстамды, әрі тақуа, жақсылық иесі болатын Яхия есімді бір бала береді» деген қуанышты хабар жеткізді» (Ғимран сүресі, 39-аят).

«О, Жаратқан ием! Мен өзім қартайған, зайыбым құрсақтан қалған жандармыз. Сонда бізде қалай ұл болмақ?» – деді. «Қалағанын жасау Алланың қолынан келеді», деді олар» (Ғимран сүресі, 40-аят).

«О, Жаратқан ием! Маған оның белгісін (зайыбымның жүкті болған белгісін) білдіре гөр»,деді. «Оның белгісі сен үш күн бойы ешкіммен тіл қатыса алмай адамдармен тек ымдасып сөйлесесің. Сен менің жарылқауымды есіңнен шығармай, ертелікеш мадақ айтып, ғибадат жаса» деді» (Ғимран сүресі, 41-аят).

 

ЖАҚИЯНЫҢ ПАЙҒАМБАРЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ СИПАТЫ

 Алланың қалауы орындалды. Зәкәрияның әйелі бала көтеріп, Жақия дүниеге келді. Алла оған алғырлық, зеректілік қасиет берді. Тауратты оқуды бұйырды. Ол кішкентайынан бастап фиқты, шариғат үкімдерін меңгерді. Алла оның жүрегін ластан тазартып, жұмсақ мінезді, Аллаға бойсұнушы, тақуа адам етті. Ол қате істен, күнадан аулақ болды, ата-анасына аса мейірімділік танытты. Көкірек көтермеді, керісінше өте қарапайым, кішіпейіл болды. Оған туылған күннен өлген күніне дейін және қиямет күніне дейін Алланың сәлемі болады.

«Ей, Жақия! дедік ол есейген кезде. Кітапты ынта қойып оқы! Сөйтіп, бала шағындаақ оған ақылпарасат бердік» (Мәриям  сүресі, 12-аят).

«Біздің (әу бастан) оны мейірімді әрі таза етіп өсіргеніміз үшін де ол тақуа, атаанасына өте қайырымды болды, өркөкіректік, астамшылық көрсетпеді» (Мәриям  сүресі, 13-14-аяттар).

«Иә, оның туған күніне де, қайтыс болған күніне де, қайта тірілетін күніне де сәлем  болсын!» (Мәриям  сүресі, 15-аят).

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38