1) Алдынан не артқы жақтан зәр, нәжiс, қан, мәни, мәзи, уәди сияқты нәжасаттың немесе қандай да бiр сұйықтықтың шығуы. Алла Тағала:

 «…немесе сендерден бiр кісі түзге отырып келсе …»,[1]– деу арқылы үлкен және кiшi дәрет сындыруды нұсқаған.

 Әли (р.а.) былай риуаят еткен :

 «Пайғамбарымыздан(с.а.с.) мәзи көргенде не болатынын сұрағанымда ол кісі: «Мәзи көрсе дәрет алу керек, ал мәни көрсе ғұсыл құйыну керек”,- деді.[2]

 Әбу Хубайш қызы Фатима (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Мен үзiр қанын көрдiм, таза болмай жатырмын, намазды оқымайын ба?» – деп сұрағанда Пайғамбары-мыз (с.а.с.) оған: «Бұл қан етеккiр қаны емес, бiр тамырдан шыққан қан. Етеккiр мерзiмi келуiмен намаз оқыма. Етеккiр мерзiмi аяқталған соң жуынып, ғұсыл ет және намаз оқы»,[3]– деп жауап берген.

 2) Жел шығуы. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 «Егер сендерден бір кісі ішінде бір нәрсе болып, сосын ол жел шықты ма әлде шықпады ма деп күмәнданатын болса, сол желдің даусын естімейінше немесе исін сезбейінше мешіттен шықпай-ақ қойсын»,[4]– деген. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 «Даусы немесе исі шықпайынша дәрет жаңартпайды»,[5]– деген.

 3) Ауыз, мұрын және бiр мүшеден қан, iрiң секiлдi нәрселердiң шығуы. Ауыздан келген қан түкiрiктей не түкiрiктен көп болса дәреттi бұзады. Керiсiнше болса бұзбайды. Мұны түсiне қарай анықтайды. Басқа мүшелерден шыққан iрiң мен сарысу басқа жерге жайылмай тамшы күйiнде ғана болса дәреттi бұзбайды, ал таралса бұзады.

 Дұрыс көзқарас бойынша денедегi қабыршық жерлерден шыққан мөлдiр су қанмен тең.

 Ханафилер аққан қанның дәреттi бұзатындығына Пайғамбарымыздың(с.а.с.): “Әр аққан қанға байланысты дәрет алу қажет”.[6] “Ал, егер кімде-кiм намазда тұрғанында құсса не мұрнынан қан ақса, намаздан шығып дәрет алсын. Кейiн ешкiммен әңгiмелеспей келiп намазды тоқтатқан жерiнен бастап аяқтасын”.[7] “Егер қан ақпаса, бiр-екi тамшы шыққан қан дәреттi бұзбайды»,[8] – деген сөздерін дәлел етеді.

Ханбалилер аз мөлшерде аққан қан дәреттi бұзбайды десе, мәлики мен шафиғилер аз не көп болсын, денеден шығатын қан дәреттi бұзбайды деген көзқарасты ұстанады. Олар Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадиске сүйенеді:

«Пайғамбарымыз (с.а.с.) қан алдырды, кейiн дәрет алмай намаз оқыды. Ол тек қан алдырған жерлерiн ғана жуды».[9] Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.а.с.) Затур-Риқа жорығында болған кезде оқ тиген. Қан ағып тұрса да рукуғ және сәждеге барып намазын аяқтаған. Бұған Пайғамбарымыз (с.а.с.) үндемеген.[10]

 4) Ауызды толтырып құсу. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Құсу – дәреттi бұзады», – деген. Ауызды толтырып тамақ, су, қан не өт сұйықтығы секiлдi нәрселердi құсу дәреттi бұзады. Қай жерден келсе де сiңбiрiк, түкiрiк сияқтылар дәреттi бұзбайды.

Мәлики және шафиғилердің көзқарасы бойынша құсу дәреттi бұзбайды.

 5) Ақылдың басқару күшiн жоятын нәрселер дәреттi бұзады. Ұйықтау, талып қалу, ақыл-есi ауысу және мастық осылардың қатарына жатады. Жамбастап, арқасын бір нәрсеге тіреп, қолын жағына тiреп не аяқтарын созып, буындарын бос жіберіп ұйықтау дәреттi бұзады. Егер бiр нәрсеге сүйенген және сүйенген нәрсесiн алғанда құлап түсетiн болса, не сандары жерге тиiп тұрмаса дәрет бұзылады. Өйткенi мұндай жатудың нәтижесiнде дененiң бұлшық еттерi босайды. Шафиғилердің көзқарасы бойынша ұйықтағанда сандар жерге толық тиiп тұрса, дәрет бұзылмайды, өйткенi мұндай жағдайда денеден еш нәрсе шықпайды.

Ұйқы кезiнде сезiм жойылады. Сондықтан сандар жерге тимей тұрса дене босаңсып, соның себебінен жел шығуы мүмкiн. Бұл дәреттiң бұзылуына негiзгi себеп болады. Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деген: «Көз жұмылғанда (ұйықтағанда) адам өз-өзiн ұстай алмайды. Сондықтан ұйықтаған адам дәрет алсын».

Сондай-ақ ханафилерде намазда, қиямда, рукуғта, сәждеде немесе намаздан тыс уақытта да осындай хәлдерде ұйықтау дәреттi бұзбайды.

Мәликилер мен ханбалилерде жеңіл ұйқы дәретті бұзбайды да ,ал терең ұйқы бұзады.

 6) Фахиш мубашарат. Ханафилердің көзқарасы бойынша еркек пен әйелдiң киiмсiз не өте жұқа киiммен қарындарын немесе жыныс мүшелерiн бiр-бiрiне тигiзуi дәреттi бұзады. Мұнда мәзидiң шығуы шарт емес. Ал, имам Мұхаммедтiң көзқарасы бойынша бұл жағдайда ылғал нәрсе, мәзи шықпайынша дәрет бұзылмайды. Төмендегi дәлелдерге сүйене отырып әйелге жалаңаш тию дәреттi бұзбайды дейдi.

Құран Кәрiмде «…немесе әйелге жақындассаңдар…»,[11]– делiнедi. Ибн Аббастың айтуынша аяттағы тию – жақындасу (ламс) – төсек қатынасында болу деген мағынаны бiлдiредi. Бұл ауыспалы мағынада қолданылған. Шафиғилер мұның тура мағынасын негiзге алып, ламс – «қолмен сипау немесе денелердiң бiр-бiрiне тиюi» деген мағынаны бiлдiредi дейдi. Сондықтан шафиғилердің көзқарасы бойынша ер адам денесiнiң туысқандық байланысы жоқ бөтен әйелдің шашы, тырнақтарынан басқа мүшелерiне ешқандай бөгетсiз, тосқауылсыз тиюi екеуiнiң де дәретiн бұзады. Ал мәликилер мен ханбали-лер әйелдiң денесiне тиюден дәреттің бұзылу-бұзыл-мауын ләззат және шаһуат келуiмен байланыстырады.

Ханафилер бұл жағдайда төмендегi хадиске сүйенедi. Айша анамыз (р.а.) былай деген:«Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелдерiнен бiреуiн сүйетiн, кейiн дәрет ал-май намаз оқитын».[12] «Үтiр намазын оқудан бұрын аяғын маған тигiзетiн едi».[13] Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен бұл хадистер әйелдің денесіне тиюдiң дәреттi бұзбайтындығына дәлел болады.

7) Намазда қатты дауыстап күлу. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.с.):«Егер бiреуiңiз намаз оқып тұрып дауыстап күлсе дәретiн және намазын жаңаласын»,[14]– деген.

Ал, намаздан тыс уақытта дауыстап күлу дәреттi бұзбайды.

 8) Еркек немесе әйелдiң жыныс мүшелерiне қойылған шүберек немесе мақтаның сыртына зәр ылғалының жетуi немесе бұларды алған кезде ол жердің ылғалдануы дәреттi бұзады.

 9) Төсек қатынасында болу.

 10) Мәсiнiң үстiне мәсих тартқаннан бастап жергiлiктi адам үшiн бiр күн, жолаушы үшiн үш күннiң өтуi немесе оның белгiленген уақыттың iшiнде аяқтан шешiлуi.

 11) Үзiрлi кісінің алған дәретi сол намаз уақытының шығып кетуiмен бұзылады.

 12) Тәйәммум алған адамның суға жетуi.

 Бұл соңғы үш жағдай кейінірек арнайы тақырыпта кеңірек қарастырылады.[15]

 Дәреттiң бұзылуына байланысты көзқарас айырма-шылығы бар тақырыптарға абай болу қажет. Мысалы ханафи мазһабындағы адамның өз мазһабында дәреттi бұзбай, басқа мазһабтарда бұзған жағдайда қайшылық тумас үшін дәрет алуы сауапты іске жатады. Әсiресе, бұған имамдардың мұқият болғаны жөн.

Шымкент қаласы орталық мешіті

[1] Мәида сүресi, 6-аят.

[2] Мишкәтул-Масабих. ІІ бөлiм. 2-хадис, 61-бет. Бұл хадисті Тирмизи риуаят еткен. «Мәзи» дегеніміз ер кісінің төсек қатынасына түсу туралы ойлау кезінде немесе төсек қатынасында жыныстық мүшеден шәһуәтпен атылып шыққан мәниден бұрын шығатын жеңіл ақ сұйықтық. Ал, «мәни» — жыныстық мүшеден шәһуәтпен атылып шыққан қою ұрық сұйықтығы.

[3] Бұхари, Ат-Таһара, 63, әл-Хайд, 24; Мүслим. әл-Хайд 62, 63;Тирмизи Ат-Таһара 93, 95, 96.

[4] Мишкәтул-Масабих. І бөлiм. 6-хадис, 60-бет. Хадисті Мүслим риуаят еткен. Сондай-ақ, Бұхари, Ат-Таһарада. 34.

[5] Мишкәтул-Масабих. ІІ бөлiм. 1-хадис, 61-бет. Хадисті Тирмизи мен Ахмад риуаят еткен.

[6] Зайлаъи.Насбур-Райа, І, 34; Ибн әл-Һумам, І, 39.

[7] Зайлаъи. І, 38; Шәукани, І, 187, Мәлик. Мууатта, Ат-Таһара, 46, 47.

[8] Зайлаъи, 44, Шәукани, І, 189.

[9] Бұхари:Илм, 5, Ат-Таһара, 34; Мүслим. Әл-Хайд, 18, Нәсәи. Ат-Таһара, 111, Ғусл, 28; Ибн Мәжәһ. Ат-Таһара, 64-70.

[10] Бұхари, Ат-Таһара, 34.

[11] Мәида сүресі, 6-аят.

[12] Әбу Дәуіт. 68; Тирмизи. Ат-Таһара, 63; Ибн Ханбал.I 210.

[13] Шәукани. І, 196.

[14] Зайлаъи. І, 47-54.

[15] Кәсәни.Бадаи ас-Сәнаи, І, 24-33; Ибн әл-Һумам, І, 24-37; Мәйдәни, Әл-Лубаб, І, 17-20; Ибн Абидин. І, 124 -138.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38