Құдіреті күшті Алла адамдарды жоқтан бар етіп жаратты. Адамның жаратылудағы мақсаты бір ғана Оған тәубе ету, ғайыптан пайда қылғаны үшін иман келтіріп, құлшылық жасау. Құранда «кімде-кім Раббысына жолығуды үміт етсе, салихалы амалдар жасасын және Раббысы үшін болған ғибадатында Оған ешкімді ортақ етпесін» деп бұйырады. Яғни, мұсылман адам ғибадат, амалын орындауда нәтижесін тек Алладан күтуі керек. Құлшылық – Алланың құлындағы хақысы, құлының Раббысы алдындағы міндеті. Күллі әлемнің Иесі қасиетті Құранда «жындар мен адамдарды тек маған құлшылық жасасын деп жараттым» деп анық та түсінікті түрде мәлім етеді. Имам Раббанидің сөзімен айтсақ: «адам құлдық міндетін орындау үшін, Раббына бағынушылығын, қарапайымдылығын, қуатсыздығын, мұқтаждығын көрсету, Оған сыйыну және жалбарыну үшін жаратылды». «Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия (мақтангершілік). Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу. Ал ықылас – осы екеуінен де таза болу» дейді Ислам ғұламасы Фудаил Ибн Ъияд.
Аллаға құлшылық ету әрбір саналы пенденің өзі үшін пайдалы. Мұхаммед Масум айтқандай: «Алла тағала адамдардың зиянды нәрселерді істеуіне тыйым салды. Оларға бақытты өмір сүруіне себеп болатын әрі мәңгі жақсылыққа қауыштыратын амалдарды орындауын бұйырды». Демек, ғибадаттың пайдасы Аллаға емес, пенденің өзіне тиесілі. «Кімде-кім (ғибадаттарын орындап, күнәлардан) тазаланса, пайдасы өзіне тиеді» делінген қасиетті Құранда.
Алланың алдындағы құлшылығына тақуалықпен мән берген қайталанбас тұлғалардың ынта-ықыласы бізге сабақ болса игі. Юсуп ибн Абдуллахтың: «тауығым жоғалса, басқасын табармын. Намазым жоғалса оның орнын ешнәрсемен толтыра алмаспын» дегені алтынға бергісіз өнеге болар.
Біздің сенім мен құлшылығымыз шынайы ықыластан құралуы тиіс. Барлық ізгі амалдар Алланың разылығы үшін жасалып, нәпсілік мақсатты тәрк еткенде ғана құлшылығымыз Алланың құзырында қабыл болуы ықтимал. Құранда былай баяндалады: «(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Бәлкім тура жол табар». Бұқар жырау бабамыздың: «дін мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?» дегенінде терең мән жатыр. Менмендік пен көзбояшылық, көреркөзге мақтангершілік пен сылқым сәнқойлық мақсатындағы әрекеттің тигізер пайдасы жоқ. «Маған дінді тек Аллаһқа арнап шынайы ықыласпен құлшылық ету бұйырылды деп айт!» дейді Алла Құранда. Хадис шәрифте: «Алла тағала тек ықыласпен орындалған амалды қабыл етеді» делінген. Әли ибн әл-Хусейн дәреттің өзін ерекше толқыныспен алады екен. «Дәрет аларда саған не болады?» деп сұрағанда, «сендер менің кімнің алдында тұрайын деп жатқанымды білесіңдер ме?» деп жауап берген.
Амалы немқұрайлы орындалған адам нәпсінің жетегінде кетуі ықтимал. Сондықтан қандай да бір парызды, алдымен ықылас ниетімізді дұрыстап, Ол көріп тұрғандай сезімде болғанымыз абзал. Жүрдім бардым, немкетті жасалған ғибадат сауабын жоғалтып, зиян шектірері сөзсіз. Суфйан Сәури бір қажының үйіне қонақта отырғанда үй иесі ұлына «маған екінші қажылықтан келе жатқанда алған табағымды әкел» деп астамси сөйлейді. Сонда Суфйан Сәури: «сен осы сөзіңмен екі қажылығыңды да бұздың» дейді. «Ант етемін, бір кісі Ухуд тауындай алтын садақа берсе де, сахабамның бірінің бір уыс берген арпа садақасының сауабына қауыша алмайды» делінеді хадис шарифте. Олардың осыншалықты үлкен сауапқа кенелуінің себебі имандарының кәміл, құлшылыққа деген ықыластарың шынайы болғандығынан еді. «Иман келтіріп, дұрыс іс істегендердің және жақсы амал істеген кісінің еңбегін жоймаймыз» деп уәде етеді Жаратушымыз. Алла иман келтірген, кіршіксіз ықыласпен салих амал жасаған құлдарына разы болады. Мүлік сүресінде «Ол (сондай Алла) сендердің қайсыларың амал қылуда жақсырақ екенін сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» дейді. Фудайл ибн Ъияд аяттағы «амал қылуда жақсырақ» деген бөлігіне: «амалдың жақсырағы – ең ықыласты және ең дұрыс болғаны» деп, түсіндірме береді. Асыл дініміз ізгіліктің айнасы іспеттес. Иманын әдемі амалымен, аппақ ниетімен, таза пейілімен көмкерген жанның дүние мен ақыретте бақытқа бөленері анық. «Көңілсіз басталған іс көпке бармайды» дейді халық даналығы. Сондықтан Алла жолындағы іс-әрекетімізді кесір пиғылсыз, оңды ниетпен орындауға асығайық. Құлықсыз жасалған істің бұл өмірде берекесі, ақыретте сауабы болмас. Құрандағы: «Олар Аллаһқа шынайы ықылас және дінге толық берілген хәлде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген » деген аят әрбіріміздің санамыздан өшпесе игі.
Нұрсұлтан Орынбаев Амантайұлы,
Шымкент қаласы Абай ауданы «Айтбай ата» мешітінің имамы.