ФАЛАҚ СҮРЕСІ

 بسم الله الرحمن الرحيم

﴿ قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ * مِن شَرِّ مَا خَلَقَ * وَمِن شَرِّ غَاسِقٍ إِذَا وَقَبَ * وَمِن شَرِّ النَّفَّاثَاتِ فِي الْعُقَدِ*  وَمِن شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَد ﴾.

      Оқылуы:  Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим.

     «Қул әъуузу бираббил-фалақ * Миң шәрри маа халақ * Уа миң шәрри ғаасиқин изәә уақаб * Уа миң шәррин-нәффәәсәәти фил-ъуқад * Уа миң шәрри хаасидин изәә хасад».

      Қазақша мағынасы: «(Ей, Мұхаммед!) «Таңның Раббына сиынамын. Жаратқан нәрселердің кесірінен. Қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен. Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен. Күндеген сәттегі күншілдердің кесірінен (сиынамын) де».

Фалақ және Нас сүрелерінің түсу себептері

     Тәпсіршілердің айтуларына қарағанда сақтану сүрелері – Фалақ пен Нас сүрелерінің түсуіне Пайғамбарымызға (с.а.с.) яһуди сиқыршы Ләбидтің сиқыр жасауы себеп болған. Сол оқиға туралы Айша анамыз (р.а.) былайша баяндаған: «Расулалланы (с.а.с.) Бәни Зурайық елінен Ләбид ибн әл-Асам деген адам сиқырлады. Сонда Расулаллаға (с.а.с.) істемеген ісі істеген сияқты болып көрінетін болды. Бір күні менің бөлмемде Расулалла (с.а.с.) ұзақ дұға жасады. Сосын: «Ия, Айша! Алланың менің сұрағаныма жауап бергенін сезбедің бе? Маған екі кісі келіп біреуі бас жағымда, екіншісі аяқ жағымда отырды. Сосын біреуі екіншісіне: «Бұл кісіге не болған?», – деп сұрады. Екіншісі: «Сиқырланған»,– деді. Сонда біріншісі: «Сиқырлаушы кім?», – деп сұрады. Екіншісі: «Ләбид ибн әл-Асам», – деді. Біріншісі: «Немен сиқырлады?», – деп сұрады. Екіншісі: «Тарақ, тарақтағы шаш және еркек құрма ағашының басындағы шашақтарымен», – деді. Біріншісі: «Олар қайда?» – деп сұрады. Екіншісі: «Зәруан құдығында», – деп жауап берді», – деді. Сосын Расулалла (с.а.с.) сол құдыққа сахабаларымен бірге барып қайтты. Келген соң: «Ия, Айша! Оның суы қына қосылған судың түсіндей (қызыл) екен. Ал ондағы құрма ағашының бастары шайтанның бастарындай екен», – деді. Мен: «Ия, Расулалла! Әлгі затты шығарып алмадыңыз ба?» – деп сұрадым. Сонда ол (с.а.с.): «Алла мені одан сақтады. Адамдарға одан (шығарғаннан) бір жамандық келер деп ұнатпадым»,– деді. Кейіннен Пайғамбар (с.а.с.) сиқырланған затты шығаруға бұйырды. Ол зат шығарылып, көміліп тасталынды» (Бұхари мен Муслим риуаят еткен хадис).

Сүренің ерекшелігі туралы

       Фалақ сүресі Құран Кәрімдегі 113-сүре. Меккеде түскен. Бес аяттан тұрады. Алла Тағала бұл сүреде Өзінің Елшісіне (с.а.с.) және барлық мұсылмандарға дүниеде кездесетін жамандықтар мен жын-шайтандардың кесірлерін сақтануды үйретеді. Фалақ және одан кейінгі Нас сүрелері «Әл-Муъаууизәтәни» – сақтанушы екі сүре деп аталады. Пайғамбарымыз (с.а.с) осы екі сүрені оқып, сақтанып жүретін болған. Бұл туралы Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) әрбір түні төсекке жатарда екі алқанын қосып, оларға «Қул һуаллаһу әхәд», «Қул әъузу бираббил-фалақ» және «Қул әъузу бираббин-насты» оқып, бүкіл денесін сипайтын. Басы мен жүзінен бастап, денесінің алдыңғы жағын қамтитын. Осылай үш рет жасайтын». (Бұхари риуаяты).

      Фалақ пен Нас сүрелерінің артықшылықтары туралы мынадай риуаяттар бар. Алланың Елшісі (с.а.с.) Ұқба ибн Амрге (р.а.): «Бүгін түні түскен аяттарға қарамайсың ба? Бұрын-соңды мұндай аяттар түспеген: «Қул әъузу бираббил-фалақ» және «Қул әъузу бираббин-нас», – деген.

      Расулалла (с.а.с.) Абдулла ибн Хубейбке (р.а.): «Қул һуаллаһу ахад» пен екі сақтану сүресін (Фалақ, Нас сүрелерін) кешке және таңертең үш рет оқуың барлық қажетіңе жеткілікті», – деген (Әбу Дәуіт, Термези және Нәсәи риуаят еткен).

Сүредегі жекелеген сөздерге түсініктеме

 Сиынамын: Пана, қолдау, қорғау іздеймін, сақтанамын. Тек Алла ғана Оның атымен сақтанып, сиынуға лайықты.

Фалақ, яғни таң: Ол түн қараңғылығы сейілгенде пайда болатын жарық. Бұл жерде Раббының атымен сиынып сақтанушы – Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) мен оның соңына еруші үмметі.

Сақтанылған нәрселер мұнда төртеу:

  1. «Жаратқан нәрселердің кесірінен»: Бұл діндегі, дүние мен ақыреттегі жаманшылық атаулыдан сақтанамын.
  2. «Қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен»: Қараңғылық басқанда жындардың ішіндегі ең нақұрыстары бой көтеріп шыға бастайды. Сол сияқты адамдардың да жамандары көрінеді.
  3. «Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен»: Бұл сиқырдың әсерінен болатын іс. Мұндағы дем салушылар жіптерді түйіншектейтін сиқыршы әйелдер. Сиқырларын осы жіптерге байлайды.
  4. «Күндеген сәттегі күншілдердің кесірінен»: бұл Ібілістің барлық ұрпақтары мен ізіне еруші шайтандарды қамтиды. Өйткені олар адам баласына қызғаныш білдірушілердің ең үлкендері.

«Күндеген сәтте» дегеннің мағынасы қызғанушының қызғанышын білдірмей жасыруы. Егер қызғанышқа тап болған кісі Алланың атымен сақтанса, Алланың қалауымен оның ешқандай да әсері болмайды.

Сүренің қысқаша тәпсірі

 «Қул әъуузу бираббил-фалақ»  – «Таңның Раббына сиынамын».

Түсініктемесі: «Ей, Мұхаммед! Қараңғылықтың пердесі сөгіліп, таң жарығы жарығы пайда болып, ақ пен қараның ара-жігі ашылатын уақ – фалақтың, яғни таңның Иесімен сиынамын деп айт!».

      Дүниедегі неше түрлі бәле-жала, жамандық атаулыдан, қорқыныш пен үрейден, жын-шайтан мен адамзаттың кесірлерінен есімімен сақтанып, пана тілеуге тек Алла Тағала ғана лайықты. Ал басқа нәрселерден пана, жәрдем тілеу мұсылман нанымына теріс. Алланың Елшісі (с.а.с.) жас сахабасы Абдолла ибн Аббасқа (р.а.): «Қажетіңді сұрар болсаң Алладан сұра, жәрдем-медет тілесең де Алладан тіле», – деп өсиет еткен. (Термези риаяты).

      Фалақ сөзінің мағынасы жайында көптеген пікірлер бар. Ибн Жәрир: «Ең дұрыс пікір: фалақ – таң», – деген.

«Миң шәрри маа халақ» – «Жаратқан нәрселердің кесірінен».

Түсініктемесі: «Оның – Алланың жаратқан барлық нәрселерінің: адамдар мен жындардың, жан-жануарлар мен жәндіктердің – барлығының жамандықтарынан, кесір-кесапаттарынан сақтанамын де».

 «Уа миң шәрри ғаасиқин изәә уақаб» – «Қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен».

Түсініктемесі: Түн мезгілінде орын алатын жамандықтардан. Айналаны түн қараңғылығы басып, тас-түнек орнаған шақ – жын-шайтандар мен зұлым ниеттілердің бас көтеріп, белсенді әрекет ететін мезгілі. Әдетте халық арасында түн қатып жүру жақсылыққа жорылмайды. Қазақта «Түнде жүріп түрі бұзылғаннан қорық» деген мәтел бар. Ендеше осы бір шақтың жамандықтарынан сақтану керек. Өлең тілімен айтқанда:

Төңіректі қара түнек басқанда,

От-найзағай ойнаса да аспанда,

Жүрегіңмен Раббыңды есіңе ал,

Одан өзге ешкімнен де жасқанба.

 «Уа миң шәррин-нәффәәсәәти фил-ъуқад» – «Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен».

Түсініктемесі: Түйіншектерге дем салушылар – сиқыршылар. Олар біреуге қарсы сиқыр жасағанда жіпті әр жерінен түйіп, сол түйіндерге дуасын оқып түкіретін болған. Бірде Жебірейіл періште (а.с.) Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Уа, Мұхаммед! Ауырып жатсың ба?» – деп сұрайды. Алланың Елшісі (с.а.с.): «Иә», – деп жауап береді. Сонда Жебірейіл (а.с.): «Бимилләһи арқик мин кулли дәәин йу’зик, уа мин шарри кулли хасидин уа айнин, Аллаһу йәшфик», – деп дұға оқыған. Сонан соң Пайғамбарымыз (с.а.с.) айығып кеткен. (Мүслім риуаят еткен).

 «Уа миң шәрри хаасидин изәә хасад» – «Күндеген сәттегі күншілдердің кесірінен (сиынамын) де».

Түсініктемесі: Хасад, яғни қызғаныш – жалпы ұғым, ол көреалмаушылық, іштарлық, бір нәрсеге шектен тыс таңдану, көз тию сияқты жалқы ұғымдарды қамтиды. Бұл Құран сөздерінің көп мағыналылық сипаттарының бір көрінісі. Ислам дінінде бір кісінің нығметке не бір артықшылыққа ие болғанын қызғанып, күндеу ең бір нашар әдетке, мұсылманға жат пиғылға жатады. Ондай дерттен арылу керек. Өйткені бұл Алла Тағаланың пенделерінің арасында бөліп берген несібелері мен артықшылықтарын мойындамаудың, тағдырға разы болмаудың белгісі. Алла Тағала өзінің сүйікті пенделерін осындай жамандықтардан Өзінің атымен сақтануға шақырады.

 

НАС СҮРЕСІ

بسم الله الرحمن الرحيم

قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ * مَلِكِ النَّاسِ * إِلَهِ النَّاسِ * مِن شَرِّ الْوَسْوَاسِ الْخَنَّاسِ * الَّذِي يُوَسْوِسُ فِي صُدُورِ النَّاسِ * مِنَ الْجِنَّةِ وَ النَّاسِ 

      Оқылуы: Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим.

      «Қул әъуузу бираббин-нәәс * Мәликин-нәәс * Иләәһин-нәәс * Миң шәррил-уәсуәәсил-ханнәәс * Әлләзии йуәсуису фии судуурин-нәәс* Минәл-джиннәти уән-нәәс».

      Қазақша мағынасы: «(Ей, Мұхаммед!) «Адамдардың Раббына, адамдардың Иесіне, адамдардың Тәңіріне, жасырынып сыбырлап азғырушының кесірінен, сондай адамдардың көкейлеріне салатын, мейлі жыннан болсын, мейлі адамдардан болсын – азғырушылардың кесірінен сиынамын» де».

Сүренің ерекшелігі туралы

      Нас сүресі Құран Кәрімдегі ең соңғы – 114-сүре. Меккеде түскен алты аят. Фалақ сүресі екеуі сақтанушы сүрелер деп аталады. Осылайша Алла Тағаланың кітабы Фатиха сүресімен басталып, Нас сүресімен аяқталады. Яғни, әлемдердің Раббысына мадақпен басталынып, Алланың атымен адамдар мен жындардың жамандықтарынан сақтанумен тәмәмдалады. Бұл қайталанбас көркемдіктің көрінісі. Өйткені пенде әрқашан да Раббысын ұмытпай, пана  мен медетті тек Содан ғана сұрауы тиіс.

    Алдыңғы екі сүре секілді бұл сүренің артықшылығына да Абдулла ибн Хубейбтен (р.а.) риуаят етілген хадис дәлел бола алады. Онда Расулалла (с.а.с.) оған былай деген: «Қул һуаллаһу ахад» пен екі сақтану сүресін (Фалақ, Нас сүрелерін) кешке және таңертең үш рет оқуың барлық қажетіңе жеткілікті», – деген (Әбу Дәуіт, Термези және Нәсәи риуаят еткен).

Сүренің қысқаша тәпсірі

 «Қул әъуузу бираббин-нәәс» – «Адамдардың Иесіне».

Түсініктемесі: Яғни, Алла адамдардың тіршіліктерінің де, өлгеннен кейінгі жағдайларының да Иесі және Өз қалауымен олардың істерін басқарушы. Адамдар – Оның пенделері, құлдары. Олардың бастарына қандай қиындықтар мен тауқыметті жағдайлар түссе де Алладан өзге патшаға да, басқаға да жалбарынбаулары керек. Өйткені бәле-жаладан құтқаратын да, ризықты беріп-азайтатын да, дәрежені төмендетіп-жоғарылататын да – бір Алла.

«Мәликин-нәәс» –  «Адамдардың Патшасына».

Түсініктемесі: Алла Тағала барлық адамдардың: басқарушы патшалардың да, бағынушы қарапайым бұхараның да, байдың да, кедейдің де, мұсылманның да, кәпірдің де Патшасы. Қалағанына қалаған нығметін береді. Қалағанының абыройын асырып, даңқын көтереді, қалағанын төмендетіп, мүсәпір күйге түсіреді.

 «Иләәһин-нәәс» – «Адамдардың Тәңіріне».

Түсініктемесі: Адамдардың Құдайы, құлшылыққа лайықты жеке дара жалғыз Тәңір. Онан өзге құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ. Одан басқаға сиынуға, жалбарынуға болмайды. Бүкіл кемелдік атаулының және ең жоғары сипаттардың Иесі болуымен Алла құлшылыққа лайықты.

Бұл сүреде сақталынған нәрселер: азғырынды нәрселер, уәсәсә, шайтанның кесір-кесапаттары. Олар адамның нәпсісінде жасырын түрде болатын азғын ойлар мен кертартпа пиғылдар немесе азғыруға тап болған кісіге ғана естілетін дауыспен болатын уәсуәсә, не болмаса шайтанның пендеге дауыстар жеткізгетін азғыруы түрлерінде болады.

«Миң шәррил-уәсуәәсил-ханнәәс» – «Жасырынып сыбырлап азғырушының кесірінен».

Түсініктемесі: Уәсуәсә – сыбырлап азғыру. Шайтан пенденің нәпсісіне күнәлы істерді, зұлым пиғылды сыбырлап, көкейіне кіргізуге тырысады. Ал ханнәәс сөзі мағынасы жасырынушы дегенді білдіреді. Пенде Алланың зікірінен алыстаған сайын шайтан да оны азғырып, тура жолдан біржола тайдыруға әрекет етіп бағады. Пенде оның азғыруына еріп кетсе, оны әбден басынып, билеп-төстейді. Ақырында жүрегін құрсаулайды. Уәсуәсә барлық жамандықтың негізі. Ал егер пенде Алланың атын есіне алып, сақтанса, албасты кейін шегініп кетеді. Бұл жайында Алланың Елшісі (с.а.с.): «Шындығында шайтан тұмсығын адам баласының жүрегінің үстіне қойып қояды. Егер пенде Алланы зікір етсе, жасырына қалады (ханнасқа айналады). Ал егер Алланы ұмытса, жүрегін билеп алып, азғыра береді» , – дейді (Хафиз Мусили риуаяты).

«Әлләзии йуәсуису фии судуурин-нәәс» – «Сондай адамдардың көкейлеріне салатын».

Түсініктемесі: Адамдардың кеуделеріне орнығып алып, азғыра беретін шайтаннан сақтанамын. Шайтанның ең басты қаруы – азғыру. Зұлым пиғыл, теріс ойлармен азғырып, пендені өзінің жетегіне алғысы келеді. Түпкілікті көздеген мақсаты – пендені өзіне басыбайлы қылып, тозақы ету.

 «Минәл-джиннәти уән-нәәс» – «Мейлі жыннан болсын, мейлі адамдардан болсын».

Түсініктемесі: Азғыру жын-шайтандармен қоса, кейбір қара ниетті адамдардан да болады. Адамдардың азғыруы құлаққа сыбырлаумен, үгіттеумен, ал жындардың азғыруы адамның көкейіне салуымен болады. Жындардың шайтындары мен адамдардың ішіндегі азғындары одақтастар. Алланың әміріне қарсы келіп, Оның құлдарын тура жолдан тайдыру мақсатында зұлымдық үшін бірігеді. Алла Тағала былай деген: «Осылайша әр пайғамбарға адамдардың және жынның шайтандарынан дұшпан қылдық. Олар алдап, бір-біріне жылтыр сөзді сыбырлайды» (Әнғам, 112). Алланың елшісі (с.а.с.) әрбір адамның шайтаны болатындығы туралы: «Сендердің әрбіріңнің де серіктерің (шайтандарың) бар», – деген. Сонда сахабалары: «Ал Сізде ше?» – деп сұрағанда: «Иә, бар. Бірақ Алланың жәрдемімен ол мұсылман болды. Ол мені тек жақсылыққа бұйырады», – деген (Мүслім риуаят еткен хадис).

      Ихлас, Фалақ, Нас сүрелерін әрдайым оқып, қайталап жүруіміз керек. Бұлардың сауабына тілімізбен қайталап оқығанымызда ғана жетеміз. Алла Тағаланың осы сүрелердегі сипаттарын айқын түсінгеннің ғибадаты да айқын әрі шынайы бола түспек.

      Бұл сүрелерде ертелі-кеш және әрбір парыз намаздарынан соң қайталап жүру, солайша сақтанудың пайдасы орасан зор. Пендені ихсан дәрежесіне көтерілуіне себепкер болуы мүмкін. Сол арқылы қабірі де нұрланып, жақсы амалдарының салмағы да толая түсетіні анық. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұйқыға жатардан бұрын осы сүрелерді оқығандығын да жадымыздан шығармағанымыз жөн. Ол (с.а.с.) жатарда екі алақанына осы сүрелерді оқып, үрлеп, онымен бүкіл денесін сипап шығатын болған. Мұны үш рет қайталайтын болған.

     Уа, Алла! Әлемдердің Иесі! Дұға-тілектерімізді қабыл алғайсың. Біз Сені Өзіңе лайықты сипаттармен сипаттап, мақтаулармен дәріптейміз. Уа, ұлы мадақтардың Иесі! Уа, Рахман! Уа, Рахим! Қиямет күнгі азаптардан аман сақтағайсың. Сенің кешірімің біздің күнә-қателіктерімізден кең. Амалымызға емес, мейіріміңе үміт артамыз. Өзіңнің сүйікті құлдарың – пайғамбарлар, шыншылдар, шәйіттер, ізгілермен бірге қыла гөр. Біз – сенің күллі кемелдік сипаттарыңды мойындаушы құлдарыңызбыз. Өзіміздің дәрменсіздігіміз бен кемшіліктерімізді, күш-қуатымыздың әлсіздігін мойындаймыз. Сондықтан да бір Өзіңнен ғана пана сұрап, жалбарынамыз. Жәрдем, медет бер! Тура жолда болуды нәсіп ет! Қаһарға ұшырағандар мен адасушылардың жолына емес. Әмин! Уа, Әлемдердің Раббысы!

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38