КІРІСПЕ
Бәни Исрайл пайғамбарларының тағы бірі – Дәуіт. Алла Тағала оған пайғамбарлықпен қатар патшалықты да берді. Оған қоса дүние және ахирет жақсылығын да сыйлады. Мұсаға Тәуратты бергені секілді Алла оған Забурды түсірді.
«Пенденің жер–көктегі ахуалы тек Аллаға ғана аян. Жасырары жоқ, Біз пайғамбарлардың өздерін де бірінен бірін артық жараттық. Дәуітке Забурды тарту еттік» (Исра сүресі, 55-аят).
Дәуіттің баласы Сүлейменді де Алла әрі пайғамбар, әрі патша етіп, оған даналық берді. Сүлеймен Хаким деген лақап атқа ие болды. Дәуіттің аты Талут (Шаул) әскерінің қатарында жүрген кезінде-ақ шыққан болатын. Ол өзін дұшпандарының қолбасшысы Жалутпен жекпе-жекке түскен кезде танытқан еді. Бұл қиссада Талут, Жалут, Дәуіт, Сүлеймен оқиғалары баяндалады.
ТАЛУТ ЖӘНЕ ДӘУІТ
Мұса (ғ.с.) дүниеден өткеннен кейін Бәни Исрайлды Юшағ ибн Нун басқарып тұрды. Ол Жүсіп (ғ.с.) ұрпағынан болатын. Бәни Исрайл Палестина жеріне уәде етілгендей соның басшылығымен кірді. Бірінші басып алынған қала Ариха, яғни Иерусалим еді. Алла оларға қаланың есігінен Оған мойынсұнып, жалынып-жалбарынып, қателіктері үшін кешірім сұрап, бастарын иіп кіруді бұйырды. Бірақ ол қауым Алланың бұйрығына құлақ аспай, Тәңірге истиғфар айтудың орнына тәкәппарланып, пасықтық жасады. Бұл жағымсыз қылықтары Тәңірдің ашу-ызасын туғызып, күнәларының жазасы ретінде Алла оларға азап түсірді.
«Біз оларға: «Осы кентке кіріңдер де, оның жемістерінен қалағандарыңша жеңдер. Күнәмізді кеше гөр деп қақпадан бас ие кіріңдер. Қателіктеріңе кешірім жасаймыз, жақсылықтарың үшін сауаптарыңды арттырамыз» – дедік» (Бақара сүресі, 58-аят).
«Залымдар өздеріне айтылған бұл сөздерді басқа жаққа бұрып әкетті. Залымдардың осындай пасықтық жасайтындығы үшін оларға аспаннан пәле жаудырдық» (Бақара сүресі, 59-аят).
Палестинада Бәни Исрайлдың ісін дүниеден өткенге дейін Юшағ басқарды. Одан кейін біраз заман қазылар үкімдік етті. Олардан соң біраз уақыт патшалық үзіліп, басқарусыз қалған Бәни Исрайл ауыр жағдайға душар болды. Палестиналықтармен соғыста ойсырай жеңілді. Палестиналықтар олардың әйелдерін, балаларын қорлады, үйлерінен бездіріп жіберді. Олардан табутты (сандық) тартып алды. Бәни Исрайлды қазылар басқарған кезде руға бөлініп, көшпелі тіршілік етті. Бұл жағдай б.з.б. 1040 жылға дейін созылды. Олар ішінен көсем, басшы шыққан уақыттан бастап қана руларға бөлінулері шектеліп, бір тудың астына жинала бастады. Бәни Исрайлдың басын біріктірген еврей тарихындағы бірінші патша Шаул (Библияда Саул) болды. Ол Құранда Талут деп аталған.
БӘНИ ИСРАЙЛДЫҢ ПАТШАЛЫҚТЫ ҚАЛАУЫ
Бәни Исрайл олардан табутты тартып алғаннан кейін қорлық көріп, ұлықтық пен құрметтен жұрдай болды. Олар іштеріндегі Самуил есімді тақуа (еврейлердің түсінігі бойынша пайғамбар) кісіге келіп, дұшпандарына қарсы соғысу үшін туының астына жиналатын патша таңдауды талап етті. Мұсадан кейін оларды қазылар басқарып келген еді. Енді олар патшалықты қалады. Самуил ол қауымның жағдайын да, соғыста күшін жоғалтып, әлсірегенін де білетін еді. Сондықтан ол соғыс парыз қылынса шайқасқа жарамайсыңдар ғой деп күмән келтірді. Ал, олар: «Дұшпанымыз бізді қуды, отанымыздан шығарды, біздерді бір-бірімізден, балаларымыздан айырды. Ендеше өзіміздің хұқымызды қайтарып алу үшін біз қалайша соғыса алмаймыз?» – деп Самуилды ортаға ала бастады. Сөйтіп, ол Алладан қауымның қалауының жауабын алып, оларға соғыстың парыз етілгенін мәлім етті. Алайда олар бұдан бас тартып, тек азғантай жамағат қана қолдады.
«Исрайл ұрпақтарының Мұсадан соңғы басшыларын, сірә, сен білетін шығарсың? «Бізді Құдай жолындағы күреске бастап шығатын бір патша белгілеп бер», – деп өтінді сол кездегі өздерінің пайғамбарынан. «Күрес сендерге парыз етілген, неге күреспей отырсыңдар?» – деді пайғамбары. «Мекенімізден қуып, бала–шағамыздан ажыратып тастаса, Құдай жолында біз неге күреспейміз?» – десті олар. Бірақ соғыс парыз етілгенде біразы ғана болмаса көбі соғысудан бас тартты. Мұндай залымдықты да Алла жақсы біліп тұрады» (Бақара сүресі, 246-аят).
ТАЛУТТЫҢ ПАТШАЛЫҒЫ
Самуил пайғамбар Алланың Исрайлға патшалыққа Талутты отырғызуды қалайтынын жеткізді. Ол Бунямин ұрпағынан болатын. Бірақ қауым ол жоғары тектен емес деп бұған риза болмады. Өйткені ол байлығы аз, қарапайым ортадан шыққан еді. Ал, еврейлер жоғары текті, байлығы асып-тасқан ұлықтарын ғана құрмет тұтатын. Сондықтан олар патша болуға Иуда ұрпғы лайықты деп санады. Ал, пайғамбарлық Левит ұрпағына берілген болатын. Самуил қарсы келушілерге Алланың Талутқа ілім, соғыста дұшпанмен кездескенде қарсы тұра алатындай күш-қуат, саясат істерін білетін, даналықпен басқара алатын қабілет-қасиет бергенін түсіндіріп, патша етуге кімді қалайтыны Алланың өз еркінде екенін жеткізді.
«Патша етіп Алла сендерге Талутты жіберді», – деді пайғамбар оларға. «Оу, өз ішімізде одан артық адам тұрғанда бізге ол қайтіп патша бола алмақ? Осының мал–мүлкі де шамалы емес пе?» – десті. «Оны сендерге патша етіп таңдаған, білімін де, тұлғасын да артық етіп жаратқан Алла. Кімді әмірші етемін десе, ол ерік Аллада. Ол кең болжайды, тұтас қамтиды» (Бақара сүресі, 247-аят).
ТАЛУТТЫҢ ПАТШАЛЫҚ БЕЛГІСІ
Самуил пайғамбар Бәни Исрайлға Талутта патшалық белгі бар екенінен, оның оларды жеңіске жеткізетінінен хабар берген еді. Мұса, Һаруннан қалған табут олар үшін қасиетті саналатын, жүректерін тыныштандыратын. Онда тақуалар жайында жазылған Алланың өсиеттері бар еді. Сол табутты жақында оларға періштелер көтеріп әкелетіні мәлім етілді.
«Пайғамбары оларға былай дейді: «Оның патшалығында мынадай белгі болады: Тәңірі тарапынан сендерге бір сандық келеді. Сандық ішінде көңілдеріңе медеу болатын Мұсаның, Һарунның әулеттерінен қалған мұралар бар. Сандықты періштелер көтеріп әкеледі. Егер сендер (Құдайға, қияметке) нағыз иланушы болсаңдар, әрине, сендер үшін ол үлкен белгі» (Бақара сүресі, 248-аят).
ТАЛУТТЫҢ ӘСКЕРІН СЫНАУЫ
Талут қауымын Алла жолында дұшпандарына қарсы соғысқа шығуға шақырды. Үлкен әскери күшті өз туының астына жинады. Ал, палестиналықтарды алып күш иесі Жалут (Көне өсиетте Жулят) басқаратын. Оның аты қайтпас батырлығы, ержүректілігімен көршілес халықтардың бәріне кең тараған болатын. Талут әскерін ұзақ жорыққа алып шықты. Оларды шайқаста сынап көрмек болды. Ұзақ жорыққа қалай шыдайтынына, өзіне қаншалықты бағынатынына көз жеткізгісі келді. «Сендер жақында өзеннен өтесіңдер. Алла сендердің шыншылдарыңды, бойсұнушыларыңды күнәһарлардан ажырату үшін сынайды. Кім одан су ішпесе, оның дәмін татпаса, ол маған бойсұнып, ерушілерден болады. Бірақ бір рет тамақ шаюға рұқсат етіледі. Ал, кім одан су ішсе, ол маған ерушілерден болмайды», – деді. Сөйтіп өзенге келгенде олардың көбі Талуттың сөзіне құлақ аспастан қанғандарынша су ішті.
«Әскерлерімен бірге (Байтул–Мақдистан) аттанғанда Талут жасақтарына былай деді: «Алла сендерді бір өзенде сынайды. Кімде–кім ол өзеннен су ішсе, ол мендік емес, ал суды ауызға алмағандары – нағыз мендік. Егер (ішпей) қолымен су шашса (салқындаймын десе) ол бір басқа». Біразы ғана болмаса өзеннен көпшілігі су ішті. Талут соңына ерген барлық адамдарымен өзеннен өткенде иман келтіргендердің біразы жаудың қалың қолын көргенде: «Бізде бүгін Жалутпен соғыса алатын күш жоқ», – десті. Ал, Алламен жүздесетіндеріне сенгендер: «Қорықпаңдар! Құдайдың қолдауымен аз күштің өзі қаншама рет жаудың көп қолын жеңіп шықпап па еді?» – деді. Шындығына келсек, Алла шыдамдылар жағында болады» (Бақара сүресі, 249-аят).
ТАЛУТТЫҢ ЖЕҢІСІ
Талут шөлдесе де, шаршаса да сабыр етушілермен бірге өзеннен өтті. Олар саны көп дұшпандарының алдында өздерінің өте аз екендерін көрді. Олардың бір бөлігі дұшпанның көптігінен қорқып: «Бізде бүгін Жалутқа қарсы шығар шама жоқ», – деді. Ал, екінші мүъмин тобын дұшпанның көптігі еш қорқыта алмады. Олар жеңіске деген шынайы сенімде болды. «Алланың қолдауымен талай аз санды жамағат көп санды жамағатты жеңген. Ендеше дұшпанды біз де жеңеміз»,- деп, дұшпандарын жеңуге белдерін бекем байлады. Алла осы сенімдері үшін оларды қолдап, қуаттады, жүректеріне сабыр берді, сөйтіп салих пенделерін жеңіске жеткізді. Осы соғыста Дәуіт Жалутты өлтірді.
«Жалут және оның әскерлерімен бетпе–бет келген сәтте: «О, Жаратқан, жүрегімізге сабыр, табанымызға тірек бер, кәпірлерге қарсы күресте жәрдем бер», – деп тіледі» (Бақара сүресі, 250-аят).
Құдыреттің қолдауымен олар жауларын жеңді. Дәуіт Жалутты өлтірді. Алла Дәуітке патшалықты да, данышпандықты да сыйлады, қажетті ілім де үйретті. Егер Алла адамдарды бірінен–бірін қорғамаса, жер жүзі, әрине, бүлініп кетер еді. Бірақ Алла жер жаһанға түгел қамқоршы» (Бақара сүресі, 251-аят).
ДӘУІТТІҢ ЖАЛУТТЫ ӨЛТІРУІ
Құранда Дәуіттің Жалутты қалай өлтіргені кең баяндалмаған. Бірақ Көне өсиеттен толығырақ білуге болады. Палестиналықтар әскері мен Бәни Исрайл әскері бетпе-бет келді. Екі топ та тауда тұрды да, олардың ортасында ойпат жатты. Екі жақ та бір-біріне шабуылға шығуға батылдары жетпей тұрып қалды. Палестина әскерінің басынан аяғына дейін қаруланған, қолына найза көтерген алып та, қорқынышты батыры Жалут ойпаттың ортасына шығып алып, Бәни Исрайлға қарсы айқай салумен болды. Бәни Исрайлдықтар қатарынан жекпе-жекке адам шақырып: «Егер сендердің кісілерің шамалары келіп жеңе алса, біз сендерге құлдыққа түсеміз. Ал, мен жеңсем, оны өлтіремін және сендер бізге құл боласыңдар», – деді. Одан қорқып, Талут әскері жағынан онымен беттесуге ешкім шықпай қойды. Осылайша Жалут жекпе-жекке қырық күн бойы шақырды. Талут Жалутты өлтіргенге үйіп-төгіп байлық және қызын беретінін жариялады.
Талуттың әскерінің қатарында үш баласымен бірге Ясин есімді кісі бар еді. Оның төртінші баласы Дәуіт бауырларының жағдайын білуге келген болатын. Дәуіт Жалуттың жекпе-жекке адам шақырып тұрғанын көрді. Жай шақырып қана қоймай, оларды балағаттап, сөгіп жатқанын да естіді. Содан Дәуіттің қаны қызып, Талуттан оған қарсы жекпе-жекке шығуға рұқсат сұрады. Талут оған әуелгіде тыйым салғанымен, кейін рұқсат беріп, сауыт киіндірді. Дәуіт сауыт киюге де, онымен қозғалып, қимылдауға да машықтанбағандықтан біраз қиналғанымен аз уақыттан соң үйреніп кетті. Сөйтіп, қолына шоқпар алып және бес тасты қынына салып қойды. Найза көтерген Жалут қорқынышты еді. Өйткені ол найзамен шаншуға өте шебер де, алғыр да болатын. Бірақ Дәуіт жылдам қимылдап, дәл көздеп тас лақтырды да, одан соң шоқпармен тура бастан соқты. Алып батыр гүрс етіп жерге құлады. Дәуіт жай отындай жылдамдықпен қайта оралып, оның басын қылышпен шауып түсірді. Алыптарының өлтірілгенін көрген палестиндіктердің естері шығып, артқа қарай қаша жөнелді. Талуттың әскрі соңдарынан қуып, қырғын салды.
ТАЛУТТЫҢ ӨЛУІ ЖӘНЕ ДӘУІТТІҢ ПАТШАЛЫҚҚА КЕЛУІ
Жалутты өлтірген соң халық арасында Дәуіттің абыройы өсіп, танымал бола бастады. Талуттың жүрегінде қызғаныш, іштарлық сезім оянып, Дәуітті өзіне бәсекелес болады деп қауіптенді. Өйткені оны барлық Бәни Исрайл халқы жақсы көрді. Сондықтан оны өлтірмекші болып, бірнеше рет қастандық жасады. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. Сөйтіп жүргенде Жалбуғ соғысы басталды да, исрайлдықтар шегініп, қаша бастады. Талуттың үш баласы қаза тапты. Оның өзі де ауыр жараланды. Мұны көрген палестиналықтардың шабуылы күшейе түсті. Талут жау қолына түссе олардың мұны азаптап, қорлап өлтіретінін түсініп, өзіне-өзі қылыш салды. Сөйтіп, мерт болды.
Ал, Дәуіт Хибрунға (қазіргі Халил қаласы) қарай бет алды. Иуда кісілері оны патшалыққа тұрғызды. Қалған Бәни Исрайлдар оған бағынып, бойсұнды. Талуттың жақтастары мен Дәуітті қолдаушылар арсында Талуттың баласы өлгенге дейін соғыс тоқтамады. Ол өлген соң Дәуіт Исрайл ұрпақтарының бәрінің патшасына айналды. Бұл кезде ол отыз жаста еді. Оның патшалық етуі қырық жылға созылды. Хибрун мен Иудаға жеті жыл, алты ай, ал Иерусалим мен барлық Исраилға отыз үш жыл патшалық етті. Кейін көзі тірісінде баласы Сүлейменді өз орнына патша қойды. Сүлеймен әкесінің ісін жалғастырып, қалалар салды, мемлекетті қалыптастырып, жаңа тәртіп орнатты, храм тұрғызып, даналық танытты.
ДӘУІТ ҚИССАСЫ
Дәуіт (ғ.с.) күндерін төртке бөлетін болды: бір күнді ғибадатқа, бір күнін қазылыққа, бір күнін уағызға, бір күнін жеке өзіне арнады. Бұл тәртіпті бұзуға ешкімнің батылы бармайтын. Бір жолы өзі отырғанда екі кісі күзетшілерге байқатпай дуалдан асып түсіп, бөлмесіне кіріп келді. Дәуіт олар жамандық жасамақшы екен деп шошып қалды. Ал, олар: «Қорықпа, біз бір-бірімізбен таласып, сіздің үкім етуіңізді қалап келдік», – деді. Сөйтіп, олардың бірі: «Менің мына туысымның тоқсан тоғыз саулығы бар, ал менде біреу ғана. Сөйте тұра ол менің сол жалғыз саулығыма көз салып, өзіне қосып алғысы келеді», – деп шағым айтып, осыған әділ үкім етуін сұрады.
Бұл екі таласушыны сынау үшін Дәуітке Алла жіберген еді. Сондықтан ол Тәңірге истиғфар етіп, сәжде жасады. Алла оның тәубесін қабыл етті.
«(Ей, Мұхаммед!) Дау–шармен Дәуітке келушілердің әңгімелерін сен естідің бе? Кезінде (екі адам) құлшылық үйінің дуалынан қарғып түсті де, Дәуітке жетіп келді. Дәуіт олардан сескеніп қалды. «Қорықпа, – деді олар. – Біз жанжалдасып жүрген екі даугерміз. Сен бізге әділ билік айт, ақ шешіп, дұрыс жолға сал» (Сад сүресі, 21-22-аяттар).
«Дұрысын айтайық, менің мына туысымның тоқсан тоғыз саулығы (қойы) бар. Менде бары бір ғана саулық. Мына туыс сол жалғыз саулықтың өзін маған бер дейді. Біраз керісіп едік. Ол мені дендеп барады», – деді біреуі» (Сад сүресі, 23-аят).
«Сенің жалғыз саулығыңды ол көп қойына қосып алып бермеуге тырысса, шынында саған зорлық еткен екен. Осындай серіктескендердің көбі–ақ дау–дамай шығаратыны рас. Ал, иманы бар, ізгі ниеттілер (бұлай етпейді), тек ондайлар аз», – деді Дәуіт. Бұл жерде оны біздің сынап тұрғанымызды Дәуіт түсінді. Сонсоң Тәңірден жарылқау тілеп, сәждеге жығылды, тәубе келтірді» (Сад сүресі, 24-аят).
«Біз оның асығыс шешімін кешірдік. Біз тараптан ол жақсылыққа жетті» (Сад сүресі, 25-аят).
Алла Дәуітке бақыт, дәреже, байлық сыйлап, оны жерде басшы етті. Басшылық адамды асып-тасуға, ойындағыны үкім етуге ұрындыруы да мүмкін. Сондықтан Алла оны адамдарға хақтықпен үкім етуге, нәпсінің қалауынан аулақ болуға шақырды. Өйткені әділет шегінен шығып, Алланың жолынан ауытқыған адам қиямет күні ауыр азапқа ұшырамақ. Алланың Дәуітке өсиеті Құранда мынадай сөздермен берілген.
«Ей, Дәуіт! Сені біз жер бетіндегі нағыз билеуші еттік, адамдар арасында әділ билік жүргіз, нәпсіге ілеспе, ол сені Тәңір жолынан тайдырады, Алла жолынан тайғандар есеп беретін күнде, сөз жоқ, ауыр азапқа душар болады» (Сад сүресі, 26-аят).
ЕГІНГЕ ҚАЗЫЛЫҚ ЕТУ
Бір күні түнде қойшының қамсыздығынан қойлар егінге түсіп, жеп, жапырып кетеді. Егін иелері Дәуіткке келіп: «Ей, Алланың пайғамбары! Біз жерімізді айдап, оған егін еккен едік. Оның оратын уақытын күтіп отырғанбыз. Ана қауымның қойлары түнде біздің егінімізді жеп, тайпап, тып-типыл етіп кетіпті», – деп жағдайларын айтты. Дәуіт қой иелерінен: «Олардың айтып отырғандары дұрыс па?» – деп сұрады. Олар мақұлдады. Содан соң егін иелеріне: «Егіндеріңнің құны қанша?» – деді. Олар оның құнының қанша болатынын айтты. Осы сұрақты ол қой иелеріне де қойып, қойдың құнын да білді. Олардың құны бір-біріне шамалас болып шықты. Сондықтан Дәуіт қой иелеріне қойды егіннің өтеуіне беруді ұсынды.
Бұл әңгімені Дәуіттің ұлы Сүлеймен де естіп отыр еді. «Меніңше, мұның үкімі былай болу керек сияқты, – деп ол сөзге араласты. – Мына кісілер қойларын егін иелеріне берсін. Олар қойдың сүтін, жүнін т.б. пайдаланып тұрсын. Ал, қой иелері олардың жерін алып, айдап-жыртып, егін салсын. Баптап, күтіп, егін оруға келгенде иелеріне тапсырсын да, қойларын қайтарып алатын болсын». Бұл үкімге екі жақ та риза болды. Баласына Дәуіттің де көңілі толды. Бұл оқиға Құранда былай баяндалады.
«Дәуіт пен Сүлейменнің кезінде сондағы бір қауымның қойы түнде егістікті жеп кеткен еді. Екеуі сол егістік туралы үкім шығарды. Бұл үкімге Біз куә болғанбыз» (Әнбия сүресі, 78-аят).
«Үкімді қалай шығару жөнінде Сүлейменге біз аян бердік. Екеуіне де хикмет және тағылымды тарту еттік. Дәуітпен бірге тауды да, құстарды да Тәңірге табындырып, дәріптеттік. Олай етуге Біздің құдыретіміз жететін еді» (Әнбия сүресі, 79-аят).
ДӘУІТТІҢ ҚҰЛШЫЛЫҒЫ
Алла Дәуіттің ғибадаты жайында былай дейді.
(«Ей, Мұхаммед!) Сен олардың бұл сөзіне ашуланба, Дәуіттің салмақтылығындай сабыр сақта. Аллаға нағыз сүйенген пенде сол болатын» (Сад сүресі, 17-аят).
«Анығында Дәуітке Біз тауларды бас идірдік, таулар онымен бірге ертелі–кеш зікір айтып тұратын болды» (Сад сүресі, 18-аят).
«Оған құстар да бойсұнды. Топ–топ болып олар да Дәуітпен бірге мінәжат етер еді (соның барлығы Аллаға сиынғандар)» (Сад сүресі, 19-аят).
Бұл аяттарда Алла Мұхаммедті (с.ғ.с.) құлы әрі пайғамбары Дәуіттен ғибрат алуға шақырып, оны қиыншылыққа қайыспайтын, дініне берік, асқан сабыр иесі ретінде сипаттайды. Сондай-ақ, Алла оған тауларды, құстарлы да бойсұндырып, бағындырды, түрлі ілім мен өткір тіл берді. Бұл туралы Құран былай дейді.
«Дәуітке Біз өз ықыласымызбен ізгілік бердік. «Ей, таулар, ей құстар! Дәуіт зікір еткенде онымен бірге сендер де үн қосыңдар», – дедік. Оның қолындағы темір балқып кететін болды» (Сәба сүресі, 10-аят).
ДӘУІТТІҢ ПАТШАЛЫҒЫ МЕН ДАНАЛЫҒЫ
(Солай етіп) Біз Дәуіттің патшалығын нығайтып, даналығын күшейтіп, сөзді ашық, анық айтатын еттік» (Сад сүресі, 20-аят).
Алла Дәуіттің патшалығын нығайтты, әскерін жеңіске жеткізді. Дау-жанжалдарды әділдікпен шеше алатын білім мен қасиет берді.
ДӘУІТТІҢ МҰҒЖИЗАЛАРЫ
Алла Тағала Дәуітке жай қарапайым адамның шамасынан келмейтін, әдеттегіден тыс істерді үйретті.
«Сауытты кемеліне келтіріп жаса, оның қиюларын жақсы жымдастыр. Анығында, мен сендердің іс–әрекеттеріңді көріп тұрамын», – дедік» (Сәба сүресі, 11-аят).
Алланың құдыретімен Дәуіт темірді екі қолымен қамырша илейтін болды. Оны отсыз, балғасыз, басқа да құралдарсыз жұмсартып, нені қаласа соны істеді. Соғыс кезінде жауынгерлер киетін сауыттар қозғалуға, қимылдауға әрі жеңіл, әрі ыңғайлы етіліп асқан шеберлікпен жасалды.
«Қиын, қауіпті кездерде сендердің амандықтарың үшін Біз Дәуітке сауыт жасауды үйреттік. Шүкірлік етіңдер сендер осыған!» (Әнбия сүресі, 80-аят).
Бұл сауыттар жауынгерлерді дұшпанның қылышынан, найзасынан қорғай алатындай мықты, берік болды.
ДӘУІТТІҢ КІТАБЫ
Алла Дәуітке кітап берді. Оның аты – Забур. Олар рухани өлеңдер мен жырлардан, әнұрандардан тұрады. Дәуіт бұларды сыбызғыға салатын. Сол кезде құстар сыбызғы үніне жиналып, Дәуітті қоршап алатын, бұлбұлдың өзі де кете алмайтын. Дәуіт Алланы осылайша зікір ететін. Кітаптың мазмұны Алланы мадақтау, салауаттар, жаратылыстың ғажайыптары, Тәңірдің өсиеттері, оның сауабын, азабын, жазасын ескерту болып табылады. Сыбызғылардың (мазамирлердің) көбісі Дәуіттен басталады. Забурға кейін қосымшалар енгізілген. Олардың кейбірін Һаман, Итһан, Сүлеймен, Исаф жазған делінеді.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті