Пітір сөзі араб тілінде – «жаратылыс» деген мағынаға саяды, сол себепті кей ғұламалар пітірді «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақасы – күнделікті қолданыстағы негізгі қажеттіліктерден тыс, кем дегенде, нисап көлеміндегі байлыққа ие адамға міндетті садақа. Шариғаттағы үкімі – уәжіп. Рамазан оразасы парыз етілген жылы пітір садақасы да уәжіп етілді. Шариғатымызда аталмыш садақаны Ораза айт намазына дейін берілгені дұрыс. Адамзаттың абзалы бір сөзінде (с.а.у.) «Осындай күнде (айт мейрам) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер»[1], – деген.
Түсінген жанға пітір садақасында екі жақсылық бар: Бірінші Рамазан айындағы ұстаған оразада кеткен қателіктер мен кемшіліктердің орнын толтырады. Ғалымдарымыз «Рамазандағы пітір садақасы бейне бір намаздағы саһу сәждесіне ұқсайды. Намазда кеткен қателіктер саһу сәждесімен толық болатыны сияқты, пітір садақасы рамазан айындағы оразада кеткен қателіктерді толықтырады» – деген. Пітір садақасы уәжіп болған мұсылман нисап мөлшерінде байлығы жоқ әйелі мен кішкентай балалары үшін де беруге тиіс.
Екінші жақсылық пен хикметі айт күнінде әлуметтік аз қамтылған отбасылар берілген пітір садақалармен қиындықтарын бір сәтке болсада ұмыттырып, айт мерекесіндегі қуанышты сезіндіру. Сол себепті пітірді айт намазынан алдын беру уәжіп етілген. Ал Рамазан айының бас кезінде беруге де болады, айт намазынан кейінге қалдырмау керек.
Пітір садақасы кімдерге уәжіп болады?
Айт күні таң атысымен пітір садақасын беру уәжіп болғандықтан, бұл уақыттан бұрын дүниеден өтіп кеткен адамдар үшін міндет емес. Ал, осы уақыттан кейін қайтса, дүниеден өткен адамның туыстары артында қалған малынан өтейді. Сол сияқты таң атпай дүние есігін ашқан сәбиге пітір садақасы – уәжіп. Таң атқаннан кейін туған балаға – міндет емес. Бір мұсылманның пітір садақасы мұқтаж бір адамға беріледі. Бірақ бір адамның пітір садақасын бірнеше адамға бөліп беруге болмайды. Бірнеше адамның садақасын біріктіріп, тек қана бір мұқтаж отбасына беруге болады. Пітір садақасынан жиналған дүниені, ең алдымен жергілікті жердегі әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж кедейлеріне берілуі тиіс. Жергілікті жерде садақаға мұқтаж кедейлер бола тұра, басқа жердегі мұқтаждарына үлестіріп беру – мәкруһ.
Бір ай бойы қиыншылықпен ұсталған оразаның қабыл болуына да осы садақа себеп болады. Осы себепті де ғалымдарымыз пітір садақасының абзалдығына тоқталып, шамасы жеткен әр мұсылман беру керектігін баса айтып өткен.
[1] «Ислам ғылымхалы» Қайрат Жолдыбайұлы, Мұхитдин Исаұлы