- Тәсбих сөзі туралы
Тәсбих сөзі намаз, зікір ету, дәріптеу мағынасында келеді. Оған бір дәлел Құран Кәрімдегі Саффат сүресінің 143-аяты: «Егер ол (Жүніс пайғамбар (а.с.)) дәріптеушілерден болмаса еді». Яғни, Алланы пәктеп, дәріптеп, намаз оқымағанда басқаша болар еді деген мағынада. Тәсбих сөзі Субханалла сөзін айтуды да білдіреді. «Тәсбих айтты» дегеніміз, Субханалла деп айтты дегенді білдіреді. Ал Субханалла Алланы кез келген кемшілік пен нұқсандықтан, жамандық атаулыдан пәктеу.
- Тәсбих намазының анықтамасы
Тәсбих намазы: қосымша оқылатын нәпіл намазы. Ол үлкен артықшылық белгісі. Оны оқыған адам Алла Тағаладан мол сауап алады.
- Тәсбих намазының оқылу түрі
Намазға «Аллаһу әкбар!» деп тәкбір алған соң он бес рет «Субханаллаһ, уәлхамду лилләһ, уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» деп айтылады. Осы дұға тәсбих дұғасы деп аталады. Содан соң әдеттегідей «Әъузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» мен «Бисмилләһир-рахманир-рахимді» айтып, Фатиха мен қосымша бір сүре оқиды. Сосын жаңағы дұғаны он рет оқиды. Осыдан соң рукуғқа барып, онда да бұл дұғаны он рет айтады. Сонан соң рукуғтан басын көтеріп он рет айтады. Сәждеге барып, онда да он рет айтады. Бірінші сәждеден басын көтеріп аз-кем отырғанда да он рет оқиды. Екінші сәждеде де он рет оқиды. Осы үлгімен төрт рәкағат намаз оқиды. Сонда аталмыш дұғаны әрбір рәкағатта барлығын қосқанда жетпіс бес рет оқыған болады. Әрбір рәкағаттың басында он бес тәсбихтен бастайды. Қалғаны он реттен. Түнде оқыса екі рәкағаттан сәлем беріп оқығаны абзал. Ал күндіз оқыса, қаласа екі рәкағаттан, қаласа арасын үзбестен төрт бас етіп оқиды. (Мұны Термези Сүнән кітабында №481 хадисте келтірген).
Абдолла ибн Мүбәрактың айтуынша рукуғта әдеттегі «Субхана раббиал-ъазим» дұғасын үш рет айтқан соң және сәждеде «Субхана раббиал-әълә» дұғасын үш рет айтқан соң барып тәсбих дұғасын қайталайды.
- Тәсбих намазының үкімі
Абдолла ибн Мүбәрак былай деген: «Тәсбих намазын оқып жүру құпталынған мұстахаб іс. Оны әрдайым естен шығармай, әдетке айналдыру керек. Бұған дәлел Хакимнің өзінің Мүстәдрәк кітабында Әл-Хакам ибн Әббаннан, ол Икримадан, ал ол өз кезегінде Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген хадис. Онда Расулалла (с.а.с.) Аббас ибн Абдулмутталибке (р.а.): «Ей, Аббас! Көке! Саған бірдеңе берейін бе? Бірдеңе сыйлайын ба? Саған егер орындасаң, Алла сенің күнәңның басын да, аяғын да, ескісін де, жаңасын да, қателесіп істегеніңді де, әдейі істегеніңді де, кішісін де, үлкенін де, жасырын істегеніңді де, жария істегеніңді де кешіретін он түрлі нәрсе берейін бе? Төрт рәкағат намаз оқы. Әрбір рәкағатында Фатиха мен бір сүре оқы. Бірінші рәкағаттағы қырағатты аяқтаған соң «Субханаллаһ, уәлхамду лилләһ, уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» деп он бес рет айт. Сосын рукуғқа барып, онда он рет айт. Рукуғтан басыңды көтеріп он рет айт. Сосын сәжде жасап, онда он рет айт. Сәждеден басыңды көтеріп, тағы да он рет айт. Сосын тағы сәжде жасап, онда да он рет айт. Сонан соң басыңды көтеріп он рет атй. Сонда әрбір рәкағатта барлығы жетпіс бес. Егер осыны күнде оқимын десең, оқы. Ал олай ете алмасаң әрбір жұмада. Әрбір жұмада оқи алмасаң әрбір айда. Әрбір айда оқи алмасаң жылына бір рет оқы. Жылына бір рет оқи алмасаң өміріңде бір рет оқы». Хадисті жеткізген имам Хакимнің айтуынша бұл хадис сахих. Байһақи мен Мунзиридің айтуынша бұл хадисті Термези, Әбу Дәуіт көптеген сахабалардан риуаят еткен. Тағы бір хадис білгірі Дәруқұтни тәсбих намазы туралы хадистің дұрыс екендігін айтып өткен. (Әт-Тәрғиб уәт-Тәрһиб, 1/268).
Тәсбих намазы қанша рәкағат?
Тәсбих намазы төрт рәкағат. Әрбір рәкағатта тәсбих дұғасы жетпіс бес рет оқылады. Әр рәкағаттың басында он бестен бастайды да, ал қалғаны он реттен айтылады.
Тәсбих намазындағы сәһу сәждесі.
Ибн Әбу Ризма деген кісі: «Мен Абдолла ибн Мүбәрактан: «Егер тәсбих намазын оқушы намазында қателесіп, соңыра сәһу сәждесін жасаса, сол сәждеде де тәсбих оқуы тиіс пе?» – деп сұрағанымда ол: «Жоқ, олай емес. Тәсбих намазындағы тәсбихтің ұзын саны үш жүз тәсбих болуы керек», – деп жауап берді», – деген.
- Тәсбих намазының уақыты
Жоғарыда баяндалып Абдолла ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадисте оның әкесі Аббас (р.а.) Пайғамбарға (с.а.с.) әдеттен тыс уақытта келген. Сонда біреулер: «Уа, Расулалла! Есіктің алдында көкең Аббас келіп тұр», – деп хабарлайды. Расулалал (с.а.с.): «Оны кіргізіңдер. Бір іспен келген болар», – дейді. Ол кірген соң Расулалла (с.а.с.): «Уа, көке! Жәй келдің бе? Бұрын мұндай уақытта келмеуші едің», – деп сұрайды. Сонда Аббас (р.а.): «Уа, інімнің баласы! Надандық кезімдегі істерім есіме түсіп, кең дүние тарылып кетті. Сонда мұның қайғысынан жұбатар бір кісі болар деп едім. Өзіңнен басқа ешкімнің де бұл қасіретімді сейілте алмайтындығына көзім жетіп келіп отырмын», – дейді. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Осыны жүрегіңе салған Аллаға мың мадақ. Мен Әбу Талиб көкемнің де осындай болғанын қалап едім. Бірақ Алланың қалағаны болды», – деді. Сосын Расулалла (с.а.с.) оған: «Бір нәрсе айтайын», – деді. Аббас (р.а.): «Иә», – деді. Сосын Расулалла (с.а.с.): «Бір нәрсе берейін», – деді. Аббас (р.а.): «Иә», – деді. Расулалла (с.а.с.): «Бір нәрсе сыйлайын», – деді. Аббас (р.а.): «Иә», – деді. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Екінтіден кейін де емес, күн шыққан соң да емес, осы екі уақыттың аралығында жақсылап дәрет ал. Сонан соң Алла үшін тұрып намаз оқы. Бірінші Фатиха сүресі мен бір сүре оқы..», – деп жоғарыдағы жоғарыдағы тәсбих намазы туралы хадисін айтқан. (Һәйсәмидің Мажмаъ әз-Зауаид кітабында, 2/281).
Тәсбих намазының оқылатын уақыты туралы Әл-Қари атты ғұлама өзінің әл-Мирқа деген кітабында мынадай түсіндірме берген. «Бұл намазды орындаушының Ибн Аббас пен Ибн Мүбәрактың хадистеріне амал еткені жөн. Яғни, тәсбих намазын күн тас төбеден ауған соң бесін намазын оқымастан бұрын оқығаны дұрыс. Сондай-ақ бұл намазда кейде Зілзәлә, Ғадият, Фатх, Ықылас сүрелерін, ал кейде Тәкәсүр, Асыр, Кәфирун, Ықылас сүрелерін оқыса жақсы. Ал айтатын дұғасын намаздың ішінде – соңғы отырыста тәшәһуд оқып болған соң сәлем берместен бұрын тілегені дұрыс. Осы айтылғанның бәріне сүннеттен дәлелдер бар». (Тухфат әл-Ахуази, 2/514).
- Тәсбих намазында оқылатын дұғалар
Һәйсәми деген ғұлама Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадистің соңында Расулалланың (с.а.с.) былай дегенін айтып өткен: «Намазда тәшәһуд дұғасынан соң сәлем берместен бұрын былай де: «Уа, Алла! Өзіңнен тура жолдағылардың сәттіліктерін, айқын сенімдегілердің істерін, тәубе иелерінің шынайылықтарын, сабырлылардың беріктіктерін, қорқыныш иелерінің ыждағаттылықтарын, құлшыныс иелерінің талаптарын сұраймын. Өзіңнен лайықты түрде қорқуым үшін аса тақуалардай ғибадат етуді, білім иелерінің түсініктерін сұраймын. Уа, Алла! Күнәлардан тосқауыл болатын, Өзіңе бой ұсынуға жетелейтін, разылығыңа лайықты ететін амалдарды орындауға итермелейтін Өзіңнен қорқуды сұраймын. Сол арқылы Өзіңнен қорқып, тәубені шынайы жасайын, Өзіңе деген сүйіспеншілікті шынайы қатынасты ықыласпен жасайын, барлық істерімде тек Өзіңе ғана тәуекел етейін және Өзің жайлы ойым ізгі болсын. Субханаһ тозақты Жаратушы!». Уа, Аббас егер сен осыны істесең, Алла сенің күнәларыңды, кішісін де, үлкенін де, бұрынғысын да қазіргісін де, жасырынын да, жариясын да, әдейі істелгенін де, қателесіп істелгенін де кешеді». (Һәйсәмидің Мажмаъ әз-Зауаид кітабында, 2/282). Осы айтылған дұғаның арабшасы мен оқылу үлгісі төмендегідей:
اللهمّ إنّي أسألك توفيقَ أهلِ الهدى، وأعمالَ أهلِ اليقين، ومناصحةَ أهلِ التوبةِ، وعزمَ أهلِ الصبرِ، وَجِدَّ أهلِ الخشيةِ، وطلبَ أهلِ الرغبةِ، وتَعبُّدَ أهلِ الوَرَعِ، وعِرْفانَ أهلِ العِلمِ حتَّى أخافَكَ، اللهمّ إنّي أسألكَ مخافةَ تَحْجُزُنِي عَنْ معاصِيكَ حتَّى أعْمَلَ بِطاعتِكَ عَمَلاً أستحقَّ بهِ رِضَاكَ، و حتَّى أُنَاصِحَكَ التوْبةَ خوْفاً مِنْكَ، و حتَّى أُخْلِصَ لك النصيحةَ حُبّاً لك، و حتَّى أتَوَكَّلَ عليك في الأمورِ،وأُحَسِّنَ ظَنَّ بِكَ، سُبْحَانَ خَالِقَ النَّارِ
Оқылуы: «Аллаһумма, инни әс’әлукә тәуфиқа әһлил-һудә, уа әъмәлә әһлил-йақин, уа мунасахата әһлит-тәубә, уа ъазма әһлис-сабр, уа жиддә әһлил-хашйа, уа талабә әһлир-рағба, уа тәъәббудә әһлил-уараъ, уа ъирфанә әһлил-ъилми хәттә әхафак. Аллаһумма инни әс’әлукә махафатә тәхжузуни ъан маъасик хәттә әъмәлә битаъатик ъамалән әстәхиққу биһи ридак, уа хәттә унасихакәт-тәубәтә хауфан миңкә, уа хәттә ухлиса ләкән-насихатә хуббән ләкә, уа хәттә әтәуәккәлә ъәләйкә фил-умуури, уа ухәссинә занна бикә, субхана халиқан-нар!».
- Тәсбих намазының маңызы
Тәсбих намазының мәні мен мағынасын, маңызының зорлығын Пайғамбарымыздан (с.а.с.) артық түсіндіріп берер ешкім болмас, сірә. Жоғарыда келтірілген Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисті еске түсірелік. Онда Расулалла (с.а.с.) көкесі Аббас ибн Абдулмутталибке (р.а.) бұл намаздың маңыздылығы туралы былай деген: «Ей, Аббас! Көке! Саған бірдеңе берейін бе? Бірдеңе сыйлайын ба? Саған егер орындасаң, Алла сенің күнәңның басын да, аяғын да, ескісін де, жаңасын да, қателесіп істегеніңді де, әдейі істегеніңді де, кішісін де, үлкенін де, жасырын істегеніңді де, жария істегеніңді де кешіретін он түрлі нәрсе берейін бе? Төрт рәкағат намаз оқы..».
Шымкент қаласы орталық мешіті