Дұха қазақ тіліндегі сәске сөзімен мағыналас. Яғни сәске уақытында оқылатын намаз дегенді білдіреді. Сахих кітаптарында Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай хабар жеткен: «Сүйікті досым (Расулалла (с.а.с.)) үш нәрсені өсиет етті: әрбір айда үш күннен ораза тұту, дұханың екі рәкағаты, ұйқыға үтірді оқып барып жату» (Бұхариде № 1178, Мүслімде № 721).
Оқылатын уақыты: Дұха намазын күн найза бойы көтерілген бастап күн тас төбеге келгенге дейін оқуға болады.
Рәкағат саны: Бұл ерікті намаздың азы екі рәкағат, ал көбі сегіз рәкағатқа дейін созылады. Имам Әбу Йағланың Айша анамыздан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұха намазын екі рәкағаттан төрт рәкағат етіп оқитындығы айтылған.
Термези таратқан мынадай хадис бар. Әнес ибн Мәліктің (р.а.) риуаят етуі бойынша Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқып, сосын күн шыққанша Алла Тағаланы зікір етіп, содан соң екі рәкағат намаз оқыса, дәл хаж бен ұмраның сауабындай сауап алады» (Термези, № 586 хадис).
Шымкент қаласы орталық мешіті