Құран Кәрімдегі дәлелдер:

Қасиетті Құран өлім мен қайта тірілудің арасын «өту кезеңі» деп түсіндіреді. Бір аят келтірейік: «Мүмкін қалдырған дүниеде жақсы амалдар істермін, әсте олай емес.» Рас, оның бұл айтқан бос сөзі. Өйткені олардың артында қайта тірілетін күнге дейін бөгет (барзах) бар». (Мүъминдер с-сі, 100-аят). Бұл міне, өлім мен қайта тірілгенге дейін, бұл дүниеге кері қайтармайтын «Барзах» әлемінің бар екендігін көрсетіп отырған бірден-бір аят.

Кей адамдар өлгеннен кейін, жер бетіндегі жіберген қателіктерін тез түсініп, өкініп, кері қайтуды көксейді. Бірақ оның тілегі қабыданбайды. Яғни, бұл аят, өлімнен кейін қандай да бір өмірдің бар екендігін ап-айқын дәлелдеп тұр. Көптеген аяттарда адамның ол дүниеде өмір сүретінін, барлығын өте жақсы сезетінін, сөйлей алатынын, рахаттанып және қиналып, қуанып, қайғыра алатынын айтады. Кейбір аяттарда адам өлгеннен кейін біршама бақытты өмір сүретіні келтіріледі. Осындай аяттардың біразында Қасиетті Құран адамның ол дүниеде қайта тірілуге дейін бір сәт өмір сүретінін анық айтады.

Біз мұндай аяттарды сөздік мағынасына байланысты үшке бөліп қарадық:

  1. 1. Аяттардың алғашқы тобында адамдардың қайтыс болған сәтінен кейін періштелер мен мәйттің арасында болған, олардың дұрыс немесе бұрыс өмір сүргені жайындағы әңгімесі айтылады. Мұндай аяттар аз емес, солардың ішінен біз екі аятты келтіреміз:

а) «Өздеріне зұлымдық еткендердің, (бұлар Меккеден көшпей қалғандар), періштелер жандарын алғанда: – Қайда едіңдер? – деді. Олар: – Біздер бұл жерде дәрменсіз едік, – деді. (Періштелер): – Алланың жері  кең емес пе? Сонда ол жерге көшсеңдер еді! Міне олардың орыны Тозақ. Неткен жаман орын. (Ниса с-сі,97- аят).

ә)  «Мүмкін қалдырған дүниеде жақсы амалдар істермін. Әсте олай емес. Рас, оның бұл айтқаны бос сөзі. Өйткені олардың артында қайта тірілетін күнге дейін барзах (бөгет) бар». (Мүъминдер с-сі, 100-аят).

  1. 2. Аяттардың екінші тобында тек қана періштелер мен өлген адамның арасындағы әңгіме ғана емес, сондай-ақ періштелердің, ізгі адамдардың алдынан Алла Тағаланың игілігі ашылытынын анық айтқан. Басқаша айтқанда, оларға қайта тірілетін күнді күттіріп қоймайды. Дәлел ретінде екі аят келтіреміз:

а)  «Олар сондай тақуалар, жақсы жағдайда періштелер жандарын алады: – Сендерге сәлем! Амалдарыңа қарай Жәннатқа кіріңдер, – дейді.»  (Нахыл с-сі, 32-аят).

ә)  «Жәннатқа кір» дейді де ол: – Әттең Елім білген болса еді, Раббымның мені жарылқап, ардақты еткенін» – дейді. (Ясин с-сі, 26,27 –аяттар).

Соңғы аят бір діндар адамның туыстарымен болған әңгімесі жайында. Антака кентіндегі туғандарына, табынып жүрген пұттарыңды тастап, пайғамбарыңның соңына еріп, Алла Тағалаға шын ниетпен сеніңдер деді. Осылайша көпшілікті үгіттеп, соңына еруге шақыра отырып, Раббысына деген берік сенімін әрі жүрегіндегі иман қуатын паш етті. Бірақ аятта айтылып тұрғандай көпшілік оның сөзіне құлақ аспады. Ол адам өлген соң, ол дүниеде Жаратушысының рахымына бөленіп, дүниеде қалған туыстарым маған жасалған мына ізгілікті білсе ғой деп ойлады. Әрине мұның бәрі қайта тірілгенге дейін болып өткені анық. Өйткені, Хашр күні алғашқы және соңғы адам бірге жиналып, жер үстінде ешкім қалмайды ғой.

Осы аяттарда және кейінірек берілетін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде көрсетілгендей Жұмақтың кейбір есіктері қайта тірілетін сәтке емес, соған дейінгі «өтпелі» кезеңге арналған екен. Көрсетіліп отырған аяттарда «жәннат» сөзі келтіріліп отырса да, бұл Қиямет күні (қайта тірілу мен жауап беру) екен деп қателеспеген жөн.

  1. 3. Аяттардың үшінші тобында періштелермен сөйлесуден бастап, өлген соң қайта тірілудің аралығында не тікелей бақытты жағдайда болып, немесе бұл дүниеде Жаратушының талабына сай өмір сүрмей, күнәлі істерге барғандардың қиналыс көретіні ескертіледі.

Дәлел үшін төмендегі екі аят келтіреміз:

а)  «Алла жолында өлтірілгендерді өлді деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі. Олар Алланың кеңшілігімен өздеріне берген нәрселеріне мәз-мейрам болады да, әзірше өздеріне қосылмай арттарында қалғандарды да: – Оларға қорқыныш жоқ, әрі олар қайғырмайды, – деп сүйіншілегілері келеді». (Әли Ғымыран с-сі, 169-170 аяттар).

ә)  «…Перғауындықтарды сүркей азап баурап алды. Олар ертелі-кеш отқа ұсынылды. Қиямет-қайым болған күні: – Перғауындықтарды азаптың ең қаттысына кіргізіңдер». (Ғафыр с-сі, 45-46 аяттар).

Бұл аятта перғауындықтарға екі жаза қаралған:

Бірі – Қиямет күніне дейін, қайта тірілгенше. Аятта бұл жаза «сүркей азап» деп көрсетілген. Яғни, оларды қабірлерінде ертелі-кеш оттың қызуында ұстайды, бірақ отқа салмайды.

Екіншісі, қайта тірілгеннен кейін, Қиямет күнінде берілуі. Ол күні перғауын мен оған ілескендерді отқа тастауға әмір етіледі. Аятта бұл жаза «азаптың ең қаттысы» деп айтылған. Сонымен қатар, бірінші жазаның екіншіден айырмашылығы – ертеңгілік және кешкілік уақыт мерзімдері көрсетілуінде. Кезінде бұл аятты діндарлар халифі болған хазреті Әли ибн Абу Талиб былай түсіндірген еді: «Бірінші жаза –  ол дүниедегі жердегідей етреңі, кеші, аптасы, айы, жылы бар өтпелі кезеңге арналған, ал екінші жазаның – етреңі-кеші, т.с. мезгілі, жоқ Қиямет күні берілетіні айтылған».

Яғни, ол дүниедегі өтпелі кезең Хашр күніне дейін созылмақ. Атап айтқанда өлгеннен кейін адамды екі кезең күтіп тұр: «өткінш» кезеңді құрайтын қабірдеғі өмір және шегі болмайтын, қайта тірілгеннен кейінгі не Пейіштегі, не Тозақтағы мәңгі өмір.

Хадис шәрифтегі дәлелдер:

  1. Бадыр шайқасынан кейін құрайыштың көптеген тәкәппар басшылырының өліктері шұңқырға тасталды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шұңқырда жатқан оларға қарап:

–  Раббының бізге берген уәдесі түгел орындалды. Ал, сендер Оның ақиқи уәдесін дұрыс қабылдадыңдар ма? – деді. Естіп тұрған сахабалар:

–  Өлік    айтылған сөзді ести ме? – деп сұрады.

–  Олар сендерден жақсы естиді, – деп жауап берді Расулуллаһ.

  1. Әбдуррахман ибн Сәбит Жәбир ибн Әбдуллаһтың Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) келтірген мына хадисін айтады: «Бәни Исраил қауымы туралы әңгімелесіңдер, себебі оларда көп ғажайыптар болды, – сонан соң олар туралы айта бастады, – Сапардағы бір топ адамдар қабірстанның жанынан өтіп бара жатып, бірі қасындағыларына: Егер осында екі рәкәғат намаз оқып, Аллау Тағалаға дұға етсек мүмкін осы қабірстаннан біреу шығып өлім туралы бізге хабар айтар, – дейді. Сөйтіп ол жерде екі бас намаз оқып Аллаға дұға қылады. Кенет олар ақ та емес, қара да емес, басынан су аққан, екі көзінің арасында сәжденің ізі қалған бір адамның қабірден шыққанын көрді. Ол адам былай деп тіл қатты: Ей адамдар! Мұнда нені қалайсыңдар? Бұдан жүз жыл өлсем де, қазірге дейін өлім әсері басылмайды, Аллаға мені бұрынғы күніме қайтаруға дұға етіңдерші!» – деді.(Ибн Кәсир 2/133)

Бұл хадистен қабірден шыққан яһудидің тіршілік кезінде харам нәрселерге көп барғанын, соның әсерінен жан тапсырар кезде оған Алланың рахымы аз болып, қиналғанын көреміз. Сол қинау зардабы қабірде жатса да қайтпаса керек. Яғни ол үшін пейіш есігінен саңылау ашылып, жұмақ лебі жетпеген.

  1. «Оған Тозақ отынан саңылау ашылып, ыстық лебі және жалыны шарпып тұрады…» (Әл-Бараа ибн Аазиб). Бұл хадис перғауындықтар сияқты кәпірлер жайында.
  2. 3. Әбу Һурайра келтірген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады» – деген аятты оқыған соң (Таһа с-сі,124-аят) оны түсіндіре келіп: «Кәпірдің қабірде шегетін азабы» – деді. (Ибн Хиббианың сахихінде- 3112).
  3. Мүъминдер анасы Айшадан жеткен хадисте: « Иә Алланың елшісі, маған екі еврей кемпір келіп, қабір иелері қабірлерінде азапталатынына сенетінін айтты, – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол екуі шын айтты, көрдегілер азап шегеді, олардың қиналған даусын жануарлар естиді», – деді. (Әл-Бұхари-1372, Мүслим -125)
  4. Әбу Аюуб әл-Ансаари (Р.А) былай дейтін: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.), күн батқан кезде сыртқа шықты, кенет әлдеқандай дауыс естіп: «Яһудилер көрлерінде азапталып жатыр» – деді. . (Әл-Бұхари-1375, Мүслим -169).
  5. Ибн Аббас (Р.А) Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) екі қабірдың жанынан өтіп бара жатқанда естіген мына хадисін келтіреді: «Расында, ол екеуі азапталуда, бірақ үлкен күнәлары үшін емес; Біреуі – зәрден денесін таза ұстамағандықтан, ал екіншісі – үнемі өсек тасығаны үшін жаза тартуда». (Әл-Бұхари-1378, Мүслим -111).
  6. Хазреті Осман ибн Аффан қабір басына барғанда көзінен жас сорғалап кететін. Мұның мәнісін сұрағанда хазрет Осман: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), – Әлбетте, қабір Ақіреттегі мекен-жайлардың алғашқысы. Егер иесі оның азабынан құтылса, кейінгі сынақтар одан (яғни қабірдегі жағдайдан) жеңілірек болады, ал құтылмаса одан да қиын болады, деп айтқанан естіген едім», – дейтін.

Біз қабір азабы жайында айтылған Қасиетті Құранның түсінікке жеңіл аяттары мен хазреті Пайғамбарымыздың аз ғана хадистерін келтірдік. Қабір азабының бар екендігін, тіршілігінде жіберген күнәлары үшін Қиямет күніне дейін әр түрдегі азап дәмін тататындығын, көңіл қойып қараған адамға аңғару қиын емес. Әрине, алдымен бұл аңғарым пәнденің иман қуатына әрі білім деңгейіне байланысты болмақ.

Сондықтан қабір азабын жоққа шығарушы «Хизбу әт-Тахрир» өкілдері:

«Әрине оларға зор азаптан бұрын дүниенің азабын тарттырамыз. Мүмкін олар райдан қайтар», – деген Алла Тағаланың кәләм шарифін зерделеп, терең мағынасына ой жіберіп, райдан қайтса дейміз.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38