Шұғайып арабтан шыққан төрт пайғамбардың бірі. Олар: Һуд, Салих, Шұғайып, Мұхаммед (с.ғ.с.). Ол әдеби тілде өте шешен, көркем сөйлейтін адам болған. Оның қауымы  Мадиан халқы Шамның төңірегіндегі Лут теңізіне таяу жерге орналасқан. Олар араб Мадиан ибн Ибраһим халил деп те аталған деседі. Олардың қаласы керуен  аялдамасы болып, сауда кәсібімен шұғылданған.

 Мадиандықтарды иманға шақыру

           Мадиан халқы Аллаға иман келтірмейтіндер еді. Қарым-қатынастары нашар, таразыдан жеп, кем өлшеп, сауданы да жарытып жүргізбейтін. Алла оларға Шұғайыпты елші етіп жіберді. Шұғайып оларды жаман істерден арылуға, әділдікке шақырды. Ризықтарын халалдан табуға үгіттеді.

«Мадиан жұртына оның інісі Шұғайыпты жібердік. «Ей, жұртым! – деді ол. – Құдайға құлшылық етіңдер, сендерге одан басқа ешқандай Тәңір жоқ. Өлшемде, таразыда ештеңе кемітпеңдер. Мен сендердің ауқатты екендеріңді көріп жүрмін. Шынын айтсам, сендер барлығымызды қамтитын күні азап тартасыңдар ма деп қорқамын» (Һуд сүресі, 84-аят).

«Ей, жұртым! Өлшемді тура ұстаңдар, таразыны дұрыс тартыңдар, кісі ақысын жемеңдер (кем бермеңдер), жер бетінде бүлік шығарып, өсек-аяң термеңдер» (Һуд сүресі, 85-аят).

«Егер сендер мүмин болсаңдар, Алланың өздеріңе жазған адал ризығы қайырлы болады. Мен сендерді қорғаушы емеспін» (86-аят).

«Мадиандықтарға олардың інісі Шұғайыпты жібердік. «Ей, жұртым! – деді (ол). – Құдайға сыйыныңдар, сендерге одан басқа Тәңір жоқ. Алладан сендерге шын дәлел келді. Өлшемді және таразыны тең ұстаңдар, басқалардың ақысын кемітпеңдар. Жер беті түзелгеннен кейін, егер мүмин болсаңдар , онда жүріп бұзықтық жасамаңдар. Сендер үшін сол қайырлы (Әғраф сүресі, 85 аят).

Олар теріс істерінен тыйылмады. Тіпті мүъминдерді қорқытатынды шығарды. Шұғайыптың оларға Алланың нығмет бергені, оларды аздықтан кейін көбейткендері, өсіріп- жетілдіргендері, бұзықтық істеген бұрынғы өткен қауымдарды қалай азаптағаны туралы уағыздарына құлақ аспады.

«Аллаға сенгендерді қорқыту, оларды Құдай жолынан тосу және ол жолдың бұралаң болуын тілеу мақсатымен жолда отырмаңдар. Тегінде, сендер аз едіңдер ғой, сендердің сандарыңды Құдайдың көбейткенін еске алыңдар. Бұзықтық жасағандардың тағдыры немен біткеніне көз жіберіңдер» (Әғраф сүресі, 86-аят).

«Егер сендердің бір тобың менің пайғамбарлығыма сенген, енді бір тобың сенбеген болсаңдар, Алла біздің арамызда үкім еткенше сабыр сақтаңдар. Ол – үкім етушінің ең әділі» (Әғраф сүресі, 87-аят).

 Қауымның келемеждеуі

           Қауымы: «Сен бізді тура жолға бастаушы болмақсың ба? Біздің аталарымыз құлшылық етіп шоқынған пұттарды тастауға шақырмақпысың?  Біздің байлығымызды жұмсауға сен тыйым салайын деп пе едің?» – деп Шұғайыпты келемеждеп, мазақтап, күлкіге айналдыра бастады. Шұғайып оларға Нұхтың,  Һудтың, Салихтың қауымына жеткендей азапты өлімнің оларға да жетуінен сақтандырып, жасаған күнәлары, жаман істері үшін Алладан кешірім тілеулеріне кеңес берді.

«Ей, Шұғайып! – деді олар. – Сенің намазың өзіміздің ата – бабаларымыз танып келген нәрселерден (пұттардан) бізді бездіруге немесе қаражаттарымызды қалауымыз бойынша жұмсаудан бас тартуымызға тыйым сала ма? Сен өзі көңіл көзі ашық, өте тура жол тапқан адам екенсің-ау» (Һуд сүресі, 87-аят).

«Ей, жұртым! – деді (Шұғайып). – Айтыңдаршы, Алла маған айқын дәлел және ұшан-теңіз адал ризық сыйласа, сендерге тыйым салынған істі істеуге мен қалай бармақпын? Менің қалайтыным – қолымнан келгенше сендерді түзеу. Менің нәтижеге жетуім Алланың ғана көмегіне байланысты. Аллаға сүйенемін және бетімді соған ғана бұрамын» (Һуд сүресі, 88-аят).

«Ей, жұртым! Сендердің маған қарсы тұруларың сендерді Нұхтың қауымы немесе Һудтың, әйтпесе, Салихтың қауымы душар болған азапқа кезіктіріп жүрмесін. Лут жұртының мекені сендерден тым қашықта емес» (Һуд сүресі, 89-аят).

«Жаратқаннан жарылқау тілеңдер және оған тәубе келтіріңдер. Менің Тәңірім – шын мейірімді әрі (тәубе етушілерді) дос тұтушы  Алла» (Һуд сүресі, 90-аят).

Шұғайыпты қорқыту

 Қауымы Шұғайыпқа  оны және онымен бірге иман келтіргендерді қуғынға салып, ол жерден бірін қалдырмай көшіріп жіберетіндерін айтып қорқытты. «Бұл істен тек біздің дінімізге қайтсаңдар ғана тоқтаймыз»,- деп мәлімдеді. Шұғайып та  Алланың  өзі бастаған тура жолдан кері бұрылмайтынын,  олардың жалған діндеріне ешқашан қайтпайтынын ашық айтты. Қауымын өз қатарына шақырып, Алланың таза да пәк екенін, олармен араларында әділ үкім шығаратынын ескертті.

«Шұғайып қауымының (кері кеткен) үлкендері: «Ей, Шұғайып! Сені өзіңе ергендермен қосып біз қаладан сөзсіз қуып шығамыз, әйтпесе, біздің дінімізге біржола қайтуларың керек», – деді. «Біз оның екеуіне де көнбейміз», – деді Шұғайып» (Әғраф сүресі, 88-аят).

«Сендердің діндеріңнен бізді Құдай құтқарған, енді қайта қайтсақ, әрине, Құдайға шет боламыз. Қадір Алла қаласа, біз сендердің діндеріңе қайта оралмаймыз. Алланың қарауына бар нәрсе сыяды, біз соған сүйендік. Е, Жаратқан! Мына қауым мен біздің арамызға әділ үкім шығар, үкім етушілердің ең әділі бір өзіңсің» (Әғраф сүресі, 89-аят).

 «Ей, Шұғайып! Сенің айтқандарыңның денін біз түсініп тұрған жоқпыз. Өз арамызда біз сені нағыз дәрменсіз жан деп білеміз. Егер ағайын-жұртың болмағанда, біз сені таспен атып өлтіретініміз даусыз еді. Бізге сенің беделің жүрмейді» (Һуд сүресі, 91-аят).

«Ей, жұртым! Менің тобым сендерге Алладан қымбат па? Менің Тәңірім не істейтіндеріңді біледі» (Һуд сүресі, 92-аят).

 Мадиан халқының жазалануы

          Алланың әмірі келіп, Мадиан халқына жаза жетті. Алла Шұғайып пен иман келтіргендерді құтқарды. Күпірлік келтіргендерді найзағай оты жайпап, күшті жер сілкінісінен опат болды. Үйлерінің ойран-асыры шықты.

«Біздің пәрмен жетті. Шұғайыпты оның иман айтқан адамдарымен бірге қайырым етіп құтқардық. Азғындарға ақырған үрейлі үн естілді. Олар отырған жерлерінде қатты да қалды» (Һуд сүресі, 94- аят).

«Қаңыраған үйлерде бұрын тірлік болмаған сияқтанып кетті. Мейлі, самудтықтардың күйрегені сияқты мадиандықтар да жоқ болсын!» (Һуд сүресі, 95-аят).

Шұғайып қауымы  оның насихатына құлақ аспай, күпірліктерінде қала бергендігі,  Аллаға амал етпегендіктері үшін осылайша өлім құшты.

«(Шұғайып) оларға теріс қарап тұрып: «Ей, жұртым! Сендерге мен, әрине, Жаратқанның жарлығын жеткіздім және кеңес бердім. Кәпірлер қауымына мен қалайша қайғырмақпын?» – деді» (Әғраф сүресі, 93-аят).

ӘЙКЕ ИЕЛЕРІ

           Мадиан халқы опат болғаннан кейін Алла Шұғайып пен иман келтіргендерді  Әйке иелеріне жіберді. Ол егіні жайқалып, ағаштары сыңсып, құлпырып тұратын жер болатын. Бұл қауым да жол тосып, тонаушылықпен айналысатын, таразыны кем тартатын, адамдардың ақыларын жейтін.  Шұғайып оларға өзінің Тәңірінің елшісі екенін, тура жол көрсету, Алланың азабынан сақтандыру үшін жіберілгенін айтты. Алланың бұлардан бұрын да күшті халықтар жаратқанын, тура жолмен жүрмегендерді жойғанын мәлім етті. Бұл уағыз қауымға еш әсер етпеді. Оны өтірікшіге санады. «Егер ақиқи шыншыл болсаң шақыр, бізге Аллаң аспаннан азабын түсірсін», – деп шалқайды. «Шынында, менің Тәңірім сендердің күнәларыңды, істеп жатқандарыңды және жазаға лайық екендеріңді де біледі. Сендерге ол азапты белгіленген уақытында түсіреді», – деді Шұғайып. Бірақ олар бұған да иланбады. Сөйтіп, Алла оларға азап жіберді. Әуелі қатты ыстық соқты. Олар таза желді ауамен рахаттанар ма екенбіз деп құрғақ шөлге шықты. Сол кезде бұлт көтеріліп, олар қуанып көлеңке астына топталды. Осы уақытта жай оғы ата бастады да, олар азапты ажал құшты.

«Пайғамбарларды Әйке жұрты да жоққа шығарды» (Шуара сүресі, 176-аят).

«Сендер Құдайдан қорықсаңдар етті, – деді кезінде оларға Шұғайып. – Анығында, мен сендерге адал пайғамбармын» (Шуара сүресі, 177-178-аяттар).

«Алладан қорқыңдар, маған бойсұныңдар» (Шуара сүресі, 179-аят).

«Насихатым үшін мен сендерден ақы сұрамаймын, оның ақысын әлемнің Тәңірі – Алладан ғана үміт етемін» (Шуара сүресі, 180-аят).

«Таразыдан тартып жемей, өлшемді толтырып беріңдер. Тура таразыны қолданыңдар» (Шуара сүресі, 181-182-аяттар).

«Адамдардың ақысын (қандай тәсілмен болса да) қымқырып қалмаңдар. Жер бетінде бұзықтық жасап, өсек – аяң жинамаңдар» (Шуара сүресі, 183-аят).

«Өздеріңді, өздеріңнен бұрынғыларды да жаратқан (Алладан) қорқыңдар» (Шуара сүресі, 184-аят).

         «Сен – сиқырланған адамсың, – деді олар. – Сен не бәрі біз сияқты қарапайым біреусің, демек, сені біз өтірік айтады деп ойлаймыз» (Шуара сүресі, 185-186-аяттар).

«Айтқаныңның рас екенін білейік, қане, бізге аспаннан қаһар жаудырып көрші!» (Шуара сүресі, 187-аят).

«Менің Тәңірім сендердің не істейтіндеріңді біледі» (Шуара сүресі, 188).

«Сөйтіп, олар жалғаншы санады. Содан бәрін түнек басып, апатқа ұшырытты. Мұның өзі олардың басына келген қияметтік зобалаң еді» (Шуара сүресі, 189).

«Мұнда да, әрине, ғибрат бар. Бірақ олардың көбі сонда да иманға үйірілмеді» (Шуара сүресі, 190).

« Сенің Тәңірің, шынында, аса үстем, әрі өте мейірбан» (Шуара сүресі, 191).

Қиссадан ғибрат

 Шұғайып қауымының қорқытып-үркітуінен сескенбеді. Оларды жаман істен тыйылуға шақыруын да тоқтатпады. Өйткені ол Алланың бұзақы қауымды түзетуге жіберген пайғамбары еді. Сондықтан ол Алла жүктеген міндетті адал атқарды. Оларға Алла тыйым салған істерді істемейтінін, тура жолдан бұрылмайтынын батыл айтты.

 «Ей, жұртым! – деді (Шұғайып) – айтыңдаршы. Алла маған айқын дәлел және ұшан-теңіз адал ризық сыйласа, сендерге тыйым салынған істі істеуге мен қалай бармақпын? Менің қалайтыным қолымнан келгенше сендерді түзеу. Менің нәтижеге жетуім Алланың ғана көмегіне байланысты. Аллаға сүйенемін және бетімді соған ғана бұрамын» (Һуд сүресі, 88-аят).

 Намаздың пайдасы

 Шұғайыптың қауымы намазға қарсы шықты. Олар Шұғайыпты «Сенің намазың біздің ата-бабамыздан бері шоқынып келе жатқан салтымызды бұзбақ па? Біздің еркіміздегі нәрсені, қалауымызды ол қалай өзгертпек?» – деп келемеждеді. Олар Аллаға құлшылықтан гөрі пұттарға табынуды артық санады. Өтірік айту, таразыны кем тарту сияқты әдеттерінен тыйылмады. Намаздың пайдасын түсінбеді. Ал, оның пайдасы өлшеусіз. Өйткені намаз жамандықтан тыяды, күнәдан тазартады, тақуалық сезімді оятады, қорқынышы зор сот күнін еске салады, сөйтіп адам жалған құдайлардан азат болып, тек бір Аллаға ғана ғибадат жасауға бет бұрады.  

Қиянат жасаудан сақтандыру

 Шұғайып қиссасы сауда-саттықта, өлшеп-тартуда тура, адал болуды, адамдарды алдамауды, қиянат жасамауды насихаттайды. Өйткені мұндай істер Алланың ашуын тудырады, қаһарына ұшыратады. Шұғайып қауымы нақ осындай істері үшін де ауыр жазаға душар болды. Шұғайып қауымын таразыны кем тартудан, нәрсені кем беруден сақтандырып, адамдарға тиесілі нәрселерін толық етіп беруге, ақыларын жемеуге, жер бетінде бұзақылық жасамауға, бір-бірлерін қадірлеп, құрметтеуге шақырумен болды. Себебі бұл Алланың талабы болатын. Бірақ олар Шұғайыптың дағуаға құлақ аспай, ақыры өлім құшты. Бұл бүгінгілер үшін де сабақ болса керек.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38