Уәде ләбіз. Ләбізді жұтуға болмайды. Мұсылман адам уәде берген соң, уәдесінде тұрған жөн.

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уәдені орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», – деп ескерткен («Исра» сүресі, 34-аят).

       Егерде мұсылман уәдесінен тайып, жауапкершілікті ұмытса, онда ол – екі жүзді болып саналады. Оған деген адами құндылықтың бірі болған сенім жоғалады. Екі жүзді адам – арзан бақытты алдамшы тұтатын иманы әлсіз болып кетеді.

       Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына әрдайым уәдеде тұрудың маңыздылығы, оны бұзудың күнәсі жайында жиі ескертіп отыратын болған. Хадистерде екіжүзділікке қатысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

       «Кімнің бойында төрт түрлі сипат болса, ол толық екіжүзді болып табылады. Кімнің бойында осы сипаттардың біреуі болса, одан айрылмайынша бойында екіжүзділік белгісі болады. Олар: оған сеніп аманат тапсырылса, опасыздық жасайды; сөйлесе, өтірік айтады; серт берсе, орындамайды; біреумен бір істе ортақ шешім таппаса, шектен шығады», – деп айтқан (имам Бұхари, Муслим).

       Иманы жоқтың әрине ұяты жоқ. Біреуге бергендегі уәдеңді орындауды ниетіңе қарай әрекет етсең, Алла Тағала жақсы ниетіңді жүзеге асырып қояды.

        Ислам діні сөйлесең тек жақсы сөз сөйлеуді және аз сөйлеп көп тыңдауды насихаттайды. Көп сөз – бос сөз. Көп сөйлеген адамның сөзіне күнәлі сөздер араласуы мүмкін. Шариғат көп сөйлегеннен үндемей-ақ қоюдың абзалдығын,  ал сөйлесеңдер сөздің турасын көркем түрде сөйлеңдер дейді.

        Ал көркем мінез дегеніміз – бармағанға баруың, бермегенге беруің, үзілгенді қайта жалғауың. Бұл жаңалық емес, ислам діні қалдырған қағида, Пайғамбарымыз (с,а,у,)- ның салып кеткен сара жолы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бармағанға барды, бермегенге берді,үзілгенді қайта жалғады, қастандық жасағандармен қиянат жасағандарды кешірді.

        Абу Талиб әл-Мәкки (Алла оны рахымына алсын): «Уәдені бұзу – ер азаматтық сипатты опат қылады», – дейді.

       Қазақ халқында уәдеге беріктік турасында: «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені», «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деген мақал-мәтелдер барын білеміз. Бұл мақал-мәтелдерден ата-бабаларымыздың уәдеде тұру, оны бұзбау мәселелеріне үлкен мән бергендігін аңғарамыз.

       Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Маған мына алты нәрсе үшін кепілдік беріңдер, мен де сендерге жәннатқа кіруге кепілдік берейін:

  • Сөйлегенде шындықты айтыңдар!
  • Уәделеріңді орындаңдар!
  • Аманатқа сенімді болыңдар!
  • Ұятты жерлеріңді күнәдан сақтаңдар!
  • Харамға қарамаңдар!
  • Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар!» – деп айтқан (имам Ахмад).

Сондықтанда құрметті мұсылман бауырлар асыл дініміз исламды насихаттап Құран аяттарына, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне амал қылатын салих бенделерінен болуды нәсіп еткей.

Алдыңғы толқындарымыз бес күн жалғанды жалған күйде емес, шынайы көркем жолмен дара жолын қалдырса, өскелең ұрпақ, асыл дінімізді құдіретті қадірімен келер толқынға аманат етер еді. Сондықтанда болашағымызды бұлыңғыр болмасын десек, уәдемізге берік, дінімізге дұрыс қарайық. Уәдеге берік болмағанның діні құрдымға кетіп, ділі күйрейтінін біліп қана қоймай, соған жақсы амал жасайық, қадірлі мұсылмандар!

Шымкент қаласы Абай ауданы «Абдурахман» мешітінің молдасы Ақбердиев Абдисамат

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38