Жүсіптің адалдығына көзі жеткен, түсін жорыған кездегі зеректігіне, алдағы қиыншылықтан Мысырды сақтап қалу жөніндегі кеңестеріне риза болған патша оны алып келуге адам жіберді. Ол Жүсіпке анықтаудың нәтижесін жеткізді. Алдына келген Жүсіпке патша қазынаны басқаруды ұсынды. Өйткені қазына-байлықты басқаруға осындай білгір, дана, сенімді адам керек болатын. Осылайша Жүсіп Мысырдың қаржы уәзірі болып, оған үлкен міндет жүктелді, еркіндік берілді. Бұл Алланың салих пендесіне берген сый-құрметі, нығметі еді.
«Жүсіпті маған әкеліңдер, мен оны өз адамым етемін», – деді әмір. Онымен әңгіме кезінде: «Бүгін біздің арамызда сенің мәртебең жоғары әрі сенімді адамсың», – деді» (Жүсіп сүресі, 54-аят).
«Мені жердің (Мысырдың) қазынасын басқаруға қой, – деді (Жүсіп). – Мен нағыз білетін және жақсы сақтай алатын адаммын» (Жүсіп сүресі, 55-аят).
«Біз Жүсіпті Мысырда қалаған жерінде тұратын (мемлекетке өкілеттік ететін) етіп орналастырдық. Кеңшілігімізді біз қалаған адамымызға сыйлаймыз, ізгілік жасағандардың бодауын қайтармай қоймаймыз» (Жүсіп сүресі, 56-аят).
«Иман айтқандарға, тақуалық еткендерге қиямет күнінің сауабы (дүние ләззатынан), әрине артық» (Жүсіп сүресі, 57-аят).
Жүсіптің бауырларын тануы
Патшаның түсін Жүсіптің жорығанындай жеті жыл егін бітік болды. Жүсіп алдын ала дайындық жүргізіп, астықтың артығын қазынаға жия берді. Содан соң құрғақшылық жылдар басталып, көрші елдерде, әсіресе Палестинада халық аштыққа душар болды. Жақыптың балалары және басқалар да қиыншылық кешті. Жақып Мысырда жағдайдың жақсы екенін естіп, балаларынан Буняминнен басқаларының алтын-күміс және басқа да заттар алып Мысырға барып, оларды бидайға, арпаға ауыстыруды талап етті. Олар солай артынып- тартынып Мысырға жетті. Оларды күзетшілер Жүсіптің сарайына кіргізді. Жүсіп бауырларын бірден таныды. Бірақ олар өздерімен көне Мысыр тілінде сөйлескен уәзірлік киіміндегі Жүсіпті танымады. Жүсіп туыстарын мейман етіп, оларға бидайдан, арпадан артығымен өлшетіп берді, қосымша жол азықтарын да салғызды. Олар жол жүруге дайындалған кезде ендігі келгенде әкелес бауырларын бірге әкелуді, егер әкелмесе Мысырға кіруге тыйым салатынын, астық та бермейтінін ескертті. Жүсіптің талап қылғаны бір анадан туған бауыры Бунямин еді. Олар Жүсіпке оны әкелуге уәде етті. Бауырлары жүруге дайындалғанда Жүсіп қызметкерлеріне олардың алып келген заттарын өздеріне білдірмей жүктерінің ішіне салып жіберуді бұйырды. Жүсіптің мұнысы олар Палестинға қайтып барғанда апарған заттарының қайтып келгенін көріп бұл жомарттық пен жақсылыққа таң қалар, сөйтіп тағы келер деген жоспары болатын.
«Жүсіптің баяғы бауырлары келіп қалмасы бар ма. Бірақ (Жүсіп) оларды танығанымен, бауырлары оны тани алмады» (Жүсіп сүресі, 58-аят).
«Оларға керек-жарақтарын толық дайындады да, Жүсіп: «Сендер маған бір әкеден туған бауырларыңды (Буняминді) ертіп келіңдер. (Астықты) менің толық өлшеп беріп жатқанымды және өте меймандос (жомарт) екенімді көрмей тұрсыңдар ма?» (Жүсіп сүресі, 59-аят).
«Егер оны ертіп келмесеңдер, сендерге беретін астығым жоқ, онда менің маңыма аяқ баспаңдар», – деді» (Жүсіп сүресі, 60-аят).
«Біз оны әкесінен сұрауға тырысамыз және сөзсіз орындаймыз», – десті олар» (Жүсіп сүресі, 61-аят).
«Олардың (астыққа айырбасқа берген) заттарын өз жүктерінің арасына тығып қойыңдар, үйлеріне қайтып барғанда көріп-біліп, қайтып оралулары мүмкін», – деп тапсырды қызметшілеріне» (Жүсіп сүресі, 62-аят).
«Әкелес бауырымыздың барын уәзір қайдан білді? Оны ертіп келуімізді неге талап етеді? Құдды бір Жүсіп талап етіп отырған сияқты. Астықты да артық беріп жатқаны неліктен?» – деп ағайындылар бұл жайды түсіне алмай таң болды. Содан соң бұл мәселенің мәнін әкелері Жақып қана шешер десті.
Бауырларының еліне оралуы
Жүсіптің бауырлары Мысырдан аман-есен оралды. Олар қаржы уәзірінің өздеріне көрсеткен құрметін, алып келген астық т.б. заттары жайында әкесіне қисса етіп айтып берді. Уәзірдің Буняминге қатысты тапсырмасын және ендігі жолы Бунямин бірге бармаса қабылдамай қайтарып жіберетінін де айтты. Бұл сөздерді естіген Жақыптың жүрегіне олардың Жүсіпке жасаған опасыздықтары есіне түсіп қобалжу енді. Ал, Жүсіптің бауырлары олардың апарған заттарының жүктерінің ішіне қайта салынып жіберілгенін көргенде Мысырға тағы баруға ынталары одан сайын арта түсті. Олар әкелеріне Буняминді сақтап, қорғайтындарына сендіруге тырысты. Жақып балаларына Аллаға ант беріңдер деген шарт қойды. Олар Буняминді аман-сау алып келетіндіктеріне Алла атымен ант бергеннен кейін Жақыптың көңілі тынышталып, олармен жіберуге келісті. Буняминді Аллаға тапсырды. Өйткені Ол -сақтаушының күштісі, рахым қылушының рахымдысы.
«Олар қайтып оралып әкелеріне барды. (Мысыр патшасы) енді астық бермейтін болды. Інімізді (Буняминді) бізбен бірге жібер, (сонда ғана) астық ала аламыз. Оны біз, сөз жоқ, қорғайтын боламыз», – деді» (Жүсіп сүресі, 63-аят).
«(Жақып) айтты: «Бұрын оның ағасы туралы бір сеніп едім, енді бұл туралы сендерге қалай сенермін? Ең жақсы сақтаушы Алла ғана, ол бәрінен де мейірімді» (Жүсіп сүресі, 64-аят).
«Жүктерін ашқанда олар заттарының өздеріне қайтарылғандығын көрді. «Ей, ата! – деді олар. – (Бұдан артық не керек) заттарымызды түп – түгел өздерімізге қайтарып беріпті. (Бауырымызды апарсақ), үйлерімізге (тағы да) астық әкелеміз. Бір түйе астықты артық аламыз. Мына әкелгеніміз аз ғой», – десті» (Жүсіп сүресі, 65-аят).
«(Жақып) айтты: «Егер бәріміз қырылып қалмасақ, Буняминді сөзсіз аман – есен әкелеміз деп Құдай атымен ант етіп, бекем уәде бермесеңдер, мен сендерге қосып жібермеймін», – деді. Ұлдары ант ішіп, шын уәде берді. «Біздің айтқан сөздерімізге Алла куә», – деді (Жақып)» (Жүсіп сүресі, 66-аят).
«Ей, ұлдарым! – деді сонан соң. – Барлығың (Мысырға) бір қақпадан кірмей, бөлек-бөлек қақпадан кіріңдер. Алланың бұйрығынан мен сендерді еш нәрсемен де құтқара алмаймын. Үкім тек Аллаға лайық. Аллаға сүйендім, сүйенушілеріне Алла өзі жар болсын!» (Жүсіп сүресі, 67-аят).
«Қалаға әкелері айтқандай (әлденеше қақпадан) кірсе де Тәңірі жазған тағдырдан құтыла алмады, тек Жақып көңілінің қалауы ғана орындалды. Оны Жақыпқа аян еткенбіз. Ол зор тағылым иесі, бірақ көп адам оны білмейді» (Жүсіп сүресі, 68-аят).
Жүсіптің інісі Буняминді ұстап қалуы
Жүсіп бауырларын мейман етіп күтті. Соңынан інісімен оңаша қалып, оған шындықты айтты. Екеуі де шексіз қуанышқа бөленді. Жүсіп інісіне Алланың өзін жарылқап, нығмет, байлық, бақыт, абырой, дәреже бергенін айтты. Ата-анасын Мысырға алып келгенше оның жанында қалуын қалайтынын білдірді. Бірақ оны алып қалуға себеп керек еді. Ол үшін Буняминге ұрлық жасады деген жала жабылуы тиіс. Бұл жоспарға Бунямин де келісті. Сол үшін Буняминнің жүгінің арасына патшаның мөрі басылған ыдыс жасырылып қойылды. Ағалары тиісті заттарын алып аттанар кезде Жүсіптің орынбасары ыдыстың жоғалғанын мәлім етті. Жүсіп керуенді тоқтаттырып, жоғалған нәрсені іздеуді міндеттеді. Жүсіптің бауырлары ұрлықтан таза екендіктеріне ант ішті. Жүсіптің ойластырғанындай, іздеген зат Буняминнің жүгінен табылды. Жүсіп оларда ұрлық жасаған қылмыскердің жазасы не екенін сұрады. «Құлдыққа алынады», – деді олар.
«(Олар) Жүсіпке кірді. Жүсіп інісін құшағына алды. «Мен, анығында, сенің туысқаныңмын, бірақ олардың істеріне қынжылма», – деді» (Жүсіп сүресі, 69-аят).
«Жүсіп оларды қажетті астықпен қамтамасыз етті. Сонсоң ыдысты інісінің жүгінің ішіне тығып қойды. Содан бір айқайшы шықты да: «Ей, керуеншілер! Сендер нағыз ұры екенсіңдер», – деп жар салды» (Жүсіп сүресі, 70-аят).
«Оу, нелерің жоғалды?» – деді керуеншілер» (Жүсіп сүресі, 71-аят).
«Патшаның (мөрі басылған) ыдыс жоғалды. Оны тапқан адамға бір түйе астық беріледі. Бұған мен кепілмін», – деді жаршы» (Жүсіп сүресі, 72-аят).
«Алла атымен ант ішейік, өздерің де білесіңдер, біз мұнда бұзықтық жасайық деп келген жоқпыз, біз ұры емеспіз», – десті» (Жүсіп сүресі, 73-аят).
«Сендердің шариғаттарыңда ұрыға қандай жаза беріледі? Егер өтірікші болсаңдар, қайтер едіңдер?» (Жүсіп сүресі, 74-аят).
«Оның жазасы -жүгінен ыдыс табылған адамды құл ету. Сұмдарға біз сондай жаза береміз», – деді керуеншілер» (Жүсіп сүресі, 75-аят).
«Қызметшілер әуелі басқалардың жүгін ақтарып келді де, Жүсіптің інісінің жүгінен ыдысты суырып алды. Жүсіпке бұл тәсілді Біз айттық. (Мысыр) патшасының заңы бойынша (Жүсіп) інісін алып қала алмайтын еді. Сонсоң Алла оның солай істеуін ұйғарды. Біз көңіліміз түскен адамның мәртебесін көтереміз. Өйткені әрбір білімпаздан да жоғары білімпаз бар» (Жүсіп сүресі, 76-аят).
Жүсіптің кешірімділік етуі
Буняминнің бауырлары қатты ұятқа қалды. Олар «Оның ұрлауы ғажап емес, өйткені бұрын ағасы да ұрлаған болатын»,- деп Бунямин мен Жүсіпке жала жауып, өздерін ақтай бастады. Жүсіп кезінде өзін алдап апарып құдыққа тастаған бұлардың Буняминді де құтқаруға әрекет жасамайтынын ұқты. Олар тіпті әкелеріне берген уәделерін де ұмытқандай еді. Жүсіп кінәліні олардың шариғаты бойынша құлдыққа алып қалатынын мәлімдеді. Мұны естіген олар бір-бірімен кеңесіп, іштеріндегі үлкені Раувин: «Әкелеріңе Буняминді аман-есен сақтаймыз деген Алла атымен берген анттарыңды ұмыттыңдар ма? Біз ұятты болдық. Әкем кешірім бергенше немесе маған жақсылықпен қайтуға Алла үкім қылғанша мен Мысырда қаламын. Ал, сендер қайтыңдар, әкемізге болған жағдайды толығымен айтыңдар. Мұның бәрі жансыздың ісі, егер біз ғайыпты білетін болғанымызда мұның алдын алып, оны сақтаған болар едік», – деді.
«Егер ол ұрлық жасаса, оның туысы да бұрын ұрлық жасаған адам», – деді олар. Бұл сөзді Жүсіп ішінен білді де сыртқа шығармады. «Сендердің ойларың жаман-ақ деді (Жүсіп) ішінен. – Сендердің айтқандарыңның өтірік екенін Алла әбден біледі» (Жүсіп сүресі, 77-аят).
«Ей, мәртебелім! Оның әкесі бір қарт адам еді. Баланың орнына біздің бірімізді алып қал. Біздің білуімізше, сен шынайы жақсы адамсың», – деді» (Жүсіп сүресі, 78-аят).
«Құдай сақтасын, – деді (Жүсіп). – Жоғымыз кімнің жүгінен табылса, біз соны алып қаламыз. Әйтпесе, біздің жолдан азатынымыз хақ» (Жүсіп сүресі, 79-аят).
«Үміттері үзілген соң олара аулақтау шығып, құпия ақылдасты. Араларындағы үлкені айтты: «Аталарыңның сендерге ант іштіріп, уәделеріңді алғаны және Жүсіп туралы бұрын жасаған қателерің естеріңде ме? Атам маған рұқсат бермейінше немесе маған Құдайдан бұйрық болмайынша мен бұл жерден кетпеймін. Әділ бұйрық Алладан болады» (Жүсіп сүресі, 80-аят).
«Сендер қайтып аталарыңа барыңдар, соңсоң былай деңдер: «Ей, ата! Сенің ұлың, шынында, ұрлық жасады. Біз не көрсек, соған ғана куәлік етіп отырмыз. Біз ғайыпты білген жоқпыз» (Жүсіп сүресі, 81-аят).
«Біз барған қаладан және бізбен бірге жүрген керуендерден сұрап бағыңыз. Біз тек көргенімізге ғана айғақпыз» (Жүсіп сүресі, 82-аят).
Жақыптың балалары әкелеріне болған жағдайды айтып келді. Оны естіген Жақып бұрын Жүсіпті жоғалтса, енді Буняминді жоғалтып екі баласынан бірдей айрылып боздап қалды. Бұған сене алмады, олардың айтқан сөздері жалған сияқты көрінді. Олардың берген уәделері мен анты тағы да өтірікке айналды. Кезінде олар Жүсіпке де осылай жасаған еді. Жақып оларды «Бұрын оның ағасынан құтылғандарың сияқты Буняминнен де құтылу үшін мұны әдейі жасағансыңдар. Егер сендер пәтуа бермесеңдер ол уәзір ұрының құлдыққа алынатынын қалай білді?» – деп айыптады. Содан соң ол сабырлылық етіп, Алладан балаларының бәрінің қайтарылуын сұрады. Жақып балаларынан теріс айналды. Буняминнің қайғысы Жүсіптің қайғысын қайта қоздырып, екі көзін көр етті. Балаларының жанашырлығына да: «Мен сендерге шағынып жатқан жоқпын. Мен тек Алладан жалынып тілеймін. Оның рахымы кең, тек Алладан ғана үміт етемін», – деді. Ол екі баласы да тірі, қайтып оралады деген үмітте болды. Содан соң Жақып балаларын шақырып алды да, Мысырға қайтып барып, үлкен ағаларына қосылып Жүсіп пен Буняминді іздеуді бұйырды.
«Олай емес- ау, – деді Жақып. – Тағы да қу нәпсінің қызығына ерген шығарсыңдар. Бірақ сабыр деген соның бәрінен де қызғылықты (жақсы). Солардың бәрін бойыма жиып беруді Тәңірімнен тілеймін». Алланың бәрін біліп, даналықпен істейтініне дау жоқ» (Жүсіп сүресі, 83-аят).
«Жақып теріс айналып «Қайран Жүсіп», – деп күңіренді. Қасіреттен екі көзі ағарып кетті. Қайғы-дертін ішке сақтап, күйзелді» (Жүсіп сүресі, 84-аят).
«Құдай ақы, сен Жүсіптің қасіретімен қалжырап біттің, күйзеліп өлетін болдың», – деді балалары» (Жүсіп сүресі, 85-аят).
«Мен қайғы-қасіретімді тек бір Аллаға ғана шағынамын. Сол Жаратқанның жәрдемдесуі арқылы сендер білмейтінді білемін» (Жүсіп сүресі, 86-аят).
«Ей, ұлдарым! Барыңдар, Жүсіпті және оның інісін іздеңдер. Жаратқан жарылқар, үміт үзбеңдер. Алланың рахымынан тек сенбеушілер ғана үміт күтпейді (Жүсіп сүресі, 87-аят).
Бауырларының Жүсіпті тануы
Ағайындылар әкесінің талабы бойынша Жүсіп пен інісін іздеуге Мысырға аттанды. Жүсіпке келіп, Буняминді босатуды өтініп жалына бастады. Бұрынғы қатігез ағаларының елінің аштықтан, кедейліктен тарығып отырғанын, астыққа аса мұқтаж екендіктерін, айырбасқа әкелген заттары аз болса да жомарттық жасап, азық-түліктен көбірек беруін өтініп жалынып-жалбарынған мүләйім түрлерін көріп Жүсіп таң қалды. Сөйтіп, оларға өзінің кім екенін айтуға бел байлап: «Сендер Жүсіпке және оның інісі Буняминге үлкен қиянат жасағандарыңды, ол екеуіне жала жауып, олардың ойында да жоқ нәрселерді таңғандарыңды білесіңдер ме? Жүсіпті әкесінен айырып, құдыққа тастаған да сендер емессіңдер ме? Буняминді де қапалыққа салдыңдар»,-деді. Узірдің бұл сөзінен олар «Бұл Жүсіп болмағай» -деп күмәндана бастады. «Иә, мен Жүсіппін. Алла мені өлімнен сақтады, мені жарылқап, басшылық та, байлық та, нығмет те берді. Бұл Алланың менің тақуалығыма, сабырлылығыма берген сыйы. Алла жақсы істі сауапсыз қалдырмайды», – деді Жүсіп. Олардың өңдері қуарып, ұялғандарынан бастарын көтере де алмады. Кешірім сұрап, өздерінің нағыз оңбаған, қарабет, күнәһар екендіктерін мойындаудан басқа амалдары қалмады. Сөйтіп олар: «Алла шынымен сені ұлық қылған екен. Біз сен сияқты бола алмадық, Аллаға да, саған да күнәлі болдық. Енді не істесең де өз қолыңда», – деп қол қусырып, бастарын иді. Бұлардың бас игенін көрген Жүсіп оларға: «Сендер үшін Алладан кешірім, рахым етуін сұраймын. Өйткені Алла шынында да мейірімді әрі рахымды»,- деді. Сонан соң оларға әкесіне бәрін түсіндіріп айтуды, отбасыларымен бірге барлығының Мысырға көшіп келулерін тапсырды. Және өзінің көйлегін беріп, онымен әкесінің бетін сипаса оның көзінің бұрынғы қалпына келетінін айтты. Сөйтті де әкесінің көзінің жазылып кетуін тілеп дұға қылды.
«Ағалары Жүсіпке келді. «Ей, ұлы мәртебелім! Бізге және үй-ішімізге ашаршылық жетті. Әкелген заттарымыз оңып та тұрған жоқ. (Сонда да) бізге жетерліктей астық бер. Садақаңды сыйла. Садақа бергендерді Жаратқан сөзсіз жарылқайды», – деді» (Жүсіп сүресі, 88-аят).
«Сендер көзсіз (надан) кездеріңде Жүсіпке және оның інісіне қандай қиянат жасағандарыңды білесіңдер ме?» – деді (Жүсіп)» (Жүсіп сүресі, 89-аят).
«Апыр-ау, осы сен шынында – ақ Жүсіп болармысың?» – деді олар. «Иә, мен Жүсіппін, мынау менің інім. Құдай бізге қайырым жасады. Кімде – кім шын жүректен тақуалық етсе, сабыр сақтаса, Алла ондай ізгіліктің есесін қайтармай қоймайды», – деді Жүсіп» (Жүсіп сүресі, 90-аят).
«Құдай атымен ант етейік. Құдай, анығында, сені бізден артық етіп жаратыпты. Біз сөзсіз қателесіппіз», – деді олар» (Жүсіп сүресі, 91-аят).
(Жүсіп) айтты: «Бүгін сендерді ешкім кінәламайды. Күнәларыңды Құдай кешсін. Ол рахымдылардың рахымдысы» (Жүсіп сүресі, 92-аят).
«Мына көйлегімді апарып, сендер әкемнің бетің сипаңдар. Сонда оның көзі ашылады. Сонсоң үйдегілеріңнің бәрін ертіп, маған қайтып келіңдер» (Жүсіп сүресі, 93-аят).
Жақыптың Жүсіптің хабарын алуы
Жүсіптің бауырлары оның көйлегін алып Палестинаға бет алды. Олардың керуендері Мысыр жерінің шекарасынан шыққан кезде-ақ Жақып Жүсіппен қауышудың жақын қалғанын сезе бастады. Оған Жүсіптің исі келгендей болды. Жақып жылдар бойы күдер үзбей, жатса да, тұрса да Жүсіпті ойлап, жолығудан үміт етті. Жүсіптің көйлегін алып, қуанышқа бөленді. Көйлекті иіскеп, бетін сипағанда жанары қайта оралып, көзі шайдай ашылды. Балалары Жүсіптің жағдайын егжей-тегжейіне дейін айтып болған соң, барлық отбасымен, немерелерімен Мысырға көшіп келуді тапсырғанын жеткізді. Мұны естіген Жақыптың жар құлағы жастыққа тимей, оған жеткенше асықты. Жақып оның пайғамбарлығының шындық екендігін олардың естеріне салды. Содан соң олардың жасаған жамандықтары үшін Алладан кешірім сұрады. Шынында, Алла кешіруші, рахым етуші, барлық нәрсенің иесі.
«Керуен (Мысырдан) қозғалды. «Егер мені алжыды демесеңдер, мен Жүсіптің исін сезіп отырмын!» – деді (Жақып) дәл осы тұста» (Жүсіп сүресі, 94-аят).
«Алланың атымен ант қылып айтсақ, сен бұрынғыдай қателесіп отырсың», – деді олар» (Жүсіп сүресі, 95-аят).
«Сүйіншілеп ұлдар келді. Жүсіптің көйлегін атасының көзіне басты. Оның көзі ашылды. «Алланың аян етуі бойынша мен сендер білмегенді білемін дегенім естеріңде ме?» – деді (Жақып)» (Жүсіп сүресі, 96-аят).
«Ей, атамыз! Күнәларымызды кешіруге біз үшін жарылқау тіле, біз шынында да қателестік», – десті олар» (Жүсіп сүресі, 97-аят).
«Сендер үшін Тәңірден кешірім тілеймін. Алла (күнәні) кешіргіш әрі мейірім иесі», – деді Жақып» (Жүсіп сүресі, 98-аят).
Жақып пен Жүсіптің табысуы
Жақып балаларына сапарға дайындықты тездетуді бұйырды, өйткені баласы Жүсіпті көргенше асығуда еді. Олар отбасыларымен қосқанда ұзын саны жетпіс адам болды. Жүсіп олардың келе жатқандарын күнібұрын біліп отырды да, оларды Мысыр шекарасынан күтіп алуға дайындалды. Мысырға Жақыптар аман-сау жетті. Олар өздерін күтіп алуға шығып тұрған Жүсіпті көрді. Олардың кездесуі суреттеп жеткізе алмастай ғажайып оқиға еді. Жүсіп ата-анасымен көрісіп мауқын басты. Екеуін керемет үйге енгізіп, жайғасып отыруларын өтінді. Бұл құрмет-ізетке риза болған ата-анасы Алладан тілек тілеп, ақ баталарын берді. Одан кейін Жүсіп бауырларының отбасыларын да аман-есен жетулерімен құттықтап, Мысырда бейбіт-тыныш өмір сүрулері үшін оларға барлық жағдай жасалатынын білдірді. Осыдан соң керуен Мысырдың ішіне келіп кірді. Жүсіп ата-анасы мен бауырларын үкімет үйіндегі кеңсесіне кіргізіп, ата-анасын жоғарыдағы тақ орнына отырғызды да, ізетпен тәжім етті. Оларға мемлекеттің жоғары қызметкерлері де келіп сәлем беріп жатты. Ол аздай олар Жүсіптің жұмсақтығы, білгірлігі, даналығы, көрегендігі сияқты ерекше қасиеттерін айтып, Жүсіптің өзін де таң қалдырды. Бұдан соң Жүсіп басынан кешкендерін айтып берді. Кішкентай бала кезінде көрген түсінің дәлме-дәл орындалғанын, Алланың оны ажалдан да, зынданнан да құтқарғанын, нығмет, бақ-дәулет, байлық, билік бергенін айтты. Одан соң: «Ей, Тәңірім, мен саған қарызбын, саған мадақ айтамын. Сен менің ісімнің қожасысың. Саған, сенің пайғамбарларыңа бой ұсынамын. Мені сенің жалғыз өзіңе ғана құлшылық етушілер қатарына қоса гөр»,- деп жалбарынды.
«Олар Жүсіпке келді. Жүсіп ата – анасын құшақтады. «Құдай қаласа, Мысырға енді қатерсіз кіре бересіздер», – деді» (Жүсіп сүресі, 99-аят).
«Ол – анасын құрметті орынға отырғызды. Сонсоң ханға тәжім еткендей, олардың алдында бас иді (Олардың салты бойынша бас ию ғибадат жасау емес, құрмет көрсету еді.) «Аташым, менің кішкентай кезімде көрген түсімнің жоруы осы. Сол түсті Тәңірім расқа шығарды. Туыстарым мен менің арама шайтан килігіп, берекемізді бұзған соң (Тәңір мені өзі сақтап) зынданнан шығарды, одан соң сахарадан сіздерді мұнда алып келді, табыстырды. Тәңірім қалағанын орындауға қабілетті. Ол, ақиқатында, бар нәрсені біліп тұрады, бар істі данышпандылықпен істейді» (Жүсіп сүресі, 100-аят).
«О, Тәңірім! Маған патшалық сыйладың, түстің жоруын білдірдің. Ей, жер мен көкті жіксіз Жаратушы! Дүниеде де, қияметте де менің ием өзіңсің. Мені мұсылман қалпында көз жұмылдыр, мені жақсы адамдар қатарына қос!» – деді ол» (Жүсіп сүресі, 101-аят).
Қиссадан ғибрат
Бұл қисса Жақыптың иманының мысалы болып табылады. Қиын-қыстау жағдайға ұшыраған кезде сабырлылық сақтап, бір Алладан күдер үзбей шыдамдылық танытудың ақыры жақсылыққа жеткізеді. Жүсіп Жақыптың сүйікті баласы еді. Оны қасқыр жеп кетті деген хабар оған қайғының ең ауыры болды. Бірақ сақтаушы да, қорғаушы да бір Алла деп, оған сенім артып, сабыр сақтаумен болды. Бұл Жақыптың шынайы имандылығының белгісі еді. Мысырға Буняминді жіберерде де балаларының істерінен күдіктене тұра Алланың мейіріміне, әділдігіне, рахымына сенгендіктен де рұхсат берген болатын. Бұл жерде Жақыпты Аллаға тәуекелшіл ретінде көреміз. Балалары Мысырға Буняминді босату үшін аттанар алдында оларға Мысырға бір қақпадан емес, бөлініп-бөлініп бөлек-бөлек қақпалардан кіруді тапсыруы оларды сақтап қаламын деген ниет емес, Мысыр халқы мен Палестина халқының арасындағы дұшпандыққа байланысты ескертуі еді. Сондықтан ол ұлдарына сақтаушы, қорғаушы, қолдаушы бір Аллаға ғана сыйынып жүруді тапсырды. Бунямин құлдықта қалып қойып, қайғысына қайғы қосылып, көзі көруден қалған кезде де қайғы-қасіретін отбасына емес, тек Аллаға айтып шағынды. Алладан үміт үзбеді. Бұл оның иманының күштілігінің белгісі еді. Қандай жағдайда да Алланы арқа тұту, Одан жақсылық күту көңілді тыныштандырады, жаныңды жайландырады. Шынында, ауырлықтың артында бір жеңілдік, қиыншылықтың артында қуаныш бар. Сондықтан да ол балаларына Жүсіп пен Буняминді іздеуді тапсырды.
«Ей, ұлдарым! Барыңдар, Жүсіпті және оның інісін іздеңдер. Жаратқан жарылқар, үміт үзбеңдер. Алланың рахымынан тек сенбеушілер ғана үміт күтпейді» (Жүсіп сүресі, 87-аят).
Алланың бірлігіне дәлел
Біз жоғарыда Нухтың (ғ.с.) қай заманда, кімдерге келгенін айтып өттік. Осы насихат-үгітті жалғастырушы болған Ибраһим (ғ.с.) туралы да кеңінен әңгімеледік. Бұдан барлық пайғамбарлардың Алланың бірлігін, жалғыздығын танытып, насихаттаушылар болғаны көрінеді. Сол сияқты Жүсіптің (ғ.с.) насихаты да кейінгілерге үлгі, ғибрат болып табылады.
«Мен өз бабаларым – Ибраһимнің, Ысқақтың, Жақыптың дінін тұтынғам. Аллаға әлдебіреулерді теңестіру бізге лайық емес. Оның өзі Алланың бізге және адам балаларына жасаған рахымы. Бірақ көп адам соған шүкіршілік етпейді» (Жүсіп сүресі, 38-аят).
«О, түрмелес туыстар! Түрлі-түрлі тәңір жақсы ма, әлде құдыреті күшті жалғыз Алла жақсы ма?» (Жүсіп сүресі, 39-аят).
«Жаратқанды жайына қалдырып, сендердің тәңір деп табынып жүргендерің ата-бабаларыңның және өздеріңнің қолдан жасағандарың. Олар туралы Хақтан ешқандай хабар келген жоқ. Ғибадат, дін жөніндегі үкімнің бәрі Алладан келмек. Ол сендерді тек өзіне ғана сыйынуға бұйырған. Бұл – ең дұрыс дін. Бірақ көп адам мұны біле бермейді» (Жүсіп сүресі, 40-аят).
Жүсіп адамдардың өздері қолдан жасап, өздері ат қойған нәрселердің құдай бола алмайтынын осылайша дәлелдейді. Өйткені әр халық, әр тайпа өз құдайларын жасап алса, олардың араларында қайшылық туып, бір-бірімен жауласуға дейін жеткізуі мүмкін. Оларды құдай деуге негіз де, дәлел де жоқ. Ғибадатқа лайық тек жалғыз Алла ғана. Ол барлық адамға тек өзіне ғана құлшылық етуді міндеттейді.
Екі жыныстың араласуының зияны
Жүсіптің сарайда уәзірдің әйелімен үнемі араласып жүруі оған зор зарар келтірді. Бұдан ер кісінің әйелмен жекеленіп қалуы жақсылыққа жеткізбейтінін көреміз. Ислам бөтен ер мен бөтен әйелдің араласып бірге жүріп-тұруына осындай себептермен тыйым салған. Өйткені мұндай араластық қандай да бір жамандыққа ұшыратуы мүмкін. Исламда әйел тек жақын туыстарымен ғана жеке қала алады. Әйелге басқа адамдармен оңаша қалуға рұқсат етілмеуі оларды күдік-күмәннан, жаладан, өсектен қорғау шарасы болып табылады.
Даналық ғибраты
Жүсіпке уәзірдің әйелінің көңілі аууы тегін емес еді. Өйткені ол өте көркем, сұлу жігіт болып өскен болатын. Шынында да оны көрген әйел затының ғашық болмауы мүмкін емес еді. Жүсіп уәзірдің әйелінің қызметшісі болғандықтан үнемі оның көз алдында, жанында жүрді. Әйелдің оған назары ауып, көңілі кетті. Алайда әйелге қанша тәуелді екендігіне қарамастан Жүсіп оның ырқына ермеді, нәпсіге берілмеді. Төсек нәпсісі дегенге небір ұлықтар да, патшалар да, қолбасшылар да қарсы тұра алмаған. Бірақ Жүсіп әйелдің әзәзілдігіне, айла-шарғысына қарсы Алладан қорған сұрап, дұға етумен болды. Өзіне жақсылық жасаған, тәрбиелеп өсіріп, қамқор болған уәзірді құрмет тұтты, оған опасыздық жасамай, адалдығын сақтады. Осы адалдығы үшін жапа шекті. Бірақ ол күнәға батқаннан да қапаста жатқанды артық көрді. Ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды Тәңірім айырады деп, Алланың әділдігіне сенді. Жүсіптің бұл қасиеті даналықтың, адалдықтың мысалы болып табылады.
Сабырлылық ғибраты
Жүсіп те басына түскен қиындықтарға әкесі секілді төзім, шыдамдылық көрсету, Аллаға нық сену арқасында бақытқа жетті. Шынында да Жүсіптің өмірі қиындықтан-қиындыққа, жамандықтан-жамандыққа жалғасып жатса да оған мұңаймады, мұқалмады. Бауырларынан зәбір көріп, құдыққа тасталып, ұзақ жыл бойы ата-анасынан ажырап, жазықсыз жазаланып, қараңғы қапасқа қамалып, басына қанша ауыртпалық түссе де үмітсіздікке салынбады, күпірлікке ұрынбады, тағдырын бір Аллаға тапсырып, Оның рахымынан үміт етті. Зұлымдықтардың бәріне сабырлылықпен шыдады. Басына түскен ауыртпалық оны Алладан ажырата алмады. Алланың әділдігіне деген сенімі, иманының күштілігі оны ақыры жеңіске жеткізді, байлыққа да, атаққа да, мансапқа да ие болды. Бұл тартқан азабының өтеуі, сабыр-төзімі үшін Алланың берген сыйы еді. Шынында да кім тақуалық етсе, сабырлылық танытса, оның сауабы Алладан болмақ.
Жақсылықтың пайдасы
Жүсіп жүрегі таза, пейілі кең, жақсылық, ізгілік иесі еді. Ешкімге жамандық ойламайтын. Тіпті өзіне зиян жасағандардан да өш алу керек деп санамайтын. Сол үшін де Алла оған білім де, даналық та берді, ұлық етті.
(Жүсіп) кәмелетке толғанда Біз оған даналық және білім тарту еттік. Ізгілік иелерін біз, міне, осылай жарылқаймыз» (Жүсіп сүресі, 22-аят).
«Біз Жүсіпті Мысырда қалаған жерінде тұратын (мемлекетке өкіметтік ететін) етіп орналастардық. Кеңшілігімізді біз қалаған адамымызға сыйлаймыз. Ізгілік жасағандардың бодауын қайтармай қоймаймыз» (Жүсіп сүресі,56-аят).
Бұл аяттар кім жақсы болса, соған Алланың рахымы түсетінін, жақсылығының сауабын еселеп беретінін көрсетеді. Ондай адам тек осы дүние сауабы ғана емес, ахирет сауабына да кенеледі. Ал, ахирет сауабы дүние сауабынан әлдеқайда артық.
Жақсы атақ
Алла Тағала Жүсіпке атақ та, абырой да, бедел де, байлық та беріп, нығметіне бөледі. Мұның бәріне Алла оны сабыр-төзімі, зұлымдыққа душар болып, жазықсыз жазаланып, көп жылдар бойы қапаста жатқанына қарамай көркем мінезінен, адамгершілік қасиетінен айнымағаны үшін, жабылған жаланы анықтап, тексеруді талап етіп, әбден ақталғанға дейін зынданнан тапжылмаған табандылығы үшін жеткізді. Патшаның жүргізген тексеруінің нәтижесінде ол ақыры ақталып, қапастан басын жоғары көтеріп шықты, халықтың құрметіне бөленді. Жүсіптің тазалығын, даналығын, білімін патша да бағалап, оны өзіне уәзір етті. Бұдан біз Өзіне сенген, Өзін арқа тұтқан пендесін Алланың қашан да қолдап, қорғайтынын көреміз.
Кешірімділік ғибраты
Бауырларының жасаған жамандығы үшін оларды қалай жазалаймын десе де Жүсіптің шамасынан келетін еді. Оларды түрмеге жабуға да, неше түрлі азап көрсетуге де, тіпті дарға асуға да болатын. Бірақ ол мұның бірін де істемеді, өзінен төмен әлсізге күш көрсетуді лайық санамады. Өйткені ол таза да шын ұлық еді. Сондықтан да өш алудың орнына кешірім жасап, шын ұлықтың қандай болатынын көрсетті. Уәзір деп жүргендерінің Жүсіп екенін білгенде бауырлары жасаған қылмыстары үшін шынында да қатты қорықты. Алайда қолында үкім де, билік те бола тұра Жүсіп оларға жаза қолданбады, ондай пасықтыққа, әлсіздікке бармады, жамандықты жамандықпен қайтармады. «Сендерге бүгін жаза жоқ, сендерді Алла кешірсін!» – деді. Бұл кеңпейілділіктің, таза жүректіліктің, зор адамгершіліктің мысалы болып табылады.
Балалар арасындағы әділдік
Жүсіп қиссасы отбасындағы балаларды бөліп-жармай, бәріне бірдей қарау керектігін көрсетеді. Бірінен-бірін артық көру олардың арасында көре алмаушылық, қызғаныш туғызады. Мұның ақыры дұшпандыққа да әкелуі мүмкін. Жақыптың басқа балаларынан гөрі Жүсіпті артығырақ көруі нақ осындай жағдайға әкеліп соқтырды. Бұрын балаларына бірдей қарап келген Жақыптың Жүсіпке деген бөлекше көңілі оның түс көруінен кейін пайда болған еді. Өйткені ол Жүсіпті болашақ пайғамбар ретінде көріп, оған қамқорлық жасауды әкелік борышы деп санады. Әрі Жүсіптің пайғамбар болуы Жақып әулетінің дәрежесін көтеретін еді. Бұған, сондай-ақ Жақыптың көп әйел алғандығы да себеп болды. Солардың ішіндегі сүйіктісі Жүсіп пен Буняминнің анасы Рахил болатын. Бұл басқа әйелдерінің қызғанышын тудырды. Осы дұшпандық кейін аналарынан балаларына ауысты. Сондықтан бұдан көп әйелі бар адамның оларға бірдей қарау керектігі көрінеді. Осыған орай Құран Кәрімде: «Егер әділдік жасай алмаудан қорықсаңдар тек біреуге ғана үйленіңдер», – делінген.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті