Кейбір адамдар бір жақыны қайтыс болғанда шектен тыс қатты қайғырып, діни-имани құндылықтарға, мұсылмандық танымға теріс іс-әрекеттер жасайды. Ондай істер мәйітке еш пайда бермейді. Керісінше, оның қабір азабына душар етеді. Ең бастысы, оны істеген адамды Алланың ашу-қаһарына лайықты етеді. Ондай іс-әрекеттерге біразы төмендегідей:
- Ажалы таяған адамның алдында көз жасын төгу, ашу-ызаға беріліп, шариғатқа сай келмейтін жат қылықтарға бой алдыру.
- Әйелдердің дауыс салып күпірлік сөздермен жоқтау айтуы, бірнеше күн бойы марқұмға зиян жәбір беріп көз жасын төгуі.
- Жүзін тырнап, киімін жыртып, түрлі күпірлік, надандық сөздерді айту. Мәселен, «Ах, асқар тауым құлады, арыстанымнан айрылдым, иемнен ажырадым, ерте кетті, не жаздым, бақытсыз боп қалдым, ойбай, Құдай!» деп айту. Хадисте былай делінеді: «Маңдайы ұрған, киімін жыртқан, надандық дәуірдің әдетін келтірген бізден емес».
- Жаназа кезінде ән-күй ойнауы.
- Табыттың алдында немесе қабірдің басында мал бауыздау.
- Өлген кісіге елден ерекше мазар даярлап, халыққа ас та төк ас беру мақтаныштың бір көрінісі. Ал шын мәнінде марқұмның мұрагерлерінің өздері нағыз мұқтаж болуы ықтимал. Кейбір кісілер көңіл айтуға келгендерді лайықты күтіп алуды желеу етіп шамасына қарамай үсті-үстіне үстеме қонақасы дайындайды. Расында адамдар шариғат жолын шынайы түрде ұстанып жүрсе мұндай сорақылыққа бармас еді.
- Мәйітке пайда бермейтін және шариғатқа қарама-қайшы болған нәрселердің тағы да бірі – қабірдің үстіне әспеттеп керемет кесенелер тұрғызу. Бұл – шариғатқа теріс іс. Имам Ахметтің Мүснәд кітабында Жәбір ибн Абдулладан (р.а.) мынадай риуаят келтірілді: «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабір үстіне отыруға, оларды ақтауға және үстіне бірнәрсе құруға тыйым салғанын естідім».
- Өлген кісіні балағаттауға, оған қарғыс айтуға болмайды.
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لاَ تَسُبُّواْ الأَمْوَاتَ فَإِنَّهُمْ قَدْ أَفْضُواْ إِلَى مَا قَدَّمُواْ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ، كِتَابِ الْجَنَائِزِ، رَقْمُ الْحَدِيثِ: 1329.
Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Өлілерді балағаттамаңдар! Шындығында ола өздерінің істегендерінің есебіне қарай өтті», – деген. Бұхари риуаят еткен.
Шымкент қаласы орталық мешіті