Ысқақ – Ибраһимның Сара деген әйелінен туылған баласы. Бәни Исрайл пайғамбарлары осы Ысқақтан тарайды. Құранда Ысқақтың пайғамбарлығы және оның салихтардан екені айтылған. Шынында, Алла оған береке берді. Құранда Алла тағала Ибраһимге, Ысқаққа, Жақыпқа пайғамбарлық бергенін, оларды жандарының тазалығы, ғибадатқа беріктігі үшін таңдағанын айтады. Ибраһим ұрпақтарына пайғабарлық екі баласы Исмайл мен Ысқақтан тараған.
«Біз оның ұрпақтарына пайғамбарлық жіберіп және кітап түсірдік» (Әнкабут сүресі, 27-аят).
«Оған біз әрі пайғамбар, әрі жақсылықтардың қатарында болатын Ысқақты сыйлап, қуанышқа бөледік» (Саффат сүресі, 112-аят ).
«Ибраһимге де, Ысқаққа да берекет сыйладық. Олардың нәсілінен ізгілік иелері де, өздеріне өздері жамандық жасаушылар да шықты» (Саффат сүресі, 113-аят).
«Ғибадатқа табанды, (дінге) мығым пенделерміз – Ибраһимді, Ысқақты, Жақыпты есіңе ал» (Сад сүресі, 45-аят).
«Біз оларды жаны таза, ахиретті есінен шығармайтын нағыз сенімді жандар еттік» (Сад сүресі, 46-аят).
«Олар Біздің ерекше таңдап алған, нағыз жақсы адамдарымыз еді» (Сад сүресі, 47-аят).
Ысқақ пен Жақып өмірінен үзінді
Құранда Ысқақ өмірі арнайы баяндалмаған, ол туралы тек Жақыптың баласынан айрылып қалған оқиғасына байланысты Жүсіп қиссасында айтылады. Ибраһим ажал жақындап келе жатқанын сезе бастайды, ал Ысқақ әлі үйленбеген болатын. Әкесі оны қасына сенімді қызметкерін қосып беріп Ирактағы Харронға баруды, ондағы туысының қызын алып келуді бұйырды. Оның қалауы Рафқатун бинти Батуиил ибн Нахурға түсіп, оны алып Ысқақ еліне оралды. Ысқақ оған үйленгеннен кейін жиырма жылдан соң егіз екі ұлды болды. Біріншісін Исаву деп атады. Екіншісінің есімін Жақып деп қойды. Оған Исрайл деген лақап ат тағылды. Исраил қос сөзден құралған есім еді. Исра – құл немесе таза адам деген, ал Ил Алла деген мағына береді, яғни Алланың құлы деген сөз. Ысқақ тұңғышы болғандықтан Жақыптан гөрі Исавуды көбірек жақсы көретін еді. Ал, анасы Рифқатун кішісі болғандықтан Жақыпты артық көретін. Ысқақ тамақ ішкісі келді де Исавуды шақырды. Бірақ анасы екеуі келісіп оған тамақты Исаву емес, Жақып әкеліп берді. Тамақтан соң Ысқақ оған дұға қылды. Бұған Исавудың ашуы келді. Оның ойын сезген аналары Жақыпқа бауырының ашуы басылғанша Харрондағы туысы Лабанның үйінде тұра тұруға кеңес берді. Рифқатун ері Ысқақтан Жақыптың Лабанның қызына үйленуіне дұға етуін өтінді. Жақып әкесінің дұғасын алып нағашысы Лабанға аттанды. Лабан оны жылы шыраймен қарсы алды. Қызына үйленуі үшін қызмет ету керектігін де ескертті. Бірақ Жақып оның үлкен қызы Лиатунға үйленуі тиіс болды. Ал, Жақыптың қалауы екі қыздың сұлуы әрі көріктісі Рахила еді. Нағашысы оған үлкені тұрып одан бұрын кішісін тұрмысқа беру әдет-ғұрыптарында жоқ екенін, егер сіңілсін сүйген болса онда тағы жеті жыл еңбек етуі керектігін түсіндірді. Сөйтіп, Жақып жеті жыл еңбек етіп, Рахила мен әпкесін бірге алды. Бұл олардың уақытында бола беретін жағдай еді. Лабан екі қызына бір-бірден қызметші берді. Осылайша Жақып төрт әйелді болды. Ол төртеуінен он екі перзент көрді.
Жақып нағашысы Лабанда тұрғанына жиырма жыл өткен соң одан еліне қайтуды өтінді. Ол рұқсат берді. Жақып Палестинаға жақындаған кезде ағасы Исавудың төрт жүз адаммен қарсы шығуға дайындалып жатқанын білді. Бұдан қауіптенген Жақып ағасына үлкен сыйлық дайындап, адамдардан беріп жіберді. Исаву мұндай үлкен сыйлықты көрген соң райынан қайтып, інісіне мекенді тастап, өзі Сағир тауларына шығып кетті. Жақып әкесі Ысқаққа келіп, Хибрун қаласына тұрақтады. Ысқақ жүз сексен жыл өмір сүріп, Әл-Мағаратуға (үңгірге) жерленді. Ол жерге әкесі Ибраһим де жерленген еді.
Жақыптың он екі баласынан немерелері, ол немерелерден олардың балалары тарап, ұрпаққа ұрпақ жалғасып, Бәни Исрайл ұрпақтарына айналды. Жақыптың он екі баласынан тараған ұрпақтардан он екі ру еврей ұлты құралады. Бұлардан кейін көптеген пайғамбарлар шықты. Жақыптың Левит (Лави) есімді баласының ұрпағынан шыққан пайғамбарлар – Мұса, Һарун, Ильяс, Әл-Ясағ. Яһуза ұрпағынан шыққан пайғамбарлар – Дәуіт, Сүлеймен, Закария, Яхия, Иса. Буниямин ұрпағынан шыққан пайғамбар – Жүніс.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті