Әрбір мұсылман намаздың ішкі және сыртқы парыздарын, сүннеттерін, әдептерін – жалпы мәселелерін толық меңгергені абзал. Сонда ғана намаздың мән-мағынасын жете түсінетін болады. Жалпы, барлық ғибадатты айқын біліммен орындау керек. Ал білімсіздік надандыққа апарып соқтырады. Шариғаттан хабардар жанның намазы білімі аз адамның намазынан артық саналады.
قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَفَقِيهٌ وَاحِدٌ أَشَدُّ عَلَى الشَّيْطَانِ مِنْ أَلْفِ عَابِدٍ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ .
Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Шайтан үшін бір фақиһ (шариғат білгірі) мың (білімсіз) тақуадан күшті». Термези риуаяты.
Білім алу, қажетті діни мағлұматтарды білу әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге міндетті парыз. Құдай Тағаланың алдындағы парыздарын орындап, оның мән-мағынасын жетік меңгергендер мен төл діні туралы мағлұматы мардымсыз, намазын толық білмейтін адамдар тең бола алмайды. Құран Кәрімде білімділер мен білімсіздердің әсте тең болмайтындығы айтылған:
﴿قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ﴾
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!» – деп айт» (Зүмәр, 9).
Намаз оқушы алдымен намаздың сыртқы және ішкі парыздарын толық біліп алғаны жөн. Намаздың сыртқы парыздары немесе дұрыс болуының шарттары алтау. Олар мыналар:
- Намаз оқығанда екі хадестен (кіші және үлкен дәреттен) таза болу.
- Денесінің, киімінің, оқитын жерінің нәжістерден таза болу.
- Әуретін жабатын таза киім киюі.
- Әр бір намаздың өз уақытында оқылуы.
- Құбылаға қарап оқу.
- Намазға ниетпен кіру.
Ал намаздың ішіндегі парыздары алтау:
- Тәкбір тахрима – намазды бастау тәкбірі.
- Қиям – намазда тік тұру.
- Бір аят болса да қырағат қылу.
- Рукуғ.
- Сәжде.
- Тәшәһһуд оқитын уақыт мөлшеріндей соңғы отырыс.
Сонымен бірге намаздың уәжіптерін де жатқа білуі тиіс. Олар мыналар:
- Фатиха сүресін оқу.
- Фатихадан кейін бір қысқа сүре немесе үш қысқа аят оқу.
- Фатиханы қосымша сүреден бұрын оқу.
- Парыз намаздың алғашқы екі рәкәғатында қырағат оқу.
- Намаз рүкіндерін асықпай, мұқият орындау.
- Бірінші отырыс.
- Бірінші, екінші отырыстарды тәшәһуд дұғасын оқу.
- Намаздан сәлем беріп шығу.
- Үтір намазында құныт дұғасын оқу.
- Айт намаздарында қосымша тәкбірлерді айту.
- Имамның таң, жұма, айт, тарауық, ақшам, құптан, үтір намаздарын дауыстап оқуы.
- Бесін мен екінтінің, ақшам мен құптанның соңғы екі рәкәғаттарын іштей оқу.
Аталған уәжіптердің бірін қасақана тастап кетсе, намазды қайта оқу керек. Ал ұмытып тастап кетсе, сәһу сәждесін жасайды.
Сондай-ақ, намаздың сүннеттерін толық игерген жөн. Олардың бастылары төмендегідей:
- Тәкбір тахримада ер кісілер қолдарын екі құлақтарына дейін, әйелдер екі иықтарына дейін көтереді. Ерлер сол қолын оң қолының үстіне қойып, кіндіктерінің астына байлайды.
- Тахрима тәкбірінен соң Сәнә дұғасын оқу.
- Ағузіні оқу.
- Бисмилланы оқу.
- Фатихадан кейін іштей «Әминді» айту.
- Рукуғта тұрғанда «Сәмиаллаһу лимән хамидаһ» дұғасын оқу.
- «Раббана ләкәл хамд» дұғасын оқу.
- Рукуғ, сәжде, қиям, қуғуд, жасағанда, сәждеден тұрғанда тәкбір айту.
- Рукуғ пен сәждедегі тәсбихтерді айту.
- Рукуғта екі қолдарын тізеге қойғанда саусақтарының арасын ашып ұстау.
- Отырыстарда сол аяғының үстіне отырып, оң аяғын (табанын) тік ұстау.
- Тәшәһудте оң саусағымен ишарат жасау.
- Отырыста екі қолын екі аяқтың үстіне қою.
- Парыз намаздарда алғашқы екі рәкәғатта, парыз емес намаздарда барлық рәкәғаттарда қырағат қылу (Фатихадан кейін қосымша аят оқу). Иманның тәкбірлер мен «Сәмиаллаһу лиман хамидаһты», сәлемді дауыстап айтуы.
- Соңғы тәшәһудтен кейін Пайғамбарға (с.а.с.) салауат айту.
- Салауаттан кейін Құран мен Сүннеттен жаттаған дұғаларын оқу.
- Оңға және солға бұрылып сәлем беру.
- Имам сәлем бергенде артындағы ұюшылар сақтаушы періштелерге, мұсылман жындарға деген ниетпен сәлем береді.
- Имамның дәл артында тұрған ұюшы сәлем бергенде имамға деп береді.
- Ұюшы сәлем бергенде басқа ұюшыларға, періштелерге, мұсылман жындарға деп береді.
- Жеке намаз оқушы сәлем бергенде тек періштелерге деп береді.
Абай заманында намаздың шарттарын дұрыс білмейтін, дұғаларын жөндеп оқи алмайтын адамдар қазақ қоғамында ең қор, надан адамдардың қатарында болған. Өйткені сол кездегі қазақ қоғамында діннен бейхабар болу, намазды, Құранды дұрыс оқи алмау, парыздарын білмеу үлкен айып саналған. Оны Абайдың Абыралы деген досына жазған мына өлеңінен аңғаруға болады.
Мен жасымнан көп көрдім,
Мұсылман мен кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қырағатын оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді?!
Намаз шамның артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық берген кісідей
Тоңқаңдай ма, не етеді?!
Нәпіл түгіл намазы
Бәрі желге кетеді.
«Еннатайына кәлкаусар,
Пошал дереу күнәкар».
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шәні күлаптар».
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар!
Осылайша Абай Абыралы деген досының намаз оқығанын әжуа етеді. Оның Кәусар сүресін қате оқып, намаздың парыздарын дұрыс білмейтіндігін сынайды. Намаздың парыздарын толық білмеген кісі үшін нәпіл оқып тақуасынудың жөні қалай деп айыптайды.
Шымкент қаласы орталық мешіті