Құраннан Ад қауымының мекені Ахқабта болғандығы белгілі. «(Ей, Мұхаммед) Сен оларға Адтың туысы (Һуд пайғамбардың) өз жұртымен болған (не істегені туралы) оқиғаны айтып бер. Кезінде ол Ахқаф (Иемендегі ойпат) халқын (қаһардан) сақтандырды. Одан (Һудтен) бұрын да, кейін де талай пайғамбарлар өтті. Ол (Һуд) былай дейді: «Сендер бір Аллаға ғана бойсұныңдар. Мен, шынын айтсам, сендердің ұлы күннің (қияметтің) азабына душар болуларыңнан қорқамын» (Ахқаф сүресі, 21-аят).

Құранда Ахқафтың тұрған жерін айқын айтпаған. Бірақ бір деректер Ахқафтың орналасқан орны  Йемен мен Амман ортасындағы Хазрамаут пен Әш-Шахр аралығы дейді. Ад Ирам атты қаланы тұрғызған. Археологтар Рам тауында Ирамның орнын қазу жұмыстарын жүргізгенде Ақабаның шығысында жиырма бес мильдей қашықтықтағы  жерден ежелгі надандық дәуірдің белгілері табылған. Соған қарағанда Ад қауымы үш пұтқа табынған. Оларды Сода, Самуд, Һиба деп атаған.

 Аллаға дағуа

 Һуд қауымын бір Аллаға құлшылық етуге шақырып дағуа етеді. Пұттарға құлшылық етуді тастауға шақырады. Қиямет күні болатын азаптан сақтандырады.

«Ад жұртына олардың бауыры Һудті жібердік. «Ей, қауымым! – деді (Һуд). – Құдайға құлшылық етіңдер! Сендерге Құдайдан басқа Тәңір жоқ. (Оның қаһарынан) қорықпайсыңдар ма?» (Әғраф сүресі, 65-аят ).

«(Ей, Мұхаммед) Сен оларға Адтың туысы (Һуд пайғамбардың) өз жұртымен болған (не істегені туралы) оқиғаны айтып бер. Кезінде ол Ахқаф (Иемендегі ойпат) халқын (қаһардан) сақтандырды. Одан (Һудтен) бұрын да, кейін де талай пайғамбарлар өтті. Ол (Һуд) былай дейді: «Сендер бір Аллаға ғана бойсұныңдар. Мен, шынын айтсам, сендердің ұлы күннің (қияметтің) азабына душар болуларыңнан қорқамын» (Ахқаф сүресі, 21-аят).

Ад қауымы пұттарды Алланың серіктері деп білетін. Алланың алдында олар шапағат етеді деп сенетін. Һуд олардың бұл ойларының терістігін, ғибадаттың  тек бір Аллаға ғана жасалатынын түсіндірді.

«Ад әулеттеріне оның туысы Һудті (пайғамбар етіп) жібердік. «Ей, жұртым! – деді Һуд. – Құдайға құлшылық етіңдер. Сендерге Алладан басқа Тәңір жоқ. Сендер тек жалған нәрсені ойдан шығарып жүрсіңдер (пұтқа табынасыңдар)» (Һуд сүресі, 50-аят ).

Бірақ бұл дағуа Ад руына әсер етпеді. Олар Һудті құрметтеуден қалды, оның сөзіне көңіл аудармайтын болды. Оны ақылынан адасқан деп санады. Һуд олардың бұл ойларының  қате екенін,  өзінің бүкіл әлемнің Тәңірінің елшісі екенін айтты.

«Оның қауымының  иманға келмеген үлкендері: «Шынын айтсақ, біз сені есуас деп санаймыз, біз сені алдамшы деп күмәнданамыз», – деді» (Әғраф сүресі, 66-аят).

«(Һуд айтты:) «Ей, қауымым! Мен есуас емеспін. Мен Алла жіберген пайғамбармын», – деді» (Әғраф сүресі, 67-аят).

«Сендерге Алланың елшілігін жеткіземін. Мен сендерге сенімді насихатшымын» (Әғраф сүресі, 68-аят).

 Алланың нығметін еске түсіру

 Һуд қауымына Алланың нығметтерін естеріне түсіре сөйледі. Іштерінен бір адам арқылы ескерту жасау Алланың құдыреті екенін, адасу, шатасудың ақыры жамандыққа соқтыратынын түсіндіруге тырысты.

 Алланың оларды Нұх қауымынан кейін жерге мирасқор етіп жібергенін, оларды істеген күнәларына қарай жоқ қылып жібергендерін естеріне салды. Бойларына қуат беріп, өзге тіршілік иелерінен ерекше артық етіп жаратқаны үшін Аллаға иман келтіріп, шүкіршілік қылулары, күпірлік етпеулері, Алланы ұлықтауды естен шығармаулары керектігін, сонда дүниеде және ақиретте жеңіске жететіндерін түсіндірді.

«Сендерді ескерту үшін өз іштеріңдегі біреуге Тәңіріңнен аян келіп тұрса, соған да таңданасыңдар ма? Нұх қауымының көзі жойылғаннан кейін Алланың сендерді олардың орынын босатып, қалай әкелгенін еске алыңдар. Сендерді олардан ірі де жігерлі етіп жаратты. Бақытқа жетемін десендер, Алланың өздеріңе берген артықшылығын ұмытпаңдар» (Әғраф сүресі, 69-аят).

Бірақ Һуд қауымы Алланың нығметтеріне шүкірлік етуден бас тартты. Керісінше нәпсілеріне ерді, тәкәппарланып  кетті. Төбелердің үстіне биік үйлер тұрғызып,  жер бетінде мәңгі жасайтындай зәулім сарайлар салып, оны мақтанышқа айналдырды. Өздерін күштілердің күштісіндей көрді. Һуд оларды мейірімді болуға, тақуалыққа, Алланың бұйрығына бойсұнуға шақырды. «Маған сеніңдер де, бойсұныңдар, мен сендерді туралыққа бастаймын. Алладан қорқыңдар. Оның берген бала-шаға, төрт түлік мал, дүние байлығы, алтын-күміс, киім-кешек, түрлі жеміс-жидек, бау-бақша, су т.б. нығмет, жақсылықтарына риза болып,  шексіз шүкірлік етіңдер. Ал, егер күпірлік етіп, қарсы келетін болсаңдар, онда сендерге  Оның азабы келіп, жермен-жексен етіп жіберуі хақ», – деді.

«Сендер биік-биікке кереметтей  сәулетті сарай саласыңдар ғой. Бұл өмірден өтпейтіндей-ақ, оны мықтап саласыңдар. Бірақ (біреулерді) жазаласаңдар аяусыз жазалайсыңдар да!» (Шуара сүресі, 128 -130-аяттар).

«Ал, енді Алладан қорқыңдар да, маған бой ұсыныңдар» (Шуара сүресі, 131-аят).

«Өздеріңе сендер білетін игіліктер сыйлаған Алладан қорқыңдар» (Шуара сүресі, 132-аят).

«Ол сендерге мал-мүлік, перзент берді, бақшаларды, бұлақтарды жаратып берді» (Шуара сүресі, 133-134-аяттар).

 «Шынымды айтсам, сендер ұлы күннің (қиямет күнінің) азабына душар боласыңдар ма деп қауіптенемін» (135-аят).

Пұтқа табынушылардың сөзі

Ад қауымы Һудтың бұл дағуасына құлақ аспады. Пұттарына құлшылық ете берді. Оған бүтіндей сенбейтіндерін мәлімдеді. Һуд оларға Алланың растығына куәлік ететінін, пұттардың ешқандай  көмек бере алмайтынын, өзінің тек Аллаға ғана сыйынып, сүйеніп жұмыс істейтінін айтты. «Дүниеде мәңгі тірі бүкіл әлемді жаратушы бір Алла ғана. Тәңірімнің жолы әділ, хақ жол. Сендер дағуама қарсы келсеңдер де маған одан ешқандай зарар да, зиян да жоқ. Мен сендерге Алланың жіберген ақиқатын жеткіздім. Алланың сендерді жоқ қылуға күш-құдыреті жетеді. Қаласа сендерді басқа қауымға алмастыра да алады», – деді. Сендер үйлеріңде тұрып ант етсеңдер шынына келсек менің Тәңірім барлық нәрсеге дайын күші жетеді де.

«Ей, Һуд! – деді олар. – Сен бізге  ешқандай айқын дәлел әкелген жоқсың. Сен айтты деп біз өз Тәңірімізді тәрк ете алмаймыз және саған (пайғамбар екеніңе) сенбейміз» (Һуд сүресі, 53-аят).

«Саған тек біздің кейбір Тәңіріміздің шалығы (киесі) тиіпті деп қараймыз», – десті. «Анығында, мен Алланы ғана куә етемін. Сендер де куә болыңдар, сендердің Аллаға теңеген пұттарыңнан мен аулақпын. Маған қастандықтарыңды бәрің де аямаңдар және оны ірікпеңдер» (Һуд сүресі, 54-55-аяттар).

«Өз Тәңірім, әрі сендердің де Тәңірлерің болған Аллаға сүйенетінім ақиқат. Құдай басқармайтын бір де бір мақұлық жоқ. Менің Тәңірім нағыз дұрыс жолда» (Һуд сүресі, 56-аят).

«Егер менен теріс айналамын десеңдер (мейілдерің). Мен сендерге Тәңірдің елшісі ғанамын. Құдай сендердің орындарыңа басқа бір әулет әкеледі. (Тас құдайларыңмен) Алланың беделін ешқашан түсіре алмайсыңдар. Анығын айтсақ, барлық істі бір Тәңір ғана бақылап тұр» (Һуд сүресі, 57-аят).

Осыдан  кейін Ад Һудтің тыныштығын кетірді. Оның соңына түсіп алды.Теріс әрекеттерін тастамады. Һуд оларға Алланың азабы, ашу-ызасы келетінін ескертті.

«Сен біздің ата-бабаларымыз бас ұрып келген сенімімізді тастап, Аллаға ғана құлдық ұрғызу үшін келдің бе? Айтқаның рас болса, бізді қорқытқан жазаңды алып келші», – деді олар» (Әғраф сүресі, 70-аят).

«(Һуд былай деді): «Тәңірлеріңнің азабы да, қаһары да сендерге сөзсіз келеді. Алланың ешқандай дәлелінсіз өздерің немесе ата-бабаларың ат қойып алған есімдер (пұттар) туралы сендер менімен дауласпақсыңдар ма? Күтіңдер, олай болса, шынын айтсам, мен де сендермен бірге соны күтемін» (Әғраф сүресі, 71-аят).

Олар құдайларына жеке-жеке ат қойып әспеттеді. Жансыздың жандыға құдай болуы қалай деп ойлап та көрмеді.

 Тәубеге шақыру

 Қанша дағуа жасалса да олар тәубеге келмей, тура жолдан алыстай берді. Содан кейін үш жыл бойы Һуд қауымына жаңбыр жаумай қойды. Бұл оларға ескерту және азаптың жақындап қалғанының белгісі еді. «Жаратушыдан өткен күнәларыңа кешірім сұрап,  тәубеге келіңдер. Егер солай істесеңдер  Алла сендерге жауын жібереді. Оның пайдасы сол – байлықтарың  артқан үстіне арта түседі. Ал, мен шақырып дағуа еткеннен бет бұруларың жақсылыққа жеткізбейді. Керісінше күпірлікке, қылмысқа итермелейді», – деді Һуд оларға.

«Ей, жұртым! Жаратқаннан  жарылқау тілеңдер, сонсоң оған тәубе етіңдер. Ол сендерге көп жаңбыр жібереді, күш-қуаттарыңды бұрынғыдан да нығайтады. Күнәға белшеден батып, одан теріс айналмаңдар» (Һуд сүресі, 52-аят).

Кәпірлердің жойылуы, мүъминдердің жеңісі

 Үш жыл бойы жаңбыр тоқтап қалғаннан кейін Һуд қауымына Алланың әмірімен азап түсірілді. Бұған олар пайғамбарға сенбегендіктері, күпірліктері, асып-тасқандары, жамандықты жалғастыра беруі кесірінен ұшырады. Алла бұл азаптан Һудті және оған иман келтіргендерді ғана құтқарып қалды да, қылмыскер қауымды жер бетінен жойып жіберді.

«Бізден бұйрық болғанда мейіріміміз түсіп Һудті де, онымен бірге болған әулетті де құтқарып қалдық. Оларды ауыр азаптан қақтық» (Һуд сүресі, 58-аят).

Бірақ бұл құтылудың қалай болғаны Құранда ашық баяндалмаған. Кейбір тарихшылардың шамалауынша қауымының дағуасын қабыл етуінен үмітін үзген соң Һуд олардан бөлініп кеткен. Өзіне сенгендерді ертіп Меккеге бет алған. Онда біршама жыл өмір сүріп, сол Меккеде қайтыс болған,  сол жерге жерленген делінеді. Ал, Ад қауымына  Алла күшті жел жіберген. Ол сегіз күн, жеті түн бойы үздіксіз соғып, оларды жермен жексен етіп түк қалдырмай жойып жіберген. Денелері қор болып жер бетінде шашылып қалған. Құрма ағаштары да тамырларымен қопарылып, елді мекеннің орнында тек үйінділер ғана қала берген. Тірі жан қалмай түгелімен қырылған.

«Самуд әдеттен тыс қатты айқаймен ойран болды. Аса сұрапыл суық боран соғып, адтықтардың көздерін жойды» (Һаққа сүресі, 5-6-аяттар).

«(Алла) оларға сегіз күн, жеті түн соққан жағымсыз боран жіберді. Жұрт олардың (мекен жайларында) құрма ағашының шірік түбірлеріндей (теңкиіп-теңкиіп) жатқанын көрді» (Һаққа сүресі, 7-аят).

«Тірі қалған бірде-бір адам көзге түскен жоқ» (Һаққа сүресі, 8-аят).

«Енді Адтың оқиғасына келейік (онда да бір ғаламат бар). Кезінде оларға дүлей боран  жібердік»  (Зарият сүресі, 41-аят).

«Ол боранға не нәрсе душар болса, соны шіріген сүйектей ететін еді» (Зарият сүресі, 42-аят).

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38