Пайғамбарлар мен елшілер және оларға ілескен Алланың ізгі құлдары дұғаға қатты мән берген. Сол себепті Алла олардың дұғаларын қабыл етті. Бұған Құран Кәрім мен хадистен дәлелдер жеткілікті. Сол үлгілердің біразын мысал ретінде келтірелік:
- Адам (ғ.с.) пайғамбардың дұғасы.
Алла тағала әуелі Адамды (ғ.с.) сонан соң, әйелі Хауаны жаратты. Ол екеуі жәннатқа кіріп, көптеген игіліктерге бөленген-ді. Оларға жұмақтағы бір жемістен басқа кез келген жемістерді жеуге рұқсат етілді. Шайтанның азғыруына еріп, ол екеуі тиым салынған жемісті жеуі себепті күнәһар болды. Алла тағала олардың күнә жасағандарына өкінгендері туралы:
«Ол екеуі (Адам мен Хауа): «Раббымыз! Біз залымдық жасадық, егер Өзің кешіріп, рахымыңа бөлемесең нағыз зиянға ұшыраушыдан боламыз», – деді», – деген («Ағраф» сүресі, 23-аят).
Осыдан кейін Алла ол екеуін кешірді. Алла тағала: «Сонда Адам Раббысынан (тәубеге келу) сөздерін қабыл алып (жалбарынды). Раббысы оның тәубесін қабыл алды. Өйткені Ол тәубені қабыл етуші, Рахымды», – деп айтқан («Бақара», сүресі 37-аят). Содан кейін Алла оны таңдаулы құлдарының қатарына қосты. Алла тағала: «Негізінен Алла Адам мен Нұһты және Ибраһим мен Имранның әулеттерін әлемдерге таңдады» («әл-Имран», сүресі 33-аят).
- Нұһ пайғамбардың (ғ.с.) дұғасы
Нұһ ( ғ.с.) 1000 жылдан астам уақыт өмір сүрді. Оның уақытында адамдар арасында күпірлік пен ширк көбейіп, пұттарға табынды. Сол кезде Алла тағала Нұһты ( ғ.с.) пайғамбар етіп жіберді. Ол ( ғ.с.) Алла жолына шақыруға өте көп күш жұмсады. Нұһ (ғ.с.) дағуат жасап, күні-түні олардың үйлеріне, жиындарына барды. Олармен ашық және құпия түрде кездесіп, сөйлесті. Оларды 950 жыл бойы Алланың жолына шақырды. Бірақ санаулы адамдардан басқа ешкім иман келтірмеді. Алладан «олардан басқа ешкім иман келтірмейді», – деген әмір келгенде: «Раббым! Жер жүзінде кәпірлерден ешбір тұрғын қалдырма. Егер оларды қалдырсаң, құлдарыңды жолдан адастырады да бұзақы кәпір (балаларды) ғана туады», – деп дұға жасады («НұҺ» сүресі, 26-27 аяттар).
Алла тағала Нұһ (ғ.с.) пайғамбардың дұғасын қабыл етті және жақын арада кәпірлерге зор азап келе жатқанын хабарлап, оған кеме жасауды бұйырды.
«Одан бұрын жалбарынған Нұһтың тілегін қабыл етіп, оны және оның отбасын зор қасіреттен құтқарғанымызды (еске ал). Біз оған аяттарымызды жалғанға шығарған қауымға (елге) қарсы көмек бердік. Негізінде олар оңбаған қауым еді. Сондықтан олардың барлығын суға батырдық» («Әнбия» сүресі, 76-77-аяттар).
- Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дұғасы.
Ибраһимнің (ғ.с.) қауымында да пұтқа табынушылық кеңінен етек алды. Оның әкесі пұттарға табынумен ғана шектелмей, оларды өз қолымен жасап, ел арасында таратумен шұғылданған кісі еді. Ибраһим (ғ.с.) өз дағуатын әкесінен бастайды. Бұл туралы «Шұғара» сүресінде: «(Ей, Мұхаммед!) Оларға Ибраһимнің хабарын оқып бер. Ол өз әкесі мен қауымына: «Не нәрсеге құлшылық етесіңдер?» дегенін (есіңе ал). «Біз пұттарға табынып, оларға әркез беріліп тұрамыз», – деді. (Ибраһим): «Оларға дұға етесеңдер сендерді ести ме? (Сендерге) пайда, не зиян тигізе ме?» – деді. Олар: «Алайда біз әкелеріміздің осылай жасағанын көрдік», – деді. (Ибраһим): «Сендер және ілгеріде өткен әкелерің не нәрсеге табынғандарыңды көрдіңдер ме? Олардың (барлығы да) маған жау. Бірақ әлемдер Раббысы (болған Аллаға ғана құлшылық жасаймын). Ол мені жаратып, тура жолға салған. Мені тамақтандырып, сусындатқан. Ауырып қалсам шипа берген, жанымды алып кейін тірілтетін және жаза (яғни, қиямет) күні күнәмді кешіреді деп үміттенемін» – деп түсіндіргенін және сөзінің соңында: «Раббым! Маған даналық беріп, ізгілердің қатарына қос! Маған кейінгілердің арасында жақсы естелік бер. Мені Нағым жаннаттарының мұрагерлерінен ет!» – деп Аллаға дұға жасағаны баяндалады («Шұғара», 69-85 аяттар). Алла оның алғашқы тілегін қабыл алғаны туралы: «Расында Ибраһимнің әулетіне кітап пен хикмет бердік және оларға зор патшалық берген едік», – деді («Ниса» сүресі, 54-аят). Сосын оны ізгі жандардың қатарына қосқаны жайлы: «Әрі ол ақиретте де ізгілерден» («Бақара» сүресі, 130-аят).
Ал соңғы тілегін қабыл еткені жөнінде: «Оған кейінгілердің арасында (жақсы даңқ) қалдырдық. Ибраһимге сәлем! Ізгі іс істеушілерді осылай сыйға бөлейміз. Шынында ол Біздің иман келтірген құлдарымыздан (еді)», – деп айтқан («Саффат» сүресі , 108-111 аяттар).
Шымкент қаласы орталық мешіті