Ыдырыс – Құранда аты аталған пайғамбарлардың бірі.
«Исмағұл, Ыдырыс және Зұлкафил: бәрінде де сабыр мол еді» (Әнбия сүресі, 85- аят).
«Кітаптағы Ыдырыс оқиғасын да ескер, ол да нағыз шыншыл пайғамбар болған» (Мәриям сүресі, 56-аят).
«Біз оны жоғары мәртебеге көтердік» (Мәриям сүресі, 57-аят).
Ыдырыстың Құрандағы сипаты сабырлылық, шыншылдық. Ғұламалар оны бірінші уахи келген пайғамбар дейді. Қабыл ұрпақтарын надандықтан, күпірліктен қайтып, Аллаға тәубаға келуге, Оның әміріне сай болуға бірінші болып шақырған пайғамбар деп санайды. Құранда оның тағылым-тәрбиесі, өмірі жайлы айқын ештеңе айтылмаған. Өміріне дәлел боларлық тарихи дерек те жоқ. Әрбірден соң оның туылған жылы, өскен жері туралы даналар пікірі де түрліше. Ғалымдардың бір тобы ол Мысырда Манаф деп аталатын жерде дүниеге келген деседі. Ол уақытта патшалықты Һармис, Әл-Һарамис деп атаған дейді. Кейбіреулердің айтуынша Грецияда туылған. Грекше Арис, арабтарша Һармис деген ой айтады. Алла Тағала Құранда оны Ыдырыс деп атаған. Екінші бір топ Ыдырысты Бабылда туып-өскен, алғашқы білімді Адамның баласы Шиштен алған, ал Шиш Ыдырыстың әкесінің бабасының бабасы дейді. Ыдырыс үлкейген кезде Алла оған пайғамбарлық берген. Адамдардың біразы оған бойсұнса, біразы қарсы келген. Ыдырыс пен оны жақтаушылар Мысырда тұрды. Халықты жақсылыққа шақырып, жамандықтан аулақ болуға үгіттеді. Алланың дінін, бірлігін танып, жаратушы бір Аллаға құлшылық ету, ақирет азабынан құтылу, бұл дүниеде жақсылық істеп, ғибадат қылу, қияметте қиналмау жолын түсіндірумен болды. Олардың әрбірін намаз оқуға шақырып, әрбір айда белгілі бір күндері ораза тұтуды бұйырды. Адамдарды дін дұшпандарынан сақтануға шақырды. Кедейлерге қарасып, байлықтарынан оларға зекет беруді ұсынды. Сол еңбегіне қарай Алла Тағала Ыдырыстың дәрежесін өсірді. Ыдырыс сөзі арабша көп оқыған, көп білім алған деген мағынаны білдіреді. Ыдырыстың дәуірі Адам баласының нәрестелік шағындағы кезең болатын. Сондықтан ол кезде әлі тарих та, діни кітаптар да жоқ болатын. Сол себепті Ыдырыстың қай жылдары қай жерде өмір сүргені туралы нақты дерек шамалы.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті