Ислам ғалымдары Құрандағы әрбір сөздің мағынасы мен мазмұнын жіберіп алу қаупінен қатты қорыққан. Сөйтіп олар Құран оқылғанда орындалуы тиіс көптеген талаптарды ұсынады. Біз орындалуы тиіс осындай талаптардың арасынан негізгілерін сұрыптап, сіздерге төмендегі реттілікпен ұсынамыз:

1) Айтылған сөздің ұлықтығын түсіну. Бұл сөз жоғары мәртебелі Алланың сөзі. Оның жер бетіндегі жан иелері үшін аспан аршысынан түскенін білу. Сөздің мағынасы мен мазмұнының тереңдігін және оның мақсатын байқау.

Кейбір даналар: «Расында құдіретті Алланың сөзіндегі әрбір әріп лаухул махфузда (тағдыр кітабында) сақтаулы. Ол Қаф тауынан да үлкен. Егер періштелер оның бір әрпін жабылып көтермекші болса да, тіпті оларға сол лаухул махфуздың (тағдыр кітабының) жауаптысы Исрафил періште көмекке келседағы олар оны орнынан қозғалта алмайды», – дейтін көрінеді.

2) Құрандағы сөздің иесін ұлықтау. Аятты оқитын адам, бұл аяттың адам сөзі емес екенін жақсы ұғынуы қажет.

3) Аятты оқымас бұрын жүректі барлық бұзық ойдан тазартып, басқалармен сөйлеспеу. Тәпсірде: «Ей, Яхия! Кітапті мықты ұста», – деген аятқа қатысты. Мұнда Құранды түсіну, соған ұмтылу және оны берік ұстану, оқыған кезде Құраннан басқасын ұмыт, – деп түсіндіреді. Ертеде сахабалар мен тақуалар аятты оқыған кезде, көңілі басқа жақта болса, онда оны екінші рет қайта оқитын болған.

4) Оқыған аяттың мәні мен мағынасын ойлау. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Мән-мағынасын түсінбей жасаған құлшылықтан және естіп, ойланбаған аяттан пайда жоқ», – деген.

Әбу Сүлеймен әд-Дарани: «Расында мен бір аятты оқыған кезімде, келесі аятқа өту үшін ойымды бөлмейтін болсам, онда оқылған аятымның мәнін түсіну үшін төрт немесе бес күн тұрып қалар едім», – деп айтқан. Осындай басқа да тақуалардың бірі өзінің «Һуд» сүресін ойланып оқып, алты ай отырғаны туралы айтқан. Әрине, мұның барлығы оқушы адамның білімі мен ой жүгірту деңгейіне байланысты жағдай.

5) Жақсы білім. Құранда келген Алланың сипаттарын, Оның амалдарын, пайғамбарлардың қиссаларын, өтірікшілер мен залымдардың ахуалын т.б. жағдайларды жақсы түсініп, біліп отыру.

6) Құранды түсінуге бөгет болатын нәрселерден арылу. Расында көптеген адамдардың жүрегінде дүние қамы мен құмары басым. Сондықтан олар аяттың мағынасын түсіне алмайды. Олар үшін Құранның сыры жабық. Құранды түсінуге бөгет жасап, адам ақылын тұмшалап тастайтын төрт себеп бар:

Біріншісі, көп жағдайда адам Құранның мағынасына емес, дыбыстың ережеге сәйкес дұрыс немесе қате шығуын ойлаумен әлек болады. Дыбыс және әріппен әлек адам, Құранның мағынасын қалайша түсінбек! Адамға мұндай ойды әзәзіл салады.

Екіншісі, Құран аятын құлақпен есту арқылы жаттап, сол адамның аят оқу мақамына еліктеп, басқаны тыңдамау және Құранға қарап оқымау.

Үшіншісі, күнәға белшесінен батқан адам және тәкаппар, әрі нәпсісінің соңынан ерген адам. Бұл жағдай жалт-жұлт еткен айнадағы дақ сияқты. Жүректі кірлететін ең қауіпті нәрсе – осы. Адамдардың басым көпшілігі осы жүрек дертіне шалдыққан. Адам күнә жамылғысына оранған сайын аяттың мағынасы да одан жасырына түседі.

Төртіншісі, тәпсіршілердің арасындағы талас мәселесі. Бір топ ғалымдар аяттың тек сыртқы көрініс мағынасына қатысты тәпсірлерді мақұл көреді және сонымен шектеледі. Екінші топтағылар Құрандағы сөздердің сыртқы мағынасы мен бірге ішкі мағынасына назар салады.

7) Құранда орындауға шақырылған және қайтарылған әрбір амалды Алланың әмірі деп түсіну. Айтылған қиссаларды өзі үшін ғибрат деп білу. Сондай-ақ, Алла бұл аятты арнайы өзіне түсірді деп сену.

8) Аятпен әсерлену. Аяттағы қуаныш пен өкініш және қайғы жағдайларын жүрекпен тыңдауға ұмтылу.

9) Құран аятын Алланың Өзінен естіп тұрғандай сезіну. Мұның үш мәртебесі бар. Ең төменгі мәртебесі: мен Құранды Алланың құзырында тұрып, оқып тұрмын деп елестету. Екінші мәртебесі, Алла мені көріп және құдіретімен сөйлеп тұр деп жүрегімен сезіну. Сонда адамның бойында ықылас, ұят, аятты көңілімен түсіну сияқты сезімдер пайда болады. Үшінші мәртебе жоғарыда айтылған екеуінен жоғары саналады. Мұндай мәртебеге Алланың сүйікті пенделері мен тақуалар ғана жетеді. Бұл жағдай – аятты айтушы Раббыны және Оның сипаттарын көріп тұрғандай сезімді кешу.

10) Өзін Алланың мейірімі мен қаһарының ортасында елестетуі қажет. Егер аятта ізгі адамдар үшін мақтау мен марапат айтылса, өзін солардың арасынан емес, бәлкім Алладан солармен бірге болуын сұрайды. Егер өтірікшілер мен күнәһарлар үшін азап айтылса, Алладан олармен бірге болдырмауын сұрайды.

Құран аяттары – Алладан келген қасиетті мәтіндер. Олар адамды жаратқан Алла жәрдемінің қажеттілігін ғана айтып қоймай, адамның Аллаға мұқтаждығын көрсетеді.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38