Gibratka toli migrajtuni

Gibratka toli migrajtuni

Миғраж түні дегеніміз не? Оның қадір-қасиеті қандай? Бұл сұрақтарды көпшіліктің бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исра және Миғраж оқиғасын миләди 621 жылы Режеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде басынан өткерді. Бұл Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрынғы оқиға еді. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды.
Миғраж түнінде Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады (түнгі сапар арабтарда «исра” деп аталады). Одан миғражға – жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық Пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі – аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.
Миғраж – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі.
Алла Тағала жеті Пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.
Ғажайыптарға толы бұл оқиғаларды кейбір өзге діннің өкілдері тұрмақ, өз діндестіміздің өзі әрқалай түсінеді. Шын мәнінде, исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өңінде денесімен, әрі рухымен жасалған сапары.
Исра және миғраж оқиғасы Пайғамбарлықтың оныншы жылы, яғни ислам тарихында «қайғыға толы жыл” деп аталған кезде жүзеге асты. Сол жылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлкен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан ұлы Абдулла да қайтыс болды. Бауыр еті балаларынан айырылу Алла елшісіне (с.ғ.с.) әрине, оңайға соқпады.
Қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз да дүние салды. Мұсылмандар кәпірлердің зорлық-зобалаңы мен ауыр азабынан қиналды. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қатты қайысты.
Дегенмен, миғраж хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз үшін Алла Тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамын қайта жақты.
Осы түнде періште Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Ей, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр”, – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла Тағала) бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) «әл-Харам» мешітінен төңірегі тұнған береке – байлық – «әл-Ақса» мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла Тағала) естуші әрі көруші”, – деді («Исра” сүресі, 1-аят).
Үш мешіт қасиетті саналады. Олар Қағба мешіті (Меккеде), Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешіті (Мединеде) және «әл-Ақса» мешіті (Иерусалимде). Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау харам (тиым салынған). Әл-харам деп аталуының да себебі осында.
Аяттағы әл-Харам мешіті деп Мекке қаласы түсініледі. Әл-Ақса мешіті кезінде Мұса мен Иса және ол екеуінің арасында өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қыбыласы болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да Меккедегі әл-Харам мешіті қыбыла болғанға дейін Ысқақ пен Яқуб (ғ.с.) екеуі салған «әл-Ақса» мешітіне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мединедегі әл-Қибләтәйн (екі қыбылалы) мешітінде болғандарында көздері жетеді.
«Ақса” ұзақ, алыс, бір шеттегі деген мағынаны білдіреді. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі ғибадатхана болғандықтан «әл-Ақса” деп атанып кеткен.
Миғраж оқиғасы туралы мағлұматтарды көптеген діни кітаптардан табуға болады. Олар: «Қысасул-әнбийа”, «Тәжул-қысас”, «Нәдирул-миғраж”, «Мәғәрижун-нубууәт”, «Усулул-миғраж” және т.б. Айтылған кітаптарға сүйене отырып, оқиғаның қандай болғандығын хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың өзінен есітелік:
«Жәбірейіл (ғ.с.) маған бурақ (пырақ) деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мініп, Жәбірейіл (ғ.с.) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен 124 мың Пайғамбар күтіп алды. Барлығымен көрісіп, мешітке кіріп, бірге намаз оқыдық. Намаз оқып болған соң баршасы мені миғражға шығарып салды.

Бірінші қабат
Мен пыраққа мініп, жер бетінен көкке көтерілдім. Жәбірейіл (ғ.с.) қасымда болды. Аспанның бірінші қабатына жеттік. Жәбірейіл (ғ.с.) оның күзетші періштесіне: «Қақпаны аш!”, – деп бұйырды.
–Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.
– Бұл Алланың хабибі соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.), – деп жауап берді.
–Мұхаммедтің пайғамбарлық дәуірі басталды ма?, – деп таңғалып сұрады періште.
–Иә! – деп жауап қайырды Жәбірейіл (ғ.с.).
– Қош келдің, Мұхаммед! – деп сүйіне қақпаны ашып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды ол.
Бірінші болып қарсымыздан Адам (ғ.с.) шықты. Мен оған сәлем бердім. Ол (ғ.с.) маған: «Ей, қадірлі перзентім, қош келдің”, – деп ақ батасын берді. Адамның (ғ.с.) оң мен сол жағында есік бар екен. Оң жағына қарап қуанып, сол жағына қарап көзіне жас алатын. Оң жағындағы жәннат есігі. Жәннатқа кіретін ұрпақтарының хал-жағдайын көріп, сүйісінер еді. Сол жағындағы тозақ есігі. Тозақтағы ұрпақтарының тартатын азабына қайғыратын.
Осыдан кейін Нұх (ғ.с.) Пайғамбармен жолығып, оның да батасын алдым.
Сансыз періштелер Алланы дәріптеп, мадақ айтып жүргенін көрдім.
Періштелердің бір тобы сапқа тізіліп, тік тұрып, Алланы ұлықтап жатыр екен. Мен Жәбірейілден: «Бұлар не істеп тұр?”, – деп сұрадым. Ол маған: «Бұлар Жаратушы Иесіне ғибадат етіп тұр. Аспан жаратылғаннан қиямет күніне дейін осылай тұрып, құлшылық етеді. Бұлардың ғибадаты осылайша өтеді”, – деп жауап берді. Мен де үмметіме осы ғибадатты сұрадым. Алла Тағала сөзімді жерде қалдырмай, үмметіме намаз ішінде қиямда тұруды парыз етті.
Бірінші аспанды еркін араладым. Аспан көркем әрі су сияқты көкпеңбек екен. Бірінші аспан мен екінші аспан арасындағы қашықтық бес жүз жылдық жол. Қалыңдығы да сонша екен.

Екінші қабат
Ол жерден аттанып, аспанның екінші қабатына жеттік. Оның есігінің қасында да жоғарыдағыдай сұрақ-жауап болды. Рұқсат алып, ішкері кірдік.
Хазіреті Яһя мен Иса (ғ.с.) Пайғамбарлар осында екен. Олармен кездесіп, баталарын алдым.
Қиямет күніне дейін төрт Пайғамбар тірі жүреді деп айтады. Екеуі аспанда, екеуі жерде. Аспандағылар: Ыдырыс пен Иса (ғ.с.) Пайғамбарлар. Жердегілер: Қыдыр мен Ілияс (ғ.с.) Пайғамбарлар.
Осы аспанды аралап жүргенде Мүнкир-Нәкир атты екі періштені көрдім. Бұл періштелер жерленген мәйіттің қабіріне кіріп, олардан сұрақ-жауап алады екен. Қастарына барып, сәлем бердім. Олар мені жақсы қарсы алды. Мен оларға: «Қабірде жатқан мәйіттен қалай сұрақ-жауап аласыңдар?”, – деп сұрадым. Олар: «Адамдар мәйітті қабірге қойып кеткеннен соң, алдына кіріп: «Раббың кім, Пайғамбарың кім, дінің не?” – деп сұрақ береміз. Шын мұсылман сұрағымызға: «Раббым – Алла, Пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), дінім – Ислам”, – деп қиналмай жауап береді. Оның жауабына қанығып, қайтып кетеміз. Пасық, мұнапық және кәпірлер сұрағымызға жөнді жауап бере алмайтыны анық. Біз оларды азапқа саламыз”, – деп түсіндірді.

Үшінші қабат
Аспанның үшінші қабатына келдік. Ондағы сақшы періште де: «Қош келдің, Мұхаммед! – деп бізді қуана қарсы алды.
Мұнда жетпіс мың періштенің «Сүбхаанә зиль-мүлки уәль-мәләкуут, сүбхаанәль-мәликиль-хаййиль-ләзии ләә ямуут” (яғни, Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – барлық мүліктің әрі құдіреттің иесі. Және Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – хақиқи патша. Ол өз сипатымен тірі, ешуақытта өлмейді), деп тәсбих айтып жатқанын көрдім.
Бұл жерден өтіп, сапарымды жалғастырдым. Мұнда бастарын сәждеге қойып, Аллаға тәсбих айтып жатқан періштелерді көрдім. Мен оларға сәлем бердім. Олар бастарын сәждеден көтеріп, сәлеміме әлейк айтты да, қайтып сәждеге жығылды. Мен Жәбірейілден: «Үшінші аспандағылардың ғибадаты осы екен де?”, – деп сұрадым. Ол маған: «Иә, Алладан бұл ғибадатты сіз де сұрасаңыз болады”, – деді. Солай істедім де. Алла Тағала дұғамды қабыл етіп, намаздың әр ракатында екі рет сәжде жасауды маған парыз етті. Намаздың әр ракатында екі сәжде жасаудың тарихи қайнары осыған саяды.
Үшінші аспанда Жүсіп, Дәуіт және Сүлеймен Пайғамбарлармен (ғ.с.) кездесіп, сұхбат құрдық. Олар (ғ.с.) да тілегін айтып, құттықтады.

Төртінші қабат
Төртінші қабатқа беттедік. Қақпаның сақшысынан кіруге рұқсат алып, мұндағы сапарымызды бастадық. Бұл жерде тізе бүгіп, тәсбих айтып, Аллаға құлшылық жасап отырған бір топ періштелерді көрдім. Мен Жәбірейілден: «Бұлар сонда Аллаға ғибадат етіп отыр ма?”, – деп сұрадым. Ол (ғ.с.) маған: «Иә, осы аспан жаратылғаннан бері мұндағы періштелер осылайша құлшылық етеді, бұл ғибадатты сіз де Алладан сұраңыз”, – деді. Шын ниет етіп, Жаратушы Иемнен осы ғибадатты сұрадым. Ниетім Аллаға жетіп, намаздың соңындағы «қағдай ахир” (соңғы отырыс) ғамалы парыз етілді.
Төртінші аспанда Ыдырыс (ғ.с.) Пайғамбармен кездестім. Ол (ғ.с.) да ашық жүзбен қарсы алып, батасын берді.
Аспанның төртінші қабатында тақта отырған суық жүзді үлкен бір періштені көрдім. Жәбірейіл (ғ.с.) оны маған: «Ол дүние ләззатын қырқып, жамағаттан айыратын, үйлерді тоздырып, зираттарға өмір бағыштайтын, сәбилерді жетім, қыз-келіншектерді жесір қалдыратын барлық мақұлықтардың жанын алушы Әзірейіл”, – деп таныстырды.
Оның жүзінде күлкі белгісін байқамайсың. Мен барып сәлем бердім. Бірақ сәлемім жауапсыз қалды. Алла Тағала оған: «Хақтың хабибі, халықтың сәйідінің сәлемін қабыл ал!” – деп бұйырды. Періште дереу төмен түсіп, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) құшақтап: «Расында, Раббымыз сізді қадірлі, үмметіңізді құрметті етіп жаратты”, – деп жылы қарсы алды. Жәбірейіл (ғ.с.) маған: «Иә, Расулулла! Өлім періштесі сізден басқа ешкімге орнынан тұрып, мұншалық қошемет көрсетпеген болатын”, – деді.
Төртінші аспанда орналасқан «Бәйтул-мәъмур” атты аспан періштелерінің қасиетті үйіне де жеттік. Жер жүзінде мұсылмандардың ең қасиетті үйі Мекке қаласындағы Кағба саналса, ал аспан әлемінде – осы үй екен. Күнде бұл үйде жетпіс мың періште тәуеп етеді, бір рет тәуеп еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуепке кезегі жетпейді екен. Жәбірейіл (ғ.с.) мені қолымнан ұстап, Бәйтул-мәъмурға алып кірді де, маған: «Иә, Алланың хабибі! Жер бетінде сіз барлық Пайғамбарларға имам болып намаз оқып бердіңіз. Енді мұнда жеті аспан періштелерінің баршасына имам болып, екі ракат намаз оқып берсеңіз”, – деп өтініш білдірді. Мен Жәбірейіл бауырымның өтінішін қабыл алып, имам болып намаз оқып бердім. Мұндай көп жамағатты көрмеген едім. Сонда мені «менің үмметімнің де осыған ұқсас жамағаты болса еді”, – деген ой орады. Сонда Алла көңілімдегіні біліп: «Ей, хабибім Мұхаммед, бұл сияқты жамағатты сенің үмметіңде де пайда етемін. Ол – жұма намазына қатысқан жамағат. Бәйтул-мәъмурда оқылған намаздардың сауабын оларға да жазамын”, – деді.

Бесінші қабат
Одан да жоғары көтеріліп, аспанның бесінші қабатына жеттік. Алдыңғыдай рұқсат сұрап, ішіне кірдік. Бұл жерде де Аллаға тәсбих айтып, құлшылық жасап жүрген періштелер көп екен.
Мұнда Һарун (ғ.с.) Пайғамбарға жолықтым. Һарун (ғ.с.) көп жақсы баталар беріп, аса құрмет көрсетті.
Бесінші аспанда бір қауымды көрдім. Беттері қап-қара, нұрсыз, қайғылы, қорқынышқа толы. Азап періштелері оларды шыбықпен ұрып қуып жүр, заққұм атты от пен ірің аралас тағамды ауыздарына құйып тұр. Мен Жәбірейіл бауырымнан: «Бұлар кімдер?”, – деп сұрадым. Ол маған: «Дүниеде Алланың берген ризық-несібесін басқалармен бөліспеген, малынан зекет шығармаған пенделер. Ондай адамдарды аспандағы періштелер Алланың күнәһар сараң дұшпаны деп әлемге жар салады. Ал, малынан зекет шығарғандарға Алла разы болып, аспандағы періштелер оларды Алланың иманды жомарт досы деп атайды», – деп жауап берді..
Бұл туралы Алла Тағала: «Қазыналарыңды Құдай жолынан аямаңдар, өз қолдарыңды өздерің байлап (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Тәңірі шын дос тұтады”, – дейді («Бақара” сүресі, 195-аят).

Алтыншы қабат
Одан шығып, аспанның алтыншы қабатына жеттік. Қақпа алдындағы сақшы періште де мені көріп, қуана күтіп алды. Мұнда да Аллаға тәсбих айтып, құлшылық ұрып, жалбарынып жатқан көптеген періштелерді және түрлі ғажайыптарды көрдік.
Алтыншы қабатта Мұса (ғ.с.) Пайғамбарға жолықтым. Ол да игі тілек тілеп, бата берді.
Құранның көптеген аяттары мен сүрелерінде Мұса және оның қауымы туралы түрлі мысалдар келген. Олар біз үшін үлгі-өнеге болу қажет.
Алла Тағала тарапынан Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіне бұйырылған елу уақыт намаздың бес уақытқа қысқартылып, оларға жеңілдік жасалуына Мұса (ғ.с.) себепші болды.
Үтір намазы да мұсылман үмметіне осы жерде үәжіп болған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейілдің (ғ.с.) мақамына жеткен кезде, періште оған: «Иә Расулулла, қазір менің мақамымда тұрсыз. Сондықтан бір ракат намаз оқыңыз, сонда Алла бұл жерді тағы да мүбәрак еткей”, – деді. Мұхаммед (с.ғ.с.) бір ракат намаз оқыды, көңіліне «бір ракат та намаз болушы ма еді”, – деген ой келді де, артынан тағы бір ракат қосып, екі ракатқа толықтырды. Алла Тағаладан: «Иә, Мұхаммед! Сенің ғибадатың бізге ұнады, соның үшін тағы бір ракат қосып қой. Оны біздің әміріміз деп білгейсің”, – деп бұйырды. Үшінші ракатты оқып, рукұге еңкейгенде Құнут деген періште: «Иә, Алланың хабибі! Құнут дұға арқылы маған ұлық дәреже берілді, сіз де осы дұғаны оқып, сыйлық ретінде қабыл етіңіз”, – деп ұсыныс тастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны да қабыл алды. Намазды оқып болғанымнан соң, Жәбірейіл (ғ.с.) маған: «Осы намазды берік ұстаңыз, мұнда жасырын хикмет жатыр”, – деді.

Жетінші қабат
Аспанның ең соңғы қабатына да келдік. Мұнда да таусылмас керемет мұғжизалар бар екен. Онда бара жатып, кенет мұрнымызға хош иіс келді. Оның адамға жаққаны соншалық, жұта бергің келеді. Жәбірейілден: «Бұл не?” – деп сұрадым. Ол (ғ.с.): «Сегіз жәннаттың иісі”, – деп жауап берді. Алла Тағала: «Кімде-кім Маған және Пайғамбарыма иман келтіріп, ешкімді серік қоспаса, ізгі ғамал жасаса, сол пендеге жәннатыма кіру нәсіп болады”, – деп хабар берді.
Жетінші аспанда Ибраһимды (ғ.с.) көріп, қасына барып, оған сәлем бердім. Сәлеміме әлейк алып: «Қадірлі перзентім, қош келдің, – деп қуанышпен қарсы алды.
Осыдан кейін біз ары өтіп, Сидратул – мунтәһәға да жеттік, ол Алланың құдіретіне белгі болардай, жемісті үлкен ағаш екен.
«Сидратул – мұнтәһә” сөзі «шекараның соңы”, «соңғы бекет” деген ұғымдарды береді. Ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарлар, періштелер және ғалымдардың білім – ғылым өрісі де осында келіп бітеді”, – деген. Кейбіреулер: «Алланың ең ардақты пенделері шаһидтердің рухтары осында келіп тоқтайды, одан ары өте алмайды”, – дейді. Жәбірейіл періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден ары қарай Пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.
Жәбірейіл періште Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Екеуіміздің де шекарамыз бар. Менің шекарам осы арада бітеді. Бұдан ассам, біткенім. Ал, сен Алланың мейманысың, Алла Тағала сені өзіне шақырған. Сен адамзатқа жіберілген рахмет алып келуші Пайғамбарсың. Мұнан ары өзің барғайсың”, – деп қоштасты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сапарының жалғасы жайында: «Ғарышқа өттім. Алла Тағала маған: «Ей, Мұхаммед, менімен сөйлес!” – деді. Мен: «Ей, тәңірім Алла! Тілім, жан-тәнім және мал-дәулетіммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшін”, – дедім. Сонда Алла Тағала: «Ей, Алланың елшісі, саған сәлем мен Алланың рахметі және берекеті болсын!” – деді. Мен: «Сәлем бізге және Алланың ізгі пенделеріне болсын”, – дедім.
Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейін ұлы ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында періштелер бір ауыздан танымал сөзді оқыды: «Алланың барлығы мен бірлігіне, хазіреті Мұхаммед Алланың пендесі және елшісі екендігіне куәлік береміз”, – деді. Біз әр намазда арабша оқып жүрген «әт-тәһиййат” дұғасы осы, ол Алла Тағала мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражда сөйлесуінен келіп шыққан дұға.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраж түнінде «үмметім, үмметім” деп көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, оларды ғапу етуді сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Тәңірім, мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын”, – деді. Хақ Тағала: «Намаз-мүминдердің миғражы”, – деп Мұхаммедті (с.ғ.с.) осы хабармен қуантты.
Миғраж түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) үш сый жасалды.
1. «Бақара” сүресінің соңғы екі («Әәмәнәр-расул”) аяты уахи етілді.
2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үмметін шапағат ету құқығы берілді.
3. Бес уақыт намаз парыз етілді.
Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алла Тағаланың құдіретіне белгі болатындай көп мұғжизаларды көру нәсіп етті. Ең ұлысы Алла Тағаланың кемел дидарын көру болды. Бұл ешбір Пайғамбарға нәсіп етпеген ең ұлы керемет еді. Сол үшін Пайғамбарымызға берілген есепсіз мұғжизалардың ең үлкендерінің бірі миғраж мұғжизасы. Өйткені, ол ең төменгі әлемдегі тозақты, ең жоғарғы әлемдегі пейішті өз көзімен көріп, тамашалады. Иә, шегі шексіз әлемді аралап шығу, көптеген оқиғаларды басынан өткізу түннің бір бөлігінде ғана болып өтті.
Оқиға соңына жетіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйіне қайтып келеді де, қуанышы қойнына сыймай миғражда көрген-білгендерін адамдарға ертерек жеткізуге асығады. Оқиғаны бастан-аяғына дейін тыңдап, мүшріктердің иман келтірмеуіне көз жеткізген Әбу Тәліптің қызы Үммі һани Мұхаммедтің (с.ғ.с.) етегіне жабысып, оған: «Құрайыштар саған жала жаппаса екен деп қорқамын”, – деп жылайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мейлі, айтқан сөздерімді жалған деп, мені өтірікшіге шығара қойсын. Оларды хабарландыру менің міндетім”, – деп үйінен шығып кетеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан шығып тура Кағба алдына барады да, құрайыш қауымы өткізіп жатқан жиналысқа қатысады. Сол араға Әбу Жәһил да келіп, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасына отырады. «Көңіліне Алла иман нұры мен тәуфиқ салса, түк емес”, – деген жақсы ниетпен оған миғраж оқиғасын айта бастайды. Жүрегі тастай қатып, иманнан мақұрым қалған Әбу Жәһил әңгімені мұқият тыңдайды да, орнынан атып тұрып, адамдарды шақырып, оларға: «Құрметті халайық, жақын отырып, мынау «Пайғамбардың” әңгімесіне құлақ түріп көріңдерші”, – деп кекете бастайды. Расулулланың (с.ғ.с.) айтқан әңгімесін ақылдарына сиғыза алмаған кәпірлер: «Міне, енді жалғандығы паш болды”, – деп сандарын шапалақтайды. Иманы әлсіз жандар ислам дінінен қайтып, күпірлік жолына бас ұрады. Құрайыш кәпірлері бұл оқиғаны дәлел ретінде пайдаланып: «Қалайша түннің бір сәтінде алыс жерге барып келеді, бұл өтірік емес пе?”, – деп мүминдерге тиісе бастайды.
Басқа біреулер жүгіріп, Әбу Бәкірдің (р.а.) қасына келіп: «Ей, Әбу Бәкір, досың Мұхаммедтің айтып жатқанын естідің бе? Ол тағы бір жаңа өтірікті шығарыпты. Екі ай дегенде әрең жетіп баратын Бәйтул-Мақдиске түннің бір-ақ сәтінде барып келдім, деп лапылдап жүр. Сен не дейсің, әлде бұған да сенесің бе?”, – деп оны шатастырмақшы болды. Әбу Бәкір оларға: «Осыны Мұхаммед айтқан болса, ол рас айтқан. Әрине, мен оған сенемін. Өйткені, жеті қабат аспан үстінен оған бір-ақ сәтте келген уахи хабарларына сеніп, оны мойындап жүрген мен бұл айтқанына неге сенбейін?!”, – деп жауап қайырды.
Сол күннен бастап Әбу Бәкір «сыддық”, яғни шыншыл деп атала бастады. Сонымен адамдардың арасында түрлі-түрлі әңгімелер көбейді. Олардың ішінде Құддыста болған адамдар да бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұрын Құддыста болып көрмеп еді. Бәйтул-Мақдисты көргендер Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) оның қандай екендігін сұрап, сынамақ болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көргенін әдемілеп сипаттап берді. Құддысты көргендер: «Иә сондай, иә сондай”, – деуден ары өте алмады. Мүшріктердің бірқатары: «Біздің керуенімізді қай жерде көрдің?”, – деп сұрады. Оларға да керуендерінің қай жерде келе жатқаны, онда неше адам барлығы, жағдайлары қалай екені, сол түні қай жерде қонғаны, кім басшы екені және ол қара боз түйеге мініп келе жатқаны, тіпті сол түйеге не артылғаны туралы анық сипаттама береді. Кейін адамдар керуенді күтіп алып, қараса Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқанындай болып шығады.
Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (ғ.с.) келіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибраһим (ғ.с.) намаз оқығандай, күніне екі рет – таң мен кешкі уақыттарында екі ракаттан төрт ракат намаз оқып жүретін.

Осы оқиғадан алынар ғибрат:
1. Намаздың құндылығы. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) Алладан болған өзге бұйрық, тыйымдар Жәбірейіл періште арқылы жеткен болса, ал, намаз оқу бұйрығы көкке көтерілгенінде, Алланың құзырында, Оның Өзінен бұйырылған еді. Сондықтан, бұл жайт – намаздың бізге нәсіп болған айрықша нығмет екеніне дәләл болмақ.
2. Зәм-зәм суының қасиеттілігі. Бұл ғажап сапар мен көкке көтерілуден бұрын, періштелердің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеудесін ашып, оның жүрегін Зәм-зәм суымен жуғаны белгілі. Бұл мақсатта басқа бір су түрі емес, арнайы Зәм-зәм суының қолданылуы да оның қасиеттілігін көрсетеді.
3. Аллаға бойсұнбаудың кесірі. Осы сапарында Алла Елшісі (с.ғ.с.) тозақты және Алланың бұйрығына қарсы келіп, соған сай жазасын тартып жатқан күнәһарларды көрді. Әсіресе, олардың арасында ауыр жазаға тап болғандар – өз аузынан шыққанға өзі амал етпейтін ілім иелері, өтірік, өсек, ғайбат айтушылар, риба, яғни, өсім көру арқылы өмір сүретіндер, зинақорлар, аманатқа қиянат келтіргендер, зекет беру мен намаз оқуға немқұрайлы қараған адамдар екен.
4. Сонымен бірге, бұл сапар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен оның сахабаларының рухын көтеруге үлкен себебін тигізді. Өйткені, дәл сол кезеңде олар ауыр сынақтарды өткеріп жатқан әрі көңілдері қайғы мен қазаның әсеріне толы еді.
5. Сапар барысында әл-Ақса мешіті мен оның төңірегінің тарихи маңызы көрсетіледі, себебі, бүкіл Пайғамбарлардың жиналған және намаз оқыған жері ретінде дәл осы қасиетті мешіт таңдап алынған болатын.
Шариғатымызда бұл оқиғаның құрметіне қатысты жасалатын арнайы бір құлшылық түрі жоқ, дегенмен, әрбір мұсылман бұл оқиғадан алынар ғибратты есіне алып, өз өмірінде соған сай амал етуі абзал болады.

Түркістан қаласы орталық
Түркістан-Ахмет Яссауи мешітінің бас имамы Омар қажы Елеуұлы Көбеков

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38