Пайғамбарлар қиссасы
Иман шарттарында пайғамбарларға сену шарты бар. Көптеген кітаптарда Адам а.с-нан бастап соңғы Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарымызға дейін жалпы 124 мың пайғамбар болған делінеді. Анығын Алла біледі. Санына емес, барша пайғамбарларға иман келтіреміз. Дұрысы осы болар… Ал қасиетті Құран Кәрімде 25 пайғамбардың есімі аталған. Бүгінгі мақаламызға арқау болған мәселе сондай Пайғамбарлардың бірі болған, Құран Кәрімде аты аталған Аюб а.с. жөнінде болып отыр.
Аюб а.с.-ның сабырлығы
Құран аяттарында, хадистерде де Аюб а.с.-ның өзіне жеткен қиыншылығына сабыр еткенінен басқа, қауымы немесе оның айтқан уағызы жайлы мағлұматтар келген емес. Сондықтан да біз Аюб а.с. жайлы аяттардан білеміз және қанағаттанамыз. Құран Кәрімде Аюб а.с.-ның аты «Ниса», «Анғам», «Әнбия», «Сод»сүрелерінде төрт мәрте айтылған. Шыққан тегі: Аюб ибн Амуас ибн Зариҳ ибн ал-Ийс ибн Ысҳақ ибн Ибраҳим. Кейбір деректерде анасы Лут а.с.-ның қызы болған. Дамасқа жақын тұрған елге елші болып келген. Ол өте бақуатты және құрметті абыройлы, мұқтаждарға көмек беретін қайырымды жан болған. Ол адамгершілігі мол ізгілікті мінезімен, әділдігімен, шынайы Аллаға сенді.
Құран аяттарында Ниса сүресінің 163-інші аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.) Нұх (Ғ.С.) және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да уахи еттік. Сондай-ақ Ыбырайым, Ысмайыл, Ысхақ, Яғқұп (Ғ.С.), ұрпақтарына және Ғиса, Аюб, Юныс, Һарұн және Сүлеймен (Ғ.С.) ге де уахи еттік. Әрі Дәуіт (Ғ.С.) ке Зәбұрды бердік», – делінген.
Демек, барлық пайғамбарларға уахи жіберіп, оларды пенделердің ішінен таңдап алынуы Жаратушы Иеміздің қалауы. Аюб а.с.- ды өзінің қалауымен пайғамбар етті.
Құран Кәрімнің Әнғам сүресінің 84-інші аятында: «Және оған (салихалы перзент) Ысхақ, (а.с.), (салихалы немере) Яқубты (а.с.) сыйлық етіп, барлығын һидаятқа (тұра жолға) бағыттадық. Одан бұрын Нұхты (а.с.) да тұра жолға бағыттап, оның ұрпақтарынан Дәуіт (а.с.), Сүлеймен (а.с.), Аюб (а.с.), Юсып (Жүсіп) (а.с.), Мұса (а.с.) және Һарунды (а.с.) да (тұра жолға бағыттадық). Міне, ізгілік істеушілерге осындай сыйлықтар береміз».
Сондай-ақ, бұл аятта Алла Тағала Аюб а.с.-ды өзінің пайғамбарын халыққа танымал пайғамбарлармен бір қатарда айтуда. Құранда Әнбия сүресінің 83-інші аятында: «Аюб (а.с.)-те Раббына:»Маған бір бәле келді. Сен мәрхамет етушілердің абзалысың». Оған өте үлкен бір қиындық келгені белгілі. Бірақ сол қиындықтың нақтыне екені аяттарда анық айтылмайды. Аюб а.с. жалбарынып жатқан сәттеде әдептілікпен, өзіне жеткен қиындықтың не екендігін айтпайды.
Риуаяттарда Аюб а.с. ауыр кеселмен ауырған. Қандай кесел екендігін Алла Тағаланың өзі біледі. Ғұламаларымыз Аюб а.с.-ға жеткен жиіркенішті кесел жайында кейбір риуаяттарда үлкейтіп асыра сілтеп айтылған сөздерді пайғамбарлық мәртебесіне дұрыс келмейді деген.
Аюб а.с. ықыластылардың, тақуалыққа ең берілгені және танымалы еді. Демек, тақуалыққа ықыласы мықты жандар сынақ мағынасында әртүрлі бәлекеттерге ұшырап тұрады. Тақуалық ұлық мәртебе, оған оңайлықпен жете алмайды. Шын мәнінде, тақуалық-ықыластылық мәртебесіне жетуі үшін пенде әлдеқанша көп сынақтардан өтеді.
Бүгінде бүтін дүниеде Айюб а.с.-ның сабыры нақыл болып кеткен. Біреу өзіне сабырлыққа шақыратын болса, маған Аюбтың сабырлығындай сабырлық бер деп сұрайды. Біреу басқа біреудің сабырлығын мақтайтын болса, пәленшеге Алла Тағала Аюб а.с.-ның сабырлығындай сабыр берген деп үлгі етеді. Аюб а.с.-да өмірінде тұра Дәуіт а.с. және Сүлеймен а.с.-ға ұқсас сынаққа дұшар болған. Ол кісінің сабырлығын нақ осы ауыр сынақта көрсету болған. Бірақ нақ қандай сынақ келгені жайлы мағлұматтар жоқ. Өйткені ең маңыздысы оның түрі емес сынақтың келгені, мәні ғибрат үшін керек. Алла Тағала пенделеріне пайғамбарлардың қиссаларын ғибрат алуды әмір еткен. Олар жайында түрлі қиссалар тоқуға немесе кеселдің түрін ақтаруға бұйырмаған.
Құран Кәрімнің Сод сүресінің 41-інші аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.) құлымыз Аюб (а.с)-ды есіңе ал. сол уақытта Раббына: «Рас, мені шайтан бейнет және қинауға ұшыратты» деп жалбарынды. Аюб а.с. барлық нәрсе Алла Тағаладан екендігін жақсы білсе де, көңілсіз нәрселерге сыпайылық танытып, шайтанның қатынасы бар екендігін сезді. Аяттағы: «Сол кезде ол Раббысына; Әлбетте, мені шайтан қайғы-қасіретпен қатты ұстады», -деді. Шайтан қиын да ауыр сынақтарды аздыруды жалғастырды. Осылардың қатарында Аюб а.с.-ның әйелі де бар еді. Шайтан әйеліне де жан-жақтан келіп аздырып, егер Аюб а.с.-ды Алла Тағала жақсы көргенде оны бәлекетке ұшыратпар еді деп азғындау айласын іске асырмақшы болады. Сол сәтте шайтанның айласы жүзеге аспады. Барлық адам жүздерін бұрып кеткенде де Аюб а.с.-ның жанында бір ғана шынайлық танытқан әйелі ерін желкесіне көтеріп жүрді. Ауылға немесе қалаға барсада көтеріп алып барып, бір талдың көлеңкесіне жайғастырып, қолындағы бар мал-мүлкін соған жұмсап, қажетті заттарын алып беретін, жуындырып, киіндірді, тамақтандырды. Бірнеше уақыттан соң қолдарында бар қаражаттары да таусылды. Соған қарамастан адамдардың киімдерін жуу, ауласын тазалау, малдарына қарау,қызметтерін атқарып, еңбек етіп ақша тауып, еріне күтім жасап, дертке шалдыққан ерін бір сәтке де жалғыз қалдырмай, өміріне налымады да. Онша мұнша әйелдер игере алматындай іс еді.
Аюб а.с. бірде-бір рет Алла Тағалаға шағымданбай, «Шипа бер» деп дұға етпей, «Жаратушы Ием қиналдым» демей, басына түскен бәлекеттерді әйеліне де налып айтпаған. Күндердің бір күнінде Аюб а.с-ның әйелі азғана тағам алып келеді. Аюб а.с. таңданып ; «Бір кісінің қызметін жасадыңыз ба» деп сұрайды. Әйелі; «Жоқ» дейді. Қайдан алдыңыз дегенде, әйелі үндемейді. Бір екі күн өткен соң және тағам алып келді. Аюб а.с және сұрады; «Қызмет еттіңізбе», әйелі «Жоқ қызмет етпедім» дегенде Аюб а.с тағыда жауап беруін қоймай сұрады. Әйелі орамалын шешкен еді, бірінші күні бір жағын, екінші күні екінші жағындағы шаштарын сатып келгендігі аян болды. Сол себептен де олардың бұл сабыр-қанағаты адамзат баласы үшін ғибрат болып қалды. Жалғасып жатқан ұзақ уақыт ішінде бір мәртеде налымаған әйелі ерінен талағын алып кетсе де болар еді. Бірақ ондай амал етпеді. Әйелі бір күні ішіндегі мұңын білдіріп : «Сіз Алланың Пайғамбарысыз ғой, бір ғана дұға етсеңіз болмайма, қиналып кеттім», – деді. Мән беріп қарайтын болсақ, бұл екі күн үйде май немесе ет болмағаннан емес, қаншама жыл желкесінде көтеріп жүргеннен кейін айтып жатыр, ерін көтеріп жүру оңай іс емес екендігі белгілі. Сонда «Дұға етсеңіз Алла қабыл етеді ғой», – дегенінде Аюб а.с.: «Біз неше жыл жақсы өмір кештік»,-деді. «70 (кейбір деректерде 80) жыл» деп жауап берді әйелі. Сонда Аюб а.с.: «Жетпіс жыл жақсы өмір сүріп, дәл сонша жыл бәлекетте жасамай тұрып, Алладан шипа сұрауға қиналамын», – деді. Аюб а.с.-ның айтқан сөздеріне бір назар салатын болсақ, әлі 70 жыл қиыншылықта жасамай тұрып, дұға етіп шипа сұрауына қиналғандығын естіген әйелі: «Алла Тағала бұл бәлекетті, қиыншылықты бізден кетіреді ме екен», – деген үмітпен сұраған еді. Аюб а.с: «Қалайша Алланың тағдырына разы болмайсың, Алланың атымен ант етемін, егер жазылып кетсем, осы сөздерің үшін, 100 дүре соғамын», – деді. Қиыншылықты бірге өткізген уақыттарын 7 жыл, 12 жыл, 18 жыл өмір кешкен делінген деректер бар.
Құранның «Әнбия» сүресінің 83-інші аятында;»Аюб (а.с.)-те Раббына:»……Сен мәрхамет етушілердің абзалысың», -деп жалбарынды. Осы аяттада Аюб а.с.-ның жалбарынып жатқандығы жайлы баяндалуда. Аюб а.с. жалбарынып жатқан сәтте де әдептілікпен, Алла тағала мәрхамет етушілердің абзалы екендігін еске алуда. Яғни, маған қиындық келгені, оның қандай екендігін Өзің жақсы білесің, Сен ең мейірімдісің, маған да мейірімділік етуші Өзіңсің деп жалбарынуда.
«Әлбетте, Біз оның дұғасын қабыл алдық, Оған жеткен қиындықты кетірдік…………». Алла Тағала Аюб а.с.-ның сұрауына, жалбарынуына лайықты жауап берді. Құранның Сод сүресінің 42-інші аятында: «Аяғыңмен жерді теп. Міне саған шомылатын әрі ішетін суық су» (дедік). Яғни аяғыңмен жерді теп деді. Аюб а.с. Алланың әміріне бағынып, аяғымен жерді тепкен еді, ол жерден су шықты. Сонда Алла Тағала: «Бұл шомылатын және ішілетін су», – деді. Демек, сол суға шомылған адам шипа табады. Одан ішілсе ,ішкі дерттерге дауа болады. Ғұламаларымыз осы өте нәзік жайтқа көңіл аудару керектігін айтады. Алла Тағала Аюб а.с.-ға дайын суды көрсетпестен: «Аяғыңмен жерді тепкің», – деді. Ол кісі жерді тепкенде су шықты. Содан соң Алла Тағала: «Бұл шомылатын және ішілетін су», – деді. Бұдан ұғатынымыз Алла Тағала барлық нәрсені дайындап бермейді. Бәлкім, пенденің өзінде әрекет болса, жәрдем береді деген мағына түсіндіріледі. Сондықтан әрбір нәрседе, дертке дауа іздеуде де пенде Алладан жәрдем тілеген халде өзі әрекет етуі керек. (сонымен қатар, бұл жерде емделу үшін шипасы бар бұлақ суларын пайдалануға болатындығы көрсетілуде).
Аюб а.с. суға шомылып, одан ішіп, шипа тапқаннан соң Алла Тағала ол кісіге отбасын қайтарды. Құранның «Әнбия» сүресінің 84 аятында: «………….Оны, ұрпақтарын, олармен бірге және сонша жақсылықты да бердік…….». Келген қиыншылыққа бәлекетке, дертке Аюб а.с. қабақ шытпай сабыр етіп, Аллаға жалбарынған соң, Алла Тағала ол кісіге ұрпақтарын, дәулетін қайтарып және сонша көбейтіп берді. Олармен бірге артық қылып және сонша артығымен берді. Алла Тағала бұл істерді хикметсіз қылған жоқ. Құранда: «Бұны Өз мейріміммен және басқаларға ескертпе болсын деп істедік»-деген. Оқиғадан хабардар болған әр адам баласы басына бәлекет түскенде Аюб а.с. ұқсас әдемі сабыр етсе түптің түбінде Алланың мейірімі болатынын еске алып, ғибрат алады. Сонымен қатар, Аюб а.с. жазылып кетті, отбасы да екі есе болып қайтты. Яғни, сабырлы пенделерін әрдайым Алланың мейіріміне қол жеткізу үшін білдіру, ғибрат үшін сондай жасалынғаны айтылуда.
Ең ауыр сәт, жанында тұрған шынайылық танытқан әйелін мүмкіндік болғанда дүре соғу уәдесіне амал ету қалды. Сонда қиын кезде шынайлық танытқан, желкесіне алып жүрген, бәлекеттерді бірге тартқан әйеліне жүз дүре соғу керек еді. Әлбетте бұл ауыр мәселе еді. Бірақ Алла Тағала Өз мейірімімен бұл мәселені де шешті. Құранның «Сод» сүресінің 44-інші аятында Алла Тағала Аюб а.с-ға айтты: «Қолыңа бір топ ши алып, сонымен бір ұр. Сертіңнен қайтпа!» Шынында оны сабырлы көрдік. Ол недеген жақсы қүл. Өйткені ол, өте бойсұнушы».
Алла Тағала Аюб а.с.- ды уәдесін қалай орындауды үйретуде және ол кісіге Өз таманынан мұншалық жомарттық көрсетілудің себебін баян етуде: «Қолыңа бір топ ши алып, сонымен бір ұр. Сертіңнен қайтпа!» . «Ей, Аюб! Неше мәрте дүре соғуды айтқан болсаң, сонша сабанды бір бума қылып алда, онымен әйеліңе дүре соқ. Сонда уәдеңді орындаған боласың». Солай жасап, уәдесін орындады. Үлкен сабыр және әдемі жомарттық болған Аюб пайғамбар жары әйелдерімізге өрнек, ғибрат болсын.
Тарихшылардың айтуынша Аюб а.с. 93 жасқа дейін отбасымен бірге ғұмыр кешіп, 26 перзентінің болғандығын, бірінің есімі Бішрән болып, ол Құран Кәрімде айтылған ЗулКифл а.с. (Алла білуші).
Қиссадан сабырлылықтың, шыдамдылықтың көркем үлгісін көреміз. Аюб а.с. бар байлығынан, отбасынан, денсаулығынан айырылса да Жаратушы Иемізден күдерін үзбеді. Келген сынаққа болаттай бекем болып, сынақтан өтіп, жақсылықтарды мол етіп қайтарды.
Біздер осынау оқиғадан ғибрат алайық. Алла Тағаланың берген нығметтеріне разы болайық және қанағат етейік. Бар нығметті кеткенде білеміз. Барды бағалап шүкір етіп, қиындықта сабырлыққа шақырып, Алланың мейірімінен үмітімізді үзбейік. Отбасы мүшелері қашанда қуанышпен, қиындық сәттерде бір-біріне демеу болып, ұстасқан қолдар ажырамаса екен дегіміз келеді. Алла Тағала дұға тілектерімізді қабыл етіп, ауырып жатқан, дерткен шалдыққан жандарға шипа тілейміз. Аюб а.с. сабырлығындай сабырлы болуды баршамызға нәсіп етсін.
Қазығұрт ауданы «Мұсылмандар» мешітінің найб имамы
Полатов Еркін қажы Тұрғынұлы