Жетім. Қаншалықты суық сөз еді десеңізші…
Қай бала болмасын, Жаратушы сыйлаған қысқа ғұмырында ата-анасының алдында өсіп-өнгенге не жетсін. Дегенмен, өміріңдегі барлық өлшем-кесімдер Алла тағаланың қалауымен болатыны анық.
Жетімдер мәселесіне қатысты дінімізде не айтады? Олардың бұ дүниедегі жағдайлары мен ертеңгі мәңгілік ғұмырдағы тағдыры қалай болады?
Қасиетті Құранда:«Жетімді қорлама. Сұраушыны зекіме. Раббының нығметін білдір», – делінген(«Духа» сүресі 9-11 аяттар).
Өзіне ғана құлшылық етіп, мінсіз мойынұсынуды әмір еткен Алла тағаланың кітабы Құран Кәрім де, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сара жолы – сүннеті де, жетім-жесірге қамқорлық жасауға, жетімдердің басын сипап, көңілін аулай жүруге шақырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол өнегесін сан ғасыр бойы ұстанып келген қазақ халқы да жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, «жетім көрсең, жебей жүр» деп, асыл дініміз Ислам қағидаларынан ауытқымай, иман беріктігі мен ахлақи кемелдігін танытып келе жатқаны белгілі.
Шын мәнінде, кез келген қоғамның қай уақытта да ең қорғансыз әрі әлжуаз бөлігі – жетімдер екенін білеміз. Жетім сөзінің түпкі мағынасы – жалғыздық дегенге келеді. Жетімдер-өздері балалы болмай жатып-ақ, ата-ананың қадірін тым ерте түсінгендер. Оларды бұғанасы қатпай жатып небір сорақылықты көзімен көрген, көңілі қаралы, жаны жаралы жандар десек, артық айтқандық емес.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шарифінде: «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз» ,-деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсетуі де жетімге көмектескеннің ісінің абзал әрі Алланың сүннеті екендігін аңғартады.
Атам заманнан бері қазақ халқы күш-қауқары жеткенше жесірі мен жетімін қорғауға тырысқан. Осы ұлағатты ұстаным ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Бүгінде мемлекет қамқорлығының аясында елімізде жүзге тарта балалар үйлері жұмыс істеуде. Әрине, бұл қазақ халқы үшін қуантарлық жағдай деуге болмас. Сонымен қатар, жүрегіне иман ұялаған азаматтардың болашақ ұрпағы алдындағы жауапкершілікті терең сезінуінен туындаған жеке қайрымдылық мекемелерінің ішінара болса да бой көтеруі, қолдауға лайық іс. Әбу Дарда (р.а.) сахаба риуаят еткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: «Ей, Әбу Дарда, жүрегің жұмсақ болуын қалайсың ба?»,-деп сұрағанда ол: «Ия, Расулуллаһ (с.ғ.с.), –деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ондай болса жетімнің басын сипағын, себебі жетімнің басын сипағанда оның тобе шашы қанша болса, сонша саған сауап жазылады, – деп жауап берген.
Сондықтан да болса керек, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айт намазын оқып мешіттен сыртқа шығып бара жатса балалардың ойнап жүрген жеріне келіп қалады. Олардың ойынын тамашалап тұрған кезде бір жетім баланың өсіп тұрған құрма ағашының түбінде жылап отырғанын байқайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның жанына келіп: «Ей бала, неге жылап отырсың,балдармен ойнамайсың ба?»,-деп сұрайды. Сонда әлгі жетім бала: «Я Расулуллаһ (с.ғ.с.), әкем соғыста қайтыс болды, ал анам болса басқамен тұрмыс құрды, өгей әкем болса маған киім алып беру былай тұрсын, үйден айдап көшеге қуып жіберді. Егер әкем болғанында меніде мына балаларды әкелері ойнатқандай ойнатып түйеге мінгізіп, жаңа киімдер алып берген болар еді», – дейді. Оған қатты жаны ашыған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жетім балаға қарап: «Мен сенің әкең болуымды қалайсың ба? Айша (р.а.) анаң болуын қалайсың ба? Фатима (р.а.) әпкең болуын қалайсың ба? Асан мен Үсен жиендерің болуын қаласың ба? Жылама балам, мен әкеңмін», – деп оны жұбатады. Сонда жетім бала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Сіздің түйеңіз жоқ қой, неге міндіресіз, анау балалардың әкелері түйеге мінгізіп ойнатып жүр, – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса жетім балаға қарап: «Мен саған өзім түйе боламын, үстіме отыр», – деп үстіне отырғызады. Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) баланы үстіне отырғызып жүгіре бастағанда, бала «Басқа балалардың түйелері лөкілдеп жүреді, менің түйем неге лөкілдемейді, – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйе сияқты жүре бастайды. Бір кезде балаПайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үстінде отырып: «Я әке, түйелерден бір даусы барғой,«ауф»,«ауф» деген, менің түйем неге «ауф»,«ауф» демей жатыр, – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол баланы қуанту үшін екірет «ауф»,«ауф» деп түйе сияқтыдауыс шығарады. Сонда Жебірейіл (а.с.) періште келіп: «Ей, Алла елшісі (с.ғ.с.) және біррет ауф десеңіз 18 мың ғаламға от кетеді», – дегенде тоқтаған екен.
Қараңыз, бір жетім бала үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйе болды, түйе сияқты жүгірді, түйе сияқты дауыс шығарды, бұның барлығы бір жетім баланың көңілін көтеру үшін жасады.
Біз бұл мысалды не үшін айтып отырмыз. Әлгі баланың тағдыры ертеңгі күні кез келгеніміздің баламыздың басына түспесіне ешкім де кепілдік бере алмайды ғой… Әрине, Алладан барлығымыз да сондай жағдайға тап болудан сақтануды тілейміз. Ендеше, кімде-кім бір жетім баланың басынан Алла ризалығы үшін деп сипаса әрбір тал шашы үшін жақсылық бар екенін ұмытпайық, ағайын!
Жетімді жылатудан сақтанайық! Оларға қолымыздан келген көмегімізді көрсетейік. Жетімнің зары түнде жүреді, таң сәріде Раббына көтеріледі де, жылатушыға азап жіберіледі. Сондықтан бір жетіп жыласа ғалам жылайды, Алланың ашуы келеді, ал енді жетім қуанса, сол жетім қуанғандығы үшін Алла тағаланың рахметі төгіле бастайды.
Бүгінгі күндері қоғамымызда тастанды балалар санының көбейіп отырғандығы қатты қынжылтады. Білуіміз керек, тастанды бала санының күн сайын артуы әрі олардың мүшкіл халі-бүгінгі ұрпақтың аталарымыздың бойындағы әлгі асыл қасиеттерден алыстағанының белгісі болса, болашақтың бұлыңғыр болуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан да жетімдерге қамқорлық жасау әрбір саналы мұсылман жанның міндеті.
Алла баршамызға сауапты істерді жасауға нәсіп етсін! Әмин.
Кентау орталық мешітінің имамы
Ғалымжан қажы Айкеев