Намаз, дінімізде ең маңызды және ең алғашқы сұралатын құлшылық. Алла Тағала Құран Кәрімде намазды ықыласпен орындауды бұйырған:

(وَقُومُواْ لِلّهِ قَانِتِينَ)

«(Намазда) Алланың алдында бойсұнған қалыпта тұрыңдар!» (Бақара, 238).

Тәпсірші Ибн Кәсир аталмыш аяттың түсіндірмесінде былай дейді: «Мұның мағынасы «Оның (Алланың) алдында (намазда) тұрғанда мүлтіксіз мойынсұну мен көнгіштікпен тұрыңдар» дегенді білдіреді. Әрі бұл Иләһи әмір намаз кезінде сөйлемеуді де талап етеді. Өйткені намаз оқып жатқанда сөйлеу оны бұзады. Нақ осы себепке байланысты Пайғамбар (с.а.с.) намаз оқып жатқан кезде Ибн Масғұдтың сәлеміне жауап бермеген. Ол (с.а.с.) намазын оқып болған соң: «Намаз оқып тұрған кісі тек намазбен ғана шұғылдануы тиіс», – деген» (Ибн Кәсир тәпсірі, 1/294).

Алайда қасиетті құлшылықты адамдардың бәрі бірдей мүлтіксіз орындай бермейді. Себебі, намаз шынайы иман келтіргендер үшін өте сүйкімді іс, ал иманы әлсіздер үшін өте ауыр іс болып көрінеді. Құдай Тағала былай дейді:

(وَإِنَّهَا لَكَبِيرَةٌ إِلاَّ عَلَى الْخَاشِعِينَ)

«Расында намаз бойсұнушылардан басқаларға ауыр» (Бақара, 45). Ал намазды бойсұнғыштықпен орындағандар түптің-түбінде арман-тілектеріне жетіп, Тәңірінің қолдауына ие болады.

(قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ * الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ)

«Ақиқатында мүміндер құтылып, бақытты болды. Олар намаздарында бойсұнып тұрады» (Мүминун, 1, 2). Айнымас иманның иесі өзінің құлшылығын да, тіршілігін де, өмірін де, өлімін де бір Аллаға арнайды. Өйткені құдіреті шексіз Құдай Тағаланың Өзі солай бұйырған.

(قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ * لاَ شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَاْ أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ)

«Айт: намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін, Оның еш серігі жоқ. Мен солай бұйырылдым және мен бойсұнушылардың алғашқысымын» (Әнғам, 162, 163). Алланың елшісі (с.а.с.) шарапатты хадистерінде намаздың әрбір мұсылман үшін маңыздылығын төмендегідей айшықтап түсіндірген.

Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Істің басы – Ислам, негізі – намаз, шоқтығы – жиһад». Термези, Ахмет, Ибн Мәже, Хаким, Бәйһақи риуаят еткен. Демек, түгел істің ең маңыздысы, дәйім басты назарда тұратыны Ислам болса, оның ішіндегі ең негіздісі, көкейтестісі намаз екен. Ал ең биігі нәпсімен, зұлымдықпен күрес болып табылады. Ақиқатында намаз пенденің осы дүниеден алатын ең үлкен үлесі.

Әнес сахабадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді болды: хош иістер, әйелдер және намаз көзімнің қарасындай болды». Нәсәи риуаят еткен.

Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісінің (с.а.с.) соңғы сөзі: «Намаз! Намазды және қол астыңдағыларды (яғни, олардың хұқтарын) сақтаңдар!» болған. Әбу Дәуіт риуаяты.

Убада ибн ас-Самит (р.а.) былай дейді: «Мен Алланың елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: «Кімде-кім Алла Тағаланың парыз қылған бес намазын дәретін жақсы алып, өз уақытында оқып, рәкағаттары мен мойынсұнушылығын кәміл түрде орындаса, оны Алланың кешіруі бір уәделі міндет болады. Ал кім олай етпесе, ол үшін Аллада ешбір уәде-міндет жоқ, қаласа кешіреді, қаласа азаптайды». Әбу Дәуіт риуаяты.

Уқба ибн Амир әл-Жуһәнидің (р.а.) айтуынша Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім жақсылап дәрет алып, сосын жан-жүрегімен, жүзімен екі рәкағат намаз оқыса, оған жәннатқа кіру міндетті болады». Нәсәи риуаяты.

Алланың елшісі (с.а.с.) тағы бір сөзінде былай дейді: «Намаз – ізгі істердің ең қайырлысы. Кімде-кім оның көп болуын қаласа, көбірек орындасын!». Табарани риуаят еткен.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Алланың елшісі (с.а.с.) мешітке кіріп отырғанда бір кісі кіріп келіп, намаз оқып, сосын Пайғамбарға (с.а.с.) сәлем береді. Пайғамбар (с.а.с.) оның сәлеміне жауап беріп: «Бар, намазыңды қайта оқы. Расында сен намаз оқыған жоқсың», – дейді. Әлгі кісі қайта тұрып намазын оқып, Пайғамбар (с.а.с.) келіп сәлем береді. Пайғамбар (с.а.с.) оған тағы да: «Бар, намазыңды қайта оқы. Расында сен намаз оқыған жоқсың», – дейді. Осы көрініс үш рет қайталанады. Сосын әлгі адам: «Сізді ақиқатпен жіберген Құдайдың атымен айтайын, бұдан артық намаз оқу білмеймін, үйретіңізші», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Намазға тұрғанда «Аллаһу әкбар!» деп тәкбір ал. Сосын Құраннан өзіңе жеңіл келген аяттарды оқы. Содан кейін рукуғ жаса. Онда орныққанша тұр. Сосын басыңды көтеріп, тік тұр. Сосын сәжде жаса, онда да асықпай жат. Сосын сәждеден көтеріліп, отыр. Асықпай отыр. Барлық намаздарыңда да осылай істе», – дейді. Бұхари риуаят еткен.

Басқа бір риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Асылында адам намазын бітіріп бара жатқанда оған намазының сауабының оннан бірі, не тоғыздан бірі, не сегізден бірі, не жетіден бірі, не алтыдан бірі, не бестен бірі, не төрттен бірі, не жартысы ғана жазылған болуы ықтимал». Әбу Дәуіт пен Нәсәи риуаят еткен. Яғни, намазханның бар ақыл-ойы құлшылықта болған намазы ғана сауапты болады екен. Ал өзінің не оқып, не қойғанын, қанша рәкағат оқығанын білмей қалса, ол намаздың сауабы аз, тіпті қабыл алынбауы да ықтимал.

Алдыңғы толқындағы мұсылмандар да намазды мұқият орындауға аса мән беріп, құлшылықты құлықсыз орындаудан сақтандырған.

Ардақты сахаба Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) мынадай ой айтады: «Намазда сапта тұрғанда оң жағындағы және сол жағындағы кісілерді танып-біліп тұрған адам намаз оқымағандай».

Хасан Басри: «Намазды оқығанда жүрегі басқа жақта болған жан жазаға лайықты», – деген екен.

Абдул-Уахид ибн Зейд деген ғалым: «Ғұламалардың ортақ пікірі бойынша пенде үшін намазының түйсініп оқығаны ғана жазылады», –дейді.

Ақырзаман таяғанда намазды бойсұнушы қалыпта емес, немқұрайды күйде жүрдім-бардым оқушылардың көбейетіндігі жайлы ардақты сахаба Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Сендердің діннен ең бірінші жоғалтатын нәрселерің, ол бойсұнушылық болады. Ал ең соңғы жоғалтатындарың – намаз. Тіпті, намаз оқушының да қайыры болмауы ықтимал. Мешітке кіре қалсаң бойсұнушылықпен оқып жатқан жанды көрмеуің де мүмкін».

Расында намазханның алаңсыз намаз оқуына кедергі болатын себептердің біріншісі, ол – шайтан. Адам баласының ең басты дұшпаны шайтан мұсылманға қай кезде де залалын тигізіп қалуға тырысады. Өйткені ол адамның қанымен ағып жүреді.

Бір сахих хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Шайтан адам баласының қан ағысымен ағып жүреді». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

Дегенмен, шайтан намазға бекем, дәті берік мұсылмандарды айтарлықтай азғыра алмайды. Бірақ мұсылман жамағатының арасына іріткі салып, алауыздық тудыруға шебер. Хадистерде бұл туралы ескерту бар.

Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Шындығында Ібіліс намаз оқушылардың өзіне табынуынан мүлде күдер үзді. Алайда олардың арасына алауыздық себетін болады». Ибн Хиббан риуаяты.

Азан шақырылғанда албасты зәре-құты қалмай қашады да, жамағат намазға кіріскенде, дүниелік істерді еске салып, құлшылықтың сауабын азайтуға тырысып бағады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Намазға азан айтылған кезде шайтан жел шығарып, артына қашады. Азан аяқталғанда қайта келеді. Қамат айтылғанда қайта қашады. Қамат айтылып біткенде қайта келеді де, намаз оқушы адам мен оның жүрегінің арасына жік салып: «Ананы-мынаны есіңе түсір», – деумен болады. Ақырында адам өзінің үш не төрт рәкағат оқығанын білмей, шатасады. Сондықтан да ол үш не төрт рәкағат оқығанын білмесе, сәһу сәждесін жасасын». Бұхари риуаят еткен.

Сондай-ақ, шайтанның тағы бір әдісі ұйықтап жатқан адамды намазға тұрғызбау. Сондықтан намаздан ұйықтап қалудың басты себебі шайтанның азғыруы болып саналады. Өйткені Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде намазға ұйықтап қалған адамның құлағына шайтан сарып кететіндігін айтқан. Құрметті жамағат намазға берік болу, дінімізге берік болу болып табылады!

Жауқаров Абзал Нұрғалиұлы Шымкент қ, «Имам Ағзам» мешітінің найб имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38