Жаратушы Алла Тағала адамды саналы етіп дүниеге әкелгені сияқты, өмірлік уақыт кезеңдерін де ерекше тағылыммен жасаған екен. Адам баласы салиқалы-ізгі амалдарды көп жасап және құлшылықта бекемділік таныту үшін Алла Тағала өзінің даналығымен кейбір түндерді, күндерді және айларды ерекшелеп қойды. Ислам күнтізбесіндегі осынау қастерлі айлар туралы Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді:
إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَر شَهْراً فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ فَلاَ تَظْلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ
«Ақиқатында, айлардың саны Аллада он екі. Алланың кітабында, ол аспандар мен жерді жаратқан күні /белгіленген/ олардың төртеуі тыйым салынған /айлар/. Міне осы – тұп-тура дін. Осы айларда өздеріңе әдлетсіздік істемеңдер»[1].
Белгілі тәпсірші ғалым әл-Қуртуби харам айлар жайлы айтылған осы аятты: «Алла Тағала харам айларын ерекше құлшылықпен өткізуді және ол айларда зұлымдыққа жол бермеуді бұйырған» – деп тәпсірлейді.
Құранда харам айлар жайлы айтылғанмен оның нақты қай айлар екендігі көрсетілмеген. Ал, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде бұл айлар жайлы мол деректер ұсынылады.
عَنْ أَبِي بَكْرَةَ عَنَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» إِنَّ الزَّمَانَ قَدِ اسْتَدَارَ كَهَيْئَتِهِ يَوْمَ خَلَقَ اللَّهُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضَ. السَّنَةُ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ؛ ثَلاثٌ مُتَوَالِيَاتٌ ذُو الْقَعْدَةِ، وَذُو الْحِجَّةِ، وَالْمُحَرَّمُ، وَرَجَبُ مُضَرَ الَّذِي بَيْنَ جُمَادَى وَشَعْبَانَ. رواه البخاري
Ал, Абу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса, бұл жөнінде: «Заман – Алла аспандар мен жерді жаратқан күндегідей қалпына қайта айналып келді. Бір жылда он екі ай бар. Оның төртеуі қасиетті. Үшеуі бірінен соң бірі келеді: Зул-қағда, Зул-хижжа және Мухаррам, ал төртіншісі—Жумадә мен Шағбан арасында келетін Ражәб айы»,—деген[2].
Бұл айлардың Алла Тағаланың құзырында құрметі жоғары болып және осы айларда күнәлардың бірнеше есе ауыр болғандығы себепті харам айлар деп аталды. Абдулла ибн Аббас былай дейді: «Алла Тағала төрт айды ерекшелеп харам айлары деп атады және оның құрметін жоғарылатып ол айлардағы істелген күналарды бірнеше есеге арттырып, ал ізгі амалдардың сауабын молайтты».
Кағб ибн Малик (Алла оған разы болсын) айтты: «Алла Тағала өзіне заманды таңдады, сол заманның сүйіктісі харам айлары». Тәубә сүресінің 36-аятында харам айларда өздеріңе зұлымдық қылмаңдар деп нұсқау берсе және бір сөзде он екі айда өздеріңізге зұлымдық қылмаңдар деп айтылады. Басқа деректерде харам деп аталуының себебі, ол айларда соғыстың харам болғандығы үшін делінеді. Себебі, бұл жахилият заманында белгілі нәрселерден еді.
Ражаб және Шағбан айлары
«Ережеп» сөзі араб тіліндегі «ражаба», яғни ұлықтау, мадақтау деген мағыналарды білдіреді. Имам Ражаб Ал-Ханбалидың айтуы бойынша Ражаб айының бұлай аталу себебі, бұл ай арабтарда ұлықталатын айлардан еді. Ал, Ислам келгеннен кейін Ережеп айының мәртебесі тіпті өсті. Бұл айда соғыспайтын, ұрыс-керіс, жанжал болмайтын. Бұл айда тәубә етушілерге Алланың рақметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі.
أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ أَبِي قَيْسٍ ، حَدَّثَهُ أَنَّهُ سَمِعَ عَائِشَةَ ، تَقُولُ : » كَانَ أَحَبُّ الشُّهُورِ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَصُومَهُ شَعْبَانَ
Абу Дауд жеткізген хадисте Айша анамыз айтады: «Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айлардың ішіндегі ораза ұстауға сүйікті болған ай Шағбан айы еді»[3].
عن عائشة رضي الله عنها قالت: (ما رأيت رسول الله – صلى الله عليه وسلم – استكمل صيام شهر قط إلا رمضان
Айша анамыздан р.а жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздың Рамазан айынан басқа айларда толық ораза ұстағанын көрген жоқпын» дейді[4].
Жоғарыдағы хадистен түсінетініміз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айының оразасын ұстап, Шағбан мен Рамазан оразасын қосқандығын көреміз. Алланың елшісі Рамазан айынан басқа ешқандай айларда толық ораза ұстамаған. Бұдан шығатын мәселе Пайғамбарымыз Шағбан айында толық ораза ұстады деген емес, керісінше Шағбан айының басым күндерін оразамен өткізгендігін білеміз.
Шағбан айында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстауының хикметі неде? дегенге келсек, расында Шағбан айы Рамазан айының алдында келетін ай болғандықтан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа айларда ораза ұстай алмауына байланысты болып отыр. Кейбір деректерде Шағбан айының оразасы кейбір парыз намаздардың алдында және кейін келетін сүннеттер тәрізді, Рамазан оразасының алдында Шағбанның оразасы келіп, кейін Шәууәл айының оразасы келген сияқты. Бұдан ұғатынымыз Шағбан айы қасиетті Рамазан айына үлкен бір дайындықпен кіріп, Рамазанның жаршысы болып саналады.
عن أُسَامَةَ بْنَ زَيْدٍ قَالَ قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ لَمْ أَرَكَ تَصُومُ شَهْرًا مِنْ الشُّهُورِ مَا تَصُومُ مِنْ شَعْبَانَ قَالَ ذَلِكَ شَهْرٌ يَغْفُلُ النَّاسُ عَنْهُ بَيْنَ رَجَبٍ وَرَمَضَانَ وَهُوَ شَهْرٌ تُرْفَعُ فِيهِ الْأَعْمَالُ إِلَى رَبِّ الْعَالَمِينَ فَأُحِبُّ أَنْ يُرْفَعَ عَمَلِي وَأَنَا صَائِمٌ
Усама ибн Зайд (р.а.): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқандай айларда Шағбанда ораза ұстаған сияқты ораза ұстаған емес» дей келе, ол Алланың елшісінен басқа айларда не себепті ораза ұстамайтынын сұраған екен. Сонда Расулулла: «Ол сондай ай Ражаб пен Рамазанның ортасында келіп және адамдардың көбі ғапілетте қалатын ай. Ол айда амалдар әлемдердің Раббысы Аллаға көтерілетін ай. Мен ораза болып амалдарымның Алла тағалаға көтерілгенін қалаймын» деді.[5].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің құлшылық ғибадаттарының ең көркем түрде жасалуын қалады. Ибн Рожаб Ал-Ханбали Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айында ораза ұстауының хикметін баяндаған кезде «Расында Шағбан айы Ражаб пен Рамазанның ортасында келіп адамдардың көпшілігі ескермей, ұмыт қалдыратын ай» деген болатын. Бұл хадистен түсінетін нәрсе адамдар ұмыт қалдыратын уақыттарда құлшылық істеудін маңыздылығы шығады. Мысалға, түнгі намаз, ақшам мен құптан намаздарының арасын білімге арнау және тағы басқалары.
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا دَخَلَ رَجَبٌ قَالَ: ( اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ، وَشَعْبَانَ، وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ)
Анас ибн Малик жеткізген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Режеп айы келгенде былай айтатын еді: «О Алла! бізге Шағбан мен Ражаб айында береке беріп және Рамазанға жеткізе гөр»[6].
Шағбан айы қарилардың айы деп аталған. Табиғиндерден болған Куфалық Салама ибн Кухайл: «Себебі адамдар Шағбан айы келген сәтте, уақыттарын тек қана Құран оқуға арнайтын. Сол себепті Шағбан айын Құран оқушылар айы деп атаған» дейді.
Бұл айда мұсылман адам уақытын қалай өткізу керек
1. Бұл айдың басым-көпшілік күндерін оразамен өткізген дұрыс. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда көп ораза ұстаған.
2. Қазасын өтей алмаған әйел адамдар қаза оразасының қазасын өтеуге асығу керек. Өйткені, Айша анамыз (Алла оған оазы болсын) Рамазан оразасындағы ұстай алмаған қазаларын осы айда ұстайтын еді.
3. Барлық адам Құран оқуға әрекет жасап, оны түсінуге тырысып, Құран түскен айға дайындалу керек.
4. Құран жаттап тарауық намазына имамдыққа шығатын имамдар Құрандарын пысықтап, дайындық жасау керек.
Рамазан – бұл тәубе мен кешірім айы
Барша мұсылман қауымы бұл айда Алла разылығы үшін ораза ұстап, ауыз аштырып, тарауих намазына қатысып, рухани азық алатын қасиетті ай. Өйткені, бұл Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы – Алла Тағаланың пенделеріне тура жолға бастаушы қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы мүбәрәк аяттары түсе бастаған, сексен үш жылдың көлеміне тең келетін Қадір түні бар, сондай-ақ тілек-баталар қабыл болатын қасиетті – Рамазан айы.
Рамазан оразасының парыздығы турасында Алла тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ ۱۸۳
«Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар»
[7].
شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَن كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلاَ يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُواْ الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُواْ اللّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ ۱۸۵
«Рамазан айы сондай бір ай, сол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»[8].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айдың құндылығы мен берекетін ескере отырып, Шағбан айының соңғы күндерінде былай деген екен: «Ей, мұсылмандар! Ұлы әрі мүбәрак айдың көлеңкесі төбелеріңе жақындап келді. Ол ішінде мың айдан да қайырлы Қадыр түні бар ай.
Рамазан айы бұл ойын сауық айы емес, керсінше Аллаға Тағалаға жақындап, ыхылас танытып, мейлінше Алла Тағаланың алдында кішірейіп, тәубеге келетін ай.
Абу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шөлдеген адам су тапқанда, баласы жоқ адам перзентті болғанда, адасқан адам жол тапқанда қалай қуанатын болса, Алла Тағала өзінің пендесінің тәубесіне оданда қатты қуанады» – делінген[9].
عَنْ أَبي هُرَيْرَةَ عَنِ النَّبِيِّ قَالَ: «مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
Әбу Хурайраның (Алла оған разы болсын) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»[10].
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَقِيَ الْمِنْبَرَ ، فَقَالَ : » آمِينَ ، آمِينَ ، آمِينَ » ، فَقِيلَ لَهُ : يَا رَسُولَ اللَّهِ ، مَا كُنْتَ تَصْنَعُ هَذَا ؟ ! فَقَالَ : » قَالَ لِي جِبْرِيلُ : أَرْغَمَ اللَّهُ أَنْفَ عَبْدٍ أَوْ بَعُدَ دَخَلَ رَمَضَانَ فَلَمْ يُغْفَرْ لَهُ ، فَقُلْتُ : آمِينَ . ثُمَّ قَالَ : رَغِمَ أَنْفُ عَبْدٍ أَوْ بَعُدَ أَدْرَكَ وَالِدَيْهِ أَوْ أَحَدَهُمَا لَمْ يُدْخِلْهُ الْجَنَّةَ ، فَقُلْتُ : آمِينَ . ثُمَّ قَالَ : رَغِمَ أَنْفُ عَبْدٍ أَوْ بَعُدَ ، ذُكِرْتَ عِنْدَهُ فَلَمْ يُصَلِّ عَلَيْكَ ، فَقُلْتُ : آمِينَ «
Абу Хурайрадан жеткен тағы бір хадисте, «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) расында мінбарға көтерілді және «Әмин» деп үш рет айтты. Ей, Алланың елшісі сен бұлай істемейтін едің ғой деп айтылды. Сонда Пайғамбарымыз былай жауап берді: Жәбірейіл маған айтты Рамазан кіріп күнасы кешірілмеген адамның Алла Тағала мұрнымен жер сүзгізсін. Мен «Әмин» деп айттым. Ата-анасының бірі немесе екеуі де тірі бола тұрып жәннәтқа кірмеген адамнын мұрны жер сүзсін. Мен «Әмин» деп айттым. Менің атым аталып маған салауат айтпаған адамның мұрны жер сүзсін деді, мен «Әмин» деп айттым»[11].
Рамазан айында мұсылман адам өзімен жұмыс істеп, рухани байлыққа кенелуі керек. Кімнің адамдармен мәміледегі жолы дұрыс болса, оның діндегі жолы дұрыс болады.
أن رجلاً قال: يا رسول الله إن فلانة ذكر من كثرة صلاتها وصيامها غير أنها تؤذي جيرانها بلسانها؟ قال: هي في النار
Абу Хуройрадан жеткен хадисте Пайғамбарымызға с.ғ.с бір кісі былай деді. «Расында пәленше әйел көп намаз оқиды, ораза ұстайды деп айтылады, алайда көршісіне тілімен зиян келтіреді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол әйел отта» – деп жауап берді [12].
إِذا جَاءَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الجنَّةِ وغُلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ وصُفِّدَتِ الشياطِينُ
«Рамазан айы келгенде, жәннаттың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары жабылады, шайтандар кісенделеді» [13].
Мұсылман оразаны Алланың разылығы үшін ұстайды. Нәтижесінде Алла ондай құлының сыйын өзі нәсіп етеді. Хадис құдсиде Алла Тағала былай дейді:
كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلاَّ الصِّيامَ فَإِنَّهُ لي وأَنَا أَجْزِي بِهِ
«Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» [14].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
للصَّائمِ فَرْحَتَانِ يفْرحُهُما إِذا أَفْطرَ فَرِحَ بفِطْرِهِ وإذَا لَقي ربَّهُ فرِح بِصَوْمِهِ
«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады»,-деген [15].
Міне, біз көбіне қасиетті айлардың тағылымын ғана біліп жатамыз. Ал, ардақты пайғамбарымыз ұстанып, өзгеге үлгі-өнеге еткен бұл айдың да біздер үшін тағылымы мол екен. Жалпы, біз әр күнімізді ғибратпен өткізуге машықтануымыз керек. Аллаға құлшылық жасау арқылы біз иманның терең сырларына қанығамыз. Сондықтан әр мүсылман бұл айлардың қадірін түсініп, оразасын ұстап, құранын оқып, дұға тілек жасап өткізсе дейміз. Себебі, біз осы тірлігімізде жинаған сауабымызбен ахиретте оның қызығын көретінімізді қаперден шығармауымыз керек.
Қыдырмин Қанат Қоянбекұлы
ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі