Ислам діні адамды адал еңбек етіп, тер төгіп таза ризық табуға шақырады. Алла Тағала Құран кәрімде: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»,- деп бұйырған. Бір күні мешітке үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи ғаріп келеді. Мұны сахабалар Мұхаммед с.а.с. (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға айтады. Алла елшісі с.а.с. әлгі пақырды қасына шақырып мұндай жағдайға қалай жеткенін сұрайды. Сонда ол жұмыссыздықтан азып-тозып кеткенін айтады. Алла елшісі с.а.с. оған: «Сіз қазір бір арқан жіп пен балта алып келе аласыз ба?»– деп сұрайды. Ғаріп: «Иә», – деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір арқан жіп пен балта алып келеді. Сонда Алла елшісі с.а.с. оған: «Енді осы балтамен таудан отын шауып, сол отынды базарға алып барып сат», – дейді. Әлгі бәдәуи пайғамбарымыздың айтқанын орындап адал еңбек етіп, қажетіне жарайтын табыс табады да кедейлік пен жалқаулықтан құтылады. Расында Алла Тағаланың саналы адам баласына берген бала-шағасы аманат. Олардың тамағы, киімі және баспанасы отағасының мойнындағы міндет. Яғни әрбір мұсылман отбасы мүшелерінің дұрыс тамақтанып, бүтін киім киіп және жайлы үйде тұруларына жағдай жасайтын болса үлкен сауапқа кенеледі. Ол жайында Алла елшісі с.а.с. «Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады»- деген. Демек, отбасына адал жолмен ризықтар табу жолында тер төгіп, шаршап-шалдығу бізді сауапқа және күнәларымыздың кешірілуіне себепкер болады екен. Ал енді кімде-кім жалқаулықпен бала-шағасын аш-жалаңаш қалдырса немесе жеңіл жолдармен отбасына арам ризық әкелетін болса күнә арқалап және отбасының берекесін қашырады екен.
Ол жайында Алла елшісі с.а.с. хадис шәрифінде: «Ер адамның қолына қарап отырған әйелі мен бала-шағасын аш-жалаңаш етіп нәпақасыз қалдыруы күнә ретінде оның бір басына жеткілікті болып табылады»,– деген. Себебі отағасына берілген бала-шаға Алланың аманаты. Олардың дұрыс тамақтанып, денсаулықтарының дұрыс болып және жақсы тәрбие мен білім алуларына жағдай жасау ер адамның міндеті. Сонымен қатар мұсылман баласы иманы мен абыройын сақтау үшін де дәулетті болғаны дұрыс. Оған дәлел Алла елшісі с.а.с. мына дұғасында: «Уа, Алла Тағала! Ақиқатында мен сенен тура жол, тақуалық, арлы болуды және ешкімге мұқтаж болмайтындай мал байлығын сұраймын»- деген. Халқымызда да «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей», «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады. Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады», «Бейнетпен тапқан нан тәтті» – деген қанатты сөздер бар. Қорыта айтқанда асыл дініміз ислам бізді ешкімге қол жаймай еңбек етіп, адал жолмен нәпақа табуға және арлы да ынсапты болуға шақырады.
Шымкент қаласы «Шейх Мұхаммед Садық» мешітінің наиб имамы Әлімқұлов Нұржан Ескендірұлы