Қасиетті Ережеп айының құрметіне Шардара ауданы бойынша Жастар өкілі Н. Шәдетханның ұйымдастыруымен «Шардара» орталық мешітінде аудан көлеміндегі мешіттердің сауат ашу курсында оқып жүрген шәкірттер арасында Құран оқудан жарыс ұйымдастырылды. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады», – деген тақырыппен өткізілген жарысты ұйымдастыруға мешіт ұстазы М. Ханзадаев тікелей атсалысты. Сайысқа 25 шәкірт қатысты. Қатысушылар Құранды мәнерлеп жатқа оқу ғана емес, сонымен қатар ақида, тәжуид, ғибадат, ахлақ, және Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірбаяны бойынша сауалдарға жауап берді. Олардың білім деңгейіне «Шардара» орталық мешітінің бас имамы А. Данияров, Шардара ауданы бойынша Жастар өкілі Н. Шәдетхан, «Аль – Фаттаһ» мешітінің бас имамы С. Шинибеков, Шардара ауданы Алатау батыр ауыл округі «Алатау батыр» мешітінің бас имамы А. Умирзаков басқарған қазылар алқасы баға берді. Қазылар алқасының шешімімен 1 парадан I – орынға Әлішер Әділет лайық деп танылса, ал II – орынды Абылай Халмұрат ал IIІ – орынды Қуанышбек Нұрлыбек иемденді. Жарты парадан I – орынға Қалыбеков Оразғали, II – орынды Рысбек Айбек және IIІ – орынға Нұрлан Ақберен ие болды. Айнабеков Шарафуддин он сүреден I – орынға ие болса ал II және IIІ орындарды тиісінше Абдакимов Нұрлыбек пен Оралбай Нұрбол иемденді. Аудан имамы А. Данияров бүгінгі жарыстың қорытындысымен таныстырып, жүлде иелеріне қасиетті Құран Кәрім және ақшалай сыйлық пен алғыс хат табыстады.
Сондай – ақ, барлық сайыскерлерге сертификатпен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің баспасөз қызметі