Шымкент қаласы облыстық орталық мешітінде әз-Наурыз айының құрметіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен «Наурызнама» атты мерекелік шарасы болып өтті.
Дәстүрге сәйкес, мерекелік шара қасиетті Құран тіләуат етумен басталды. Осыдан кейін, ел ағаларына құттықтау сөз берілді. Әз наурыз мерекесімен құттықтау үшін ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбек арнайы сөз алып, алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің наурыз мерекесімен құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, аталмыш мерекенің жыл сайын мәні мен мазмұнының артып келе жатқанына ерекше тоқталды.
Осыдан кейін, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов, облыстық «Діни мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің директоры Н.Тұрсынбай, «Қамар» қайырымдылық мекемесінің төрағасы А.Есей, дінтанушы Қ.Маджанов т.б. зиялы қауым өкілдері мерекемен құттықтады.
Мерекенің негізгі айшықтары ретінде мешіт ауласына 2 ақшаңқа киіз үйлер тігіліп, ал үлкендер жағы киіз үй ішінде дайындалған дастарханнан дәм татып, бірін-бірі мерекемен құттықтады. Мұның барлығы мешітке келушілер зор ықыласын тудырды. Жалпы, мерекеде 450 жамағатқа мерекелік ақ дастархан жайылды.
Мұнымен қатар, ұлттық ойын түрлерін дәріптеу мақсатында бірқатар ойын түрлеріне кезек берілді. Атап айтқанда, арқан тарту, қол күрес, кір көтеру түрлерінен сайыс өтті. Барлық қатысушыларға арнайы сый-сияпат берілді.
Жалпы, наурыз мерекесін оңтүстік қазақстандық жамағаттар бар сән-салтанатымен тойлады.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі