Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді қояды.
Азан шақырып ат қою
Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтын, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Кейде жастармен келісе отырып, бала есімін үлкен кісілер таңдайды. Балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады.
Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына қайталайды. Ежелде ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қойған екен.
Сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін немесе айқайлап тұрған есімдерден аулақ болған жөн.
Нәрестеге қашан ат қою керек?
Құран Кәрімде Зәкәрия пайғамбардың (а.с.) Жақия атты ұлмен туылмастан бұрын алдын-ала сүйіншіленгенін білеміз.
«Уа, Зәкәрия! Біз сені Жақия деген ұлмен қуантамыз! Біз бұрын оған ешкімді аттас қылмап едік!» (Мариям, 7).
Алланың елшісінің (с.а.с.) сүннеті бойынша ең дұрыс пікір бойынша нәрестенің аты туылған кезде қойылады. Оған Әнестен риуаят етілген Абдулла ибн Әбу Талханың хадисі дәлел. Ол хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) Әбу Талханың баласы туылғанда оның атын Абдулла деп қойған.
Пайғамбардың (с.а.с.) сахабасы Әнес ибн Мәліктен жеткен риуаятта нәрестеге туылғаннан үш күн өткен соң ат қойылады. Ал, Сумраның риуаятында жетінші күні қойылады.
Сондай-ақ, Әбу Мусадан жеткен риуаятта да ол өзінің ұлы туылғанда оны Пайғамбарға (с.а.с.) апарады да, ол (с.а.с.) оның атын Ибраһим деп қойып, таңдайын құрмамен сүртеді.
Сахих кітаптарында Әбу Усәйд деген сахабаның ұлы туылып, оны Пайғамбарға (с.а.с.) апарғанда оның атын Мунзир деп қойған.
Мүслімнің Сахихындағы Әнестен жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Бүгін менің ұлым туылды. Мен оны атамның атымен Ибраһим деп атадым», – деген.
Нәрестеге ат қоюға кім лайық?
Балаға ат қоюға ең бірінші хұқылы оның ата-анасы. Егер олар ортақ бір шешімге келе алмаса, әкенің хұқығы үлкен. Егер қаласа әкесі сәбидің атын өзі қояды немесе жұбайына ұсынады. Қаласа екеуінің ортасында жеребе тастауына да болады.
Баланың атын қоюға оның әкесі лайық екендігіне осы дүниеде кез келген адамның атының әкесінің атымен (мысалы, Жүсіпұлы Асан деген сияқты) қосарланып айтылатыны дәлел болады. Алла Тағала былай дейді:
«Оларды (яғни, асыранды балаларды) әкелерінің аттарымен қосып атаңдар, Алланың алдындағы ең әділі сол» (Ахзаб, 5).
Мұндағы әмірдің мағынасы асыранды балаларға қатысты айтылғанмен, жалпы мағына балалардың аттарының әкелерінікімен қосылып айтылу ең әділ айту екендігін білдіріп тұр.
Сондай-ақ, ақыретте де адамдар әкелерінің аттарымен шақырылады екен.
Әбу Дәрдадан жеткізілген хадисте Алланың елшісі (с.а.с.): «Сендер Қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да есімдеріңді жақсартыңдар», – деген. (Әбу Дәуіт Сүнән кітабында риуаят еткен). Сондықтан да баланың атын таңдап қоюға ең бірінші оның әкесі лайықты.
Дей тұрғанмен әке-шешесі баланың атын қоюға басқаларға рұқсат бере алады. Мысалы, атасына, әжесіне деген сияқты. Әрдайым үлкендерді құрметтеп тұратын қазақы салт-дәстүр бойынша баланың атын көбіне ата-әжелер қойып жатады. Осы тұрғыдан алғанда бұл дұрыс. Сондай-ақ, баланың атын аса қадірлі, тақуа, ізгі жандарға, ғалымдарға да қойдыруға болады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) көптеген сахабаларының балаларының аттарын қойған. Бір кісіге: «Ұлыңның атын Абдуррахман деп қой», – деген.
Жағымды және жағымсыз есімдер
Әбу Уаһб әл-Жашмиден Алланың елшісі (с.а.с.): «Пайғамбарлардың есімдерін қойыңдар әрі есімдердің Аллаға ең сүйіктісі – Абдулла («Алланың құлы»), Абдуррахман («Рахманның құлы»), ең шынайысы – Харис («Диқан»), Һәммәм («Қайратты»), ең жағымсызы – Харб («Соғыс»), Мурра («Ащы, ауыр, қайғылы»)», – деген.
Алланың елшісі (с.а.с.) көркем есімдерді жақсы көріп, жаман есімді ұнатпайтын. Жаман есімді кесірлік деп көретін. Тіпті, аты жаман қойылған жерлерге қонбайтын. Имам Мәлік ибн Әнестің әл-Муатта кітабында мынадай риуаят келтірілген.
Алланың елшісі (с.а.с.) бір түйені әкелдіріп сахабалардан: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Сонда бір кісі орнынан тұрады. Алланың елшісі (с.а.с.): «Атың кім?» – деп сұрайды. Кісі: «Мурра («Ащы»)», – деп жауап береді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Онда отыр», – дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Бір кісі орнынан тұрады. Алланың елшісі (с.а.с.) одан да: «Атың кім?» – деп сұрайды. Кісі: «Харб («Соғыс»)», – деп жауап береді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Онда отыр», – дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?» – дейді. Бір кісі орнынан тұрады. Алланың елшісі (с.а.с.) одан да: «Атың кім?» – деп сұрайды. Кісі: «Яғиш («Өмір сүреді»)», – деп жауап береді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Сен сау», – деп бұйырады. (Әл-Муатта кітабынан).
Сағид ибн Мусәйиб әкесінен, әкесі атасынан мынадай риуаят жеткізген. «Мен (яғни, Сағидтың атасы) Пайғамбарға (с.а.с.) бардым. Ол (с.а.с.): «Атың кім?» – деп сұрады. Мен: «Хазн («Бұдыр»)», – дедім. Ол (с.а.с.): «Сен Сәһлсің («Жазық»)», – деді. Мен: «Әкемнің қойған атын өзгертпеймін», – дедім. Оның немересі Сағид ибн Мусәйиб: «Әлі күнге дейін біздің әулеттен сол бұдырлық (яғни, қатқылдық) қалмай келеді», – деген. (Бұхари риуаяты). «Хазн» сөзі «бұдыр жер, қатқылдық», ал «Сәһл» «жазық жер, жұмсақтық» деген мағынаны білдіреді.
Яхия ибн Сағидтен жеткен риуаятта бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.) бір кісіден: «Атың кім?» – деп сұрайды. Ол кісі: «Жамра («Шоқ»)», – деп жауап береді. «Кімнің ұлысың?» – деп сұрайды Омар. «Шиһабтың («Отты жұлдыз») ұлымын», – дейді кісі. «Қай жерденсің?» – деп сұрайды Омар. «Әл-Харқаданмын («Күйгеннен»)», – дейді кісі. «Үйің қайда еді?» – деп сұрайды Омар. «Харрат ән-Нар («Оттың ыстығы») деген аймақта», – дейді кісі. «Оның қай тұсында еді?» – деп сұрайды Омар. «Зәту лаза («Жалынды») деген тұста», – дейді кісі. Сонда Омар: «Онда жанұяңа тез жет, олар өртеніп жатыр», – дейді. Барса, шындығында Омар айтқандай болған екен. (Имам Мәлік әл-Муатта кітабында риуаят еткен).
Сумра ибн Жундубтен жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Балаңды Ясар («Жеңіл»), Рабах («Ұтқыр»), Нажах («Сәтті»), Афлах («Ең сәтті») деп қоймағын. Шынында сен шынымен солай бола ма екен дейсің, бірақ олай болмай шығады», – деген. (Мүслім Сахихте риуаят еткен).
Періштелердің аттарын қою. Мұсылман ғалымдарының пікірлерінше нәрестенің атын Жебірейіл, Әзірейіл, Микаил, Исрафил деп қою жағымсыз іс. Өйткені бұл есімдер періштелерге ғана тән.
Құран Кәрімдегі адамның атын білдірмейтін сүрелердің аттарын, аяттарды қою. Ғұламалардың пікірлерінше, нәрестенің атын Фатиха, Ясин, Таһа, Хамим деп қою лайықсыз. Өйткені Ясин, Таһа, Хамим деген сияқты ұғымын бір Алла Тағала ғана білетін сөздерді Пайғамбардың (с.а.с.) сипаты не есімі деуге ешқандай дәлел, негіз жоқ. Ал, Құран Кәрімдегі Жүніс, Жүсіп, Ибраһим, Лұқман сияқты сүрелердің аттары пайғамбарлардың есімдері, оларды қоюға болады.
Жағымсыз есім жайында хикая
Жағымсыз аттың кесірі туралы қазақта екі шешеннің сөз таластыруы туралы хикая бар. Ертеде Жапалақ деген сөзге жүйрік кісі Торайғыр деген шешеннің даңқын естіп, онымен сөз таластырмаққа еліне келеді. Жапалақтың атын бұрыннан білетін Торайғыр амандық-саулықтан соң қонағын бірден сүріндірмек болып: «Уа, сіздің атыңыз Жапалақ па?» – деп сұрайды. Жапалақ: «Иә, солай», – деп жауап береді. Сонда Торайғыр: «Олай болса, мына көлді бір айналып келші», – дейді. Жапалақ көлді атымен бір айналып келеді. Сосын Торайғырға: «Уа, сіздің атыңыз Торайғыр ма еді?» – дейді. Торайғыр: «Иә, солай», – деп жауап береді. Сонда Жапалақ шешен: «Олай болса, биыл біздің үйде бір байтал қысыр қалып тұр еді», – дейді. Сонда қарсыласының бұл қолқасына жауап қата алмай, сөзден тосылған Торайғыр шешен жеңілгенін мойындаған екен дейді.
Міне, осындай мысалдар, баяғы уақыттары халық арасында түрлі жағымсыз аттардың болғандығынан хабар береді. Мұндай есімдер туралы халқымыздың салт-дәстүрін зерттеген зерттеушілердің жазбаларында да бар. Ал жалпы ат қоюда діни-танымдық, тәрбиелік құндылықтарды басты назарда ұстамақ ләзім.
Тыйым салынған есімдер
- «Құл» деген мағынаны білдіретін «абд» сөзін Алланың есімі мен сипаттарынан басқа атауларға тіркеу арқылы жасалынған есімдер. Мысалы, Абдулузза – «Уззаның құлы», Абдулқағба – «Қағбаның құлы», Абдуннәби – «Пайғамбардың құлы», Абдуррасул – «Елшінің құлы» т.б.
Алланың елшісі (с.а.с.): «Динардың құлы оңбасын, дирхемнің құлы оңбасын, өкшенің (етіктің) құлы оңбасын, матаның құлы оңбасын», – деген.
- Алла Тағаланың көркем есімдерін, Өзіне ғана тән сипаттармен атау. Мысалы, Алла, ар-Рахман, әл-Халиқ, ас-Самад, әл-Ахад, ар-Разиқ, әл-Бәрии, Раббы деген сияқты.
- Жын-шайтандардың, кәпірлердің, дінсіздердің көсемдерінің аттарын, дінсіз идеологияға байланысты ұғымдардың атауларын қою. Ібіліс, Ифрит, Перғауын, Һаман, Жалұт, Әжүж, Мәжүж, Хосрау, Цезарь, Ленин, Сталин, Энгельс, Маркс, Тельман, Дарвин, Коммуна, Партия т.б.
- Сондай-ақ, «Патшалардың патшасы», «Әкімдердің әкімі», «Сұлтандардың сұлтаны» деген мағыналарды білдіретін есімдер. Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Алланың алдында есімдердің ең нашасы «Патшалардың патшасы», – деген.
Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні Алланың ашуын тудыратын, ең нақұрыс адам «Билік-мүліктің патшасы» деп аталатын адам. Бүкіл билік тек Аллаға ғана тән», – деген. (Мүслім риуаяты).
Ат таңдаудағы басты талаптар
- Адамның аты оның ғұмыр бойы онымен бірге болады. Егер есімі нашар болса оған көптеген ыңғайсыздық тудырады. Ал, бұл өз кезегінде бланың бойында есімін қойған адамға деген жеккөрушілік сезімін тудырады.
- Есімі таңдауда оны жан-жақты қарастырған жөн. Яғни, ол сөздің мағынасына, көркемдігіне, нәрестеге үйлесімділігіне, оның жас кезінде, есейгенде және ақырында қартайғанда жарасымды болуына аса назар аудару керек. Оның әкесінің немесе болашақтағы балаларының есімімен үйлесімділігіне көңіл бөлінуі тиіс. Сондай-ақ әдемі, ойнақы, ұйқасты болғанымен түк мән-мағынасы жоқ аттарды да қоймау керек.
- Нәрестеге ат таңдау негізі әкенің хұқығына жатады. Өйткені оның есімі дүниеде де, ақыретте де нәрестенің есімімен қатар тұрады. Сондай-ақ, анасының көзқарасы ескерілуі тиіс.
- Туылған нәрестенің есімі әрдайым әкесінің есімімен бірге айтылып-жазылады. Әкесі қайтыс болса да, нәрестенің анасымен ажырасып кетсе де, тіпті, сәбиді көрмесе де, көмек бермесе де бәрібір. Сондықтан да шариғат бойынша баланы шынайы әкесінен бөлек адамның есіміне аударуға, зинақорлық жағдайынан басқа кезде тыйым салынады. Зинақорлық жағдайының өзінде (Алла ондай азғындықтан сақтасын) бала тек анасының атына ғана жазылады. Ал, оның тууына себеп болған зинақордың атына ешқашан жазылмайды. Бәрін білуші бір Алла!
Асқар Медет Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы «Ислам жолы» мешітінің найб имамы