«…Жолға шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зиярат ету (қажылық қылу) – парыз. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай»  (Әли-Имран сүресі, 3/97 – аят)

Құранда айтылған әрбір ғибадаттың адам мен қоғам үшін маңызы зор. Міне, сол ғибадаттардың бірі – қажылық.

Өкінішке орай, бүгінгі күні қажылық ғибадатының қадірін қашырып, рухы жоқ тәнге айналдырып алғандаймыз. Қажылық жайлы түсінігіміз туристтік саяхат, бос мақтан мен атақ-абырой жинаудан әріге асалмай, тиісті нәр мен тәлім-тағлымынан мақрұм қалдық. Өйткені қажылыққа барып келдім яки бара жатырмын деген бауырларымыздың ішкі дайындығы, мақсаты, келгеннен кейінгі кейіпі көңіл көншітпейді.

Ендеше қажылық ғибадатының адамзат үшін берер тәлімі мен тағлымы, оның мән-мағынасын тарқатып өтелік. 

Қажылық – Исламның жиынтығы. Қажылық – белгілі бір күндерде Ихрамға кіру, Арафатта тұру, тауаф жасау сияқты амалдарды ерікті түрде орындау. Осы жағынан қарағанда қажылық, Раббымыздың әміріне құлай берілу. Хазіреті Ибраһимнен Хазіреті Мұхаммедке дейінгі барша пайғамбарлардың жеткізген құндылықтарды жалғастыру. Сонымен қатар қажылық, барша адам баласын нәсіліне, түр-түсіне қарап бөліп жармай, оларды тарақтың тісіндей тең санау.

Қажылық – ерлі-зайыптылар, ата-ана мен бала-шағадан һәм дүниеге деген ынтықтықты, оларға деген махаббаттың барлығын ұмытып, жан-тәнімен Аллаға берілу. Бір сөзбен айтқанда Жаратушымен жүргізілген келісімді жаңарту.

Қажылық – менмендік пен пендешіліктен құлан таза арылып, Алланың белгілеп берген асыл құндылықтарды барша нәрселерден жоғары ұстау.

Қажылық – жан-жануар мен барша жаратылғандарға мейірімділік таныту. Енді бір жағынан шайтан мен оның шабармандарымен күресу. Яғни қарусыз қақтығыс. Бірлік пен ынтымақтың үлгісі.

Қажылық – Исламның барлық әмірін қамтитын жиынтық. Ең тамаша пішінде жаратылған адамның, өзінің қалай жаратылғандығын білмей Исламды түсінуі мүмкін емес. Міне осы сияқты Исламды түсінбей қажылықты түсіну де мүмкін емес.

 

Қаж сөзінің мағынасы

«Қаж» сөзі, бағыт алу және көзделген мақсат деген ұғымдарды білдіреді. Шариғаттағы мағынасы: Қажылық – Алла Тағаланың адамдарға атқаруға шамасы (қаражаты, денсаулығы) жетсе орындауы тиіс етіп бекіткен Исламның бес тірегінің бірі. Қажылық – Құранда көрсетілген мерзім мен талаптарға сәйкес орындалатын ғибадат. Қажылық – Құранның тілімен айтқанда «Алланың белгілерінен» тұратын ғибадат. Қажылық ғибадаты миқатта ихрам кию, арафатта тұру, қағбатулланы жеті мәрте айналып тауаф жасау сияқты парыздарды міндетті түрде орындаумен қатар оның өзге де уәжіп, сүннет амалдарын жасау арқылы орындалады. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай баяндалады:

«Ей, иман келтіргендер! Алланың белгілеріне, (қаж амалдарына,) құрметті айға, құрбандықтарға, ен тағылғандарға және Раббыларының ризалығын, ілтипатын іздеп, ардақты үйге (Кағбаға) келуші қажыларға құрметсіздік етпеңдер» (Маидә сүресі, 5/2 – аят).

Қажылық – қасиетті парыз. Қажылықты мұсылмандарға міндет етіп жүктеуі – Алла Тағаланың адамдарға деген айрықша мейірімі. Өйткені қажылықта ақырет азабынан құтылу және мәңгілік жан рахаты жәннатқа жету мұратын әспеттеу, сол жолдағы пенденің малымен де тәнімен де жанымен де Алла тағаланың алдына барғандай халде болып, біліп-білмей жасалған ауыр күнәлардан арылу, тазару мүмкіншілігі бар.

Қажылық – Алла тағаланың алдында барлық амал-әрекеттерің үшін осы дүниеде есеп беру!

Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен амал тазалығына талпынысты дүние тіршілігінде әрбір қадамыңның иман таразысында иләһи үкім заңдармен қуатталуына мүмкіндік беретін, оны үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасау арқылы нәпсінің тізгінін тартуға, Алла тағаланы үнемі еске алып жүруді үйретеді. Қажылық басқа құлшылықтарға қарағанда ерекше ғибадат. Мәселен, намаз  – адамды жамандықтан әрі астамшылықтан тыяды. Ораза – адамның бойында Аллаға деген жауапкершілік сезімін оятады. Зекет – адамды және қоғамды арылтып, тазалайды. Қажылық – адамзатқа еңсесін тіктеп, рухани оянуды үйретеді. Бұлардың барлығы кінә, күнә, жауыздық, алаяқтық, зұлымдық, басқыншылық, зорлық-зомбылықты, қорлықты, жалқаулық, надандық, бақытсыздық, үмітсіздік пен қыруар келеңсіздіктердің дәрумені болады. Қажылық – адамдардың ақыретте Алланың алдына топ-тобымен айдалып баратынын еріксіз еске түсіреді. Сондықтан болар мұнда келген мұсылмандар Мақшар майданы мен Қияметтегі қиын күндерге алдын-ала дайындық жасау қажет екенін жадына түйе береді. Қажылық – ұлтына, түр-түсіне, шен-шекпеніне қарамай, адамдарды ынтымақ пен бірлікке шақырады.

 

Қажылықтың тарихы

Қажылық – хазіреті Ибраһимнің қалдырған мирасы. Құранда Алла Ибраһимнің жолымен жүруді бұйырады:

«Аталарың Ибраһимнің (а.с.) жолы» (Хаж сүресі, 22/78 – аят).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) да осыған орайластырып былай деген:

«Қажылықтың міндеттерін орындаған кездегі жағдайдан айнымаңыздар. Өйткені сіздер, аталарыңыз Ибраһимнің мирасы жолындасыздар» (Әбу Дауыд, Мәнасик, 63. (2.189).

 

Қажылықтың уақыты

Құран Кәрімде бұйырылған әрбір ғибадаттың уақыты белгіленген. Қажылықтың уақыты айға қарап белгіленгендігі Құранда былай баяндалады:

«(Ей, Мұхаммед с.а.у.) олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол, адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеу» де» (Бақара сүресі, 2/189 – аят).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Қажылықты менен алыңыздар» деген хадисіне орай қажылықты орындау уақыты, барша шарттары мен әдептері Пайғамбарымыздың көрсеткен үлгі бойынша жүзеге асырылады.

 

Қажылықтың рәсімдері

– Ихрам– Арафатта тұру– Ифада тауабын жасау– Муздалифада тұру– Шайтанға тас лақтыру– Шаш алдыру немесе қысқарту

– Сағи жасау

Ендеше, осы амалдардың бірқатарының мәнісіне үңіліп көрелік;

Ихрам

Миқатқа жеткенде мұсылмандар қажылыққа ниет қылып, күйбең тіршіліктің амал-әрекеттерінен бас тартып, қажылықтың шарттарын орындауға бекініп ихрамға кіреді. Сонымен ниет етуші ихрам халіне кіріп, ихрам киіміне оранады. Бәрі бірдей киінеді. Ешкімнің артықшылығы, ешкімнің ерекшелігі білінбейді. Қажылық барлық адамды теңестіреді. Бұл көрініс Алланың алдында барлық адам бірдей екенін білдіреді. Сен патшасың ба, басқасың ба, бай адамсың ба, жай адамсың ба, Алла үшін бәрібір. Қай кезде болсын, Алла атағыңа қарамайды, амалыңа қарайды. Киіміңе емес ниетіңе, жүзіңе емес, жүрегіңе қарайды. Егер ихрам киіп, өзіңізді адамдардан артық санасаңыз, онда сіз ихрам киюдің мәнісін түсіне алмадыңыз.

Тауап ету

Қағбаға тауап жасаған миллиондаған мұсылмандар сағат тіліне қарама-қарсы бір бағытта ғана қозғалып айналады. Бұл бүкіл иман келтірушілерге бір құбылаға бет түзеп, бір дінді ұстанып, бір Аллаға құлшылық жасау қажет екенін білдіреді. Тауап ету – араб тілінде «бір нәрсені айналу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – Қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу-тауап – парыз.

«Сонан соң олар кірлерін кетірсін. (Шаш, тырнағын алып, ихрамнан шықсын.) Және айтқан нәзірлерін орындап, Қағбаны тауап қылсын» (Хаж сүресі, 22/29 – аят).

Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында қара тас бар. Тауап осы қара тастың тұсынан басталады. Қағбаны жеті рет айналғанда, тауап толық бітті деп саналады. Қағбаны тауап етіп жүрген қажылардың көрінісі, барша адам баласының өлген соң қайта тіріліп, Алланың алдында есеп беруге жиналатын күнді көз алдыңыңызға елестеді. Қажылар ақ кебінге оранып, «есеп күнді ұмытқан жоқпыз, біз сенің ғана айтқаныңа құлақ асамыз»,- деп орындай алмай жүрген амалдары үшін кешірім сұрап, барша жамандық атаулыға мойымаймын деп Аллаға уәде береді. Сондай-ақ өмірдің мәні қозғалыста екенін түсініп, әлемдегі мызғымас жүйенің легіне қосылып, тәртіп пен жүйе бар жерде үлкен жеміс болатынын тап осы жерде үйренесіз.

Сағи

Сағи деп Сафа мен Мәруа арасында жүріп өтуді айтамыз. Ол төрт мәрте Сафадан Мәруаға, үш мәрте Мәруадан Сафаға тездетіп жүру.

«Ақиқатында, Сафа мен Мәруа – Алланың белгілерінен. Кім Үйге (Қағбаға) қажылық немесе умра жасаса, оған екеуінің арасында жүруде ешқандай күнә жоқ. Ал кім (өз еркімен) қосымша бір жақсылық істесе, әлбетте, Алла – Алғысқа бөлеуші, бәрін Білуші» (Бақара сүресі, 2/158 – аят). 

Сафа мен Мәруа биіктіктері арасында жүгіру рәсімі де Ибраһим пайғамбардың дәуірінен бастау алады. Ибраһим пайғамбар жұбайы Ажар мен бауыр еті баласы Исмайылды Алланың сындарлы сынағына сай сусыз шөл даланың ортасында қалдыруға мәжбүр болады. Аз ғана азығы мен суы таусылғанда Ажар анамыз шарасыздыққа салынып, өмірден бас тартпай, керісінше Алладан үміт етіп өмір сүруге талпынып, елжіреген ана баласына су іздеп арлы-берлі жүгіреді. Міне, оның Аллаға жалбарынып жүгіргеніне орай сұрағаны беріліп көңілі жай табады. Алла тағала олар үшін мөлдір бұлақтың көзін ашады. Ол – зәмзәм суы. Демек, Алла тағала Өзіне иек артып, шынайы жүрекпен жалбырынып әрекет еткен адамды ешқашан жәрдемсіз қалдырмайтынын білдіреді.

«Сосын елшілерімізді, иман келтіргендерді құтқарамыз. Осылайша иман келтіргендерді құтқаруымыз бізге міндет» (Жүніс сүресі, 10/103 -аят).

Олай болса қажылық сапарға ниет еткендер сағи жасағанда Ажар ананың хикметті әрекеті ұрпақ өмірі – таза өмір үшін күресі сынынан үлгі алып, заманның тауқыметіне шыдап беруге мүмкіндік беретін құндылықтарды үйренуі тиіс.

Арафатта тұру

Арафатта тұру – қажылықтың бір парызы. Қажылығының қабыл болуын ойлаған әрбір мұсылман Арафатта тұру рәсімін адал атқаруға тырысады. Арафат – тану деген мағынаға келетін «мағрифат» түбірінен тарайтын қасиетті ұғым. Мағрифат – бір нәрсенің негізін тану, сырын ұғыну, өзегін қамту деген сөз. Затты және жаратылысты шынайы қалпында тани білу.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қажылық дегеніміз – Арафат» (Тирмизи, 5/214, нөм. 2975) – деген.

Арафатта тұрған қажылық жасаушылар шынайы тәубе етсе, кешірілмейтін күнәсі қалмайды. Қажылықта кімде-кім пәк жүрекпен, ақ тілекпен Арафатта тұрса, Алланың мейірімімен қауышатыны хақ. Яғни, кімде-кім шариғат шартына сай келіп, екі дүниелік ғұмырдың мақсат-мұратын шынайы ұғындыратын ғибадатта болып, дұрыс дұға-тілек жасай білсе, қажылығының да қабыл болуына жағдай туғызады. Қажылық өмірінде бір рет жасалуы ұсынылған ғибадат. Мұндағы ғибадат өзгелерінен ерекше атқарылғанымен олардан бөлек бола алмайды. Демек, адам баласының түр-түсіне, нәсіліне, тіліне, жынысына қарай айрылмаса да Алланың жолына адалдығы, тазалығы талап етіледі. Рухани кеселдердің қоғамның тазарып, бет-бағдарын гумандылық, рухын белгілеп, бекемдеп отыру үшін мұсылман баласы әлем тыныштығы мен бейбіт өмірін қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие осы құлшылықты көп болып құлшынып орындауды міндет санайды. Арафат күні барлық қажылар Арафатта жиналып, таң атқаннан күн батқанша тұрады.

«…Қашан Арафаттан қайтсаңдар, Машғарил харамның қасында Алланы еске алыңдар. Сондай-ақ Оны, сендерге нұсқағанындай еске алыңдар. Сендер бұрын азғындардан едіңдер» (Бақара сүресі, 2/198 – аят).

 

Жамараттарға тас ату

Қажылық үкімі бойынша үш жамаратқа тас лақтыру, яғни шайтанға тас ату уәжіп амалы болып саналады. Қажылық жасаушылар бұл жерде шайтанға жеті тас атады. Шайтан кім? Шайтан – адамның ең қас дұшпаны. Құран Кәрімде бұл ақиқат былай баяндалады:

 «Сендерді шайтан тура жолдан тоспасын. Өйткені ол, сендер үшін ашық дұшпан» (Зұһруф сүресі, 43/62 – аят).

Жамарат – шайтан Ібілістің туысы. Күллі жамандықтың түтінін түтетіп, туын тігуші. Алланың әміріне қарсы келген сәтін қасарысқан, қырсық баққан, қарғыс тапқан теріс әрекетке бір жола ауғаны дейміз. Адам Ата ұрпағы осы сәттен бастап одан қорғануы ескертілген. Міне, жамарат осы шайтанның бейнесі. Ендеше ол неге жеті таспен атқыланады? Мәселе шайтанның санында емес. Жер-дүниені Алла тағала жеті қат көкпен қоршап, қорғаған. Адамзатқа ол қабаттар қандайлық пайдалы қызметтер жасайтыны ғылыми дәлелдену үстінде. Бұл қабаттарға адамның емін-еркін енуі түрлі себептермен кедергілерге тап келсе, ал шайтанның әрекеті ол кеңістіктің қай деңгейінде де шектелмеген. Сондықтан жеті тас лақтыру – шайтанды осы жеті қабаттан тұтас, толық аластауды меңзейді. Қазақтың «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деуінде де осы қорғану бар-ау.

Пайғамбардың өзге ғибадаттарға бермеген сүйіншілі хабарларын қажылық ғибатына берген. «Алланың алдында қабыл болған қажылыққа міндетті түрде жәннәт тарту етіледі» (Бухари, нөм. 1683. Мүслим, Әбу Дауыд, Тирмизи, т.б.).

Демек, қажылық мұсылманның жандүниесін байытып, көркемдікпен көмкеретін асыл ғибадаттардың бірі. Қажылық адамның бойына ерекше серпін беріп, иман қуатын арттырады. Ендеше қажылықтан алған таза иләһи, сенім-сезімді сақтау үшін Құран аятына құлақ түрейік:

«Қашан қаж амалдарыңды өтесеңдер, Алла Тағаланы ата-бабаларыңды зікір еткендей тіпті одан да артық еске алыңдар. Сонда адамдардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде ғана жақсылық бер!»,- десе оларға ақыретте несібе жоқ. Және олардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!», – дейді. Міне олар үшін амалдарынан үлес бар. Алла Тағала есепті тезінен көруші» (Бақара сүресі, 2/200-202 – аяттар).

Міне, байқап, байыптасаңыз қажылық – бөтен мекенге сапар шегу емес, тән мен жанның тұтастығының мысалы екі дүниенің бақыт кілті қайда, кімде, оған қалай жету керек, – деген сияқты сауалдардың әрі адам ғұмырының шынайы биік мақсат-мұратын адам-пендеге ұғындыру амалдарының Алла тағала Құранда көрсеткен жолы болып шығады. Сондықтан да Құранда көрсетілген ғибадаттардың қандайы да шынайылықты дәріптейтіні сияқты қажылық та ұлы шынайы ғибадат!

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы «Әл-Біләл» мешітінің бас имамы Берік Қалдаров

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38