Құран Кәрімнің көптеген аяттарында иман мен ізгі амал екеуі үнемі бірге айтылады  («иман еткендер ізгі іс істегендер»). Бұл иманмен амал ортасында жақын бір байланыс бар екендігін білдіреді.Осыған байланысты : «амал иманның бір бөлігі ме?»-деген сұрақ туындайды. Матуриди және Әшғари,  Әһлі сүннет уәл-жамағат ғалымдарының көпшілігінің пікірі амал иманның бөлігі емес. Яғни амал бөлек, иман бөлек.

Олардың дәлелдерінен бірнешеуін аятпен, хадистен келтірсек:

«Иман еткендер және ізгі іс істегендер»-аяты.  Аятта келген «уәу» әрпі иман мен амалды бөліп айтып тұр деген. Бұл иман мен амалдың бөлек екендігіне дәлел деген.

Кейбір аяттарда амал қабыл болуы үшін иман шарт ретінде көрсетіледі:

﴿وَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتِ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَا يَخَافُ ظُلْمًا وَلَا هَضْمًا ١١٢﴾

«Ал кім иман келтірген түрде ізгі іс істесе, сонда ол жамандықтардың артуынан, жақсылықтардың кемуінен қорықпайды»[1]. Бұл аятта иман амал қабыл болу үшін шарт болып тұр.

Кей аяттарда үлкен күнәмен иман бірге айтылады. Егер амал иманның бір бөлігі болса, үлкен күнә істеген мұсылман кәпір болып, Құранда оған: «Әй, иман еткен»-деп айтылмас еді. Мысалы:

﴿وَإِن طَائِفَتَانِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ اقْتَتَلُوا فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا … ٩﴾

«Егер мүміндерден екі топ соғысса дереу араларын жарастырыңдар»[2] дейді. Ислам діні бойынша адам өлтіру – үлкен күнә. Міне сол үлкен күнә жасаушыға  Алла тағала «мүміндер»-деп айтуда. Бұл да иманның амалдан бөлек екендігін білдіреді.

Хадистен дәлелдер:

من شهد أن لا إله إلا الله وأن محمدا رسول الله حرم الله عليه النار

«Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһаннамды харам еткен»[3]. Бұл хадис иман иесінің мәңгілік тозақта қалмайтындығын әрі амал иманнан еместігін білдіріп тұр. Егер амал иманнан болғанда куәлік берумен шектелмес еді. Бұл амалмен иманның екі бөлектігін білдіруде. Абай атамыз:

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің бас- басы ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен.

Имам Бұхари (р.а) өзінің сахихында жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: «Өткен үмметтен болған бір адамның оқиғасын баяндайды. Ол адам Алла тағалаға иман келтіреді, бірақ амал жасамайды, керісінше көп күнә жасайды. Өлімі тақалған кезде ұлдарын шақырып алып: -Өлгеннен соң мені өртеп, желді күні күлімді шашып жіберіңдер деп өсиет етеді. Алла тағала ол адамды қайтадан тірілтіп: – Неге бұлай істедің мен сені қайта жинай алмайды деп ойладың ба?-дейді. Сонда ол адам Иә,Раббым! Мен сенің азабыңнан қорқып осылай жасадым,- дейді. Оның сол қорқынышы себебті Алла тағала оны кешірген екен». Міне, бұл хадис амал мен иманның бөлек екендігіне дәлел. Бұл бұрыңғы үмметтің қиссасы болса да иман негіздері барлық пайғамбарларда бірдей. Абай атамыз мұны өлеңінде былай жеткізеді:

 Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

 Оларға кез-кезімен нәби келді.

 Қағида шариғаты өзгерсе де,

 Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.

 Күллі мақлұқ өзгере, Алла өзгермес,

Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.

Адам иман негіздерін жүрегімен бекітіп, сенімін тілімен айтса, бірақ амалдарды орындамаса(істеу керек екендігін біле тұра істемесе, жоққа шығармаса) имансыз болмайды, оған күнәһар мұсылман делінеді. Ондай адамның ақыреттегі жағдайы не Алла тағаланың рахметіне бөленіп кешіріледі, немесе азапталып күнәсінің азабын өтеген соң соңында жәннатқа кіреді. Әһлі сүннет уәл-жамағаттың сенімін осы деп үммет ғұламалары бірауыздан келіскен имам Тахауидың еңбегінде: «Мұхаммед (с.ғ.с) үмметінен үлкен күнә істегендер егер Аллаға лайықты иман еткен болса тіпті, тәубе жасамаған болса да тозақта мәңгілік қалмайды»,-делінген.

Амалдың қажет екендігі:

Ғұламаларымыз амалды иманның бір бөлігі деп санамағанмен екеуінің арасындағы ажырамас байланыстың бар екендігін еш жоққа шығармайды. Иманның кәміл, қуатты  болуы үшін амал керек. Амал болған жағдайда ғана иман қуатты болады. Өйткені амалсыз иманның ақыретте пайда беруі екі талай. Иман-амал арқылы қуаттанып иман иесінің ықыласының арта түсуіне себепкер болады. Иман-ағаштың түп тамыры іспеттес, ал амалдар болса ағаштың тамыры арқылы нәр алатын жапырақтары, жемістері іспеттес. Түпсіз, тамырсыз жеміс, жапырақ болмайтыны секілді, жеміссіз, жапырақсыз, бұтақсыз түптің, тамырдың да пайдасы шамалы. Сол сияқты  имансыз жақсы амалдар да қабыл етілмейді. Жақсы амалдарсыз да иман әлсіз болады. Иман жанып тұрған шам болса, амалдар сол шамды қоршап тұратын шыны іспетті. Алла тағала Құранда:

أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا كَلِمَةً طَيِّبَةً كَشَجَرَةٍ طَيِّبَةٍ أَصْلُهَا ثَابِتٌ وَفَرْعُهَا فِي السَّمَاءِ ﴿٢٤﴾ تُؤْتِي أُكُلَهَا كُلَّ حِينٍ بِإِذْنِ رَبِّهَا ۗ وَيَضْرِبُ اللَّهُ الْأَمْثَالَ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ ﴿٢٥﴾

«Алла қандай мысал бергенін көрмейсің бе? Көркем сөз тамыры мықты, бұтағы көктегі бір ағаш тәрізді. Ол(ағаш) Алланың бұйрығымен әр уақыт жемісін береді. Алла адам баласына ғибрат алу үшін мысал берді»[4].

Сондықтан әрбір мұсылман амал жасауға ұмтылу керек.

Амал сөзі-қалаумен, ниетпен жасалған әрбір іске айтылады. Алла тағаланың және Пайғамбарының (с.ғ.с) бұйрығына сай жасалған амалдар ізгі амалдар болып саналады.

Бір амалдың ізгі болуы үшін:

1- Ізгі амалды жасаушының мұсылман болуы керек. Себебі Алла тағала Құранда:

﴿وَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتِ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَا يَخَافُ ظُلْمًا وَلَا هَضْمًا ١١٢﴾

«Ал кім иман келтірген түрде ізгі іс істесе, сонда ол жамандықтардың артуынан жақсылықтардың кемуінен қорықпайды»[5]. Бұл аятта амал қабыл болуы үшін иман шарт, яғни істің иесі мұсылман болуы қажеттігі айтылуда.

2- Құранның және Пайғамбарының (с.ғ.с) сүннетіне, шариғаттың талабына  сай жасалуы керек. Алла Тағала:

﴿لَّيْسَ الْبِرَّ أَن تُوَلُّوا وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَـٰكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآتَى الْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّائِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا ۖ وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ ۗ أُولَـٰئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا ۖ وَأُولَـٰئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ ١٧٧﴾

«Жүздеріңді шығысқа, батысқа бұру бір игілік емес. (Игілік) Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат ете отырып, мал сарп етсе әрі намазды толық орындап, зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаса, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне, солар шыншылдар, міне солар тақуалар»[6]. Ізгі амалдарды айқындап берген.

3-Амал шынайы ықылас, таза ниет арқылы жасалуы қажет. Алла тағала Құранда айтылғандай, Әбілдің құрбанын қабыл алып, Қабылдың құрбанын қабыл етпеді. Өйткені Қабыл шын ықыласымен құрбандық жасамағанеді. «Шын мәнінде Алла тағала тақуалардың амалын қабыл етеді»[7].

Алла тағала ізгі амал жасаушы мүмін құлдарын Құранда мақтайды.

﴿وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ مُوسَىٰ ۚ إِنَّهُ كَانَ مُخْلَصًا وَكَانَ رَسُولًا نَّبِيًّا ٥١﴾

«Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Расында ол ықыласты және жіберілген пайғамбар еді»[8].

وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِسْمَاعِيلَ ۚ إِنَّهُ كَانَ صَادِقَ الْوَعْدِ وَكَانَ رَسُولًا نَّبِيًّا ﴿٥٤﴾ وَكَانَ يَأْمُرُ أَهْلَهُ بِالصَّلَاةِ وَالزَّكَاةِ وَكَانَ عِندَ رَبِّهِ مَرْضِيًّا ﴿٥٥﴾

«Кітаптағы Ысмайылды есіңе ал. Шынында ол уәдесіне берік әрі жіберілген пайғамбар еді. Үй ішіне намаз оқып, зекет беруді бұйыратын еді»[9].

…. وَكَانَ تَقِيًّا ﴿١٣﴾ وَبَرًّا بِوَالِدَيْهِ وَلَمْ يَكُن جَبَّارًا عَصِيًّا ﴿١٤﴾

«Өзі де тақуа еді. Әрі ата-анасына да мейірімді еді. Зинақор, күнәһар емес еді»[10].

﴿لَهُمُ الْبُشْرَىٰ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَفِي الْآخِرَةِ ۚ لَا تَبْدِيلَ لِكَلِمَاتِ اللَّهِ ۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ ٦٤﴾

«Оларға дүние тіршілігінде де ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөзінде өзгеріс жоқ. Міне ірі қол жетушілік осы»[11].

Иман мен амалды қатар ұстап, сеніміне берік болған дана бабаларымыз өз халқына ізгі амалдар жасау керек екендігін өлең сөздермен жеткізіп отырған. Мысалы, Шәкәрім атамыз:

Есің барда елің тап,

Барғанда кірер жерің тап.

Жаратқанның құлысың,

Жағатұғын ебін тап.

Алдыңда кірер үйің бар,

«А, тоба онда деп отыр»-десе.

Қожа Ахмет Иассауи бабамыз:

ИннАллада пайда бар,

Білмеген құлға нала бар.

Барар жерің қараңғы,

Шам-шырағыңды сайлап ал-дейді. Осыны айта отырып, ұлы ғұлама Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың иман мен амалдың ақыры туралы айтқан мына бір жолдарға да назар аудара кетейік:

…Тәубесіздер жүрер мәңгі өлмейтіндей,

Көр азабын, тозақ отын көрмейтіндей.

Арасаттың майданына енбейтіндей,

Адамдай боп арнап алған тілхаты бар.

 

Намаз оқып, ораза тұтып барғаныңыз,

Сегіз пейіш ішінде жайланыңыз.

Орындалса мүдде мен арманыңыз,

Жарылқаған құлдарымен сұхбаты бар.

 

Міне осындай пейіштің бар балбұлағы,

Суын ішсең мейіріңді қандырады.

Тәубесіз жуа да алмай зар қылады,

Шәрбәт емес, оған өзге у заты бар.

 

Құлмын десе, Аллаға бетін бұрсын,

Ғафылдығын түзетіп қызмет қылсын.

Құл Қожа Ахмет мұны қалай айтпай тұрсын,

Ертелі-кеш есіңді алар айбаты бар.

Сөзімізді қорыта айтқанда, Алла Тағаланың  разылығын іздей отырып бұйрықтарын атқару, құлшылықты  Аллаға ғана арнау, көркем есімдері мен сипаттарын біліп жүру ақылды адамға парыз. Алла Тағала барлығымызды тура жолға бастап, мейріміне бөлесін Әумин!

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] «Таһа» сүресі, 112-аят.

[2] «Хужурат» сүресі, 9-аят.

[3] Мүсілім, иман-17.

[4] «Ибраһим» сүресі, 24-25-аяттар.

[5] «Таһа» сүресі, 112-аят.

[6] «Бақара» сүресі, 177-аят.

[7] «Маида» сүресі, 27-аят.

[8] «Мәриям» сүресі, 51-аят.

[9] «Мәриям» сүресі, 54-55-аяттар.

[10] «Мәриям» сүресі, 13-14-аяттар.

[11] «Юнус» сүресі, 64-аят.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38