Исламның бес шартының бесіншісі – қажылық
Қажылық – жылдың белгілі күндерінде Қағбаны және айналасындағы қасиетті жерлерді ғибадат ниетімен зиярат ету.
Бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):
– Исламда ең абзал амал қандай? – деп сұрады.
– Аллаға және Елшісіне (с.ғ.с.) иман келтіру, – деді.
–Одан кейін ше?
– Алла жолында жиһад ету.
– Одан кейін қандай? – деп тағы сұрағанда:
– Қабыл болған қажылық, – деп жауап берді.
Алла тағала былай дейді: «Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар» («Бақара» сүресі, 196-аят).
Қажылықтың пайдасы
Сөз бен амалдарымызға ерекше мұқият болуға үйретеді;
Бауырмалдық сезімді күшейтіп, барлығымыз Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үмметі екенімізді еске салады;
Жүректерімізді жібітіп, күнәларымыз кешіріледі.
Қажылық – жаман әдеттерімізді тастап, көркем мінез-құлық қалыптастыруымыз үшін үлкен мүмкіншілік. Өйткені, ихрам кигеннен көптеген пендешілік әрекеттерді тоқтатуға міндеттісіз. Тіпті, өсімдікті жұлудың, тігісті киім киюдің, иіссу жағудың да жазасы бар. Дәлірек айтқанда Алланың әмірі мен тыйым салғандарына басқа күндерге қарағанда да ерекше ұқыптылық танытамыз. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:
«Жаман сөз айтпастан және үлкен күнә жасамай қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай үйіне күнәсіз оралады» (Бухари, Хаж 4).
Хижреттің тоғызыншы жылында парыз болған. Қажылық әрі дүние-мүлік, әрі дене арқылы жүзеге асатын ғибадат. Белгілі шарттарға сай әр мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Алланың басқа әмірлеріндегідей қажылықтың да хикметі мен пайдалары бар.
Әр түрлі елдерден қасиетті жерге келетін тілдері мен түстері әртүрлі мұсылмандардың бір ғана мақсатпен жиналуы және бірге Аллаға бет бұруы, Ислам бауырмалдығы мен достығын нығайтады. Мұсылмандардың бір-бірімен танысуы бір-бірінің қиындықтары мен дерттеріне шара тауып, бір-біріне жәрдемдесуін қамтамасыз етеді.
Алла тағала былай дейді: «Шын мәнінде иман келтірген мүміндер туыс» («Хужурат» сүресі, 10-аят).
Бай болсын, кедей болсын бүкіл мұсылмандар ихрам киіп, бірдей киімді болуы адамдарға теңдікті түсіндіріп, махшар күнін еске салады. Қажылық сапары адамның білімі мен көрегенділігін арттырады, қиыншылықтарға төтеп беруді үйретеді. Шыдам мен төзімге тәрбиелейді. Дүние-мүлікке қызықпай кедейлерге деген мейірім және қамқорлық сезімдерін дамытады.
Қажылықтың ішінде тәуәп, сағи, уақфа, шайтанға тас лақтыру секілді ғибадаттар бар. Бұл сауап алуымызға бастап, әрі бізді күнәлардан арылтады.
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Исламға кіру, көшу (хижрат жасау) және қажылық жасау өткен күнәларды кешіреді»,- деген (Мүслім, «Иман» 192).
Қажылық шамамен бір ай уақыт ішінде жүзеге асады, әсіресе бұл рухани болмысымызды шыңдайтын құлшылық. Қажылықтағы әрбір амалымыз құлшылық. Тәуәп, намаз оқу, Құран оқу мен тыңдау, Алланы зікір ету барлығы-барлығы сауабы шексіз ғибадаттар. Қажылық адам баласын рухани кемелдендіріп, тәубеге бастайды. Сондай-ақ, бұл үлкен тәрбие мектебі. Ал, «Қабыл болған қажылықтың сыйы – тек ғана жәннат», –дейді Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз хадисінде.
Пайғамбарымыз туып-өскен, Ислам діні жер-жаһанға тарала бастаған қасиетті жерлерді көру – мүминдердің жан-дүниесін толқытады, діни сезімдері артады, киелі жерлерде адам өзін Аллаға жақын сезінеді. Ал оның жасаған ғибадаттарына еселеп сауап жазылады. Алла разылығы үшін қажылық міндетін атқарған және адамдарға жаманшылық жасаудан сақтанған адамдардың (кісі ақысынан басқа) көптеген күнәлары кешіріледі. Бұл жөнінде пайғамбарымыз былай дейді:
“Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз бен әрекеттерден аулақ болса, анасынан туғанда қандай күнәсіз болса, сондай болып күнәларынан арылып қайтады.”[1]
ҚАЖЫЛЫҚ КІМДЕРГЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАРЫЗ?
Төмендегі шарттарға сай кісілерге қажылық парыз:
1) Ақыл-есі дұрыс болу;
2) Балиғатқа жеткен болу;
3) Мұсылман болу;
4) Бас бостандығы болу;
5) Қажылықтың парыз екендігін білу (бұл шарт мұсылман емес елдерде мұсылмандықты қабылдағандар үшін. Ислам мемлекеттеріндегі мұсылмандардың қажылықтың парыз екенін білмеулері олар үшін үзір, сылтау болып есептелмейді).
6) Керекті қажеттіліктерінен басқа қажылыққа барып-келгенше өзінің қарамағындағы отбасы мүшелерінің күн көрінісіне жетерлік қаражатының болуы.
7) Қажылыққа жеткізетін өз жағдайына сай көлік және жол шығындарын өтейтіндей ақшасы болу.
8) Қажылық міндетін өтейтін уақытқа үлгеру. Аталған жоғарыдағы шарттардан басқа қажылық міндетін орындау үшін мына шарттардың да болуы керек. Бұлар қажылықты атқарудың шарттары деп аталады.
Қажылықты атқарудың шарттары:
1) Тән жағынан сау болу: (зағип, әлсіз, қажылық сапарына төзе алмайтындай ауру немесе қарт болмау).
2) Қажылыққа баруына кедергі жоқтығы (мысалы, түрмеде болу сияқты).
3) Жол қауіпсіздігі.
4) Әйелдің қасында күйеуі немесе неке жүрмейтін бір махрамы болу. (Шафиғи мәзһабында: қасында күйеуі немесе некесі жүрмейтін бір махрамы болмаған әйел, сенімді екі немесе одан да көп әйелдермен бірге парыз қажылығын орындайды).
5) Күйеуі өлген немесе ажырасып кеткен әйелдердің ғиддәт күндері мерзімінің толуы.
Бұл шарттарға ие болған адам алдындағы алғашқы қажылық маусымында қажылыққа баруы парыз болып табылады.
ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ПАРЫЗДАРЫ
Қажылықтың парызы, бірі шарт, екеуі рүкін болып табылады.
1) Ихрамға кіру (қажылықтың негізгі шарты);
2) Арафатта уақфа жасау (тұру);
3) Зиярат тауабы
Миқат аймақтары
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) умра және қажылық амалдарын өтеуге ниеттенген адамдарға бес мекенді ихрам киетін жер ретінде белгілеп кеткен. Бұл мекендер:
- Зул-хуләйфа. Ол – Мәдина қаласына жақын маңда орналасқан. Мәдина тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киімін осында киеді. Бұл орын Меккеден 450 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде бұл аймақ «Әбяр али» деп аталады.
- Әл-жухфа. Ол – Рабиғ қаласына жақын маңда орналасқан ауыл. Бұл жерден Мысыр, Шам (Иордания, Сирия, Палестина, Ливан) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киеді. Ол Меккеден 183 шақырым.
- Қарнул мәнәзил. Нәжд (Сауд Арабиясының орталық және шығыс аудандары) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Ол Меккеден 75 шақырым. Қазір бұл жер «әс-Сәйлул кәбир» деп аталады.
- Яләмләм. Иемен тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін орны. Ол Меккеден 92 шақырым.
- Зәту ирқ. Ирак тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Меккеден 94 шақырым.
Ихрам киген адамға тыйым салынады:
Тырнақ алуға; қырынуға; иіссу жағуға; Мекке мен оның айналасындағы өсімдіктерді жұлуға; тігісті киім киюге болмайды.
Осылардың бірін жасап қойса, жаза ретінде кедейлерге садақа береді, не құрбан шалады.
Тәуәп – Қағбаны жеті рет айналу. Әрбір айналым «Шаут» деп аталады.
Сағи – қажылық немесе умра кезінде Сафа мен Мәруа төбелері арасында жүру. Бұл екі арадағы барып –келу Сафадан Мәруаға төрт, Мәруадан Сафаға үш реттен жүреді. Барлығы 7 рет. Сафадан басталып, Мәруамен бітеді.
Уақфа – Арафа күні бесін уақытынан күн батқанға дейін ихрам киіммен Арафатта болу. Бұл «Арафат уақфасы» деп аталады. Бұл қияметтегі маһшарды еске түсіреді. Мұнда күн батқанға дейін Алладан истиғфар тілеп, күнәларымыздың кешірілуін жалбарынып сұраймыз. Бұл жерде бесін және екінті намаздарын жамағатпен бесін уақытысында біріктіріп оқиды. Күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан Мұздалифаға барады. Онда ақшам және құптан намаздарын құптан уақытында оқиды. Осында түнеп, шайтанға тас лақтыру үшін тас жинайды. Таң намазынан кейін аз уақыт дұға жасалады.
Құрбан айт күндері үлкен, орташа және кіші жамаратқа тас лақтырады. Ихрамды шешпей тұрып құрбандық шалу уәжіп. Ал, ихрамнан шықпас бұрын ерлер шашын толық алдырады немесе қысқартады. Әйелдер болса ұшынан қияды. Парыз тәуәбы жасалғаннан кейін қажылық аяқталады.
Қажылық әдептері
- Қажылық, не умра жасаушы кісі Аллаға жақындауды ниет етіп, мақтангершілікке, жалған атаққа және көзбояушылыққа жол бермеуі керек.
- Алған қарыздарын өтеп, қолында аманат заттар болса иесіне қайтарған, не сапарға шығып бара жатқанын ескерткені жөн.
- Өткен күнәларына өкініп тәубеге келу және ондай күнәларды қайталамауға шешім қабылдау.
- Біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болса, оның орнын толтырып, кешірім сұрау.
- Халал қаражатпен жолға шығу.
- Барлық күнә атаулыдан бойын аулақ салу, ешкімге зиян тигізбеу, балағаттамау, сыртынан тілдемеу, дауласпау және өтірік айтпау.
- Қажылық пен умра үкімдерін мұқият орындауы тиіс.
- Барлық парыздарына, оның ішінде бас уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөлу, Құран оқу, зікір ету, дұға жасау, адамдарға қарайласу, мұқтаждарға көмек қолын созу, кедей-кепшікке садақа тарату, жақсылыққа бұйырып, теріс істерден қайтару сияқты сауапты іс-амалдарды көбейту.
- Жолсерік ретінде ізгі, салиқалы адамды жолдас ету.
- Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, байсалдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, шыншылдық, ұялшақтық сияқты көркем мінезді болу.
- Сапарға шығар алдында отбасына Аллаға бойсұнуда болуды табыстау.
- Сүннетке сай дұғаларды, соның қатарында сапар барысында айтылатын дұғаларды қалдырмай айтып жүру.
Қажылық ғибадатына қатысты орындар
Қажылықты дұрыс түсініп, құлшылықты рет-ретімен атқару үшін ғибадат ететін орындарды біліп алған абзал;
әл-Харам мешіті қасиетті Қағбаны айнала орналасқан. Мұнда оқылған бір намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан 100 мың есе артық екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде айтып кеткен. Сондықтан, қажыға барғандар бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, намаздарын еселей түскені абзал.
Қағба – жер бетінде Аллаға ғибадат жасау мақсатымен соғылған алғашқы ғимарат. «Аллаһға құлшылық жасайтын үй» мағынасында, Қағбаға «Бәйтуллаһ» – «Алланың үйі» деп те айтылады. Құран кәрімде: «Негізінде адам баласы үшін тұңғыш салынған үй (Қағба) Меккеде» («әл- Имран» сүресі, 96-аят).
Хәжәрул Әсуәд – қара тас деген мағынаны білдіреді. Бұл тасты Қағбаның күншығыс жағындағы бұрышына хазреті Ибраһим (ғ.с.) қойған. Тәуәп осы бұрыштан басталып, әр айналымда оған сәлем береді.
Ибраһим мақамы – хазреті Ибраһимнің (ғ.с.) Қағбаны тұрғызғаннан кейінгі қажылыққа адамдарды шақырған кезде үстіне шыққан тастың тұрған жері. Тәуәп етіп болғаннан кейін оның жанына барып екі рәкат намаз оқу – сүннет. Алла тағала бұл жайында Құранда былай дейді: «Кезінде үйді (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекені етіп бердік. Тәуәп етушілер, бас иіп сәжде жасайтындар үшін Қағбаны таза ұстауды Ибраһим мен Исмаил екеуіне тапсырдық» («Бақара» сүресі, 125-аят).
Арафат – бүкіл қажылардың Арафа күні уақфа жасайтын жері яғни барлығы бірге Аллаға жалбарынып дұға, ғибадат жасау үшін өткізетін жазық дала. Арафаттағы төбеге «Жәбәлур-Рахма», «Мейірімділік төбесі» деген атау берілген. Хазреті Адам (ғ.с.) мен Хауа анамыз Арафатта кездесіп, Алладан кешірім сұраған. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Қажылық – Арафат»,- деген. (Тирмизи, «Хаж» 57).
Мұздалифа – Арафат пен Мина арасындағы жазық. Оған Арафаның кешінде түнеп, Құрбан айт күндері шайтанға атылатын тас жинап алынады. Алла тағала былай дейді: «Қашан Арафаттан қайтсаңдар Машхарул Харамның қасында Алланы еске алыңдар» ( «Бақара» сүресі, 198-аят).
Мина – Құрбан айт күндері құрбан шалынатын және шайтанға тас ататын жер. Хазреті Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмаилды (ғ.с.) құрбандыққа шалу үшін Минаға әкелген.
Сафа мен Мәруа – Қағбаның күншығысындағы 200 метрдей жерде орналасқан екі төбе. Екеуінің арақашықтығы 350 метрге таяу.
«Сафа мен Мәруада жүру Тәңірі жазған жоралғы. Кім қажылық немесе умра жасайтын болса ол екеуіне соғып, жоралғы жасаса, оның артықтығы жоқ» («Бақара» сүресі, 158-аят).
Зиярат жасайтын орындар
Меккеде:
Хира үңгірі – Меккеге жақын жердегі Нұр тауындағы үңгір. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Оқы!» деген алғашқы уаҺи әмірі осы жерде келген.
Сәуір үңгірі – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аудару кезінде үш күн жасырынған. Меккелік мүшіріктер Сәуір үңгіріне тақап келіп, Алла Елшісін (с.ғ.с.) және досы Әбу Бәкірді (р.а.) көре алмады. Өйткені үңгірдің аузына өрмекші өрмек құрып, бір көгершін де сол жерге ұя салған еді. Мұны көрген мүшіріктер үңгірге назар аудармастан кері қайтқан болатын.
Мәдинада:
Мәдина шаһары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қоныс аударған және қайтыс болғанға дейін өмір сүрген қасиетті мекен. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мұнда қоныс аударуы қалаға береке әкелді. Сол себепті «жарық қала, нұрлы қала» деген мағынада Мәдина Мүнаууара деп аталады.
Меккелік пұтқа табынушылар Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өлтіруді жоспарлағанда Мәдина халқы «Тала-әл бәдру әләйнә» (Ай туды үстімізге) деп қуанышпен сағына қарсы алып, барымен бөлісті. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаны ерекше жақсы көрген, қабірі де сонда.
Нәбәуи мешіті – Расулуллаһтың (с.ғ.с.) Мәдина Мүнаууараға келгеннен кейін тұрғызған ғибадат орны. Бұл мешітті тұрғызу барысында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де еңбек етті. Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұнда ардақты сахабаларға он жыл намаз оқытқан. Олар Расулулаһтың (с.ғ.с.) сұхбаттарын тыңдап, шариғат мәселелеріне терең бойлап, көркем мінезді бойларына сіңірді. Алланың сүйікті Елшісі(с.ғ.с.) : «Әл-Харамда оқылатын намаздан басқа менің мешітімде оқылатын бір намаз басқа мешіттерде оқылатын мың намаздан да қайырлы», –дейді. (Мүслім, Хаж 94).
Рауза Мұтаһһара – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірі жатқан жер, Нәбәуи мешітіндегі жасыл күмбездің астында. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардың (р.а.) да сүйегі жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бейітін зиярат ету үлкен сауапты іс. Бұл жөнінде сүйікті Нәби (с.ғ.с.) былай дейді: «Мені қайтыс болғанымнан кейін зиярат еткен кісі тірі кезімде зиярат еткендей болады» (Бәйһаки, «Шуабул Иман» VІ 48). Алла Елішісінің (с.ғ.с.) қабірін зиярат етудің әдебі:
Нәбәуи мешітінің есігінен үнсіз, ұқыптылықпен және құрметпен ішке кіреміз. Рауза Мұтаһһараға жақындап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем береміз. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омарға (р.а.) да сәлем беріп, зияратымызды аяқтаймыз.
Жәннатул Бақи – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне қарама-қарсы тұрған қабірстан. Алла Елшісін (с.ғ.с.) көру бақытына ие болған, Оның сұхбаттарын тыңдаған және ислам үшін жандарын қиған және түрлі қиындықтарды бастарынан өткізген мыңдаған сахабалар осында жерленген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелі мен қыздары, ұрпақтарынан шыққан кейбір ислам ғалымдарының да қабірі осы жерде. Расулуллаһ(с.ғ.с.) жиі-жиі Бақи мазарын зиярат ететін, қайтыс болған мұсылмандарға дұға жасайтын.
Құба мешіті. Расуллуллаһтың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда ең алғашқы салдырған құлшылық үйі.
Ухыд шейіттері жатқан мазар. Ухыд соғысында қаза болған сахабалар жатқан жер. Мәдинаның сыртында осы аттас таудың баурайында.
ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ
Орындалуы тұрғысынан қажылықтың үш түрі бар:
1) Ифрад қажылығы – Ұмрасыз жасалатын қажылық. Қажылық жасамақ болған адам ихрамға кірерде тек қана қажылыққа ниет етіп, қажылық міндеттерін атқарады. Ифрад қажылығын жасағандарға құрбандық шалу уәжіп емес.
2) Тәмәттуғ қажылығы – Ұмра мен қажылықты бөлек-бөлек ихрамға кіре отырып жасау. Қажылық жасамақ болған адам ұмра үшін ихрамға кіріп, ұмра міндеттерін өтейді, осыдан кейін ихрамнан шығады. Уақыты келгенде қайтадан ихрамға кіріп, қажылық міндеттерін атқарады. Тәмәттуғ қажылығында құрбандық шалу уәжіп.
3) Қыран қажылығы – Ұмра мен қажылықты бір ихрамда жасау. Қажылық жасамақ болған адам ихрамға кірерде әрі ұмра әрі қажылық үшін ниет етеді. Алдымен ұмраны орындайды, бірақ ихрамнан шықпайды. Содан кейін қажылықты өтейді. Қыран қажылығында да құрбан шалу уәжіп.
Қажылыққа барғысы келген кісі осы үш түрлі қажылықтан қалағанын орындайды. Әдіс-тәсіліне, қағидаларына сәйкес жасалған қай қажылықты орындаса да міндетін өтеген болып табылады.
Ихрам, тәлбия, тауап, сағи және уақфа
Ихрам – Қажылық немесе ұмра жасайтын адам басқа уақыттарда адал болып есептелетін іс-әрекеттерді белгілі бір уақыт өзіне харам етуі. Қажылық пен ұмраға ниет етіп, тәлбия айту арқылы ихрамға кірген болып есептеледі.
Тәлбиә – ихрамға кіргеннен кейін дауыстап: “Ләббәйк, Аллаһүммә ләббәйк, ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләбәйк, иннәлхамдә уән-ниғмәтә ләкә уәл-мүлк, лә шәрикә ләк” дейді. Әйелдер тәлбиәні дауыстамай айтады.
Тауап – Қағбаны шарты бойынша жеті рет айналу.
Сағи – Қағбаға жақын орналасқан Сафа және Мәруа төбелерінің арасында жүру. Бұл екі арадағы бару-келулер Сафадан Мәруаға төрт, Мәруадан Сафаға үш рет болып жеті рет жүріледі.
Уақфа – Қажылыққа Арафат және Мүздалифа деген жерлерде белгілі бір уақытта тұру. Арафат уақфасы – парыз, Мүздалифа уақфасы – уәжіп.
ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ОРЫНДАЛУЫ
Қажылыққа барғысы келген адам бұл қасиетті парызды өтеу үшін адал жолмен, адал табыс табу керек. Жолға шықпай тұрып қарыздарын өтейді, біреудің онда ақысы бар болса, соларды береді. Күнәларының кешірілуі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрайды. Қаза болған ғибадаттары болса, мүмкін болғанша өтейді. Жолға шығар алдында үйінде екі рәкағат намаз оқиды. Отбасы мүшелері, достары, жолдастары мен жақындарының онда ақысы болса, соларын өтеп, олармен қошта-сып, жолға шығады. Жолда және қажылық кезінде басқаларды ренжітетіндей, көңілін қалдыратындай сөз айтып, іс-әрекет жасамауы керек.
Ихрамға кіретін орын – “Миқат” шекарасына кірмей тұрып тырнағын алып, денесін тазартады, мүмкіндік болса ғұсыл алады, болма-са дәрет алады. Ер адамдар үстіндегі барлық киімдерін шешіп “Изар” және “Рида”деп аталатын екі бөлек шүберекпен оранады. Ихрамға кірген кезде аяқтары мен басы ашық болады. Әйелдер ихрамға кіргенде киімдерін шешпейді.
Содан кейін “Миқат” шекарасында “Ихрамның сүннеті” ниетімен екі рәкағат намаз оқып, қажылыққа ниет етіп тәлбия айтады. Ихрамға осылай кіреді. Ихрамға кірген соң ихрамға кірген адамдарға тыйым салынған харам істерден аулақ болуы керек.
Меккеге барғаннан кейін ғұсыл немесе дәрет алады. Содан кейін Қағбаның айналасында қудум тауабын жасайды. Артынша екі рәкағат тауап намазын оқып, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасайды. Қажылыққа ниет еткен адам осыдан кейін сол ихрамға кірген күйі Меккеде болады. Ол жерде мүмкіндігінше намаздарын Харам-Шәрифте оқып, мүмкіндік туған жағдайда нәпіл тауап жасаудың сауабы көп.
Тәруия күні, яғни Арафадан бір күн бұрын Арафатқа шығады. Арафа күні күн батқанша Арафатта болады. Уақыттарын ғибадат, дұға етумен өткізеді. Бұл жерде түскі және екінті намаздарын жамағатпен бесін уақытында біріктіріп оқиды. Бұл – “Жәмиғ тақдим” деп аталады. Түстен кейін уақфа жасалады. Күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан “Мүздалифаға” барады.
Мүздалифада ақшам және құптан намаздарын жамағатпен құптан уақытында оқиды. Бұл “Жәмиғ тахир” деп аталады. Түнді Мүздалифада өткізіп, шайтандарға тас лақтыру үшін тастарды осы жерде жинайды.
Айт күні таң намазы ерте оқылып, одан кейін “Мүздалифа уақфасы” жасалады. Қажылар күн шыққаннан кейін Минаға қарай жылжиды.
Айттың бірінші күні Минада ретімен:
а) Ақаба жәмрасына жеті тас лақтырады.
ә) Шаш алынып, ихрамнан шығады. (Ифрад қажылығын жасайтындарға құрбандық шалу уәжіп болмағандықтан, олар Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін шашын алып, ихрамнан шығады. Тәмәттуғ немесе Қыран қажылығын жасайтындар Ақаба жәмрасына тас атып, құрбан шалғаннан кейін, шаштарын алып, ихрамнан шығады).
б) Уақыты және мүмкіндігі болса, сол күні Меккеге барып, парыз болып есептелетін зиярат тауабы жасалады.
Айттың екінші күні рет-ретімен: Кішкентай, орта және Ақаба жәмрасына жеті тастан атылады. Айттың бірінші күні зиярат тауабын жасай алмағандар екінші күні жасайды.
Айттың үшінші күні: тағы да кішкентай, орта және Ақаба жәрмасына жеті тастан атылады. Сол күні Минадан Меккеге қайтып оралып, қоштасу тауабы жасалып, қажылық міндеті тәмам болады. Жоғарыда түсіндіргеніміз ифрат қажылығы. Тәмәттуғ пен Қыран қажылықтарының орындалуларында өзгешеліктер бар.
Тәмәттуғ қажылығы: Тәмәттуғ қажылығын орындамақ болған адам “Миқат” шекарасында ұмра үшін ихрамға кіреді. Меккеге келісімен ретіне қарай ұмра жасағаннан кейін шашын алып, ихрамнан шығады. Тәруия күніне дейін (яғни Арафа күніннен бір күн бұрын) Меккеде ихрамсыз күтеді. Тәруия күні Меккеде қажылық үшін қайтадан ихрамға кіреді және жоғарыда айтылып өткендей қажылық мін-деттерін орындайды.
Бірақ ифрад қажылығынан ерекшелігі:
1) Айттың бірінші күні Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін құрбандық шалады, содан кейін шашын алып, ихрамнан шығады.
2) Зиярат тауабынан кейін қажылық сағиын жасайды.
Қыран қажылығы. Қыран қажылығын жасайтын адам миқат шекарасында қажылық және ұмра үшін бірден ниет етіп, ихрамға кіреді. Меккеге барғаннан кейін әуелі ұмра жасайды. Содан кейін қажылық тауабын, артынан қажылық caғиын жасайды. Бірақ ихрамнан шықпайды. Ихрамда болған күйі күтіп, тәруия күні Арафатқа шығып, жоғарыда айтылғандай қажылық міндетін орындайды. Қыран қажылығы-ның ифрад қажылығынан айырмашылығы айттың бірінші күні Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін құрбандық шалып, шаш алып ихрамнан шығады.
ҰМРА
Ұмра – белгілі бір уақытқа қарамастан қағидаларына сай ихрамға кіргеннен кейін тауап етіп, сағи жасау және шаш алудан тұрады. Ұмра жасау – сүннет. Ұмраның арнайы уақыты жоқ. Арафа және одан кейінгі құрбан мерекесі күндерінен тұратын бес күннен басқа жылдың кез-келген уақытында ұмра жасауға болады.
Ұмраның орындалуы:
Ұмраға барғысы келген адам “Миқат” шекарасына кірмей тұрып қажетті тазалықты жасағаннан кейін ұмраға ниет етіп, тәлбия айтып, ихрамға кіреді. Меккеге барғаннан кейін ретімен “Тауап намазын” оқиды. Содан кейін Сафа мен Мәруа арасында ұмра сағиын жасайды. Сағиды бітіргеннен кейін шаш алдырып, ихрамнан шығады. Ұмра осылай тәмам болады.
ЖИНАҚТАҒАН, ДІНТАНУШЫ: АЗАМАТ ӘБДІКЕРІМҰЛЫ