«Сәлем салу» – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі. Көреген келіндер қайын жұртына иіліп сәлем беру арқылы ізгілік танытқан. Иіліп сәлем беру – әдептіліктің белгісі. Ешқандай келін табынып, тәңір тұтып иілмейді. Сондықтан да ата-баба салтын «серік қосу» деп санау ақылға сыймайды. Дініне берік болған, дәстүрі шариғатпен біте қайнасқан қазақ елі мұндай келеңсіздікке жол бермесі анық.
Ислам ғылымында иіліп сәлем беруді «Аллаға серік қосу», «ширк» деген ешқандай хадис-шәріптер кездеспейді. Дін ғұламалары да иіліп құрмет көрсетуді шариғатқа жат деп баға бермеген.
Ислам шариғатында қандай да бір іс-әркететті «харам» деу үшін оған кесімді (қатғи нас), бұлтартпас дәлел қажет. Біздің “өзге ағым өкілдегі”бауырларымыздың осы мәселеге қатысты келтіріп жүрген мына екі хадисіне зер салып қарар болсақ, оның кесімді, нақты дәлелге жатпайтынын көре аламыз:
Ең әуелі әуелі мына мәселені айта кетейік, иіліп сәлем салу әрекетінің өзі ақида мәселесі болмағандықтан, ол ширкке жатпайды.
Имам Тирмизи риуаят еткен мына бір хадис: «Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ», – деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ», – деді. Ал қолын алып амандаса ма?-деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деп жауап берді.
Бұл жердегі хадистің сөздеріне зер салып қарар болсақ, иіліп сәлем беру харам деген нәтиже шықпайды. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құшақтау және бетінен сүюге қатысты сұраққа да «жоқ» деп жауап берген. Сонымен қатар, бұл хадисті әлсіз деген ғалымдар да бар. Сондықтан мағынасы кесімді емес, түрлі жорамалға ашық, оның не үшін, қандай жағдайда айтылғанын да білмей жатып, бір ғана хадиске сүйеніп қандайда да бір іске «харам» деп айтуға болмайды. Егер мәселені жан-жақты сараламай, бір-екі ғана хадиске негіздеп пәтуа беріле берсе онда «Сырттан келген адамға тұрып құрмет көрсету», «қабірлерді зиярат ету», «өлген адамның артынан жылау» және тағы басқа көптеген мәселерде кейбір хадистерді ғана негізге алып, оның түпкі мәні мен мақсатына үңілмей бір жақты асығыс шешім шығарған боламыз. Алайда мұсылман ғалымдары осы мәселелердің түрлі жағдайларда айтылуына орай, мұндай мәселелерге әр түрлі пәтуалар берген.
Сахаба Мұғаз ибн Жәбәл (Алла одан разы болсын) Шамнан оралған кезде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәжде жасайды. Ардақты елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның сәжде жасауының мәнісін сұрағанда ол христиандардың өз дін басыларына осылай сәжде жасайтындықтарын, мұны өз пайғамбарларынан алғандықтарын айтқан кезде Алла елшісі оған: «Бұл – пайғамбарлаға жабылған жала. Егер біреудің екінші бір адамға сәжде жасауын бұйырар болсам, мойнындағы ақысына байланысты әйелдің күйеуіне сәжде жасауын бұйырар едім. Әй, Мұғаз, Алладан басқа ешкімге сәжде жасалынбайды!» – дейді.
Хадистен көріп тұрғанымыздай бұл жерде сәжде жасауға тыйым салынып тұр. Ал, біздің қазақы түсініктегі сәлем салу Құдай тағаланың алдында құлшылық мақсатымен иілуге қатысты сәждеге де, рукуғқа да жатпайды. Сондықтан оның харамдығына қатысты кесімді түрде келген ешқандай да дәлел жоқ
Келіннің иіліп сәлем салуы – қазақтың имандылығы, ибалылығы мен асылдығынан, үлкенді құрметтеп, кішіге ізеттілік көрсетуден туындаған, тәрбиеліәк мәні жоғары жақсы әдет-ғұрыптардың бірі. «Аллаға ғана сыйыну керек» деп сыйыну мен сыйлауды ажыра алмайтын осындай ора шолақ «діндарлардың» үлкенді және жалпы адамдарды сыйлау мен құрметтеуді ұмытып, Алланың ең қаламайтын ісі – тәкаппарлыққа бой алдырып жатулары, дін деген қастерлі ұғымның не кенін толық түсінбей жатып, «дін үшін» деп ойлап, сауатсыздықпен астамшылыққа барулары өкінішті-ақ.
Ең соңғы Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберілуінің де негізгі мақсаты сол еді. Иман – құлшылықты, ал құлшылық – көркем мінезділікті қажет етеді.
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы «Жанқожа» мешітінің Имамы Асылбек Абдіхаликов