Мазһабтардың негізін қалаушы фиқһ ғұламаларынан ең алдымен біздің мазһабтың негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифаны ауызға аламыз. Өйткені қалған үш мазһабтың имамдары өздерін Имам Ағзамның шәкірттеріміз деп есептеген. Имам Шафиғи: «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға борышты», – десе, Имам Мәлик: «Әбу Ханифаның ой қисындылығының қуаттылығы сонша, егер ол ағашты алтын десе, соны дәлелдеп береді»,- деген.[1]
Сондай-ақ, ханафи мазһабы мұсылмандар арасында ең көп тараған мазһаб болып табылады. Ханафи мазһабы алдымен Ирақ аймағында шыққан, сол жерден шығысқа және батысқа жайылған. Аббасидтер дәуiрiнде, әсiресе Әбу Юсуфтың бас қазылығынан бастап ханафи мазһабы кеңiрек етек жая бастаған. Кезінде Алтын Орда хандары, Осман империясының сұлтандары ұстанған. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да осы ханафи мазһабын басшылыққа алады. Жалпы, бұл мазһабты ұстанушылар саны жүз миллионнан асып жығылады.
Әбу Ханифаның толық аты-жөні — Нұғман ибн Сәбит әл-Куфи. Ирақтың Куфа қаласында Һижраның 80-жылы (Миләди бойынша 699 ж.) дүниеге келіп, Һижраның 150-жылы жетпіс жасында Бағдат қаласында қайтыс болады. Ол кісінің жаназасына елу мың адам қатысқан. Ұлты – парсы. Өзі өмір сүрген сол ғасырда ірі ғалым болғандықтан ол кісі Имам Ағзам, яғни ең ұлы имам деген атпен аталып кеткен. Кейде ол кісі Әбу Ханифа, яғни Ханифаның әкесі деген атпен де белгілі.
Әбу Ханифа жас кезінде негізінен илмул-кәләм саласына, яғни діннің иман негіздерін зерттейтін саласына қызыққанымен, өсе келе фиқһ саласына ауысады. Бұлайша үлкен бетбұрыс жасағаны туралы ғалымдар арасында түрлі көзқарастар бар.
Ол өз заманының таңдаулы ғалымдарының көбiнен хадис және фиқһ iлiмiн үйренген. Ұстазы Хаммад бин Сүлейменнен он сегiз жыл жеке дәрiс алып, фиқһ iлiмiнде жоғары дәрежеге қол жеткізеді. Оның iлiмi ұстазы Хаммад арқылы Ибраһим ән-Нәхауй, Алқама, Хазретi Әли мен Хазретi Омар (р.а.) сияқты сахаба мужтаһидтерге барып тіреледі. Имам Ағзам Әнәс ибн Мәликпен (р.а.) бірнеше рет жүздескендіктен тәбиғиндер қатарына да жатады.[2]
Әбу Ханифаның шамамен қырық мыңға жуық шәкірттері болған. Кейбір мағлұматтарға қарағанда бес мың мужтаһид шәкірті болған. Мужтаһид деп діннің фиқһ саласын терең меңгерген,заман талаптарына сай үкім шығаруға қабілеті жететін ғұламаларға айтылады. Яғни, біздің бұл мағлұматтардан аңғаратынымыз Әбу Ханифа мазһабын тек ол кісінің жеке көзқарасы ғана емес, сонымен қатар қасындағы шамамен бес мыңдай мужтаһид шәкірттерінің де көзқарасы деп білеміз. Міне, сондықтан Имам Ағзам мазһабы осыншама дін ғұламаларының ислами көзқарастарынан келіп шыққан ақиқат жолы. Ханафи мазһабының алғашқы үлкен өкiлi болғандықтан мазһаб сол кісінің атымен аталады.
Әбу Ханифа Куфада әрi жанұясының күнкөрiсi болған киiм сатумен айналысады, әрi iлiмін жалғастырады. Оның дұрыс әрi тура тұжырым жасауына амалдарды меңгеру және қоғам құрылысын жақсы тануының, теориялық бiлiммен қоса бұларды күнделiктi өмiрде жүзеге асырған саудагерлер арасында болуының үлкен пайдасы тиеді. Тура, әділ болып, өтiрiк, алдау және бақталастықтан бойын аулақ салуы, күлiмсiреген жүзi, тартымды әңгiмесi және кiшiпейiлдiлігiмен аты шығады. Ол аз сөйлейтiн, бiрақ фиқһтан сұрағанда сел сияқты тасқындайтын болған деседі. Сондай-ақ, ол аса жомарт, кеңпейіл, өте тақуа болған.
Ұстазы Хаммад қайтыс болған кезде Әбу Ханифа қырық жаста болған. Сонда оның орнына дәрiс бере бастаған. Дәрiстерi тартыс түрiнде өткен. Мәселенi ортаға тастап талқылап, әркiм сол тақырыпта пiкiрлерiн айтып, ең соңында Әбу Ханифа өз пiкiрiн білдіріп, мәселеге шешім беріп отырған.
Әбу Ханифа көптеген шәкiрт тәрбиелеген. Iштерiнде ижтиһад жасайтын бiлiмділері бар. Төртеуi әйгiлi. Оның бірі Әбу Юсуф Яқуб бин Ибраһим әл-Куфи. Бұл кісі Һарун Рашид дәуiрiнде бас қазы болған. Ханафи мазһабы негiздерiнiң жинақталуына, қоғам өмiрiнде қолданылуына және өзге елдерге осы мазһабтың кең тарауына көп үлес қосқан.
Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәни алғашқы iлiмiн Әбу Ханифадан алған.Әбу Юсуфтан өз кемшiлiктерiн толықтырған. Ханафилердің ең сенiмдi алғашқы шығармалары болған Заһирур-Риуая кiтаптарын жазған.
Имам Зуфар ибн әл-Хузайл ибн Қайс Исфаханда дүниеге келіп, Басра қаласында қайтыс болған. Шариғат ілімімен қоса хадис ғылымын да меңгерген. Сондай-ақ, логика саласында жоғары деңгейден көрініп, қияс мәселесін[3] білімділікпен жүзеге асырған.
Мутлақ мужтаһид Хасан ибн Зияд әл-Лулуи алдымен Әбу Ханифаның, кейiннен Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтiң шәкiртi болған. Ол хадис iлiмi мен Әбу Ханифаның пiкiрлерiн риуаят етумен танылған. Бiрақ Имам Зуфар мен Имам Хасан ибн Зиядтың пiкiрлерi алғашқы Заһирур-Риуая кiтаптарына кiрмеген.
МӘЛИК ИБН ӘНӘС
Һижраның 93-жылы Мәдинада дүниеге келiп, Һижраның 179-жылы сол жерде қайтыс болған. Мәлики мазһабы осы кісінің атымен аталады. Мәдинадан шыққаны үшiн оны «Һижрат елiнiң имамы» деген. Имам Мәлик Хазретi Пайғамбарымыздың (с.а.с) құрметi үшiн оның денесi жерленген Мәдина қаласында атқа мiнбеген, «Ахиретте Пайғамбар (с.а.с.) нәсiлiнен келген бiр адаммен дауласқым келмейдi» деп, өзiн тежеген. Әрі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұрпағынан болған Мәдина әкiмi Жағфар ибн Сүлеймендi қылмысы үшін жазаламай, оған рахымшылық жасаған. Мәдина ғалымдарынан iлiм алған. Абдуррахман ибн Хурмуздың дәрiстерiне көп қатысқан. Оның фиқһтағы ұстазы Рабиа ибн Абдуррахман. Хадис пен фиқһта озық болған. Ол кісінің әл-Муатта атты хадис пен фиқһ саласын қамтитын кiтабы бар.
Абдуррахман ибн Қасым Мәлик ибн Әнәстан жиырма жыл бойы фиқһ бойынша дәрiс алған. Одан кейін Ләйс ибн Саъдтан білім алған. Мәлики мазһабының әйгiлi әл-Мудәууәнә атты шығармасын сақтаған. Сахнун бұл шығарманы Абдуррахман ибн Қасымнан алып, фиқһ тәртiбiмен реттеп шыққан.
Ал, Яхия ибн Яхия-мәлики мазһабының Испанияда тарауына себепкер болған Ислам құқық танушысы. Әшхаб ибн Абдулазиз Имам Мәлик пен Ләйстен алған фиқһ iлiмiн одан әрі тереңдеттi.
Мәлики мазһабы алдымен Арабия түбегі халқынан қолдау тауып, кейiннен бірте-бірте қажылар арқылы Солтүстiк Африка мен Испанияға тараған.
ИМАМ ШАФИҒИ
Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Идрис әл-Қурайши әл-Һашимидің арғы тегі Пайғамбарымыздың(с.а.с.) төртiншi атасы Әбдуманафқа барып тіреледі. Палестинадағы Ғазза қаласында Һижраның 150-жылы туып, 204-жылы Мысырда қайтыс болған.
Құран Кәрімдi жас кезінде жаттаған. Меккенiң сыртында тұратын әрі араб тілінде өте таза сөйлейтiн Һузайл тайпасы iшiнде жүріп өлең мен әдебиет өнерін де үйренген. Мекке, Мәдина және Ирақтың алдыңғы қатарлы ғалымдарынан бiлiм алған. Имам Мәликтен әл-Муаттаны тыңдаған. Суфян ибн Уяйнадан хадис риуаят еткен.
Сондай-ақ, бұл кісі – шафиғи мазһабының негізін салушы әрі әр-Рисалә, әл-Хижжә және әл-Умм атты еңбектердің авторы.
Шәкiрттерi: Юсуф ибн Яхия әл-Бууәйти, Хасан ибн Мухаммад әз-Зафарани, Ибраһим ибн Яхия әл-Музани.
Имам Шафиғи Һижраның 195-жылы (Миләди бойынша 820 ж.) Бағдатқа барып, екi жылдан кейiн Меккеге оралады. Һижраның 198-жылы (Миләди бойынша 813 ж.) қайтадан Бағдатқа барғанымен онда көп болмай екi айдан кейін ол жерден Мысырға өтеді. Бағдатта Әбу Ханифаның шәкiртi болған Имам Мухаммед, Ахмад ибн Ханбал және басқа да ғалымдармен кездеседi.
Шафиғи мазһабы алдымен Мысырда тарай бастайды, кейiн бірте-бірте Сирияға, Йеменге, Ираққа және Хорасан жағына өтеді. Қазiр шафиғи мазһабын Мысыр, Шам, Кавказ және Анадолының оңтүстiк жағында ұстанушылар бар.
АХМАД ИБН ХАНБАЛ
Ахмад ибн Ханбал әш-Шәйбәни Һижраның 164-жылы (миләди бойынша 780 ж.) Бағдатта туып, 241-жылы (миләди 855 ж.) сол жерде қайтыс болған. Ханбали мазһабы осы кісінің атымен аталады. Әсiресе, хадис iлiмi үшiн Куфа, Басра, Мекке, Мәдина, Шам, Йемен және Араб түбегін аралап, бiрнеше жыл бойы Имам Шафиғидiң шәкiртi болған.
Бухари, Мүслим және сол сияқты ғұламалар одан хадис риуаят еткен. Шәкiрттерi мен замандастары оның мазһабын сөздерi мен амалдары және сұрақтарға берген жауаптарына сүйенiп алған. Бұл кісінің әл-Муснәд атты кiтабы қырық мың хадистi қамтиды.
Ибн Ханбалдың ең үлкен ұлы Салих ибн Ахмад фиқһ пен хадис iлiмiн әкесiнен және сол кездегi өзге ғалымдардан үйренген. Әкесiнiң фиқһқа байланысты пiкiрлерiн қағаз бетіне түсірген.
Ахмад ибн Ханбалдың шәкiрттерi ретінде Әбу Бәкiр әл-Әсрам, Ахмад ибн Мухаммад әл-Хажжаж, Ибраһим ибн Исхақ әл-Харбилерді т.б. айтамыз.[4]
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] А. Махат. Әл-Фиқһ оқу-әдістемелік құралы. Алматы, -2001. 5-бет.
[2]А. Махат. Әл-Фиқһ оқу-әдістемелік құралы. Алматы, -2001ж. 6-бет.
[3] Қияс — Құран Кәрім аяттарында және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде нақты айтылмаған істерді орындаудың үкiмi туралы сөз болғанда мұндай бір мәселені осы мәселеге ұқсас ортақ ерекшелiктерi бойынша, шариғатта нақты үкiмi бар бiр мәселемен салыстыра отырып, оның үкiмiн бұл мәселеге де беру. Мұндай салыстыра отырып үкім шығару Құран аяттарымен, хадис шәріптермен және сахабалардың iстерiмен бекiтiлген
[4] Толығырақ мағлұмат үшін: Мекки. Мәнақибул-Имам Әби Ханифа. Хайдарабад, 1903ж. I,74-78; Зәһәби. Мәнақиб. Дар әл-Китаб әл-Араби. 20-21 бет;
Ибн әл-Қайим. Аъламул - Мууаққиъин. М.М.Абдулхамид. Мысыр. 1955ж. I, 25, 77, 227; Ибн Хазм. Әл-Ихкам. А.М.Шакир. Мысыр, 929;Зухайли. Әл-Фиқһул -Ислами уә Әдилләтуһ. Димашық. 1985ж. I, 27.