Соңғы кезде мешітке келіп, ұрлық жасатындар көбейіп кетті. Соның ішінде қалта телефоны мен қыстық сырт киім мен аяқ-киім ұрлығы және мешіт садақа жәшіктерін тонау сынды оқиғалар орын алуда. Осындай келеңсіз жағдайдың бірі, үстіміздегі жылдың 7 ақпаны күні екінді (асыр) намазы кезінде Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы «Имам Ағзам» мешітінде белгісіз береу мешітке келіп, намаз оқып жатқан кісінің қуат көзінде тұрған телефонын ұрлап кеткен болатын. Мешіт имамы Нұрлан Бахытжанұлы жәберленушіге тиісті орындарға хабар беру керек екендігін ескертіп, нәтижесінде полицияның жедел іздестіру тобының көмегімен көп ұзамай күдікті ұсталды. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құрметті мешітке келуші азаматтар! Келеңсіз жағдайларға байланысты мешітке келген кезде өз заттарыңызға мұқият болуды ескертеміз. Бүгінгі таңда, заман талабына сай барлық мешіттерде бейнебақылау камералары орнатылған.
Ия, атам қазақ: «Ұрлық түбі – қорлық», – деп насихат айтқан болатын. Асыл дінімізде ұрлық жасау ең ауыр күнә болып саналады. Осы орайда, ұрлыққа қатысты ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің мына пәтуасыннан үзінді беруді жөн санаймын:
Шариғат заңы бойынша ұрлық – ауыр қылмыс. Бұл күнәны істегендерге дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық істеген адам иманынан айрылады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес». Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәилер риуаят еткен.
Әділдікте Пайғамбардан (с.а.с.) асқан үлгі боларлық тұлға жоқ. Қазір түрлі қоғамдарда әділдіктің сақталмауынан бассыздықтың, азғындықтың, жемқорлықтың алуан түрі кең етек жайған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, бөтенге бөтен көзбен қарап, ал өз жақынына оң көзбен қарап, жарылқайтын жандар кездеседі. Пайғамбардың (с.а.с.) қара қылды қақ жарған әділдігіне куә болу үшін мына хадиске назар аударыңыз.
Айша анамыздың (р.а.) айтуынша Құрайыш тайпасының көсемдері текті әулет – махзумия руының ұрлық жасап қойған бір әйелі туралы көп ойласады. Бұл істің салдарынан қорыққан олар, әйелді жазадан құтқарудың жолын іздеп, өзара: «Ол туралы Алланың елшісіне кім айтып барады?» – деп кеңеседі. Сонда олар: «Ол туралы батылдықпен айта алатын біреу болса, ол – Алланың елшісінің (с.а.с.) сүйіктісі Усәма ибн Зәйд», – деп соның арашашы қылмаққа келіседі. Келісім бойынша Усәма (р.а.) әйелдің мәселесі туралы Алланың елшісіне (с.а.с.) айтады. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Уа, Усәма! Алла Тағаланың жазасына арашашы болғың келе ме?!» – деп қатты ашуланады. Сосын адамдарды мешітке жинап, алып былай деп жар салады: «Ақиқатында сендерден бұрынғы үмбеттер егер олардың арасында текті адам ұрлық қылса, оны қоя салатын, ал егер бір әлсіз адам ұрлық қылса, оны жазалайтын. Олар сондай істері арқылы жойылып кетті. Алланың атымен ант етемін, егер тіпті, менің қызым – Мұхаммедтің қызы Фатима бір ұрлық қылса, оның да қолы кесіледі!». Бұл хадисті Бұхари, Мүслім және басқа да хадисшілер жеткізген.
Иә, Пайғамбардан (с.а.с.) ұлық, асылзатты, әділ адам бар ма, сірә? Тіпті, қандай әділ әмірші болса да, Пайғамбардың (с.а.с.) басып өткен ізіне де сай келмес. Ұрлық қылған адам егер тәубе жасамаған болса, өлгеннен соң қабір азабын тартады. Ол туралы Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Ол жерде ілмек таяқтың иесін көрдім, оны алқымынан іліп алып отқа тастап жатыр еді. Ол дүние тіршілігінде қажылардың нәрселерін ілмек таяқпен іліп алып ұрлайды екен. Егер біліп қалса, «Ой, ілмегіме ілініп қалыпты», – деп, ал білмесе, алып кете береді екен» (Мүслім риуаяты).
Алла Тағала мұсылмандарға ұрлық қылуға және өз араларында заңсыз түрде пайда табуға, басқаның хағына сұғанақтықпен қол сұғып, қиянат жасауға қатаң түрде тыйым салды.
Хақ Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктеріңді өзара заңсыз түрде жемеңдер, тек өзара разылықпен сауда ретінде жесеңдер болады…» (Ниса, 29). Мұндағы заңсыз түрде пайда табу жолдарына өсімқорлық, құмар ойындарынан түсетін түсім, ұрлық, тартып алу, алдап алу сияқты қылмыстар жатады. Мына аятта қоғамды жайлаған жемқорлыққа қатаң тыйым салынады.
Алла Тағала былай дейді: «Мал-мүліктеріңді өзара заңсыз түрде жемеңдер, және өздерің күнә екендігін біле тұра, олармен (сол заңсыз пайдамен) адамдардың мал-мүліктерінің бір бөлігін жеу мақсатында соттарды сатып алмаңдар!» (Бақара, 188). Ақиқатында кез келген жасырылған нәрсені көретін, бәрінен хабардар Жаратушыдан қорқу ғана, Оған деген сенім ғана түрлі қылмыстарға қарсы тосқауыл бола алады. «Құдайдан қорықпаған адамнан қорық» деген халық нақылы. Қиямет күні барлық қылмыстың, жасырылған жымысқы әрекеттердің беті ашылып, күнәлілер жазаланары хақ. Ол күні ешкім ештеңе де жасыра алмайды. Бәрін білуші Алла Тағала мұсылмандарға бұрынғы қауымдардың қылған қылықтары мен қылмыстарын қайталамауға бұйырады. Оларың діни жетекшілерінің қайыр-садақадан түскен қоғамның мал-мүлкін қомағайлықпен асап, күнәһар болғаны сияқты түрлі заңсыз әрекеттерге бармауға шақырады.
… Шындығында да, «судың да сұрауы бар» дегендей, пенденің әрбір істеген жамандығы да, жақсылығы да Қиямет күні алдынан шығады. Ол күні Құдай Тағаланы ешкім де алдай алмайды. Раббымыз былай дейді: «Кімде-кім зәренің мысқалындай жақсылық қылса, оны көреді. Кімде-кім зәренің мысқалындай жамандық қылса, оны көреді» (Зілзәлә, 7, 8). Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына Алла жолындағы ғазауаттардан түскен олжаларды рұқсатсыз алуға қатаң тыйым салған-ды.
Мемлекеттің, қоғамның, жеке адамның мүлкінен ұрлау сондай. Алла Тағала былай деп скертеді: «Ал кімде-кім олжаны алып қалса, Қиямет күні сол алып қалған нәрсесімен бірге келеді» (Әли Имран, 161). Алланың елшісі (с.а.с.) Алла жолында соғысып өлген, алайда кезінде соғыстан түскен олжадан рұқсатсыз бір шапан алған мұсылманның сол шапаны үшін қабірде азап тартатындығын айтқан. Ол хадис төмендегідей. Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Хайбарды алғанда біз алтын да, күміс те олжаламадық, бар болғаны сиырлар, түйелер, мүліктер, бақтарды олжаладық. Сосын Алланың елшісімен (с.а.с.) бірге әл-Қура аңғарына бардық. Оның (с.а.с.) қасында Мудғим атты құлы болатын. Оны Бәни Даббаб тайпасынан бір кісі Алланың елшісіне (с.а.с.) тарту еткен болатын. Сол құл Алланың елшісінің (с.а.с.) жүгін түсіріп жатқанда кездейсоқ жебе тиіп, өліп кетті. Адамдар: «Оған шәһид болу бұйырыпты», – десті. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Жоқ, жаным қолында болған Алланың атымен ант етейін, мұның Хайбар күні әлі бөліске түспеген олжадан алған шапаны (қабірде) оның үстіне от болып жанатын болады», – деді. Пайғамбар (с.а.с.) бұл сөзін естіген бір кісі бір-екі аяқ киімнің бауын әкеліп: «Менің алғаным осы еді», – деді. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Бір-екі бау да тозақ отында», – деді». Бұхари мен Мүслім риуаяты еткен.
Әбу Умәмә Ийяс ибн Сағлаба әл-Харисиден (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім мұсылман адамның хағын (жалған) антымен бөліп алса Алла оған тамұқты міндеттеп, жұмақты харам етеді». Бір кісі: «Уа, Расулалла! Тіпті, мардымсыз нәрсе болса да ма?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Тіпті, арак ағашының бір таяғы болса да», – деді. Мүслім риуаят еткен. Хадистегі арак – мисуак жасалынатын ағаш түрі.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Зұлымдық көрген (қиянат жасалынған) адамның дұғасынан қорқыңдар! (Яғни, қиянат жасамаңдар!) Өйткені оны мен Алланың арасында ешқандай перде болмайды». Ахмет пен Әбу Дәуіт риуаят еткен. Сондықтан да әрбір мұсылманға ризығын адалдан табу парыз. Біреудің хағына қол сұғып, ұрлап, қымқырып заңсыз, арам жолмен мал жеу адамды тозаққа лайықты етеді. Бұл тақырыпта мынадай хадистер бар. Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Халал жолмен пайда табу парыздардан кейінгі парыз». Табарани мен Бәйһақи риуаят еткен.
Алланың елшісі (с.а.с.) сахабасы Сағыдқа (р.а.) былайша насихат айтқан: «Уа, Сағыд! Тамағыңды жақсы, адал қыл, сонда дұғаң қабыл болады. Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етейін, расында пенде қарнына бір түйір харам нәрсені салса, оның амалы қырық күн бойы қабыл болмайды. Қандайда бір пенденің еті харам нәрседен өссе, ол тозаққа тасталуға лайықты». Табарани риуаят еткен. «Мүслімнің Сахихында Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Уа, адамдар! Шынында Алла жақсы және тек жақсы нәрселерді қабыл алады. Алла пайғамбарларға бұйырғандарды иман келтігендерге де бұйырып былай деген: «Ей, елшілер! Жақсы нәрселерден жеңдер, ізгі істер істеңдер. Мен сендердің не істегендеріңді білушімін» (Мүминун, 51). «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ризық еткендердің жақсыларынан жеңдер» (Бақара, 172). Сонан соң Расулалла (с.а.с.) алыс жолдан әбден қалжырап шаршаған сақал-шашы өсіп, үсті-басы шаң болған кісінің екі қолын аспанға созып «Ия, Раббым! Ия, Раббым!» деп дұға қылғандығын мысалға келтірді. «Жегені арам. Ішкені арам. Кигені арам. Хараммен қоректендірілген. Қалайша оның дұғасы қабыл болады?».
Алла Тағала біздерді біреудің хағына қол сұғудан, ала жібін аттаудан сақтасын! Ұрлықпен, харам жолмен пайда тауып жүрген мұсылман бауырларымызға туралық, тауфиқ берсін!
ҚМДБ Шымкент қаласы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі