Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Кез-келген ұлттың, халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан рухани мұрасы бар екені ақиқат. Қазақ халқының руханиятының негізінде екі діңгек жатыр. Біріншісі – ата дініміз болса, екіншісі – салт-дәстүріміз.
Бұл екі ұғымның өзара біте қайнасқаны соншалық, оларды бір-бірінен бөлек қарастыра алмаймыз. Оның да өз себебі бар.
Ислам қазақ жеріне жергілікті ұлттық ерекшеліктерді, климатты және өмір салтын ескере отырып таралды. Нәтижесінде салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары қайта бағаланды:
Салт-дәстүрлердің алғашқылары дініміздің негіздеріне қарама-қайшы болғандықтан, жойылды. Екіншілері бірқатар өзгеріске ұшыраса, үшіншілері еш өзгеріссіз қалды.
Осы кезден бастап, ата дініміз бен салт-дәстүріміздің бағыты, арман-мақсаты, ағысы тоғысып, бір үлкен өзенге айналды. Дін қағидаттарымен өрілген теңдессіз діліміз, ұлттық болмысымыз, салт-сана, әдет-ғұрпымыз ата батасымен, ана ақ сүтімен бойымызға дарыды.
Ендігі жерде бұл екі ұғымның егіздігін көрсететін мысалдарға назар аударайық.
- Сәлем беру
Қасиетті Құранда:
«(Уа, мүміндер) Сендерге сәлем беріліп, игі ниет білдірілгенде, сендер одан да артық ниет білдіріп, одан жақсы сәлем беріңдер немесе жоқ дегенде дәл солай сәлем қайтарыңдар. Біліп қойыңдар, Алла барлық нәрсені жіпке тізіп есепке алуда һәм бәрінің тиісті қарымын қайтарады» («ан-Ниса» сүресі, 86 аят), деп бұйырылған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанмен ант етейін, жәннатқа қашан иман келтіргендеріңше кірмейсіңдер, ал қашан бір-бірлеріңді жақсы көрмегендеріңше толық иман келтірмейсіңдер. Сендерге соны нығайтатын нәрсені айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді таратыңдар (яғни, бір-бірлеріңе сәлем беріңдер)», – деген.
Осы негіздерге сүйенген қазақ халқы да, бір-бірімен кездескен кезде: «Ассалаумағалейкум!» – «Уағалайкүмассалам!», деп амандасады.
- Қонақжайлылық.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», − деп айтқан.
Осы ретте қонағын сыйлау әрі құрметтеу – дала дәстүріндегі бұлжымас заң болғанын тағы бір еске салайық.
- Көрші ақысы.
Қасиетті Құранда:
«Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге, кедей-кепшікке, жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе, (сапарлас немесе жақын) жолдастарыңа, (елінен жырақта жүрген) мұқтаж жолаушыға жақсылық жасаңдар» («ан-Ниса» сүресі, 36 аят), деп келеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса: «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деп, адамдардың арасындағы бұл қатынастың ерекшелігін атап көрсеткен.
Жоғарыда келтірілген аят пен хадистің мағынасына терең бойлаған ата-бабаларымыз: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Көрші қолайлы болса, қора кең», «Отты түрте берсең, өшеді, Көршіні түрте берсең, көшеді» деген қанатты сөздері арқылы көршілеріне ерекше ілтипатын білдірген.
Қорыта келе, осы жазбамызда асыл дініміз бен дәстүріміздің өзара байланысын тарқатып жазуға тырыстық. Соның негізінде дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін бар деп сеніммен айта аламыз.
Ғабит Әбдіғаппарұлы
Шымкент қаласы,
“Әл-Біләл” мешітінің
найб имамы