Ең алдымен «дәстүр» ұғымының басын ашып алайық. «Дәстүр» сөзі  «дустур» деген арабша сөзден туындаған. Яғни арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді.  Латын тілінде «традиция» сөзі қазақтың «салт» деген сөзіне баламалас. Бұл сөздердің мағынасы біркелкі – ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға беріліп отыратын өмір сүру құндылықтары, қағидаттары, қалыптары, ережелері, яғни бұрынғылардың кейінгілерге, олардың «еншісі» (арапша «мирас») ретінде, беретін күнделікті тіршілікте қолданатын өнегелілік, тәрбиелік, рухани маңызға ие игілікті де ізгілікті дүниетанымдық ойлары, сөздері және іс-әрекеттері. Қазақтың «салт-дәстүр» деген сөзі осы жерден келіп шығады.

 Халқымыз дәстүрлі Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады. Біздің де қазіргі  таңға дейін ұстанып келген  салт-дәстүріміз,  Ислам дінімен ұштасып келетіні анық.  Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен ұштасып жатқаны анық.

Салт-дәстүрлердің адамзатқа берер пайдасы мол. Айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай ғибрат маңыздылығы туралы құнды ой сыйлаған: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Сондықтан бабаларымыз бағы басым, ғибраты асыл дәстүр-салтымыз  бен тәрбиені ұштастырды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей кейінгі буынға адастырмас тура жолмен жүру, жөн-жосықты білу, ел қамын ойлау, мәрттік, ерлік, қамқоршылық, адалдық, жомарттық, адамгершілік, имандылық, әділдік сынды қасиеттерді дарытып, ұлағатты ұл мен инабатты қызды көкірегіндегі көзін ашып, теріс бағытқа түсірмеген. Мысалы, бір бақытсыздыққа ұшырап, үй-жайын, мал-мүлкінен айырылғанға көрші-қолаң, туған-туысқанның көмек беруін дәріптейтін, көпшілік біле бермейтін «жылу жинау» салт-дәстүрі бұқара халықтың ауыр жағдайдан тез шығуына орасан зор көмек көрсетеді, бірлікке шақырады, ел болып тізе қосуды пайымдайды. Ауылға алыстан біреу көшіп келсе, жергілікті тұрғындар жаңа үйге табақ тартып, қонақасы бергізетін «ерулік беру» дәстүрі  басқа жерден келген кісіні бөтенсімей, жаңа ортаға тез сіңісуін қадағалап, бауырмал, көпшіл болуға үйретенің аңғаруға болады.

Кейбір этнограф ғалымдарымыз, салт-дәстүр зерттеушілері өз еңбектерінде Ислам дініне дейінгі нанымдар мен сенімдерді зерттеп, ондағы надандық дәстүрлерді, есте жоқ ерте замандағы мифологияны, көпқұдайшылдықты қайта жаңғыртуға шақырады. Мысалы, кейбіреулер наурыз мейрамын отқа табынушылардың мейрамы деп санап, сол үшін оны тойлағанда отқа сиынып, оның үстінен секіріп ойнау қажет деген жөнсіз пікірлерін көңірсітіп, халықты надандық әдеттерге үндейді. Сондай-ақ, қазақ халқы мұсылмандықтан гөрі шамандыққа жақын болған деп қатардағы оқырманның ойын сан-саққа жүгіртеді, ана сүтімен дарыған мұсылмандық сеніміне селкеу түсіріп, әрі-сәрі күйде қалдырады. Ғаламның пайда болуы туралы жаңсақ мифологиялық пайымдарды қайта тірілтуге тырысады. Көпшілігі мұны білместікпен істейді, жазылған дүниенің қаншалықты әсерлі болатындығына, оқырманның танымына қаншалықты әсер ететіндігіне, қазақы мұсылманшылыққа қаншалықты зарары, салдары тиетіндігіне мән бермейді. Тым болмаса, қазіргі кезде қалыптасқан ислами таныммен ара-жігін ажыратып жатпайды. Себебі, олардың басым көпшілігінде шынайы мұсылмандық ұстаным қалыптаспаған. Сондықтан да сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ надандық ұғымдар мен ғұрыптарды қайта жаңғыртуға құмар. Ендеше замана көшінен қалып, жарамсыз болып ұмытылған дүниелерді жіпке тізе бермей, дұрыс пен бұрыстың ара-жігін ажыратып, халықтық мәдениет пен танымның біртұтастығын сақтау жолында жұмыс жасау қажет.

Сөзімізді қорыта айтқанда дәстүр – тәрбие жолы.  Ата-бабамыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өмірлік жиын. Халқымыздың дәстүрін қадірлеп, құрметтеу – біздің міндетіміз, әрі азаматтық борышымыз.

 

                                                     Тойшиев Әділбай Ергешбайұлы

                                                     Шымкент қаласы «Саяси қуғын –

                                                     сүргін құрбандары»  мешітінің   имамы.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38