Күнәһарлық мұсылманға жат, тіптім өмірінен ешқандай орын алмайтын нарсе болуы керек. Өйткені, мен мұсылманмын деген кісінің қолымен де, тілімен де, барша дене мүшесімен де, мейлі ол үлкен, не кіші күнәлар болсын барынша нәпсісін тиып сақтану міндетті. Күнәһарлық – Алла Тағаланың арам еткен амалдарын жасап, аттама деген шекарадан аттап, үлкен қасыретке ұшырау. Екі дүниенің бақытынан айырылып, амал дәптері сол жығынан берілетін, яғни Алланың рахымынан айырылған қауымдардан болу. Күнә магнит секілді. Бір күнә екінші күнәні өзіне тартады. Күнә жасаған пенденің қорғаны болмайды, жын-шайтан оған иелік етеді. Күнә пенденің жүрегіне қара дақ түсіреді, дер кезінде тәубе етіп, тоқтамаса бүкіл жүрегін қара басады. Қара басқан жүрек күпірлікке де жеткізеді. Алла Тағала қасиетті Құранында: «Жоқ олай емес. Олардың істегендерінен жүректерін тат (қара) басты» – дейді. (Мұтаффифин, 14). Ал, ардақты пайғамбарымыз ﷺ  Әбу Һурайрадан жеткен хадисінде «Егер мүмін бір күнә жасаса, оның жүрегіне қара дақ түседі. Ал егер ол күнәсына тәубе жасап, одан тыйылып, истиғфар айтса, жүрегі тазартылады. Егер әрі қарай істей берсе, жүрегіндегі дақтар да көбейе түседі. Ақырында қара дақ жүрегін басады». – деген.

Біле тұра, күнәһарлық жасау, у ішкенмен тең. Өйткені у денеге жайылып, адамды жоқ қылады. Күнәлар да адамның бойына жайылып, үлкен қасіретке душар еткізеді. Екі дүниенің азабын тартады. Бұл дүниеде адами қасиеттен айырылып, беркеті кетіп, абыройдан айырылады. Ағайын-туыс, отбасы, жақын адамдарының алдында қара бет болады. Өмір кешіп жатқан қоғамда өзінің орынын таппайды, болса да сол орнынан айырылады. Ахырет дүниесіндегі азабы тіптім жаман. Алланың мейірімінен айырылып, ашуына душар болу. Пайғамбарымыздың ﷺ шапағатынан құр қалу. Азабы өтте қатты болған тозаққа құлау.

Имам Ахмад Абдулла ибн Масғудтан мынадай хадис жеткізген. «Расулалла ﷺ  былай деді: «Кішкентай күнәлардан сақтаныңдар. Өйткені олар жинала келе пенденің түбіне жетеді». Орманда бір топ адам тамақ дайындау үшін әр қайсысы бір-бір талшықтан жинап жаққанда үлкен отқа айналады. Сол секілді кішкентай күнәлар жинала келе сол от сияқты үлкен жамандыққа айналады. Фудайл ибн Ғияд былай деген: «Бір күнәны қанша кішірейтіп көрсең, ол Алланың алдында сонша үлкейеді. Бір күнәңды қанша зор деп санасаң, Алланың алдында сонша кішірейеді».

Кейде адам баласы материалдық жетіспеушіліктен қайғы-мұңға түсіп жатады. Көңіл-күйі қашып, тығырықтан шығатын жол таппай проблемасын басқа адамдардан көре бастайды. Осындай берекесіздік жағдайға түсікенін өзінен екенін мойындамай басқаны кіналайды. Ардақты пайғамбарымыз ﷺ: «Пенде өзінің істеген күнәсының кесірінен келіп тұрған ризығынан қағылады», – деген. Алла Тағаланың пендесіне деген рахымы, мейірімі, берекеті, ризығы шексіз. Алайда, сол пенде өзінің күнә-қателіктерімен келіп тұрған ризықтан, берекеден айырылады.

Алла Тағала Мұса пайғамбарға: «Ей, Мұса! Менің жаратылысымның ішінде ең алғашқы өлгені Ібіліс. Өйткені ол маған қарсы шықты. Мен өзіме қарсы шыққанның бәрін өлілердің қатарына қосамын», – деп уахи еткен.

Алла Тағалаға айтады: «Егер маған бой ұсынылса, разы боламын. Ал разы болсам, берекетімді төгемін. Берекетімнің еш шегі жоқ. Ал егер Маған қарсы асылық танытылса ашуланамын. Ал ашулансам лағынет айтамын. Менің лағынетім жетінші ұрпаққа дейін жетеді».

Құрметті ағайын, мына жалған қысқа өмірде Алланың ақ жолымен жүріп, жақсылыққа ұмтылу. Өзімізді және басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару. Раббымыздың нәсіп қылған ғұмырын ардақтылықпен, абыройлылықпен, тақуалықпен өткізу барша мұсылманмын деген пенденің міндеті. Алла Тағала екі дүниенің жақсылығын берсін!

Абзал Жауһари
Шымкент қаласы, «Имам ағзам» мешітінің найб имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38