2017 жылғы 20 қаңтар күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-ның дүниеге келген Мәуліт айының құрметіне «Мейірімділік жаршысы» рухани кеші өтті.
Рухани кешке өңір басшылығы, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен студенттері, облыс, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, қала тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, т.б. барлығы 1500-ге жуық адам қатысты.
Кеш барысында Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы Батырбек Қаратайұлы Жалмұрзаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбектер құттықтау сөз сөйледі.
Рухани кешті елімізге белгілі дінтаушы Асылбек Әуесханұлы ашып, жүргізіп отырды. Кеш қасиетті Құран Кәрім тіләуат етумен басталып, оны Шымкент қаласындағы «Ықылас» қарилар дайындау орталығының шәкірті Жарас қары Абдыхалиқ оқыды.
Рухани кеште дін тұрғысындағы әндер мен жырларға кезектер берілді. Діни өлеңдер оқылып, термелер орындалды. Рухани кештің әрін елімізге белгілі «Өнер қырандары» театры мен сазгер Жәкен Омаров, ақын Біржан Байтуов, әнші Қанатбек Полатбектер кіргізді. Сонымен қатар, кеш барысында рухани уағыздарға кезек беріліп, уағыздарды «Сарыағаш» медресе-колледжінің директоры Әбдіғаппар Сманов, ҚМДБ РАНТ мүшесі, исламтанушы Арман Қуанышбаевтар жүргізді.
Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет Мәуліт жыры қазақ тілінде оқылды. Оны Астана қаласы «С.Ғылмани» мешітнің имамы Жұманазар Садырбеков пен ақын Арман Ғабдуллин және «Шымкент» медресе-колледжінің бір топ шәкірттері оқыды.
Рухани кеш барысында Діни басқарма жанындағы сараптау комиссиясының мақұлдауынан өткен «Көкжиек» баспасынан шығарылған 4500 дана діни әдебиеттер тегін таратылды. Кітаптардың тегін таралуына Шымкент қалалық «А.Қаттани» мешіті арнайы демеушілерді тарту арқылы жүзеге асырылды.
Рухани кешті өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтауға шақыру болды.
Халықтың Мәуліт айына деген ықылас-ниетінің жыл санап артып отырғанын тағылымды кеш тағы бір айғақтады.
Кеш туралы жергіліктік БАҚ арқылы арнайы хабар көрсетілімі ұйымдастырылды.
Жалпы, қатысушылар жоғары деңгейде ұйымдастырылған кештен үлкен рухани ләззат алып, ризашылықтарын білдіріп тарасты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің
баспасөз қызметі