Ол кісі ешқашан жалған сөйлеген емес. Пайғамбарлық берілмей тұрған кездің өзінде ел арасында өте сенімді тұлға ретінде танылған. Жұрт оны осындай тазалығы үшін «Мұхаммед әмин» (сенімді Мұхаммед) деп атаған. Өзіне алғаш пайғамбарлық міндет жүктелген шақта талай жылдар жан жолдасы болған хазіреті Әбу Бәкір Сыддыққа өзінің Алланың елшісі екенін айтып, оны дінге уағыздап, Исламды қабылдауға шақырады. Сонда Әбу Бәкір Сыддық: «Қырық жасқа келгенше бірде-бір рет жалған сөйлемеген адам бұдан кейін өтірік айтуы мүмкін емес. Пайғамбар екеніңе иланамын, уағызыңды қабыл етемін!», – деп еш шүбәланбай Исламды қабылдайды, мұсылман болады.
Тек достары ғана емес, қас дұшпандары да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шыншылдығын мойындайтын. Мәселен, сол кездері имансыздар сапында болған Әбу Сүфиян Рим императоры Гераклге пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сипаттай келе, «Оның жалған сөйлегенін ешқашан естіген емеспіз!», – деп мойындайды. Сонда Геракл: «Осы уақытқа дейін адамдарға жалған сөйлеуден бойын аулақ ұстаған жанның енді келіп Жаратушы Иеге жалған сөйлеуі мүмкін емес!», – деп Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шыншылдығын мойындағанын білдіреді.
Жалған сөйлеудің өте жаман іс екенін айтып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Негізінде, шыншылдық жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа жеткізеді. Сондықтан пенде Алланың құзырында шыншыл болып жазылғанға дейін шындықты айтудан танбауы тиіс. Ал, жалғандық қашанда жамандыққа бастайды. Жамандық болса пендені тозаққа түсіреді. Біреулердің жалған сөйлейтіні соншалық, олар Алланың құзырында өтірікшілер деп жазылады».[1]
«Шындық дегеніміз – тыныштық, ал жалғандық дегеніміз – уайым».[2]
Ендеше, қашанда шыншыл болмағымыз, ақ сөйлеп, адал жүріп, ақиқатты
айтпағымыз лазым.
[1] Имам Бұхари, Имам Мүслім риуаяты.
[2] Имам Тирмизи риуаяты.
Шымкент қаласы орталық мешіті