Пайғамбардың (с.а.с.): «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге амал еткен адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен әуейілігіне еріп, Алладан шексіз үміттенген адам», ­– деген хадисіндегі «нәпсісін төмен ұстау» деген ұғымды ғалымдардың бір тобы өз-өзіне есеп беру деп түсіндірген. Яғни, Қиямет күні іс талқыға түспей тұрып, осы дүниеде өз ісіңе өзің талқы жасап, есеп беруге дағдылану. Сөйтіп Ұлы Есеп күніне өзіндік есеппен, іс-амалды таразылап, елеп-екшеумен бару. Өйткені бұл ақырет азабынан сақтанудың бір жолы. Пайғамбардың (с.а.с.) ардақты сахабасы, мүміндердің әміршісі Омар ибн Хаттаб (р.а.) қол астындағыларға: «Есепке түспей тұрып өз-өздеріңе есеп беріңдер, сол арқылы ұлы махшарға дайын болыңдар. Шындығында Қиямет күні осы дүниеде өз-өзіне есеп берген адамның есебі жеңіл болады», ­– деп өсиет еткен. Өз-өзіне есеп берудің ерекшелігі де осында. Ғұламалар өз-өзіне есеп бермеген жанның тақуалық дәрежеге жете алмайтындығын айтады. Адамның өз-өзіне есеп беріп, ойталқыға салуы істі бастамастан бұрын да, орындағаннан кейін де болады. Яғни, бірінші істі орындамастан бұрын «мұны неге істеп жатырмын», «бұдан маған қандай пайда келеді», «бұл шариғаттың шартына сай келетін іс пе» деген сияқты сұрақтар қояды. Ал бір істі істеп болған соң немесе тақуалардың әдеті бойынша күн сайын жатарда «мен сол істі неге істедім», «бұл қайырлы іс пе», «бүгін Алла разы болатын бір амал істедім бе» деген сияқты сұрақтар қояды. Сондай-ақ, бойындағы жақсы қасиеттер мен жаман қасиеттерді ой таразысына салып, өз-өзіне баға беруге тырысады. Жақсы қасиеті болса ол үшін Аллаға мадақ айтады, ал жаман қасиеті болса оны кетіруге тырысады. Осылайша әрбір мұсылман өзін-өзі сынау арқылы нәпсісін тазартып, тәрбиелей алады. «Сын түзелмей, мін түзелмес» дейді халық даналығы.

Өз-өзіне есеп беру ізгі пенделердің дағдысы, мұсылманнның иманын жаңартып, түлететін ой таразысы, пікірі мен түсінігін туралап, түзейтін тезі. Бұл туралы мұсылман тарихында талай ділмәрлар, тақуалар түрлі айшықты ойларын айтып кеткен. Солардың біразы мынадай.

Омар ибн Хаттабтың (р.а.) мынадай мәшһүр өсиеті бар: «Есепке алынбастан бұрын (яғни, Қиямет күнгі есеп) нәпсілеріңнен (өздеріңнен) есеп алыңдар, оны таразыға түспестен бұрын таразылаңдар, ең үлкен тексеру күніне дайын болыңдар, «Сол күні сендер тексерілесіңдер, сонда сендердің ешқандай құпияларың жасырын қалмайды» (Хаққа, 18)».

Мұсылман үмбеті тарихындағы ең тақуадар пенделердің бірі Хасан Басри: «Мұсылман пенде өзінің нәпсісінен саудагер серіктестердің бір-бірлерінен алатын есебінен де қатты есеп алады», – деген.

Күнделікті өмірімізде көп жіберетін қателіктеріміз мыналар:

1. Уақытты босқа өткізу.

2. Өзімізге қатысы жоқ нәрсе туралы сөйлеу, күнәлі сөз сөйлеу.

Әли ибн Хусейін ибн Әли ибн Әбутәліптен (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Адамның Исламының (дінінің) көркемдігінің белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы», – деген. (Имам Мәлік риуаят еткен).

3. Түкке тұрмайтын дүниелік істермен бас қатырып, мазасыздану. Біреуден немесе бір нәрседен алдын-ала қорқу, сары уайымға салыну. Шындығында дүниедегі есендік – дүниелік істер туралы уайым-қайғыға берілмеу. Барлық істі бір Аллаға тапсырып, Оған нық тәуекел етіп, сол тәуекелдің негізінде әрекет ету. Сондықтан да Пайғамбар (с.а.с.): «Уа, Алла! Дүниеде де, ақыретте де Өзіңнен кешірім мен есендік сұраймын», – деп дұға қылған. Осы дұға екі дүниенің сынақтарынан сақтанудың, есендікте болудың бір негізі, яғни, Тәңірден түрлі бәле-жаладан, уайым-қайғыдан амандық сұрау.

Хасан Басри былай дейді: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше әрбір істі еш есепсіз, қалай болса солай істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен».

Мәлік ибн Динар былай дейді: «Өз-өзіне «ананы істеген сен емес пе», «мына қателікті істеген сен емес пе» деп өз-өзіне есеп беру арқылы нәпсісін сынап, сосын оны жүгендеп, оған Алланың Кітабымен жүруді жүктеген жанға Алланың рахымы жаусын! Ондай жан өз нәпсісінің қожайыны».

Расында да халық аңызындағы Аяз би секілді әрбір адам баласы бір сәт өзі ісіне есеп беріп, нәпсісінің жағдайына баға беріп отырмаса болмайды. Аяз би кедей кезіндегі шоқпыт-шоқпыт шекпенін жоғарыға іліп қойыпты. Нәпсісі дандайсып, шектен шығып кеткен кездерде сол шекпеніне қарап өзінің кезінде қандай болғанын есіне алып, өрекпіген көңілі сабасына түсіп, тәубесіне келіп: «Аяз би жолыңды біл, құмырсқа әліңді біл», – деп отырады екен.

Адамның өз-өзіне есеп беру жайында қазақтың ұлы тұлғасы, ақыны һәм абызы Абайдан алар үлкен үлгі бар. Ол өзінің мінін шетінен тізіп, сын тезіне сала білген.

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым.

Өзіме өзім жақпадым,

Енді қайда сыя алдым?

Қалап алған көп мінез,

Қалайша қылып тыя алдым?

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес.

Осынша ақымақ болғаным –

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін.

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін.

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар-ұяттан күсіппін.

Қулық пенен сұмдыққа

Құладындай ұшыппын.

«Сіз білесіз» дегенде

Күнге күйіп, пісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып,

Деп жүріппін: «Пысықпын!».

Қорыта айтқанда өзі-өзіне есеп берудің мынадай пайдалары бар:

1. Өзінің айып-кемшіліктерін көре білу. Өзінің айыбын көрмеген, мойындамаған жан нәпсісін тәрбиелей алмайды. Аса тақуадар жандардың бірі Юнус ибн Убайд: «Мен ізгіліктің жүзден астам түрін білдім, бірақ өзімнің бойымнан солардың біреуін де таба алмадым», ­– дейді. Мұхаммед ибн Уасиғ: «Егер күнәнің исі болатын болса маған ешкім де жақындай алмас еді», – дейді.

2. Алла Тағаланың хағын тану. Раббысының хағын шынайы түрде танып, білген жан өзінің шынайы бағасын, дәрменсіздігін таниды. Рахманның рахымының жанында ізгі амалдарының түкке тұрғысыздығына көзі жетеді. Құтылудың тек қана құдайдың мейіріміне тәуелді екендігін анық ұғынады. Сол арқылы нәпсісінің менмендігі де басылады.

Шымкент қаласы орталық мешіті



By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38