Алаш жұртында «Орамал тон болмайды жол болады» деген мәтел бар. Мағынасы азды-көпті сый тарту арқылы бір-бірінің көңілін аулау, адамдар арасындағы татулық қарым-қатынасты бекіту. Қазақта сыйдың түрі көп. Қонақ кәде, нағашының жиенге беретін тартуы сияқты толып жатқан кәде-сыйлар бар. Бұл игі дәстүр ықылым заманнан ұласып келе жатқан түркі халықтарына тән ұлттық құндылық. Сонымен қатар, мұсылманшылық негізі де бар. Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне бір-бірімен тонның ішкі бауындай тату болуды, бір-бірін туыс-бауырдай көруді өсиет еткен. Ондай бауырмалдыққа жетудің жолы өзара тарту-таралғы беру, жақсы қарым-қатынастарды нығайту жолында дүние сарп ету екендігін баса айтқан.

Енді қазақ халқында қалыптасқан сол тарту-таралғы, сый-сияпаттың бірнеше түріне тоқталайық.

Алыс сапардан немесе базардан, жәрмеңкеден қайтып оралған адам өзінің жақын туыстары мен көршілері үшін әр түрлі сыйлықтар әкелетін. Оны базарлық деп атайды. Ауыл ақсақалдары тамақ үстінде үлкен табақтан жасы кішілерге ағалардан тәбәрік ретінде асату жасайтын. Тойдан не соғым етінен кешігіп қалған жақын туысқа арнайы сыбағасын алып қалып, келген кезде алдына тартатын. Қандай да бір жаңа киімге, бағалы дүниеге, көлікке қол жеткізген адамға жақын-туыстары, дос-жарандары байғазы беретін.

Әйелдер үйде қалған балалары мен жақындарына мереке-тойларда болған жерлерінен сарқыт ала келетін. Мұның өзі болып өткен мереке-тойлардан үйде қалғандардың дәм татып, сол арқылы игі шараға қатыстылықты сезінуге тәрбиелейді.

Көптен көрмеген жақын-жұрағат, құда-жекжатқа бағалы заттардан, қазы-қарта, сүр еттен сәлемдеме беріп жіберу әдет-ғұрпы да болған.

Дүниеге келген ұл балаға әкесі, ағалары, не нағашысы құлын-тай, не бота атайтын. Бұл тартуды бәсіре деп айдарлаған. Ат жалын тартып мінетін жасқа жеткенде сол бала бәсіресіне мініп шығатын.

Қазақ халқында бір-біріне қуанышты хабар жеткізгенде сүйінші сұрайтын әдет-ғұрпы да бар. Жақсы хабарды жеткізген жанға арнайы сыйлық берілетін.

Жұртымызда бұдан да басқа сый-сияпат түрлері көп. Мұндай игі жоралғылар ағайын арасындағы ауызбірлікті, туыстық-бауырмалдық қарым-қатынасты нығайтады. Әрі бұл Пайғамбардың (с.а.с.) өсиетіне дөп келетін дәстүрлер болып саналады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне: «Бір-біріңе сый беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады»,  – деп өсиет еткен[1]. Араб тілінде сый-сияпат «һәдия» деп аталады.

Жаратқан Иенің Өзі қандай да бір жақсылық жасаған пендеге жақсы сауап болатындығын уәде еткен. Ал игіліктің қарымтасы жұмақ болады.

Алла Тағала былай дейді: «Ізгіліктің тартуы тек ізгілік емес пе?»[2]

Өзіне бір сый жасалған мұсылман оған қарымта сый қайтаруға тырысады. Олай ете алмаған жағдайда сый берген кісіге жақсы тілек айтады.

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Өздерің бір игілік жасаған жанға пара-пар игілік етіңдер. Ал егер қарымта игілік ете алмасаңдар, онда қашан игілігін қайтардым деп ойлағандарыңша сол кісі үшін жақсы тілек тілеңдер»[3].


[1] Бұхари риуаят еткен.

[2] Рахман сүресі, 60-аят.

[3] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38