Бала тәрбиесі тақырыбына кіріспестен бұрын дініміздегі үйленудің үкімі туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Өйткені шариғат жолымен неке қиып үйленіп, үй болу – ұрпақ сүюдің алғашқы баспалдағы әрі ұрпақ тәрбиесінің ең басты алғы шарттарының бірі. Ислам ғұламалары үйленуді мынадай қырларынан алып қарастырған.
- Үйлену – адам бойындағы болмыстық, табиғи сипат.
Яғни, үйлену шариғат принциптері бойынша болмысқа сай, айқын мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда шариғат христиан дініндегі тәркідүниелік (монахтық) сияқты адамдар ойлап тапқан дәстүрлермен мүлде келіспейді. Өйткені мұндай әдеттер адамның әу баста жаратылған болмысына қарсы келу, адами қажеттіліктерді, мүдделерді жоққа шығару, жаратылыс сипатқа қарсы шығу болып есептеледі. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді:
«Ал, тәркідүниелікті олар өздері тауып алды, Біз оларға Алланың разылығын іздеуді ғана міндеттеп, ал оны (тәркідүниелікті) міндеттемеген едік. Алайда олар оны (аталған міндетті) дұрыс сақтай алмады. Олардан (Мұхаммедке с.а.с.) иман келтіргендерінің сыйын бердік, алайда олардың көбі – пасықтар» (Хадид, 27).
Алланың елшісінің (с.а.с.) хадистері де осы ұстанымды нақтылай түседі.
Байһақидың Сағыд ибн Әбу Уаққастан (р.а.) жеткізген хадисте былай делінген: «Алла бізге тәркідүниеліктің орнына таза ханифилікті (яғни, өңі бұзылмаған саф таза діни дәстүрді) берді».
Табарани мен Байһақилердің таратқан бір риуаяттарында Алланың елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім үйленерге жағдайы жеткілікті бай бола тұрып үйленбесе ол менен емес»,– деген.
Осы сияқты аяттар мен хадистер қандай да бір мұсылманның мүмкіндігі бола тұра үйленуден бас тартып, тәркідүниелік өмір салтын ұстануына Исламның түбегейлі қарсы екендігіне дәлел болып табылады.
Бұхари мен Мүслім риуаят еткен хадисте Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай деген: «Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайларының үйіне үш кісі келіп, олардан Пайғамбардың (с.а.с.) ғибадаты туралы сұрады. Ол туралы әңгімеге қанық болған соң: «Пайғамбар (с.а.с.) қайда, біз қайда? Алла оның (с.а.с.) бұрынғысын да, кейінгісін де түгел кешірген ғой» – десіп, өздерінің жасап жүрген құлшылықтарын азырқанды. Сонда олардың біреуі тұрып: «Мен бұдан былай түні бойы намаз оқитын боламын», – деді. Екіншісі: «Мен енді ғұмыр бойы ораза тұтып, еш ауыз ашпаймын», – деді. Үшіншісі: «Ал, мен бұдан былай әйелдерге еш жақындамаймын әрі ешқашан да үйленбеймін», – деді. Сол кезде Алланың елшісі (с.а.с.) келіп: «Әлгі сөздерді айтқан сендер ме? Ал, мен болсам, уаллаһи, Алладан сендерден артық қорқамын, сендерден артық тақуалық қыламын. Алайда ораза тұтамын – аузымды ашамын, намаз оқимын, ұйықтаймын және әйелдермен де қосыламын. Кімде-кім менің осы сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», – деді».
Міне, осы аяттар мен хадистер әрбір ақыл иесіне Ислам дініндегі үйленудің үкімін айқын көрсетіп тұр. Үйлену – барша адамзатқа тән болмыстық сипат.
2. Үйлену – әлеуметтік мүдде.
Ислам бойынша үйленудің мұсылман қоғамы үшін де, жалпы үмбет үшін де көп пайдасы бар. Солардың біразы төмендегідей:
а) Адамзат ұрпағын сақтау. Үйлену – жалпы адамзаттың сақталуының бірден-бір кепілі. Үйлену арқылы адамзат тегі көбейіп, тұқымы жойылмай, толқын-толқын болып ұрпақ соңынан ұрпақ ауысып, көбейе береді. Құран Кәрімде де үйленудің осы бір хикметі назардан тыс қалмаған. Алла Тағала былай дейді:
«Алла сендерге өздеріңнен жұбайлар жасады, сол жұбайларыңнан балалар, немерелер берді» (Нахыл, 72).
ә) Текті сақтау. Үйленудің арқасында ұрпақтар ауысып, олар өз тектерін білетін болады. Егер де үйлену болмағанда адамдар әкесі кім, тегі кім екендігін біле алмай, шежірелерін тарқата алмай дал болар еді. Бұл тұрғыдан алғанда үйлену азғындыққа, зинақорлық пен жезөкшелікке айқын тосқауыл.
б) Қоғамдық ахлақты сақтау. Үйлену қоғам мүшелерін ахлақтық, адамгершілік ұстанымдар мен қағидаттардан шығып кетуден сақтайды. Яғни, адал жолмен бас қосып, отбасы болу арқылы Құдай Тағаланың қалауын іске асырып, ізгі мінез-құлыққа, мұсылмандық әдепке қалыптастырады.
в) Аурулардың алдын алу. Үйлену некесіз, харам қарым-қатынас пен зинақорлық салдарынан тарайтын сифилис, СПИД сияқты адамзаттың болашағына қатер төндіретін ауру түрлерінің алдын алады.
г) Рухани әрі психологиялық жай табу. Үйлену арқылы жұбайлардың арасында сүйіспеншілік пен мейірімділік қатынас орнайды. Күні бойы жұмыста болып, кешке үйіне оралған ер кісі жанұясымен жолығып, көңілі жай табады, жанұясының нәпақасын табу жолындағы күні бойғы шаршауы лезде басылады. Сол сияқты жұбайы да шаршап келген жарын қуана қарсы алып, көңілдері қуанышқа бөленеді. Осылайша үйлену арқылы жұбайлар арасында сүйіспеншілік, махаббат берік орнығады. Бұл – Алла Тағаланың адамды әу баста жаратқандағы қағидасы. Құран Кәрімде былай делінген:
«Оның (Алла Тағаланың) белгілерінің бірі – сендердің өздеріңнен, олардан тыныштық табуларың үшін жұбайлар жаратуы әрі араларыңда махаббат пен мейірім орнатуы. Шындығында мұнда ойланған адамдар үшін белгілер бар» (Рум, 21).
Сондай-ақ, бұған дана ақынымыз Абайдың Құдай Тағаланың адамзат баласын махаббатпен жаратқандығы жайында айтқан мына пікірі де дәлел.
Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
ғ) Жұбайлар арасындағы ынтымақ. Үйлену арқылы жұбайлар арасында үлгілі отбасын құру, ұрпақ өрбітіп, тәрбиелеуге байланысты ынтымақтастық туады. Әйел өз табиғатына сай үй ішіндегі істерді, тәрбиені қолына алса, ер кісі жаратылысына сай отбасының ауыртпалығын өз мойнымен көтереді. Осылайша жұбайлардың әрбірі өз жауапкершілігін сезініп, ынтымақтаса тіршілік етеді. Өмірдің қандай жағдайларда да бір-бірлеріне сүйеніш болады.
д) Ата-аналық сезімнің қалыптасуы. Үйлену, балалы болу арқылы жұбайларда аталық, аналық ұлы сезім пайда болады. Бойларын аталық, аналық мейірім-шапағат кернейді. Балаларының жай-күйін, болашағын ойлап, солардың қамын жейді. Қай ата-ана да ұрпағының жақсы болуын қалайды. Балаға деген махаббат жөнінен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінде үлкен үлгі бар. Ол (с.а.с.) өзінің немерелері Хасан мен Хүсейінді құшақтап, әрдайым емірене сүйіп отырған.
Шымкент қаласы орталық мешіті