Жаман мінез-құлықтың, әдеттердің ең жаманы – өтірік айту. Өтірік иманның табиғатына мүлде керағар әдет. Бір жүректе бір уақытта шынайы иман мен өтіріктің болуы мүмкін емес нәрсе. Сол себепті де әлімсақтан адамзат үшін өтірік өрге баспайтын ең нашар әдеттің бірі. «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» дегендей, жалған сөйлеген жанның әрдайым опық жеп, тіпті, өлім құшып жататын кездері де болады.

Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде өтірік – имансыздардың, екіжүзді мұнафықтардың сипаты екендігі айтылады. Бұл дағды кімнің бойында болса, қашан одан арылғанша екіжүзділіктің бір сипатын тағынған болады. Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) бұл туралы қатаң ескертеді.

Абдуллаһһ ибн Әмр ибн әл-Әстан (Аллаһ оларға разы болсын) пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кімде төрт нәрсе болса ол – нағыз мұнафық, ал кімде оның біреуі болса, қашан оны тастағанша онда екіжүзділіктің бір сипаты болады. Олар: егер аманат тапсырылса опасыздық жасайды, әңгіме айтса өтірік айтады, серт берсе тайқып кетеді, дауласса шектен шығадың», – деп айтқаны хадисы келген (Бұхари және Мүслим).

Өтірікке керағар қасиет – шыншылдық адамды жақсылыққа жетелейді. Шын сөйлеуге дағдыланған адам Аллаһтың сүйікті пендесіне айналады.

Абдуллаһ ибн Масғұдтан, Аллаһ одан разы болғай; ол былай деген: «Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «Сендер тек шындықты сөйлеңдер! Расында шын сөйлеу ізгілікке апарады, ал ізгілік жұмаққа апарады. Бір адам шын сөйлеп, тек шындық айтуды әдеттеніп, ақырында Аллаһтың алдында шыншыл болып жазылады. Ал өтіріктен сақ болыңдар! Расында өтірік бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа апарады. Бір адам өтірік сөйлеп, өтірікке әдеттеніп, ақырында Аллаһтың алдында өтірікші болып жазылады» (Бұхари және Мүслим).

Жаратушының хақ екендігін, Қияметтің хақ екендігін, әрбір сөз бен істің түбінде есебі болатынына анық сенген пенде шынайы, жақсы сөз сөйлейді немесе үндемейді. Адамзаттың ұстазы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге осыны бұйырған.

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім Аллаһқа және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне зарар бермесін. Кімде-кім Аллаһқа және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын жақсы күтсін. Кімде-кім Аллаһқа және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»  (Бұхари).

Халид ибн Әбу Имраннан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен риуаятта пайғамбар (с.ғ.с.) тілін біраз ұстап отырып, сосын жіберіп: «Мен сендер үшін осыдан қауіп қыламын. Қайырлы нәрсе ғана сөйлеп, олжа (сауап) тауып, жамандықтан (өсек, ғайбат) үндемей, аман-сау қалған пендеге Аллаһ рахым қылсын», – деген.

Нәпсінің желігінен, жеңілтектіктен, жымпостықтан шыққан өтірік алдымен тілге барып, оны бүлдіреді. Сосын тілден шығып, дене мүшелеріне барады. Тілдің тазалығын бұзғаны сияқты мұндағы іс-амалдардың шынайылығына сына түсіреді. Сөйтіп, өтірік пенденің сөздерін, істерін, бүкіл ахуалын жалғанға шығарады. Осылайша пенденің табиғаты вирус кірген ауру дененің күйін кешіп, апатты жағдайға душар болады. Оның бір-ақ емі – шынайылық.

Сондықтан да мұсылмандық таным бойынша жүрекке қатысты ізгі істердің, иман, ғибадаттың – барлығының түп негізі шынайылықтан шығуы шарт. Ал оған керағар рия, мақтаныш, тәкәппарлық, жалқаулық, кердеңдік сияқты сипаттардың түп асылы – жалғандық. Сырты да, іші де шынайы болған әрбір ізгі істің қайнар бұлағы – шындық, яғни шынайы ниет. Ал әрбір бұзық немесе сауапсыз істің түп негізі – өтірік, жалған ниет. Сондықтан да Аллаһ Тағала өтірікшінің сазайын тарттырып, ал шыншылдың сыйын береді. Иман келтіргендерді шыншылдардан болуға шақырады.

«Уа, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар да шыншылдармен бірге болыңдар» (Тәубе: 119).

«Сонда (Қиямет күні) Аллаһ: «Бұл шыншылдарға шыншылдықтары пайда беретін күн, оларға астарынан дариялар ағатын жұмақ бақшалары бар және олар сонда мәңгі-бақи қалады», – дейді. Аллаһ оларға разы болды һәм олар да Оған разы. Міне, сол – зор жеңіс» (Мәида: 119).

Сәһл ибн Сағыдтан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім екі сақалының (яғни, мұрты мен сақалының) арасындағы (тілі) мен екі аяғының арасындағысына кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепіл етемін», – деген хадис жеткен (Бұхари).

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38