Қонақжайлық қазақтардың ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».
Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. XIX ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Хелльвальд та былай деп жазды: «Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады».
Қазақтың дархандық, жомарттық қасиеті бұрынғы көшпелі ата-бабаларынан үзілмей келе жатқан дәстүр. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Ардақты аяттар мен Пайғамбар (с.а.с.) өсиеттері, сахабалардың сөздері ілкіде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал Атымтай персонажының түп негізі араб дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиға тілі келмегендіктен Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол адамның араб екендігі ұмытылып, қазақы мысалға айналды.
Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген[1].
Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», − деген[2].
Қазақтар қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ деп төртке бөлген. Солардың ішінде құдайы қонақ үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Отағасы оны бұрын-соңды көрмеген адамын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған.
Халық нақылында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі – қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып қонақ хағы беріліп, құрмет көрсетіледі.
Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Арнайы қонақтар апталап, айлап мейман болатын. Ал «үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида көбіне құдайы қонаққа қатысты айтылатын. Оған дейін келген кісінің мақсаты сұралмайтын. Аталмыш қағиданың діннен алынғанына дау жоқ. Оған төмендегі риуаят дәлел болады.
Әбу Шурейх Хуейлид ибн Амрдан (р.а.)
жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күнінен
иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – дейді. Сахабалар: «Оның
сыйы не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ
ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы», – деген[3].
[1] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[2] Ахмет риуаят еткен.
[3] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті