Ораза ұстаудың көптеген пайдасы бар. Біз олардың адамның жеке басына, әлеуметтік ортаға, жалпы қоғамға тигізетін пайдалары туралы қысқаша сөз етеміз.

Ауыз бекітуге ниет еткен әрбір пенденің Алла тағаламен байланысы нығая түседі. Себебі, ораза ұстаудан басқа кез келген діни құлшылық түрі өзгелер көрсін, білсін деген мақсатта орындалуы бек мүмкін. Ал бірақ ораза ұстау кезінде мұндай жағдай болмайды. Әбу Һурайрадан риуаят етілген құдси хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла тағаланың:

قال أَبو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَالَ اللَّهُ: «كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلَّا الصِّيَامَ فَإِنَّهُ لِي وَأَنَا أَجْزِي بِهِ»

«Адам баласының оразадан басқа барлық амалы өзі үшін. Ал ораза Мен үшін, сондықтан оның сауабын Мен беремін»[1],-дегенін жеткізген болатын.

Осындай мазмұндағы хадистерді қорытындылай келе ораза ұстау пенде мен оның жартушысы Иесі арасындағы байланысты нығайтатын бірден бір құлшылық түрі дей аламыз. Осы арада шынайы ниеттің аса маңызды екендігін айтуға міндеттіміз. Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде:

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَاناً وَاحْتِسَاباً غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім рамазан айының оразасын шынайы иман және шын ықласпен ұстаса, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі»,[2] -деген. Осы хадистегі «Кімде-кім рамазан айының оразасын шынайы иман және сауабын Алладан үміт етіп ұстаса,…»,- деген бөлігіне әрбір оқырманның көңіл аударуын өтінеміз. Біздің ораза ұстау кезіндегі басты ниетіміз имани тұрғыдан болу қажет. Осындай имани сенім бізді үнемі Алла тағаланы есімізге салып отырады. Ауыз бекіткен адамның бойында жоғары жауапкершілік пен ұстамдылық сезімін арттыра түседі. Ішкі жан дүниемізді, ой-пікірімізді түрлі жағымсыз ой-пайымдардан арылтып, тазартады. Адам түгілі өзін қоршаған ортадағы тіршілік атаулының бәріне де Алла тағаланың жаратқаны деп қарап оларға қандайда бір зиян келтіруден мейлінше сақтанады. Ауыз бекіткен адам өз нәпсісін, орындағалы тұрған әрбір іс-әрекетін бақылауға алып, өзін-өзі тәрбиелей бастайды. Сондықтан да ораза ұстау адамның мінез-құлқының жақсаруына ықпал етіп, жаман мінез-құлықтардан сақтандырады. Әсіресе ораза ұстаған адамның тілі өтірік-өсектен, балағат, жаман, пайдасыз, мәнсіз сөздерді айтудан, құлағы, көзі дінімізде тыйым салынған нәпсі қалауларын қоздыратын түрлі үлгідегі үнтаспалар мен бейне роликтерді көруден, әрі тыңдаудан сақтанғаны абзал.

Өйткені ораз ұстаудың ең негізгі мақсаты аш жүру емес, пенденің Алла тағалаға деген нағыз құлшылық міндетін атқаруға, әрі діни тұрғыдан тыйым салынған барлық іс-әрекеттерден сақтана білуге дағылануында жатыр. Әр уақытта Алла тағаланың барлық нәрсені біліп, көріп, естіп, бақылап тұрғандығын ұдайы сезіну қабілетін арттыру арқылы әрбір адамды тақуалыққа, кәмілдікке Абай атамыздың сөзімен айтқанда толық адам болуға негіз салу болып табылады.

Қадір-қасиеті мол Рамазан айының күндізгі уақыттарынан басқа уақыт-тарда рұқсат етілген адал іс-әрекеттерден ауыз бекіту ниетімен саналы түрде бас тартуымыз Алла тағала деген шынайы мойынсұнуымыздың іс жүзіндегі бір көрінісі.

Осы орайда ораза ұстаудың имани сеніммен байланысатын, адамның өзін өзі шыдамдылыққа, ұстамдылық пен сабырлыққа тәрбиелейтін тұсын сөз ету орынды болмақ. Ораза ұстауға ниет еткен әрбір пенде дінімізде рұқсат етілген іс-әрекеттерден белгілі бір уақыт аралығында нақытырақ айтқанда күндізгі уақытта ішіп-жемнен, рұқсат етілген нәпсі қалауын қанағаттан-дырудан саналы түрде бас тарту адамның өзін өзі бақылауға ала білуге, нәпсі қалауларына жығыла бермей оны өз қалауынша тізгіндей білуге дағдыла-нады. Бір жағынан адам баласы аш жүрудің қандай болатындығын іс жүзінде өз басынан өткеру арқылы хал-жағдайы төмен, күнделікті ішіп-жеміне жетер жетбес табысы бар адамдардың қандай қиындықта өмір сүріп жатқандығын сезіне білуге, өзінде бардың қадірін біліп, Аллаға шүкіршілік ете білуге тәрбиелейді. Бір сөзбен айтқанда ораза ұстап аш жүру арқылы адам бойында мейір-шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сезімдері ояуына мүмкіндік береді. Ал мұндай ізгі қасиеттер адамды өзгелерге қол ұшын беруге, көмек-тесуге, басына түскен ауыртпалық пен қандай да бір қиыншылығын жеңіл-детуге себепші болады. Осы айтылғандардың адамдар арасындағы әлеуметтік әрі қоғамдық ортадағы қарым-қатынастардың жақсаруына айтарлықтай ықпал ете алатыны дау туғызбайды. Қандай қоғамда болса, да адам баласының адамгершілік қасиеті мен құндылықтары жоғары бағаланатыны даусыз.

Ораза ұстаудың адам денсаулығына пайдасы туралы соңғы кездері көп айтылып та, жазылып та, тіпті медициналық тұрғыдан дәлелденіп те жатқан жайы бар. Біз бұл жайында сөз етпейміз. Тек бір ғана ескертетініміз құдіреті күшті Алла тағаланың құзырына барғанда «әттең-ай! Мен де ораза тұтқанымда ғой, қарашы Алланың разылығы үшін ораза ұстағандарға беріліп жатқан сый-құрметті» деп өкініп қалмаңыз. Біз жоғарыда Алла тағаланың «Ал ораза Мен үшін, сондықтан оның сауабын Мен беремін» деген уәдесін айтып өттік. Сондықтан ораза тұтуға селқос қарамайық, ағайын! Ораз ұстаудың пайдасын ойлап емес, Жаратқан Иенің бұйрығын орындау, сол арқылы Алла тағаның разылығына қауышуды мақсат етейік. Алла тағаланың қасиетті Құран кәрімдегі: «Расында менің намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін» деп айт. Оның ешбір серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен бойсұнушылардың (мұсыл-мандардың) алғашқысымын» деп айт»[3],-деген мағынадағы аятын естен шығармайық. Қандай да бір құлшылықты орындаудан бұрын оны орындауға деген ниетіміз дұрыс болсын, құрметті бауырлар.

[1] Сахих әл-Бұхари, Китәб әс-сийам №1771.

[2] Бұл хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) Имам Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен.

[3] «Әнғам» сүресі, 162-аят.

ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38