Берік Қалдаров Шымкент қаласы Еңбекші ауданы «әл-Біләл» мешітінің бас имамы
Бұл тамаша тәмсіл сөздің астарында үлкен мән мен маңыз жатыр. Соның ішінде өмірлік ұстаным мен тіршіліктің салтын қалыптастырудағы да рөлін аңғару қиын емес. Тіпті адамды ерте тұруға дағдыландыру мен еңбектенуге құлшындыру қағидалары жатыр. Бұл дүниеге келген әр адамның осы өмірден алар өз үлесі бар, өзіне тиесілісі бар дегені. Алайда, ол несібенің аз не көп боларын ешкім болжай алмайды. Міне, несібе деген осындай көзге көрінбейтін, айқын білінбейтін, алайда әр адамға қажетті дүние.
Асылында, несібенің екі түрі болады екен. Біреуі — еш əрекет жасамасаң да өзі келіп бұйырып, табалдырығыңнан еніп, табағыңа түсіп тұратын несібе. Екінші түрі қара еңбек, маңдай термен келеді. Алғашқысы — Алланың сыйы, соңғысы — Алланың əділдігі деп біліңіз. Кез келген жан несібесінің мол болғанын қалайды. Әсіресе, алғашқысын, яғни, «Алланың сыйын». Әрине, маңдай термен берілетін несібенің де орны бір бөлек. Әйткенмен, үйіңе құт-ырыс кіріп келсе, жақсы жаңалықтар біріне-бірі жалғасып жатса, өмірде айың оңыңнан, жұлдызың солыңнан туып, мол несібеге шомылып жүрсең бұдан асқан қандай ғанибет болсын?!
Несібе дүниеге адам келерде ғана өлшеніп, ол бұ дүниедегі ғұмырында бөлшектеліп беріліп отырмайды екен. «Әр күннің несібесі бар» деген жай ғана қалыптасқан сөз тіркесі емес. Ал, әр күнгі несібенің берілер уақыты — таң. Кімде-кім таңмен таласып ерте тұрса, сол күнгі ырыздық-несібесін молынан жинап алады деген сөз. Осы орайда дана халқымыздың «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады.
Бір адам салиқалы кісіден: «Ит 6-7 күшік табады. Ал, қой болса 1-2 қозы табады. Бірақ, саны жағынан алып қарасаң итке қарағанда, құрбандыққа шалынып сойылып, еті сатылып жатса да қой көп. Бұның сыры неде деп ойлайсыз?»-деп сұрайды. Сонда ұстаз: «Бұл береке ғой» деп жауап береді. «Неге ит емес, берекеге қой ие?» – деп сұрайды. Ұстаз: «Себебі қой ерте жатып, ерте тұрады. Мейірімнің қай уақытта түсетінін біліп, берекетке иеленеді. Ал, ит түні үріп, таң уақытында ұйықтап жатады. Сөйтіп берекеттен құр қалады. Адам да сол секілді, ерте тұрып, таң намазын жібермесе, Алланың оған берекеті түседі. Сол себепті емес пе «Ұйқыдан намаз қайырлы» деп Азанда айтылуы» деп жауап береді.
Жоғарыда несібенің екі түрі болатынын айттық. Байқасаңыз, екеуін де беретін Алла. Алу үшін сұрау керек. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 186-аятында: «Егер де сенен (Мұхаммед) құлдарым Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын. Менен сұраушының сұрағанын беремін. Ендеше Менің әмірімді орындасын және Маған сенсін. Мүмкін олар дұрыс жолға түсер» деген. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Ұялшақ әрі Жомарт. Ол құлының созған қолдарын құр қайтаруға ұялады», – деп айтқан (Әбу Дауд, Тирмизи). (ernur.kz)
«Таңғы несібе – Тәңірден» деген сөздің төркінінде де дұрыс тамақтануға үндеу жатқанын түсіну қиын емес. Тамақтану адамның өмірлік қажеттігі және денсаулық кепілі. Ас – адамның арқауы, ағза дене жүктемесінде ғана емес, тыныштық жағдайында да шығындайтын қуат көзі. Ас ішу біздің жасушаларымыз бен тіндерімізді жаңартуға мүмкіндік береді. Ендеше дұрыс тамақтануға мән беру денсаулық кепілі екендігін әсте естен шығармауымыз қажет.
Қазақтың «Таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама» деген сөзінен күнделікті тіршілік салты мен өмірлік ұстанымына ерекше көңіл бөлгенін айқын көрінеді. Гарвардтың денсаулық сақтау мектебінің ғалымдары да бұл ұстанымның дұрыстығын растай түседі. Олардың айтуынша, таңғы асты жиі ішпеген адам жүрек қан тамырлары ауруына шалдығатын көрінеді. Гарвард сарапшылары бұл бағытта тынбай ізденіп, ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Олар он алты жыл бойы 27 мың адамнан тамақтану салты жайлы ақпарат жинаған. Зерттеу барысында белгілі болғандай, 1,5 мыңнан аса адамның жүрегінен ақау табылған. Зерттеу нәтижелерін ой елегінен өткізген ғалымдар мынадай қорытындыға келген: таңғы асын ішпей, кешкісін бір-ақ тамақтанатын адам артық салмақ қосып, гипертония және сусамыр секілді аса қатерлі дерттерді жамап алатын көрінеді. Бұл өз кезегінде жүрек ауруларына ұрындырады екен.
Біз мұны жоғары санатты гастроэнтереолог дәрігер Ольга Острук пен терапевт-дәрігер, диетолог Татьяна Чеволюк сынды мамандардың арқасында анықтадық.
Диетологтардың айтуынша, күнді таңғы астан бастаудың пайдалы жақтары өте көп. Оның үш негізгі себебі төмендегідей:
1.Салмағын қадағалап отыратын адамдар үшін таңғы ас ішу міндетті. Таңғы ас күні бойы асқазанда аштықты сезіндірмейді.
2.Дұрыс таңғы ас метоболлизмді жүргізіп, ағза күні бойы алатын калорияны дұрыс пайданаланады.
3.Түнгі ұйқы кезінде ағза ұзақ уақыт су мен тағам пайдаланбайды. Осындай аштық қандағы қанттың мөлшерін төмендетеді және оның орнын ақуызы мол және күрделі көмірсулары бар дұрыс таңғы ас толықтырады. «Өзімнің медициналық тәжірибеммен бөлісе кетсем, таңғы астың маңызы өте зор. Бірақ оның мөлшері мен құрамы адамның ағзасы мен денсаулығына байланысты әртүрлі болады», – дейді Ольга Острук.
4.Күнделікті ертеңгі ас ішуді әдетке айналдырған адамда ас шырыны бөлініп тұрады және сол нәрсе таңертең адамның қарнын аштырады.
5.Татьяна Чевалюктің пікірінше, таңды әдеттегі сұлы ботқасынан емес, жеңіл протеиндермен бастау керек. Ондай өнімдерге қышқыл сүт өнімдері, сүзбе, жұмсақ ірімшік пен жұмыртқа жатады.
Кейбір мамандардың таңғы асқа байланысты кеңестерін де тыңдай отырайық:
1.Таңғы астан 15-30 минут алдын бір стакан су ішу сіздің асқазаныңызды ас қалдықтарынан тазартып, ағзадағы барлық жүйені бірқалыпқа келтіреді.
2.Таңғы асты ішпеу, түскі ас уақытында екі есе тамақтануға себепші болады.
3.Таңертең тәбетім болмайды, десеңіз, мұның арты күйзеліске апаруы мүмкін. Таңертеңгі асын тастамайтын адамның стреске қарсы тұру қабілеті жоғары болады деп есептейді дәрігерлер. Бұған қоса, таңғы ас мидың жақсы ден қоюына және ақпаратты есте сақтауға қажет.
4.Артық салмақтың басты себептерінің бірі – таңғы астан бас тарту екенін ұмытпағайсыз.
Ендеше «таңғы несібе – Тәңірден» сөзінің түп төркіні бір күндік мәселеге қатысты емес, бұл бір адамның ғұмырына қатысты айтылған үлкен тағлымдық тәлімі бар ұлағатты сөз. Олай болса, таңғы несібемізге мән беріп өмірімізді берекелі де қайырлы өткізуге ат салысайық ағайын! Таңғы несібелеріңіз мол болсын!